САЙРАМ: ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСТЫ ЖАСӨСПІРІМДЕРМЕН БІРГЕ ӨТКІЗЕЙІК!

Бүгінде оқу жылы аяқталып, #мектеп жасындағы балалар түгел дерлік демалысқа шықты. Олардың біразы жазғы демалыста түрлі үйірмелерде, лагерде жалғастырса, көпшілігі отбасындағы шаруаға қолқанат болумен шектелген.

Дегенмен, назардан тыс қалып жататыны да жоқ емес. #Кәмелет_жасына_толмаған балалардың қайда жүргені, кімдермен байланыста болғаны, бос уақытында немен айналысатыны өте маңызды. Бұл жөнінде Сайрам Ауданының әкімдігі жанынан құрылған кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысы өтті.

Бұл жиынға комиссия мүшелері, аудандық полиция басқармасының қызметкерлері, аудандық адами әлеуетті дамыту және ішкі саясат бөлімдерінің мамандары мен мектеп директорлары қатысты.

Комиссия төрағасы, аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Мадияр Оразалиев күн тәртібінде қаралатын мәселелерді таныстырды.

Балалардың құқығын қорғау, мектеп оқушыларының #жазғы_демалыс кезеңіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бос уақытын дұрыс ұйымдастыру және ювиналды #полиция тобының есебіне тіркелген және «тәуекел» тобында тұрған балаларды лагерьлерге және түрлі спорттық секцияларға кеңінен тарту мәселелері талқыланды.

– Бүгінгі отырысқа қатысушылар! Баршаңыз жастармен жұмыс жүргізесіздер әрі ата-анасыздар. Балалардың отбасыларындағы және қоғамдағы құқығын қорғап, #құқықбұзушылық әрекеттерге бармауына көңіл бөлейік. Жақсы тәрбие, терең білім алуына бірге қызмет етейік. Әрқайсыңыз өз аумағыңыз бойынша балалардың жағдайын тұрақты түрде зерделеп, олармен пікірлесіп, отбасыларымен жете танысыңыздар. Бейуақыт көшеде жүрмесін. Кәмелетке толмай кафеде, басқа да жұмысқа жалданып, құқығы тапталып жүрмесін. Төтенше жағдайдың немесе басқа да жайсыздықтың құрбанына айналмасын. Осы бағытта жұмысты жандандырайық, - деді Мадияр Мұхтарұлы.

Жиын барысында аудандық #құқық қорғау органы, Жастар орталығы, басқа да бөлім қызметкерлері, психологтар, #БАҚ өкілдерімен бірлескен рейдтік іс-шаралар ұйымдастыру жайы сөз болды.

Аудандық әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу қызметіне аталған бөліммен бірге мектептерде суицидтің алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға талдау, зерделеу жүргізіліп, жұмыс барысын баяндау тапсырылды.

Ал аудандық Полиция Басқармасы қоғамдық орындар мен көшелерде құқықтық тәртіпті және азаматтардың, соның ішінде кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларға қатысты жол көлік оқиғаларының алдын-алу жұмыстарын күшейтетін болды.

Отырарда кеурек өсімдігін қазған 51 шетелдік ұсталды

Түркістан облысының полицейлері заңсыз көші-қон желілерінің алдын-алу және оларды ұйымдастырушыларды анықтау мақсатында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Облыс аумағында жүрген шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету күн тәртібінен түскен емес.

Осындай шара кезінде Отырар аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Қарақоңыр ауылдық округіне қарасты далалық алқаптарда кеурек өсімдігін жинап жүрген 51 шетел азаматын анықтады. Олардың 31-і Өзбекстан, 17-сі Тәжікстан Республикасының азаматтары болып шықты. Тәртіп сақшылары анықталған азаматтарды дереу полиция бөліміне жеткізіп, шетелдіктерге ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы 5-бөлігі «Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы» бойынша шара көріп, ел аумағынан аластатты. 

