Сәрсенбі, 15 Мамыр 2024 17:13

Ордабасы ауданы: халықпен кездесуде ауыз су, табиғи газ, электр энергиясын тарту мәселелері бойынша атқарылатын жұмыстар айтылды

Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев бектіліген кестеге сәйкес Бадам ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.

Кездесуге сондай-ақ, аудандық мәслихаттың төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостандық Жәкей, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Бақытжан Бекбосынов, аудан әкімі аппаратының басшысы Жұманәлі Кәдиев, аудандық мәслихаттың депутаттары, салалық бөлімдердің басшылары, мекеме директорлары, қоғам белсенділері қатысты.

2023 жылғы есепті кездесуде Бадам а/о бойынша 12 мәселе көтерілген болатын. Оларды шешу бойынша арнайы іс-шара жоспары жасалынып, кезең-кезеңімен шешу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілген. Нәтижесінде 4 мәселе шешімін тапқан. Атап айтар болсақ, Ордабасы елді мекеніндегі «Ордабасы» жалпы орта мектебіне баратын «Таңбалы бұлақ» көшесіне тас төсеу мәселесі бойынша ағымдағы жылдың ақпан айында тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Ал, тұрғындардың Бадам елді мекені, «Баян» кіші маркеті және емхана тұсына жол кедергісі орнату бойынша сұрауы орындалып, автомобиль жолдарын күтіп ұстау есебінен жол кедергілері жасалынды.

Бадам елді мекені, А.Шерімқұлов көшесінің жарықшамдарын ретке келтіру жұмыстары бойынша демеушілердің есебінен істен шыққан жарықшамдар наурыз айында қалыпқа келтірілді. Сонымен қатар, Дербес елді мекенінде салынып жатқан ФАП пайдалануға беру мәселесі көтеріліп, нысан бүгін ел игілігіне табысталды. Қалған мәселелер бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Аудан әкімі бадамдықтарға қажетті көшелерге тас төсеу, асфальт салу және елді мекендерге табиғи газ, ауыз су, электр энергиясын тарту, абаттандыру және т.б.бағыттар бойынша 2024 жылы жүзеге асырылатын жұмыстар туралы баяндама жасап, кез-келген жұмыстың нәтиже беруі және жемісті болуы үшін бірінші кезекте ауызбіршіліктің болу керектігін баса айтты. Сонымен қатар, бадамдықтарды Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан “Таза Қазақстан” акциясына үлес қосуға шақырды. Әрбір тұрғынның тазалық жұмыстарында белсенді болуы қажеттігін тілге тиек етті.

Кездесу сұрақ-жауап форматына ауысып, тұрғындар жайылым жер, жол, тазалық және т.б.мәселелер бойынша сауалдарын қойды. Әр сауал жауапсыз қалмай, олар хаттамаға түсірілді.Жиынның соңында аудан басшысы азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдады.

Бүгіндері Ордабасы ауданының басқа да ауыл округтерінде халықты таза ауыз сумен қамту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Мәселен, Ордабасы ауылына «Ордабасы тарихи-өлкетану қорығынан» ауыз су желісін жүргізілуде. Қазіргі таңда ұзындығы 2 шқ.болатын траншея қазылып қойылған және қазу жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ диаметрі 110 мм болатын 3,5 шқ полиэтилен құбыр жабыстырылып, жинақталған. Одан бөлек су мұнарасының іргетасы құйылып қойылған. Жалпы, ауыз су желісінің құрылысы аяқталған жағдайда Ордабасы ауылына іргелес жатқан Ұзынбұлақ, Баянбұлақ, Қылышбұлақ және Таңбалы бұлақ ауылдары орталықтандырылған ауыз сумен қамтылатын болады.

Сондай-ақ, Бадам ауылдық округіне қарасты Ордабасы ауылындағы Ұзын бұлақ, Қылыш бұлақ, Баян бұлақ, Таңба бұлақ елді мекендеріне ауыз су құрылысы басталып, құбырлар тартылуда. Қазіргі таңда Мамыр елді мекенінен тартылатын ауыз су ұңғымасы қазылып бітіп, Ордабасы ауылына су құбыры жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда 3.5 шақырымға су құбыры қойылып дәнекерлеу жұмыстары аяқталған. Алдағы уақытта құрылыс жұмыстары толықтай аяқталса 1000 ға тарта тұрғыны бар ауыл таза сумен толықтай қамтылатын болады.

