Сенбі, 25 Мамыр 2024 09:12

Шымкент: «Наурыз» тұрғын үй бағдарламасына ниет білдіргендердің арасында 35 жасқа дейінгі азаматтар көп

"Наурыз" жаңа тұрғын үй бағдарламасына қатысуға ниет білдірген қазақстандықтар арасында 35 жасқа дейінгі азаматтар көш бастап тұр. Бүгінде аталған бағдарлама бойынша өтініш жолдаған ең жас үміткер – Түркістан облысының 18 жастағы тұрғыны. «Наурыз» бағдарламасы бойынша өтінімдер 2024 жылдың 25 сәуір мен 30 маусымға дейін жалғасады.

 

Сонымен қатар, Алматы, Астана және Шымкент қалаларымен қатар тұрғын үй сатып алу үшін ең көп таңдалған бес қала мен өңір қатарына Ақтөбе мен Алматы облыстары кіреді. 10 мамырдағы жағдай бойынша қазақстандықтар барлығы 17 432 өтінім жолдады. Оның ішінде 8 945 өтінім сәтті қабылданды, олардың жартысы тұрғын үйге кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдерінен түскен.

Ал 2 436 өтінім қабылданбай, кері қайтарылған. Негізгі себеп – клиенттердің депозиттерінде 1 млн теңге мөлшеріндегі қажетті сома жоқ болып шыққан. Бұл "Наурыз" бағдарламасына қатысудың негізгі шарттарының бірі. Сондай-ақ, тұрғын үйі бар адамдардың да өтінімдері қабылданбаған.Тағы 5 008 өтінім жолдану процесінде. Яғни, мемлекеттік дерекқорлармен сәйкестендіру жүргізілуде және жүйе өтінімдерге ЭЦҚ көмегімен үміткерлердің қол қоюын күтуде.

"Наурыз" бағдарламасы бойынша өтінімдер жұмыс күндері сағат 9.00-ден 21.00-ге дейін қабылданады. Баспана маркет платформасы (otbasybank.kz) сағатына орта есеппен 400 өтінімді қабылдауға қабілетті.

Айта кетейік, бүгінде Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй алу тізімінде 50 019 азамат тіркелген, оның ішінде: жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша – 1907; көпбалалы отбасылар 14 063; халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы – 17 625; мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер – 16 402; жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтар- 22.

Оқылды 334 рет