Сәрсенбі, 01 Қараша 2023 14:28

Түркістан облысында жол қауіпсіздігін сақтау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда

Таяуда өткен Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қаралды. Жиынға жауапты министрлер мен әкімдер қатысты. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жол қозғалысы қауіпсіздігін жақсарту бағытындағы жұмыстар туралы баяндады.

Бүгінде Түркістан облысында бұл бағытта жергілікті атқарушы орган тарапынан қажетті жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, облыстық маңызы бар жолдардың қанағатты жағдайдағы үлесі 2023 жылдың басында 92 пайызды құраса (республикалық жолдар – 91%), 2025 жылдың қорытындысы бойынша 95 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.

Облыста әлеуметтік нысандардың жанына биыл 37 жерге жасанды жол кедергі қойылып, 3 мыңнан астам (3 097) жаяу жүргіншілер жолағы сызылған. Былтыр Түркістан қаласында 26 жол қиылысына және 43 желілік учаскелеріне, республикалық және облыстық маңызы бар автожолдардың 40 желілік учаскесіне аппараттық бағдарламалық кешендері орнатылды.

Қазіргі таңда облыс жолдарында ең қауіпті жол учаскелері анықталып, құқық бұзушылықтарды автоматты түрде анықтайтын бейнебақылау камераларының саны 138 данадан 203-ке дейін жеткізілді. Жыл соңына дейін тағы 63 «Мерген» кешенін орнату жоспарланған.

Осы ретте айта кетсек, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының өңірде автомобиль жолдарындағы қауіпсіздікті арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, «Жолдағы қабылдау» атты акция ұйымдастырылды. Іс-шара Ордабасы ауданы, Б.Исаханов елді мекенінің тұсындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының қиылысында өтті. Акцияда көлік жүргізушілеріне жол қауіпсіздігін және жолда жүру мәдениетін сақтау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы Әлмұхаммет Сейдмұхтардың айтуынша, жол ережесін бұзуға алып келетін негізгі факторлар - көлік жүргізушілерінің жылдамдықты шамадан тыс асыруы, мас халде көлік жүргізуі. Одан бөлек, қауіпсіздік белдіктерін тақпай жол жүру, қарама-қарсы жолаққа өту және ақаулы техникалық жағдайда автокөлікті басқару екендігін атап өтті. Айта кетерлігі, облыс аумағында биыл 8 айда 486 жол-көлік оқиғасы орын алған. Оның ішінде 609 адам зардап шегіп, 182 адам қаза тапқан.

«Бүгінгі өтіп жатқан «Жолдағы қабылдау» акциясының негізгі мақсаты - көлік жүргізушілерінің жол қауіпсіздігін және жолда жүру мәдениетін сақтау, жол-көлік оқиғаларының алдын алу. Бұндай іс шаралар жыл соңына дейін өңірдегі барлық аудандарда өз жалғасын табатын болады. Қазір облыстық маңызы бар автомобиль жолдарына зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде облыс аумағындағы елді мекендер мен мектептердің алдына 54 дана «Сергек» камералары мен мектеп және балабақшалардың алдына 42 жерге жасанды жол кедергілері орнатылды. Сондай-ақ, тиісті жол таңбалары сызылды. Бұдан бөлек, облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойына 1 532 дана жаңа жол белгілері, 30 дана жарықдиодты маркерлер орнатылды. Сонымен қатар, 1 579 дана ескірген жол белгілері жаңартылды»,- деді ол.

Биыл облыста автомобиль жолдарын күтіп ұстау жұмыстары есебінен облыстық маңызы бар жолдар бойында 17 230 шаршы метр шұңқырларды жамау жұмыстары жүргізілген. Айта кетсек, Түркістан облысы аумағындағы жалпы пайдаланымдағы жолдар мен елді мекен көшелерінің жалпы ұзындығы - 17 459,34 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар – 723,1 шақырым, облыстық маңызы бар жолдар – 3 983,34 шақырым, аудандық маңызы бар жолдар – 1 727,2 шақырым, елді мекен көшелері - 11 025,7 шақырым.

Сонымен бірге, Түркістан қаласында 65,7 шақырымды құрайтын 48 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ә.Жангелдин, І.Қожабаев, Қазыбек би - О.Жарылқапов көшелерінің аралығы және Қалаби көшесі құрылыс жұмыстары барысында жүріс бөлігі 4 жолақты жолға кеңейтіліп, жарықтандыру жүйесі, аяқжол, веложол, суағар науа, көпір салынады. Ұзындығы 7,4 шақырымды құрайтын жол қала тұрғындарының бірнеше бағытта жүруіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін, қаланың орталық көшелеріндегі көлік кептелістері азайып, қала тұрғындары үшін жаңа қоғамдық көлік бағыттары ашылады.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды таяуда құрылыс алаңдарын аралап, қаланың маңызды әлеуметтік нысандары мен инфрақұрылымының дайындығына баға берді. Құрылыс алаңында болып, мердігерлермен кездесті. Жұмыс сапасына басты назар аударуды тапсырды. Облыс әкімі шаһардағы бірнеше жолдардың құрылысын пысықтады. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік нысандарға (мектеп, балабақша және т.б.) баратын және соларға қосалқы жатқан 43 көшеге аяқжол салынып жатыр.

