Super User

Super User

ШЫМКЕНТ: «БЕЛСЕНДІ ҰЗАҚ ӨМІР ОРТАЛЫҒЫ» ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 14 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЗЕЙНЕТКЕРГЕ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТКЕН

Қазіргі таңда Шымкент қаласында «Белсенді ұзақ өмір орталығының» 2 бөлімшесі бар (1 орталық, 2 бөлімше). Мұнда зейнет жасындағы азаматтар 4 сағат, ал, жалғызбасты қарттар 8 сағатқа дейін жартылай стационар жағдайда қызмет түрлерін алады.

2019 жылы орталықта көрсетілетін қызмет түрі 15 болса, қазір олардың саны 31-ге жеткен. Атап айтсақ, физиотерапия кабинеті мен сенсорлық терапиясы болса, тұз кеніші (солева шахта), АRT терапиясы (сурет салу өнері, саз қолөнері, құмтерапиясы), ерлерге арналған еңбек терапиясы (шеберханасы), караоке зал (ән айту), әсемдік жасару терапиясы және бассейн бар.

— Ардагерлер мен зейнеткерлерге қамқорлық жасау, оларды қоғамның белсенді өміріне тарту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бүгінде орталықта 715-ке жуық зейнеткер арнаулы әлеуметтік қызмет түрін алуда. Қызмет алушылар орталыққа келгенде міндетті түрде бірінші дәрігерлік тексеруден өтеді. Апта сайын дендросаябаққа барып дене шынықтыру және йогамен айналысады, - дейді «Белсенді ұзақ өмір орталығының» басшысы Мауия Сахибекқызы.

Орталыққа келу үшін жеке кәулік пен зейнеткерлік куәлігінің көшірмесі, медициналық картаны толтырсаңыз жеткілікті. Осылайша, құрмет демалысына шыққан азаматтар қоғамдық, мәдени шаралардан да тыс қалмай, оларды қоғамға әлеуметтендіруде белсенді іс-шаралар жүргізілуде.

«Белсенді ұзақ өмір орталығы» КММ туралы толық ақпаратты 8(7252) 53-02-08 нөміріне хабарласу арқылы білуге болады.

Айта кетейік, жалпы бұл елімізде теңдесі жоқ бірегей жоба. Қазыналы қарттарға арналаған «Белсенді ұзақ өмір» орталығы ең алдымен Шымкент қаласында 2019 жылы ашылған. Ал қазірде тәжірибе алмасу мақсатында Қазақстанның 7 өңірінде жұмыс істеп жатыр. Ұлт саулығын арттыруға барынша көңіл бөлуге Президент тапсырма берген болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасы жергілікті жерде орындалып жатқанының бір көрінісі осы.  Мамандардың сөзінше бұл, мегаполистегі 83 мыңнан астам қариялар үшін жасалған жағдай.

Орталықтың қызметтерін тегін алу үшін ХҚКО-ға мынадай құжаттарды әкелу қажет:

1. Жеке куәліктің және зейнетақы кітапшасының көшірмесі;

2. Учаскелік дәрігерден алынған амбулаториялық картадан үзінді;

3. Флюорография;

4. Оның психиатриялық ауруханада немесе наркологиялық диспансерде тұрмайтыны туралы анықтама; 5. Вакцинация паспорты;

6. Құжат тігілетін қалта.

 

 

ШЫМКЕНТ: «БІЗ ЖҰЛДЫЗ БОЛЫП ЖАНАМЫЗ» АТТЫ КОНЦЕРТ ӨТТІ

Мүмкіндігі шектеулі жандардың қатысуымен шығармашылық кеш өтті. Шарада талантымен танылған өнерпаздар түрлі қолөнер туындыларын ұсынып, ән-биден шашу шашты.

Шымкентте қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы және «Халқыма тағзым» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Жастар ресурстық орталығында мүмкіндігі шектеулі талантты жастардың арасында шығармашылық кеш өтті. Кеш аясында келушілер жас қолөнер шеберлерінің көрмесін де тамашалады.

Жобаның мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жастарға кедергісіз орта қалыптастыру, өмір сүру сапасын арттыру және өмірдің барлық салаларында қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелерін шешу.

Жалпы осыған дейін аталмыш іс-шаралар кешені аясында жастарға арналған арнайы мемлекеттік бағдарламалар мен кәсіпкерлікті меңгеру бойынша курстар, қаланың көрікті жерлері мен мәдени мұражайларға экскурсия жасау, үстел теннисі және шахматтан турнир және жас қолөнер шеберлерінің көрмесі өткізілген болатын.

Бүгін осы іс-шаралар қорытындыланып, жеңімпаздар мен белсенді қатысушылар марапатталды.

Жиында сөз алған Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Мұратжан Шотанов еліміздегі азаматтарды мүмкіндігі шектеулі деп бөлмей, барлығына бірдей қолдау көрсетілетінін атап өтті.