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тек орын алған құқықбұзушылықты анықтап қана қоймай, шетел азаматтары және жұмыс берушілермен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ бұл бағыттағы тексеру жұмыстары ары қарай жалғаса бермек.

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Түркістан: Спортшылар әулетінен шыққан полицей

Құқық қорғау саласында қызмет ету нағыз батырларға тән екенін полиция қызметкерлері барынша дәлелдеп бағуда. Ал біздің тақырыбымызға арқау болған сондай азаматтың  бірі Түркістан облысы ПД Оқу-жаттығу взводының инспекторы полиция капитаны Жәнібек Жақыпбекұлы Айдарбеков. Ол биыл 28 сәуір күні 28 жасқа толды. Ширек ғасырдан астам уақытында Жәнібек ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетті. Оның алда бұдан да биік белестерді бағындырары анық. Полиция капитаны жақында ғана Өзбекстан Республикасы Ташкент қаласында «Әмбебап жекпе-жек» спорт түрінен өткен әлем чемпионатында 700 үміткердің арасынан топ жарып, күміс жүлдені еншілеген болатын. Жеңіспен оралған әмбебап спортшы араға апта салмай Түркітілдес халықтар арасында «Грэпплинг» сайысынан   Халықаралық турнирге  қатысып, алтын медалді қоржынға салды. Ең алдымен Айдарбектің немересін осы жеңістерімен шын жүректен құттықтағымыз келіп отыр. Отбасында әкесі және  бірге туған ағалары спорт саласының үздіктері болғандықтан болашақ полицей 7 жасынан бастап, физикалық  тұрғыдан шыңдалып, спорттық жарыстарда бала кезінен  жеңіс тұғырынан көрініп жүрді. Оның самбо күресінен Азия чемпионы, Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанғанында айта кеткеніміз жөн. Ал құралайды көзге атқан мергендігі өз алдына бөлек әңгіме.

 -Менің отбасымда бәрі спортпен айналысты. Себебі жаттықтырушы  әкеміз. Ол біздің ержүрек болып өсіп, елге пайдасы тиер азамат болғанымызды қалады. Алғаш құқық қорғау органына қызмет етем дегенімде әкем қатты қолдау білдірді. Оқу-жаттығу взводы арнайы операциямен жұмыс жасайтындықтан шапшаңдық пен дәлдікті қажет етеді. Мұндай қауіпті де жауапты қызметте ержүрек азаматтар қызмет етуі керек деп, құқық қорғау  органындағы еңбек жолымды Ақтау қаласында бастадым. Спорт-менің сенімді серігім. Қызмет барысында тез шешім қабылдап, әркез сақадай сай жүруім, спорттан алған тәлім мен тәрбиенің жемісі. Сонымен қатар осындай әлемдік деңгейдегі сайыстарда бақ сынап, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуім маған үнемі қолдау білдіріп отыратын Оқу-жаттығу взводының командирі Дәурен Ахметовтің  арқасы. Ол кісіге айтар алғысым шексіз. Полицейдің физикалық, моралдық тұрғыдан мықты болуына аса мән беретін командир қол астындағы қызметкерлердің  әлемдік жарыстардан жүлделі орын иеленгеніне шын қуанып, дайындықтарына дейін өзі қадағалап, барынша жағдай жасап жүреді.

 Мінеки полицей саласында тек ержүрек азаматтар қызмет етеді деп түсінетін Жәнібек 6 жылдан бері құқық қорғау саласында қарымды еңбек етіп жүр. Спортшыға тән намысшылдығымен және полицейге тән патриоттығымен көзге түсіп жүрген полиция капитанының қай салада болмасын тек жеңіс тұғырынан көріне беруіне тілектеспіз.

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Түркістан: Мектепке жұмысқа тұрғызып беремін депті...

Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Әйел адамның айтуынша, танысы «мұғалім етіп жұмысқа тұрғызып беремін» - деп, 500 000 теңге ақшасын алған. Арада 2 жылға жуық уақыт өтсе де не ақшасын қайтармай, не берген уәдесін орындамаған. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды. 