Елді мекендерді үздіксіз және сапалы ауыз сумен қамту үшін жер асты су кен орындарын, су көздеріне іздеу-барлау жұмыстарын жүргізіп жатқан уәкілетті органдар тарапынан су қорлары бекітілуде. Өңірде халықты орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2018 жылы облыста 622 елді мекен (7 қала, 615 ауылдық елді мекен) ауыз сумен қамтамасыз етілген болатын. 6 жылда орталықтандырылған ауыз сумен елді мекендердің жалпы саны 720-ға жетті (7 қала, 713 ауылдық елді мекен) немесе 86,4 %-ға артып, 2025,3 мың адам сапалы ауыз сумен қамтылып отыр.

Осыдан үш жыл бұрын елімізде «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жоба бастау алған еді. Ұлттық жобаға сәйкес, іс-шараларды жүзеге асыру нәтижесінде 2025 жылға қарай ауыз сумен толық қамтамасыз етуге (сумен жабдықтау және су бұру желілерінің 16 мың км салу және реконструкциялау), қалаларда сарқынды суларды 100 пайыз тазартуға қол жеткізіледі, инженерлік желілердің тозуы (жылумен, сумен жабдықтау, су бұру) 55 пайыздан 47 пайызға дейін қысқарады. Өз кезегінде, аталған көрсеткішке қол жеткізу үшін Түркістан облысының әкімдігі тарапынан ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

 «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының бір бағыты – тұрғындарды толықтай сапалы ауызсумен қамту болғандықтан, Түркістан облысында да ауылдарды қажетті инфрақұрылыммен қамту басты бағыттардың бірі ретінде белгіленген. Себебі бүгінде Түркістан өңіріндегі тұрғындарының 80 пайызы ауылда өмір сүріп жатыр. Осыған орай, биылғы жылдың басынан бері өңірдегі мүлдем ауыз суы жоқ 10 елді мекендегі 9 мың тұрғын сапалы ресурспен қамтамасыз етілді. Одан бөлек, тағы он елді мекендегі тозығы жеткен ауыз су құбырлары жаңартылған. Сәйкесінше, қазір облыстағы 720 елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етілген болса, жыл соңына дейін 16 елді мекенде су жүйелері жүргізіліп, тұрғындар тіршілік көзіне қол жеткізеді деп жоспарланған.

2024 жылы 61 нысанның құрылыс жұмыстарына бюджет есебінен 14,1 млрд. теңге бөлінді. Соның ішінде, биыл 35 нысан аяқталады, қалған 26 нысан 2025 жылға өтпелі. Нәтижесінде 12 елді мекен (Сарыағаш – 2, Отырар – 1, Төлеби –1, Келес – 4, Созақ –4) ауыз сумен қамтылады, 12 елді мекеннің (Бәйдібек –1, Арыс –1, Сарыағаш – 1, Төлеби – 3, Жетісай – 2, Мақтаарал – 2, Түлкібас –1, Шардара –1) тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылады.

2024 жылдың қорытындысымен, 829 елді мекеннің 768-ін (7 қала, 761 ауылдық елді мекен) немесе 92,6%-ын ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарлануда. Яғни, 29 елді мекенде ауыз су мәселесі шешіледі. Облыс елді мекендерін 100% ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында «Түркістан облысы бойынша ауыз сумен қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілді.

Ол құжатта 41 елді мекенге құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Атап айтқанда, 21 елді мекенде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде, биыл 13 елді мекенде құрылыс аяқталып, пайдалануға беріледі, қалған 8 елді мекен 2025 жылға өтпелі. 29 елді мекенде кешенді блок-модуль (КБМ) орнату жоспарлануда. Атап айтқанда, 3 елді мекенге (Келес – 2, Сарыағаш – 1) кешенді блок-модуль қондырғысы орнатылған, іске қосу жұмыстары жүргізілуде. 11 елді мекенге КБМ орнатуға 2024 жылға ОБ есебінен 336,8 млн. теңге бөлінді.

Өңірде аудан, қала әкімдіктерімен бірлесе талдау жұмыстары жүргізіліп, қорытындысымен «Облыс аумағындағы кестемен берілетін елді мекендерге тәулігіне 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз етудің іс-шара жоспары» бекітілді. Жоспарға сәйкес, 2024 жылы 32 елді мекен 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз етіледі. 2025-2027 жылдары аралығында 133 елді мекенді тәулік бойы ауыз сумен қамту жоспарлануда. Жаңа су көздерін барлау жұмыстары да қолға алынбақ.

