Жұма, 27 Қазан 2023 14:14

Түркістан облысында қылмыс саны төмендеген

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен Түркістан облысы әкімдігі жанындағы құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Жиынға құзырлы органдар, басқарма басшылары және онлайн режимде аудан, қала әкімдері қатысты.

Күн тәртібінде құқық қорғау, қоғамдық-саяси тұрақтылық, наркологиялық-профилактикалық көмек көрсету, көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл және пробация саласындағы түйткілдер қамтылған 5 мәселе қаралды. Өңір басшысы аталған мәселелерді шешу бойынша кешенді шараларды қолға алу керектігін айтты.

– Қылмыс санын азайту, балаларды қорғау, азаматтардың құқығын қорғау, жол-көлік апаттарын азайту бойынша жүйелі жұмыстар атқару керек. Қаржы пирамидалары мен заңсыз ойын бизнестерінен тұрғындарды сақтандыру бағытында да жұмысты күшейткен жөн. Мәселен, тиісті қаржы бөлініп, өңірдегі біраз жол жөнделіп, жаңартылды. Бірақ әлі де жол апаты көп. Осының алдын алу жолын бірге қарастырайық. Түсіндіру жұмыстары, қауіпсіздік шаралары күшейтілуі тиіс. Бірқатарыңыз өз салаларыңыздағы штат жетіспеушілігі, материалдық-техникалық базаны жақсарту бойынша мәселе көтеріп жатырсыздар. Бірақ соған қарамастан бар күш-жігерді салып жұмыс істеу керек. Ел нақты жұмыстарды талап етеді, – деді Дархан Сатыбалды.

ҚР Бас Прокуртаурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Түркістан облысы бойынша Департамент бастығының орынбасары М.Мүсіров құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектілерінің қылмыстық-құқықтық есептілігі туралы баяндады. Департамент қылмыстың негізгі статистикалық көрсеткіштерін және жол апаттарының жай-күйіне талдау жүргізді. Талдау көрсеткендей, соңғы 6 жылда Түркістан облысында қылмыстың төмендеуінің тұрақты үрдісі байқалған. 2018 жылы 11 мың қылмыс тіркелсе, биыл 4324-ке дейін төмендеген. Бүгінгі таңда облыс аумағында құқық қорғау органдарымен 4324 құқық бұзушылық тіркелді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 9,3% төмендеген.

Жиын барысында Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы басшысы Е.Күзембаев және Түркістан облысының Полиция пепартаменті бастығының бірінші орынбасары Б.Айтпаев қоғамдағы әлеуметтік шиеленістің алдын алу, оның ішінде есірткі айналымына жол бермеу бойынша атқарылып жатқан профилактикалық шаралары туралы есеп берді. Оның мәлімдеуінше, 2023 жылдың 8 айында облыс аумағында есірткіге қатысты 205 қылмыс, синтетикалық есірткілермен байланысты 8 дерек анықталды. Облысымызда криминогендік және қоғамдық-саяси жағдай тұрақты екенін жеткізді.

Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Байдувалиев наркологиялық, психологиялық, психиатриалық, емдеу профилактикалық көмек көрсету және оны қажет ететін адамдарға медициналық оңалту жүргізу жайын баяндап, оның нәтижесімен бөлісті. Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің 1 жедел басқармасының бастығы Д.Тобатаев көлеңкелі экономикаға қарсы іс- қимыл жөніндегі іс-шаралардағы қаржы пирамидалары мен заңсыз ойын бизнестеріне қарсы күрес туралы баяндады.

Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы Т.Жәнібеков пен Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ә.Темірбаева пробация саласындағы проблемалық мәселелерді шешу бағытындағы жұмыстар жайлы айтып, ұсыныстарын жеткізді.

ҚР Президенті Қ.Ж.Тоқаев еліміздің Ішкі істер министрлігіне құқық қорғау саласын жетілдіру бойынша нақты шаралар қабылдап, Жаңа Қазақстанға лайықты полиция құру міндетін жүктегені белгілі. Бүгінге дейін құқық қорғау саласында көптеген реформалар жасалып, ауқымды жұмыстар атқарылды. Дегенмен, Мемлекет басшысы өзінің былтырғы Жолдауында полицияның жұмысын жетілдіру бағытында нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Бұл шаралар халықтың сұранысына, қоғамның мүддесін қорғауға бағытталған полиция құруды көздейді. Сондықтан да Түркістан облысының полиция департаменті саланы бюрократиядан арылту, цифрландыру және оңтайландыру бағыттарына басымдық бере бастаған.