Тәжірибелі тәртіп сақшылары алаяқтық қылмысына қатысы бар күдіктіні ұстауға бағытталған шараларды жүзеге асырды. Нәтижесінде сезікті жергілікті тұрғын болып шықты. Анықталғандай ол бұрын мектепте мұғалім болып жұмыс жасаған. Сезікті ер адам сол уақыт аралығында жұмысқа кіргіземін деп уәде берген. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. 

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға алаяқтықтың құрбаны болу әп-сәтте екендігін еске салады. Сондықтан күмәнді қызмет ұсынатын адамдардан сақ болуға, оларға жеке есепшоттар мен жеке куәлік нөмірін бермеуге кеңес береді. Егер  де, сіз, алаяқтық жайтына куә болсаңыз, полицияның 102 нөміріне хабарласыңыз.

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

ОРДАБАСЫДА ҚАЗАН ҚОЛДЫ БОЛДЫ

Ордабасы аудандық полиция бөліміне әйел тұрғын арызданды. Оның айтуынша, үйінен құны 50 000 теңге тұратын қазанын белгісіз біреу ұрлап кеткен. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды. 

Хабарлама түскен бойда тәжірибелі тәртіп сақшылары оқиға орнына келді. Олар ұрлық қылмысын ашу мақсатында қажетті шараларды жүзеге асырды. Жақын аумақтарды түгел қарап шығып, көрген-білгендерден жауап алды. Нәтижесінде ұрлық жасаған күдікті Шымкент қаласының тұрғыны екендігі белгілі болды. 

Анықталғандай күдікті жәбірленушінің тұрғын үйіне жақын маңдағы досының үйіне көмектесуге  асарға барған. Содан ауланың сыртында тұрған қазанға көзі түсіп, оңай жолмен олжалы болуды көздейді. Күдікті қазанды ұрлап, арнайы темір қабылдайтын орынға алып барып өткізіп, ақысына ішімдік ішкен. Қазіргі таңда тұрғынға қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға тұрғын үйлеріңізге, дүкендерге, ғимараттарға бейнебақылау камералары мен арнайы дабылқаққыштар орнатуға кеңес береді. Өз мүліктеріңізге сақ болыңыздар.

 

                                                                                                                                                                     «AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Облыс полицейлері дәріс алуда

Түркістан төріне тәжірибе алмасу бағытында Махан Есболатов атындағы Алматы академиясының білікті де білімді қызметкерлері келді. Мұндағы негізгі мақсат - Ішкі істер органдарын басқарудың тиімді жүйесін құру, полицияға қатысты негізгі міндеттерді жандандыру. Аталған маңызы зор дәріске Түркістан облысы ПД-ға қарасты қалалық, аудандық полиция басқарма мен бөлім басшылары қатысуда. Үш күнге созылатын сабақ барысында басшы құрамның  біліктілігін арттыру бірінші орында  тұр. Яғни ҚР ІІМ-нің «Мобильді Академия» пилоттық жобасы шеңберінде заманауи талаптарға сәйкес оқу бағдарламасы жүргізіледі.

Алматыдан арнайы келген білікті мамандар қатарында М.Есболатов атындағы академия бастығының орынбасары Заң ғылымдарының кандидаты, доцент, полиция полковнигі Ержан Бимолданов пен аталған академияның аға ғылыми қызметкері, Заң ғылымдарының кандидаты, доцент, отставкадағы полиция полковнигі Лейла Құлтемірова, сондай-ақ осы оқу орнының ІІО басшы құрамын даярлау факультетінің жоғары академиялық курсының әдіскері, педагогика ғылымдарының кандидаты Талғат Тұркенов бар. Бұл кәсіби шеберлігі мол қызметкерлер түркістандық қатысушыларды білім нәрімен сусындатып,  бар оқып-түйгендерін жеткізді. Полиция мен халықтың бір-біріне барынша ашық болуы, басшы құрам мен жеке құрам арасындағы байланыс қалай болу керектігі айтылып, ақыл-кеңестер берілді. 

