«Интернет-алаяқтықтан қорғанудың қарапайым іс-шараларына тоқталып, бірқатар ұсыныс айта кетейін. Өзіңіздің жеке мәліметтеріңізді, пластик картаңыздың реквизиттерін ешкімге айтпаңыз. Аударымдар туралы түбіртекті, кодыңыз бен құпия сөзіңізді тіпті банк қызметкеріне де, полицияға да бермеңіз. Белгісіз және тексерілмеген сайттарға жеке мәліметтеріңізді сеніп енгізбеңіз. Тексеріп алмай, төлем жасамаңыз. Төлемді тауар алғаннан кейін аударуға келісуге тырысыңыз», - деді ол ІІМ баспасөз алаңында өткен брифингіде.
Оның атап өтуінше, күдік тудыратын мәмілелерге ақша аудармау, табыс көзі белгісіз қаржылық сызбалардан сақ болу керек. Қосымшаларды орнату барысында App store мен Play Мarket-тің ресми дереккөздерін қолданған жөн.
«Банкинг қызметтеріне кіруге арналған құпия сөзді үнемі ауыстырып тұру, 3D-қорғанысты және банктер ұсынатын өзге де қауіпсіздік іс-шараларын қолданыңыздар. Өз есепшоттарыңызды, ақша қозғалысын үнемі тексеріп отырыңыз. Мұндай іс-шаралар алаяқтардан жалтаруға және ақшаңызды сақтауға мүмкіндік береді», - деді Қанат Нұрмағамбетов.
«AQ-QARA.KZ-ақпарат»