Дүйсенбі, 16 Қазан 2023 12:13

Түркістанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өтті

Түркістан облысы әкімдігі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Мәжіліске облыс әкімі Д.Сатыбалды, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы М.Төлеубаев, құқық қорғау органдарының бастықтары, басқарма басшылары және бейнебайланыс арқылы аудан, қала әкімдері мен қатысты.

Күн тәртібінде 6 мәселе талқыланған мәжіліс отырысында өңір басшысы елге адал қызмет етудің маңыздылығын баса атап өтті.– Әр мекеме басшысы өзі басқаратын ұжымда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында жүйелі жұмыс жүргізуі тиіс. Халық мүддесіне бағытталған әрбір қаражат ел игілігі жолында жұмсалуы қажет. Біз білім және өзге де салалардағы мәселелерді тұрақты бақылауда ұстаймыз, – деді Дархан Сатыбалды.

Ең алдымен, Түркістан облысы аумағындағы суармалы жерлерді 2020-2023 жылдар аралығында мемлекет мұқтажы үшін және арнайы қорға алу әрекеттеріне қатысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау қорытындысын баяндаған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасының басшысы Е.Жүнісов кейбір аудан, қала әкімдері Жер кодексінің талаптарын бұза отырып, заңсыз шешімдер қабылдағанын жеткізді.

Түркістан облысының жер қатынастары басқармасының басшысы Е.Тілегеннің мәлімдеуінше, жалпы облыстың жер көлемі – 11 610,3 мың га, оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің көлемі – 4 518,5 мың га (оның ішінде суармалы – 484,1 мың га). 2018-2023 жылдар аралығында аудан, қала әкімдіктерімен 2841,8 га суармалы жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін қайтарылып, мемлекет тарапынан жүзеге асырылатын жобаларға («Жасыл аймақ», «Жайлы мектеп», теміржол, автомобиль жолдары мен өзге де инфрақұрылым объектілеріне) бекітіліп берілген. Мемлекет мұқтажы үшін қайтарылған жер учаскелерінің басым бөлігі Түркістан (1185,7 га), Кентау (452,1 га) қалалары мен Сауран (1064,5 га) ауданының үлесінде. Жер қатынастары бойынша сыртқы талдау жұмыстары жүргізілген. Бұл бағытта жұмыс жалғасады.

Бұдан бөлек, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Превенция басқарма басшысының орынбасары С.Әсілбек Түркістан облысының білім басқармасының 2020-2023 жылдар аралығындағы қызметінде жүргізілген сыртқы талдау қорытындысын хабарлап, Департаментпен қабылданған шаралардың нәтижесінде облыстық білім басқармасымен негізсіз жоспарланған бюджет қаражатының қысқартылғанын жеткізді.

Жүргізілген сыртқы талдау нәтижесімен облыстық білім беру саласында анықталған заңбұзушылықтарды жою бойынша алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарға тоқталған облыстық білім басқарамасы басшысының міндетін уақытша атқарушы А.Садықова білім беру ұйымдарында жиі ұшырасатын сыбайлас жемқорлық көріністерінің деңгейін төмендету мақсатында «Бұлтты бухгалтерия» бағдарламасын Түркістан, Кентау қалалары мен Түлкібас ауданындағы орта білім беру мекемелерінің бухгалтериясына пилоттық жоба ретінде енгізу тәжірибесі қарастырылатынын айтты.

Аталған ақпараттық жүйе негізсіз жалақы есептеумен байланысты туындайтын тәуекелдердің алдын алып қана қоймай, бармақ басты, көз қысты әрекеттердің жолын кесуде тиімді тетік болып табылатындығын алға тартқан өңір басшысы жауапты мамандарға бұл озық тәжірибені тез арада облыс аумағында жандандыру қажеттігін тапсырды. Мәжілісте Кентау қаласы мен Төлеби ауданы әкімдіктеріндегі сыбайлас жемқорлықтың жай-күйі туралы аталған аймақ әкімдерінің есептері де тыңдалды. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында ұсыныстар беріліп, мәселелер көтерілді.

Тағы бір айта кетерлік ақпарат, Түркістан облысында сыбайлас жемқорлық деректерінің алдын алу нәтижесінде 417 млн теңге үнемделген. Бұл жөнінде ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағыты бойынша ағымдағы жылдың 8 айында атқарған жұмыстарының қорытындысы туралы баспасөз мәслихатында жариялады.  

– Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында облыс көлемінде жыл басынан бері 70 мыңға жуық адамды қамтыған  510-тан аса түрлі бағытта іс – шаралар өтті.  Негізінен, бұл шаралар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен іске асырылған Жобалар шеңберінде өткізіліп келеді, – деп атап өтті Мирас Асқарбайұлы.  Брифинг барысында сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуге және оның алдын алу тиімділігін арттыруға бағытталған тың бастамалар Департаменттің жанынан құрылған «Түркістан – адалдық алаңы»  жобалық кеңсесінің негізінде іске асып, қазіргі таңда киелі өңірде ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ететін бірқатар жобалар жүйелі жұмыс жасап жатқандығы айтылды.

Сонымен қатар, ел аумағында орын алған карантин режиміне қарамастан, Агенттіктің бастамасымен қолға алынған “Antikor.Live” жобасы аясында жыл басынан бері өткізілген 93 тікелей эфир 103мыңнан аса  және тегін ақпараттық, құқықтық кеңес беретін “Адал көмек” жобасы аясында өткізілген 358 тікелей эфир 191 мыңнан аса қаралымды жинап, бұл аталмыш жобалар арқылы облысқа қарасты барлық қала және аудан тұрғындары әр күн сайын онлайн форматта ақпарат алуға және түйткілді сауалдары бойынша сала маманынан нақты жауап алуға мүмкіндік алып отырғандығы атап өтілді. 

Брифинг соңында Түркістан облысы бойынша департаментімен  «Мемлекеттік сатып алудың бірыңғай терезесі» ақпараттық-талдау жүйесі арқылы сатып алу саласына жүргізілген мониторингтік жұмыстардың нәтижесінде,  2020 жылдың  соңғы 8 ай ішінде  жалпы соммасы 417 млн. теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделгені хабарланып,  жүргізілген сыртқы талдау нәтижелерімен 61 ұсыныс енгізілгендігі, ал 47-сі орындалып, 14-і орындалу үстінде екендігі айтылды.

Жемқорлықпен күрестің ең нәтижелі құралдарының бірі мәліметті беруді цифрландыру болып табылады. Сол жолға түсіп те келеміз. Казіргі таңда мемлекеттік қызметтің басым бөлігі электронды форматта көрсетілуде. Сол арқылы мемлекеттік қызметкердің қызмет алушымен тікелей қарым-қатынас орнатуына жол берілмейді. Бұл да жемқорлықпен күрестің бір жолы. Сыбайлас жемқорлыққа ең алдымен адами фактор әсер етеді. Яғни қызмет көрсетуші мен алушының арасында тікелей байланыс болмаған жағдайда жолдан тайғандар да болмайды.  Осы мәселеге ел Президенті де ерекше назар аударып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР сайланған Президенті қызметіне ресми кірісу рәсімінде мән беруді қажет ететін маңызды бағыттарды алға тартқан еді. Сол кезде Президент атап өткен сегіз бағыттың екіншісі елдегі сыбайлас жемқорлықты жою жөнінде болды. «Жемқорлық-мемлекеттің дамуын тежейтін кесел». Бұл қоғамдағы өзара сенімге, жалпы мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құбылыс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыс жүргіземіз, деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы өзінің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауында «Естуші мемлекет» тұжырымдамасы, барлық азаматтардың үндеулеріне жедел әрі тиімді жауап беруге бағытталуы керек деп талап қойды. Сондай-ақ, Президент мемлекеттік органдар мен тұрғындар арасындағы қарым қатынастың жүйелі түрде болуын тапсырды. Мемлекет басшысы былтыр өткен Ұлттық құрылтайдағы сөзінде де сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді күрес жүргізіліп жатқандығын айтқан болатын. –  Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді күрес жүргізіп жатырмыз. Бұл – еліміз үшін өте өзекті, қажетті мәселе. Қазақстан жемқорлықпен күрестің негізгі көрсеткіштері бойынша айтарлықтай алға басты. Халықаралық рейтинг агенттіктері осылай деп бағалап отыр. Бірақ, тоқмейілсіп отыруға болмайды. Өкінішке қарай, жемқорлық – жұрттың санасына сіңіп, әбден әдетке айналып кеткен. Бұл – ащы болса да, шындық,– деді Қ.Тоқаев.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 214 рет