– Шымкент қаласында жастардың сапалы білім алуына, шығармашылықпен айналысып, мүмкіндіктерін толық ашуына барынша жағдай жасалып келеді. Өнер-білімге жаны құштар жастардың қоғамдық өмірге белсене араласуына осындай іс-шаралардың тигізер көмегі көп. Сонымен қатар, риясыз көңілмен өнерлерін паш еткен ерекше жастарға ризашылығымды білдіремін, - деді МұратжанШотанов.

Ал ерекше жас шеберлердің қолынан шыққан көрмеге қойылған бұйымдар көпшілікті тәнті етті. Кеш соңы концерттік бағдарламамен жалғасты.

 

ШЫМКЕНТ: «ТАЗА СӨЙЛЕУ ДЕ ТАЗАЛЫҚҚА ЖАТАДЫ»

«Таза сөйлеу де тазалыққа жатады. Бүгінде өзге сала мамандарын есепке алмағанда, БАҚ өкілдері, тіл мамандарының арасында әңгімесін «Мен ойлаймын...» деп бастайтындар көбейіп барады. Тіл тазалығы сақталмайды. Дүниежүзінде ана тілінен айырылған ұлттар мен ұлыстар көп. Мәселен, Аргентина мен Мексика испан тілінде сөйлейді. Аргентиналықтарға зерттеу жүргізгенде олардың байырғы тілін тұрғылықты халықтың 1,6 пайызы ғана білетін болып шыққан». Бұл туралы Шымкент қалалық тілдерді оқыту әдістемелік орталығының 25 жылдық мерейтойына арналған «Тіл тағдыры — ел тағдыры» конференциясында А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері Нұрсәуле Мақсұтқызы мәлімдеді.

Ширек ғасырда Шымкент қалалық тілдерді оқыту әдістемелік орталығы отыз мыңға жуық азаматқа тіл үйретіп, біліктілігін шыңдаған.

— Орталық 1997 жылы қаңтар айында Шымкент қаласы әкімінің шешімімен мемлекеттік тілді міндетті және ақысыз оқыту орталығы ретінде жұмысын бастаған. Бұл сол жылдары елімізде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, қолданыс аясын кеңейту мақсатында құрылған тұңғыш орталық болатын. Осы жылдар ішінде Шымкентте 27 339 тіл үйренуші арнайы курстан өтті. Олардың қатарында білім, денсаулық, әділет және құқық қорғау, ауыл шаруашылығы, қаржы, энергетика салаларының мамандары бар. Бүгінде орталық мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне, тұрғындарға қазақ, орыс, ағылшын тілдерін оқытып, үйретумен айналысады. Үш тілді жетік меңгерген мамандарды ынталандыру мақсатында түрлі байқаулар мен сайыстар, басқосулар, шеберлік сағаттарын ұйымдастырып тұрамыз, - дейді Шымкент қалалық тілдерді оқыту әдістемелік орталығының директоры Гүлмира Жанысбекова.

Салтанатты жиында орталықтың іргетасын қалаған тіл мамандары мен зиялы қауым өкілдері құттықтау лебіздерін білдірді. Ал, конференция қонақтары — Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл– қазына» Ұлттық ғылыми-практикалық орталығының басқарма басшысы Ж.Искакова, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері Н.Рсалиева мен Қызылорда облысының тілдерді дамыту орталығының директоры М.Дәулетбаева тіл үйретудің әдістемесі, тілдегі өзгерістер мен мемлекеттік тіл тақырыптарында кеңінен баяндама жасап, сала мамандарымен пікір алмасты.

— Жойылып, жұтылып кететін тілдердің алғашқы белгілерінің бірі — үстем тілдердің сөз тіркесін ауызекі сөйлегенде жиі қолдану. Ал, ең соңғы белгісі — өзінің ана тілінде сөйлеуге арланатын, намыстанатын азаматтар пайда болады. Біз қазақ тілі жұтылып кетпеуі үшін тіл тазалығын сақтауымыз керек. Таза сөйлеу де тазалыққа жатады. Мәселен, Ресейде тереңдетілген түсіндірме сөздігі жинақталып, сонда «ё» әрпін «е» әрпімен бірге таңбалап жіберіпті. Сол кезде тілімізге зияны тиді деп, Ресейдің Ульяновск қаласында «Ё» әрпіне құлпытас қойып, жоқтау салған. Біз ана тілімізді сақтау үшін бір әріп түгілі таңбамызды жоғалтпауымыз қажет, - деді Нұрсәуле Мақсұтқызы.

Тіл мамандары бүгінде қате қолданылып жүрген сөз тіркестері мен сөздердің калька аудармаларынан мысал келтіре отырып, тіл тазалығын сақтауға үндеді. Сонымен қатар, өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін, ал қазақ азаматтарына орыс, ағылшын тілдерін оқытудың тиімді әдісімен бөлісті.

Осы RSS каналға жазылу