Халықты табиғи газбен қамту жұмыстарына тоқталар болсақ, Ордабасы ауданында алдыңғы жылы 4 елдімекенге табиғи газ берілді. Былтыр 18 елдімекен газбен қамтылып, көгілдір отынмен қамту көрсеткіші 47,8% жеткенін айта кеткен жөн. Аудан әкімінің айтуынша, қазіргі уақытта ауданда газбен қамту жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Осы ретте, былтыр бірқатар елдімекендер көгілдір отынмен қамтылды. Олар — Бірлік, Жамбыл, Ақжол, Мақташы, Бейсен, Қараспан, Төреарық, Көлтоған, Берген, Батыр ата, Ынталы, Аманкелді, Көктөбе, Елшібек батыр, Спатаев, Төрткөл, Қызылжар, Қарақұм елдімекендері.

Бүгінгі таңда халықты сапалы ауызсумен қамту көрсеткіші 94,6% құраса, биыл жыл соңына қарай көрсеткіш 99% жетпек. Ауданның елдімекендері толық орталықтандырылған электр желісімен қамтамасыз етілген. Ал автомобиль жолдары бойынша елдімекендердегі ішкі көшелердің қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 45%-дан 48%-ға жетті. Топырақ жолдардың үлесі 41,2%-дан 35,6%-ға төмендеді. Сонымен қатар, өңірде елдімекен көшелерінің 20,6%-ы жарықтандырылған.

Түркістан облысында былтыр 111 мыңнан астам халық газбен қамтылды. Бұл еліміздегі ең үлкен көрсеткіш. Яғни газбен қамтылған әрбір 3-ші ауыл Түркістан өңірінде орналасқан. Одан бөлек, соңғы 10 жыл аралығында құрылысы жүргізіліп, іске қосылмаған нысандарды қосу бойынша жұмыстар қарқын алды. Халық санымен есептегенде, 1 млн 650 мыңға жуық халық не облыс тұрғындарының 77,8 пайызы табиғи газбен қамтылған. Өңір тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. Бір жылда 62 газбен қамту нысанының құрылысы аяқталып, газбен қамтылған елді мекендер саны 513-ке жетті.

Облыстың стратегиялық даму жоспарына сәйкес және газ ресурсының мүмкіндігін ескере отырып, 2030 жылға дейін облыстың елді мекендерін 100 пайыз газбен қамтамасыз ету күтілуде. Тұрғындарды газбен қамту жұмыстарының барысы таяуда облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиында қаралды. Өңір басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды. салаға жауапты басшыларға ауылдарға жеткізілген газды әр үйге қосуды қолға алуды қатаң ескертті. «Газсыз отырған ауылдарға табиғи газ жеткізілді. Халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау мақсатында табиғи газбен қамту бағытындағы жұмыстар өз нәтижесін беруде. Енді ауылға келіп тұрған газдың игілігін халық көру керек. Аудан, қала әкімдіктерімен бірлесіп жұмыс істеңіздер», – деген облыс әкімі аудан, қала әкімдеріне газ барған ауылдардың үйлерін газға қосуды тапсырды.

Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтің айтуынша, өткен жылы облыстық бюджеттен 7 млрд теңге қаржы бөлінген. Жалпы 17,5 млрд теңге бөлінген. 2023 жылы 27 жоба іске асырылып, 27 елді мекен газбен қамтылған. 47 нысан құрылысы 2024 жылға өтпелі. Биыл газдандыру жұмыстарына 10,1 млрд теңге қаржы бөлінген. 71 нысан құрылысы жүргізіледі. Жыл соңына дейін 38-і пайдалануға берілсе, 33 нысан 2025 жылға өтпелі. Құрылысы аяқталғанымен, газға қосылмаған нысандар да бар. Жиын барысында жобалардың мезгілінде және сапалы іске асырылуына жауапкершілікті күшейту, жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу деңгейін жылдамдату, құрылыс монтаж жұмыстарының сапасына бақылауды күшейту және жұмыстарды жоспарлы түрде жалғастыру жайы да талқыланды.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 158 рет