Осыған орай, таяуда Түркістан облысы әкімдігінде облыс әкімінің өкімімен құрылған қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық топтың отырысы өтті. Қоғамдық қауіпсіздіктің Сервистік тәсілін енгізу бойынша тәжірибе алмасуға өңірдің құқық қорғау органдарының өкілдері атсалысты. Пилоттық жоба аудан, қалаларда жүзеге асылыруда. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «Полицияның қазақстандық сервистік моделі» пилоттық жобасы іске асырылуда. Сервистік модельді дамытудың негізгі бағыттары қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, қадамдық қолжетімділік, сондай-ақ, цифрлық технологияларды қолдану болып табылады.

Түркістан ҚПБ бастығы Б.Жанаевтың баяндауынша, ведомствоаралық топпен шетелдік озық тәжірибелерді қолдана отырып, сканерлеу, талдау, бағалау, шара қолдану секілді төрт кезең бойынша зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар сервистік моделді жүзеге асыруда негізгі үш векторлары бойынша жұмыс ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, құқық бұзушылықтарға ықпал еткен себеп - салдарын жою, халықпен серіктестік пен ашықтық орнату және қолжетімді полиция.

Бірінші кезеңде шаһар 6 секторға бөлініп, күнделікті болып жатқан шақыртулардың уақыты мен орны және шығу себебіне талдау жүргізіліп, полиция нарядттарының бағыттары қайта жасақталуда. Анықталғандай, биылғы жылдың 6 айында тіркелген 9776 шақыртулардың көбі аптаның бейсенбі және сенбі күндері тіркелген. Шақыртудың басым көпшілігі қала орталығы мен халықы тығыз орналасқан аумақтардан түскен. Жасалған қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың себеп-салдарына талдау жүргізілуде. Қылмыс жасаған тұлғалардың қайта қылмысқа бару себептеріне, жасөспірімдермен жасалған қылмыстарға, алаяқтық қылмыстарға, жол көлік оқиғалары және отбасы тұрмыстық қатынастағы қылмыстар саралануда. Жалпы тіркелген 331 қылмыстың басым бөлігі түнгі мезгілде орын алған. Қылмыстар көңіл көтеру орындарында, базарлар мен дүкендерде орын алғаны анықталды.

- Түркістан қаласындағы 1500 кәсіпкерлік нысандарында түсіндіру және ескерту жұмыстары жүргізіліп, кәсіп иелері бейнебақылау камераларын құрып, күзет қызметтерімен келісімшарт жасады. Құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында қаладағы қоғамдық көліктер ішкі және сыртқы бейне бақылау камераларымен қамтылды. Нәтижесінде қылмыстар өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 37,1 пайызға төмендеді. Қоғамда өзекті болып тұрған алаяқтық қылмыстары бойынша тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу нәтижесінде 6 айда 44,8 пайызға төмендеді. Интернет алаяқтық қылмыстары 22,5 пайызға төмендеді,- деді өз сөзінде Түркістан ҚПБ бастығы Б.Жанаев.

Полиция басқармасымен аптаның демалыс және мереке күндері қала аумағында 46 рет «Қауіпсіз қала» жедел-профикалактикалық іс-шаралары өткізілді. Учаскелік полиция инспекторларының тұрғындарға қолжетімді болуын қалыптастыру мақсатында, Түркістанда 11 учаскелік полиция пункттерін салу жоспарлануда. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудегі сервистік модельдің алар орын ерекше.

- Полиция – әрқашан мемлекеттің тірегі, әділеттілік пен тәртіптің айнасы, еліміздің тұрақтылығы мен азаматтардың қауіпсіздігінің кепілі. Сервистік модельді енгізу тығыз өзара іс-қимыл арқылы нәтижеге қол жеткізілетінін ескере отырып, жаңа модельді дамыту қоғамның және барлық мүдделі тараптардың қатысуын талап етеді. Қоғаммен тығыз қарым-қатынасқа негізделген сервистік модель барлық проблеманың әмбебап құралы болып табылмайды, алайда қоғаммен сындарлы диалог құрудың сенімді құралдарының бірі. Полиция мен халық қатар әрекет етіп, жұдырықтай жұмылғанда ғана, біз қауіпсіз қоғамды құра аламыз,-деді ол .

Мұндай топтың болуы тұрғындар үшін тиімді. Өйткені олар полиция ғимаратына бармай-ақ, осы жақта полиция мен әр саладан бірлескен мамандардың көмектеріне жүгіну арқылы мәселелерін тез шешуіне болады. Полицияның күнделікті қызметінен бөлек, бұл топ халықпен өте тығыз байланыста жұмыс жасайды.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 87 рет