Өз кезегінде дәріске қатысушы тарап, білімдерін жетілдіруге ат салысып жатқан әріптестеріне алғыстарын жеткізді. Полицияның жұртқа жақын және заманауи техникаларды меңгеруіне бағыт беріп жатқаны үшін ризашылықтарын жеткізіп, өз ойларымен бөлісті, пікір алмасты. «Жаңа Қазақстан», «Сервистік полиция моделін құру» жолында мұндай келелі кездесулердің берер пайдасы зор. Себебі полицияның оң имиджін қалыптастыру, басшы құрамның қарапайым да әділ болуы, халықпен кері байланысты нығайту күн тәртібінен түспек емес.

 

 

  «AQ-QARA.KZ»- ақпарат

 

 

Облыста әйелдерді қорғауға арналған акция басталды

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу, ана мен баланы қорғау, қоғамдағы отбасының рөлін нығайту бойынша қабылданып жатқан шараларды халыққа таныстыру мақсатында ағымдағы жылдың 13-21 маусым күндері аралығында, облыс аумағында «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол ЖОҚ!» республикалық акциясы басталды.

Акцияға ішкі істер органдарының қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар, прокуратура, үкіметтік емес ұйымдар, білім беру, денсаулық сақтау органдары мен еріктілер жұмылдырылуда.  Аталған тиісті мамандармен:

- Дағдарыс орталықтарының және ҮЕҰ базасында білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінің мамандарын тарта отырып, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы  мәселелер бойынша  сенім телефонының «Қауырт желісінің» жұмысы ұйымдастырылады.

- Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында елді мекендерде  тиісті баннерлермен қамтылған арнайы автобустарда жергілікті полиция қызметі басшылығының азаматтарды жеке қабылдау жолымен мобильдік акциялар ұйымдастырылады. 

- Кәсіпорындарда және ұйымдарда отбасылық құңдылықтарды насихаттау, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықты алдын алу жөніндегі қоғамдық іс-шаралар  (брифингтер, семинарлар, тренингтер, дөңгелек үстелдер және т.б.) ұйымдастырылады.

- Азаматтар көп жиналатын орындарда көрсетілген тақырыпқа билбордтар мен плакаттар орналастырылып, сондай-ақ  тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі  жаднамалар мен буклеттер тарату ұйымдастырылады.

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Түркістан: «Есірткісіз болашақ» тақырыбында сурет салудан жарыс өтті

Түркістан облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Түркістан облысының Адами әлеуетті дамыту басқармасының қызметкерлері бірлесе отырып, «Есірткісіз болашақ», «Нашақорлыққа жол жоқ» тақырыптарында асфальтқа сурет салудан байқау өткізді. Жарысқа қала мектептерінен 50-ге тарта оқушылар қатысып, командалық есеппен сынға түсті. Өз қиялдарына ерік берген жасөспірімдер «Ғасыр дерті» саналатын есірткіге  қарсы екендіктерін сурет өнерімен көрсетті. Шараның мақсаты – балалардың қиялын дамытып, салауатты өмір салтын ұстануға шақыру, жаман әдеттерден аулақ болуға дағдыландырып, бос уақытын тиімді пайдалануға үйрету. Яғни, өзінің ойын қағазға түрлі түсті қаламмен байланыстыра отырып түсіру, сурет өнеріне баулу болып табылады. Аталған сурет байқауында әділ-қазылар өз төрелігін жасап, жеңімпазды анықтады. Одан бөлек қатысушыларға естелік сыйлықтар тапсырылды.  Бұл бағыттағы жұмыстар полицейлер тарапынан алдағы уақытта да жиі ұйымдастырылып тұрмақ. Ең басты мақсат - оқушылардың бойына осы бір зиянды заттардан, теріс қылықтардан аулақ болуды сіңдіру.

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Төлебилік тұрғынның үйінен есірткі заты тәркіленді

Төлеби аудандық полиция бөліміне ауыл тұрғындарының бірінен хабарлама келіп түскен.  Әйел адам онда өз танысының есірткіге ұқсас өсімдік өсіретіндігі туралы айтқан. Аталған жайтты полиция қызметкерлері  ҚР ҚК-нің 300-бабы «Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру» бойынша тіркеуге алды.

