Әскери сала мамандары арасында аймақ шекарасындағы сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын-алу мақсатында семинар-кеңес өтті.Аталған жиынға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасының басшысы Е.Жүнісов, ҚР ҰҚК Сарыағаш гарнизоны бойынша Әскери полиция басқармасының бастығы М.Имрамзаев, Сарыағаш аудандық әкім аппаратының басшысы А.Шамбулов пен Шекара қызметінің жеке құрамы қатысты.
Жиын барысында сөз алған Ержан Әлиұлы Ел Президенті биылғы жылы 1 ақпанда өткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі Кеңесте кеден саласындағы белең алып тұрған сыбайлас жемқорлық мәселелеріне айрықша назар аударып, Агенттікке осы саладағы жемқорлық тәуекелдерін жоюды тапсырғанын жеткізді. «Еркін экономикалық аймақта сатылатын өнімге қосымша құн салығы салынбайды. Бірақ, жемқорлар тауарды қағаз жүзінде ғана көрсетіп, жеңілдікті салықтан жалтару үшін пайдаланып жүр. Түйткілді шешу – Қаржы министрлігінің тікелей міндеті. Кеден саласындағы мәселелерге бөлек тоқталайын. Мен бұған дейін кеденнен түсетін табысты арттыру туралы бірнеше рет тапсырма бердім. Ондағы көлеңкелі айналымның ауқымы орасан зор. Қаржы министрлігі бұл бағытта нақты жұмыс атқаруда. Электронды декларация және тәуекелдерді басқару жүйесін енгізіп, түрлі ақпараттық базаларды біріктіріп жатыр. Құқық қорғау органдары кеденнің төңірегіндегі қылмыстық топтарды анықтап, тергеу жүргізуде. Дегенмен, бұл жұмыс нәтиже бермей отыр», - деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысының айтуынша, кеден және көліктік бақылау саласындағы парақорлық транзиттік әлеуетімізді толық пайдалануға мүмкіндік бермей отыр. Соның ішінде Қытаймен өзара сауда-саттық туралы екі елдің статистикалық мәліметтері екі түрлі екенін, олардың арасында миллиардтаған доллар айырмашылық бар екенін айтты.
«Былтыр бұл көрсеткіш 5,7 миллиард долларға жетті. Мұндай үлкен айырмашылық қалай пайда болғанын ешкім түсіндіріп бере алмайды. Ашығын айтқанда, бұл – контрабанда. Келеңсіздіктің бар екенін кәсіпкерлер де растап отыр. Сауалнамаға қарасақ, шетелмен сауда жасайтын адамдардың 90 пайызы жемқорлықпен бетпе-бет келген. Оның ішінде 45 пайызы кеденшілерге пара беруге мәжбүр болған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шығыс Қазақстан облысындағы үш көліктік бақылау бекетін жемқорлық әбден жайлағанын анықтады. Елімізде мұндай 49 бекет бар. Кеден және көліктік бақылау саласындағы парақорлық транзиттік әлеуетімізді толық пайдалануға мүмкіндік бермей отыр», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жиынға қатысқандар 4 айда Департаментпен тіркелген 48 сыбайлас жемқорлықтың қылмыстарының басым көпшілігі, соның ішінде 5 қылмыс - кедендік бақылау саласына қатысты екенін баяндап, осы саладағы жемқорлық фактілері жедел кедендік ресімдеу, кедендік баждар мен әкімшілік жауапкершіліктен босату үшін парақорлықпен, қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдаланумен байланысты екенін хабарлады.Ержан Әлиұлы өз сөзінде шекарадағы сыбайлас жемқорлықты болдырмау үшін, ең алдымен делдалдардың заңсыз іс-әрекеттерімен бірлесіп күресуге шақырды.Кеден саласын жетілдіру мақсатында электронды декларация тапсыру жұмысы жетілдірілді, тәуекелдерді басқару жүйесі енгізілді, басқа органдардың ақпарат жүйелерімен интеграция орнатылып, құжат алмасу, ұйымдастыру ісі жолға қойылды. Кеден саласына қатысты заңнаманы жетілдіру бағытында мемлекет шекарасында заңсыз сауда айналымына қарсы іс-қимылдың кешенді жоспары қабылданып, Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспарының жобасы әзірленді.Кездесу соңында жиынға қатысушылар назарына сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытта түсірілген әлеуметтік бейнеролик ұсынылып, шекара қызметкерлері тарапынан қойылған сауалдарға жауап берілді.
«AQ-QARA.KZ»- ақпарат