Сондай-ақ, былтыр қала аумағындағы халық сұранысына ие болған, қала тұрғындарының әлеуметтік нысандарға, оның ішінде мектеп, балабақшаларға баруын қауіпсіз етуге арналған жолдарды қамтамасыз ететін 64,5 шақырымды құрайтын 54 көшеге аяқжол құрылысын жүргізілді. Алдағы уақытта облыс мәртебесін алғаннан кейін автокөліктердің көбеюі және тұрғындардың дені веложолды пайдалануына байланысты бұл мәселеге орташа жөндеулер кезінде қайта оралуға болады. Қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің алты сектордағы тұрғындармен кездесу барысында бұл мәселе көтерілді. Ал, бірақ бюджеттен қаржы бөлінуі үшін бірер көшемен шектелмей, бұл мәселені ондағын көшені кешенді түрде қарап, толыққанды шешудің жолдарын ойластырылды.

Қазіргі таңда қала аумағындағы 393 көше сапалы жарықтандыру жүйесімен қамтылған. Бұл жалпы жарықтандырылған көшелер үлесімен есептейтін болсақ 44,9%-ды құрайды. Алайда, қалаға көшіп келушілердің көбеюі мен бұрын кезінде сол шағын аудан тұрғындарының қаржы жинауымен салынған трансформаторлардың күші жетпейтіндігі белгі болып отыр. Бұл мәселе бойынша да, кешенді шаралар қарастырылуда. Мәселен, былтыр Түркістан қаласы аумағында 176,4 шақырымды құрайтын 142 көшеге жарықтандыру жүйесінің құрылысы жүргізіліп, толығымен іске қосылды. Нәтижесінде, жарықтандыру жүйесімен қамтылған көшелер үлесі 61,1%-ға жетіп отыр. Сонымен қатар, 2023 жылдың соңына дейін қосымша 223 көшеге жарықтандыру жүйесін жүргізу жоспарлануда. Қазіргі уақытта жоспарға сәйкес құрылыс жұмыстары «Бірлік» тұрғын алқабына қарасты 33 көшеде жүргізілуде.

Ал, жалпы Түркістан облысында биыл 1237,2 шақырым жол пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр. Бұл туралы таяуда Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов айтты. Оның сөзінше, Түркістан облысында автомобиль жолдары мен елдімекен көшелерінің жалпы ұзындығы 17 503,9 шақырымды құрайды. Облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі өткен жылдың қорытындысымен атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 92%-ға жетті. 2022 жылы облыста 120 қоғамдық көлік жаңартылған. Оның 37-сі - жаңа қоғамдық көліктер. Түркістан қаласында тасымалдаушылар есебінен 28 жаңа автобус сатып алынған. Облыстағы ескі қоғамдық көліктердің үлесі 49,4%-дан 47,4%-ға азайды. Сондай-ақ, 13 тұрақты бағыт ашылды. Оның 2-і - ауданаралық, 4-і - қалаішілік, 7-і - ауданішілік.

Брифинг барысында Ролан Бекмағамбетұлы автомобиль жолдары бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып, биылғы жоспарларын айтты. – 2022 жылы жергілікті маңызы бар жолдар мен елдімекен көшелерінің 2094,9 шақырымы құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылды. Жыл қортытындысымен 1 247,5 шақырым жол мен көше пайдалануға берілді. Ал Түркістан қаласының 39,3 шақырым көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жолдарды жөндеуде негізгі басымдық облыс орталығы мен үлкен елдімекендерді «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізімен қосатын және туристік бағыттағы жолдарға берілді. Ірі жобалардың бірі Түркістан-Шәуілдір бағытындағы ұзындығы 64 шақырымды құрайтын жолдың 35 шақырымында қайта құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы 16,2 шақырым жолдың бір бетіне 2 қабат асфальт жабындысы салынды. Түркістан қаласына Кентау қаласы жағынан кіреберіс 26 шақырым жолды қайта құру жұмыстары атқарылуда. Өткен жылы нысанға толық 2 қабат асфальт төсемі салынып, уақытша көлік қозғалысына берілді. Биыл қазан айында нысанды пайдалануға тапсыру жоспарлануда, - деді басқарма басшысы.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 82 рет