Осы жайтқа байланысты аудандық полиция қызметкерлерінен жедел тергеу тобы құрылды. Олар күдікке ілінген азаматтың жеке басын анықтап, тұрғылықты мекенжайына шықты. Полицейлер оның үйін тінту кезінде ауласында өсіп тұрған есірткіге ұқсас өсімдікті тапты. Полицейлер оны айғақты зат ретінде тәркілеп, сараптамаға жолдады. Сараптама қорытындысына сәйкес аталған өсімдіктер  «сора» есірткі заты деп анықталды. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.  Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда. 

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға заңсыз есірткі затын өсіру, баптау, тасымалмен айналысу қатаң жазаға тартылатындығын ескертеді. Бұндай өсімдіктер адам денсаулығына аса зиян келтіретіндігін еске салады.

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

ШЫМҚАЛАНЫҢ ЭКОНОМИКАСЫ 28,6 ПАЙЫЗҒА АРТТЫ

2022 жылдың 5 айында Шымкент қаласының экономикасына 130,9 млрд. теңге тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 28,6% артқан (2021 жыл қаңтар-мамыр – 96,9 млрд. теңге). Осы көрсеткішпен Шымкент елімізде инвестиция тартудан көш бастады. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Ә.Қуантыров Үкімет отырысында белгілі болды. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен селекторлық жиынға қала әкімі Мұрат Әйтенов пен салалық басқарма басшылары қатысты.

 Министр негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 2,5 пайызды құрағанын атап өтті. Инвестициялар білім беруде – 71,7, мемлекеттік басқару мен әлеуметтік қамсыздандыруда – 55,1, ғылым мен техникалық қызметте – 35,9, денсаулық сақтауда – 27,8, жылжымайтын мүлік операцияларында – 20,4, саудада – 13,9, құрылыс саласында 10,7 пайызға өсті. Өңірлер арасында ең жоғарғы көрсеткіш Шымкент және Алматы қалаларында, сондай-ақ Ақмола облысында байқалған.

  Шаһарда 2021-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылатын құны 2,7 трлн.теңгеге 296 инвестициялық жобалардың базасы жасақталды. Осы жаңа бастамалар арқылы 20 мыңнан аса жұмыс орындары құрылмақ. Оның ішінде 2022 жылы құны 241 млрд.теңгені құрайтын 65 инвестициялық жоба іске асырылып, 2500 жаңа жұмыс орны ашылуы жоспарланып отыр.

 Сонымен бірге, жалпы кәсіпкерлік қолдау картасы аясында биыл қалада 52,3 млрд.теңгеге 16 жоба іске асырылып, 1 043 жұмыс орны құрылады.

 Шымкенттің инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін кәсіпкерлер мен инвесторларға «бір терезе» қағидатымен «Бизнеске арналған үкімет - Shymkent Invest» фронт-кеңсесі жұмыс жұмыс істейді. Мекеме кеңес беру, мемлекеттік қызметтерді көрсету, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға сүйемелдеу және инвесторларға жолығатын шектеулерді жоюға көмектеседі.

 Ал, инвестциялық жобаларға мониторинг жасап, мәселелерін шешу және қаланың жалпы инвестициялық ахуалын жақсарту мақсатында Шымкент қаласы әкімдігі жанындағы инвестициялар тарту мәселелері жөніндегі штаб құрылған. Апта сайын өтетін штаб отырысында қала әкімі Мұрат Әйтенов инвестициялық жоба бойынша жауаптыларға тапсырмалар жүктеп, олардың орындалуы тұрақты бақылауға алған.

 Жүйеленген жұмыс нәтижесінде 4 өнекәсіп аймағында 294,5 млрд. теңгеге 191 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылуда. Соның ішінде қазір 161,8 млрд.теңгеге 8,1 мыңға жуық жұмыс орнымен 128 жоба іске асырылған.

 

 

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат