Кездесуді Сауран ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Қалеке Марат ашып, бұл кездесудің маңыздылығын және қазіргі таңдағы ең өзекті мәселе қатарында екенін айтып, келген қонақтарды таныстырды.
Кездесу барысында сөз кезегін алған Түркістан облысының дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Дуйсенов Асхат әлеуметтік желі арқылы кеңінен насихатталып жатқан керағар ағымдардың ерекшеліктері мен теологиялық өзгешеліктерін атап өтті. Мекеме қызметкерлеріне деструктивті діни ағым өкілдерінің іс-әрекеттері және де олардың формалары жайында мол мағлұмат берді.
Кездесу барысында сөз кезегін алған Сауран ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің теолог маманы Ажибай Дияна дін адамзат баласын игілік пен ынтымаққа шақырушы екенін, қоғамға және адам өміріне зиян тигізу дінге жат екенін жеткізді. Дін адамды ұлтына бөлмей бүкіл қоғам үшін бүкіл қоғам үшін ортақ екенін айтты. Қоғамдағы ынтымақтастық пен татулықта діннің алар орны ерекше екенін түсіндірді.
Кездесу соңында мекеме қызметкерлеріне әлеуметтік желі арқылы діни білім алу өте қауіпті екені түсіндіріліп қандайда бір дінге қатысты мәселе туындаған жағдайда арнайы Түркістан облысының «Дін мәселелерін зерттеу» орталығының теолог мамандарымен байланыс орнату қажет екенін түсіндірілді. Мамандар қызметкерлер пікірін біліп, қойған сұрақтарына жауап берді.
Діни сауаты аз азаматтар теріс ағымдардың жетегіне еріп, дұрыс жолдан тайып жатады. Ал оларды арам пиғылды ағымдардың қармағынан сақтау үшін, сауаттылық шараларын күшейту қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар облыста жоспарлы, жүйелі түрде іске асырылп келе жатыр. Дін мәселесіне ден қойған қоғамдық бірлестіктердің саны да, сапасы да артқан.Бүгінгі күні бүкіл әлем бойынша ақпараттар алмасу мүмкіндігі әлеуметтік желілер жүйесінде өте кең таралуда. Адамдар оны қолдану арқылы өте алыс қашықтықты бағындырып, басқа елдер мен құрлықтармен еркін байланыс құрып отыр.
Алайда, ғаламтордың осындай жетістігі мен қолжетімділігін дәстүрлі емес діни ағымдар да өз пайдаларына қолдануда. Экстремистік және террористік ұйымдардың халыққа ақпарат арқылы әсер етуді кеңінен қолдануы олардың қызметінің ажырамас бөлігіне айналды. Ең алдымен экстремистік және террористік ұйымдар ғаламторды желі қолданушылардың әлі қалыптасып үлгермеген санасына ықпал ету үшін қолданады. Яғни, олардың негізгі нысанасы әлеуметтік жағдайы мен дүниеге деген көзқарасы толық қалыптаспаған топтар болып табылады.
Діни сауаты таяз адамдардың діни ақпаратты ғаламтордан іздейтіндігі белгілі. Ал, мұндай адамның ақпарат тарату мәселесінде өте белсенді жұмыс жүргізетін радикалды ұйымдардың қармағына ілінуі әбден мүмкін. Теріс пиғылды ағымдардың кейбір сайттары халықты экстремистік немесе террористік әрекеттерге шақыруды насихаттамауы мүмкін. Олар исламға арналған ақпарттық портал ретінде жұмыс жүргізеді. Алайда, олар шын мәнінде халықтың дәстүрлі діни ұстанымдарын ыдыратып, мұсылмандар арасына жік салып, дінді іштей бөлшектеуді көздеуі мүмкін.
Ішкі тұрақтылық пен ауызбіршілікті сақтау арқылы ғана еліміз болашақта көздеп отырған асқақ мақсаттарға қол жеткізе алады.Қазақстанның әрбір азаматы өзінің діни сауатын арттыруға мән беріп, рухани және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге өз шамасының жеткенінше атсалысатын болса елдің ішкі тұрақтылығы мен бүтіндігіне ешқандай жат пиғылды ағымдардың сызат түсіре алмасы анық.
Діни ахуалы тұрақты мемлекетте бейбітшілік, достық, бірлік орнайтыны, ол ұзаққа созылатыны белгілі. Сол себепті де, Қазақстанда діни ахуалды тұрақты ұстап тұру үшін түрлі іс-шаралар өтуде. Оның барлығы – бейбітшілікті, діни алауыздықты болдырмауды көздейді. Деструктивті ағымдардан сақтану қажет. Дін дегеніміз өте күрделі. Ол туралы ақпаратты рұқсат етілген кітаптар мен сайттардан алған дұрыс. Діни секталардың құрбанына айналмас үшін діни білімімізді арнайы оқу орындарынан және діни орталықтан сұрап білулеріңізге болады.
Жалпы айтсақ, діннің атын жамылған жат ағымдардың немесе топтардың мүшелері діни сауаты төмен, әлеуметтік тұрмысы нашар жастарымызды өз қармақтарына түсіру үшін өздерін ақиқат жолындағы шынайы діндарлар етіп көрсетіп, Отанына, отбасына және ата-бабамыз ғасырлар бойы дәріптеген дәстүрлі дінімізге, қалыптасқан салт-дәстүрімізге күдік келтіріп, қарсы қояды. Осындай дінді теріс бағытта насихаттайтындардан сақ болыңыздар.
Еліміз зайырлы, құқықтық мемлекет. «Зайырлы» ұғымы мемлекеттің барлық салаларда, соның ішінде дін саласында да ашық, айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, діннің мемлекет саясатына араласпайтынын білдіреді. Яғни зайырлылық дінсіздік немесе дінді терістеушілік емес, ол мемлекеттің діни емес, құқықтық қағидаттармен басқарылуы. Зайырлылық сипаты-ізгілік пен қажеттілік. Өркениетті елдер зайырлылық дәстүрін таңдауда. Елде дінді ұстану мен бірлестіктердің жұмысын реттейтін заңдылықтарды мемлекет белгілейді және бақылайды.
Дәстүрлі емес діни ұйымдардың идеологиялық және басқа да жұмыстарының нысанына ең алдымен жастар алынатындығы жиі кездесетін жағдай. Жастар әлеуметтік — демографиялық топ ретінде өзіндік, соның ішінде рухани сипаттағы ерекшеліктерге ие. Көпшілік өмірдің рухани негіздерін іздеу, өмір сүрудің мән-мағынасы туралы сұрақтарға жауап іздеу жолында дінге келеді. Соңғы кездері біз қандай да бір діннің тереңіне бойламай, діндердің ізгілігіне, шынайылығы мен жалпыға ортақ басқа да қырларына тереңдеп енбей жатып діндарлықтың сәнге айналғанын көріп отырмыз. Адамдарды қандай да бір дінді қабылдауға мәжбүрлеуге болмайды.
Дін атын жамылған ағымдар өздеріне жаңа мүшелерді тартып, олардан түскен ақпараттарды бақылауда ұстайды. Сондай — ақ, бейэтикалық тәсілмен жеке тұлғаны бағындыру арқылы, психологиялық қысым көрсету, қорқыту және мүшелерді ұйымда ұстап қалудың өзге де жолдарына сүйенеді. Осылайша олар тұрмыс қалпын және адамның еркін ақпараттық дүниетанымды таңдау құқығын бұзады. Ғаламтор желілерінде дінге байланысты ақпарат іздеген адамға мыңдаған дерек көзінің шығатыны белгілі. Осы ақпараттардың қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін көп адамдар аңғара да бермейді. Соның салдарынан кей жандардың санасында күмәнді ойлар қалыптасып та жатады. Өйткені деструктивті теріс бағыттағы діни ұйымдар ғаламтор арқылы өз идеологияларын таратып, жақтастарының санын арттыруды қалайды.
Дінді оқыту адам, қоғам, ғалам туралы дүниетанымдық және философиялық сұрақтарға жауап іздеу болып келетіні даусыз. Білім берудің зайырлы жүйесінде дінтану пәнін оқыту қоғамда гуманистік және рухани-адамгершілік негіздерді қамтамасыз етуге көмектеседі. Руханилық бұл тек діни іліммен ғана шектелмейді. Руханилық – философиялық және этикалық ұғым. Руханилық – бұл зайырлы моральдық ұстаным ретінде адамның рухани жан-дүниесімен, ішкі және сыртқы мәдениетімен байланысты айқындалады. Рухани болмысы биік мен рухани әлемі бай тұлға дінге бейтарап болуы мүмкін. Қазіргі таңда агностик не атеисттік ұстанымдағы адамды рухани дүниесі кемшін деген қате түсініктер кездеседі. Руханилық – зайырлы этикалық ұғым ретінде адамның жан және ар тазалығын айқындайды.
Зайырлылықтың тарихына үңілсек, тәуелсіз еліміздің зайырлылық қағидаты 1995 жылы қабылданған Ата Заңымызда бекітілген. Зайырлылық қағидаты қоғамның, халықтың, мәдениеттің және қазіргі білім берудің ұстанымы болу керек. Руханилық бұл болашақ ұрпақтың үйлесімді дамуының кепілі болуы керек. Сондай-ақ ол халықтың руханиятымен тығыз байланысты. Парасаттылық, имандылық, ізденгіштік, отансүйгіштік бүгінгі білім берудің негізгі ұстанымы.
Діни фанатизм мен көзсіз еліктеушілікке қарсы тұратын қалқан болатын діни мәдениет пен діни сана қалыптастыру үшін діни білім беру зайырлы тұрғыда берілуі керек. Елімізде ұлтаралық келісім, діни төзімділік мәдениеті мен өзара құрмет қағидаты орныққан. Дін адамның рухани әлеміне тыныштық беріп, адамның абыройы мен ар-намысын үйретеді. Әрбір адамның жан-дүниесіндегі келісім мен ішкі мәдениет бұл қоғамдағы адамаралық қарым-қатынас мәдениетідегі өзара түсіністіктің шарты. Әрбір адам парасатты және рухани дүниесі бай, рухы мықты болғанда ғана зұлымдық пен зорлыққа қарсы тұра алады. Сол себептен адам жанын тәрбиелеу және оның дүниетанымын қалыптастыру үшін әлемдік және дәстүрлі діндердің рухани құндылықтарын тиімді қолдану маңызды болып саналады.
Бүгінгі күнде еліміз үшін бейбітшілік пен келісімді сақтау маңызды. Сондықтан да дін қызметкерлері елімізде тіркелген діни бірлестіктердің діни сенімі туралы хабардар болуы керек. Өйткені, дін этностың ұлттық сана-сезімі мен рухани мәдениеті мен ұлттық рух ерекшелігін ашатын феномен. Еліміздегі діни білім беру орындары болашақ дін қызметкерлерін зайырлы мәдени ұстанымға,зиялылық пен ізденгіштік рухында тәрбиелеп, әлемдік және дәстүрлі діндердің құндылықтарына оң көзқарас қалыптастыруы тиіс. Дін қызметшілерін ұлтаралық және дінаралық қарым-қатынас мәдениетіне үйрету, діни мәдениетке баулу, өзге діндегілерге құрметпен қарауға, діндердің құндылықтық негіздерін терең түсініп пайымдауға,зайырлы ұстанымға сай қызмет жасауға құзіретті даярлау бүгінгі діни білім берудің мақсаты. Бұл діни білім беру жүйесі үшін өте өзекті болып табылады.
Зайырлы мәдениет және діни мәдениет ерекшелігін және жалпы адамзаттық құндылықтардың артықтығын, яғни діни және діни емес дүниетаным түсініктерінің біріктіруші және сұхбаттастық негіздерін төзімділікпен түсіндіру жұмыстары да маңызды. Исламтануды оқыту мазмұны мен әдістемесі зайырлылық пен төзімділік қағидаттары, ар-ождан, діни сенім бостандығы және ой-еркіндігі сынды еліміздің және халықаралық құқықтық құжаттар талаптарына сәйкес болуы тиіс. Исламтану мамандығын оқытуда заманауи ақпараттық-аналитикалық және оқу-әдістемелік негіздерге сүйену керек. Зайырлы қоғамдағы исламтанулық білімнің мақсаты – зайырлы мәдени жүйеге сай қызметжасау мен діндар азаматтардың діни сұранысын өтеуді іске асыру.
Жаһандану үдерісінде әрбір ұлт өзінің салт-дәтүрі мен ұлттық сана тіректеріне сүйеніп, өзінің бет-бейнесін жоғалтпай, ұлттық болмысын айқындап, ұлттық рәміздерін асқақтатуға ұмтылуда. Біздің діндар жастар да зайырлы мемлекеттік қағиданы, ұлтымыздың тілі мен ділін, тарихын, дәстүрін сыйлауы және ата мұрасын қастерлеуі тиіс. Дін саласындағы мемлекеттік қызметшілер дүниетанымында және әдептік ұстанымында зайырлы және ұлттық қадір-қасиетінен туған киелі ұғым түсініктерін құрметтеуді қалыптастыру еліміздің қарқынды инновациялық-индустриялық тұрғыда жаңғыруын қамтамасыз ететін ұлттық мүдде мен азаматтық парызға адал дін мамандарын белсенді іс-әрекетке тәрбиелеу болып табылады.
Әсіре діншіл топтарға қарсы діни-ағартушылық жұмыстың тиімді тәсілдерінің бірі өңірлердегі діни ахуалдардың динамикасы мен тенденцияларына ықпал етуші сыртқы және ішкі ықпал-әсерлерді анықтау дінтанулық және исламтанулық зерттеулер жүргізуде негізгі мақсаттардың бірі деп білеміз. Зайырлы мемлекетте дінтану және исламтану мамандығы қоғамның рухани жаңғыруына, діни сауаттылықты арттыруға, дін қызметкерлерінің беделін көтеруге және деструктивтік ағымдардың алдын алуға көмектеседі.
Қорыта айтқанда, бүгінгі қоғам діни сауаттылықтың ауадай қажет екенін жоққа шығармайды. Қазіргі ақпараттың кең дамыған уақытында ақпараттық ресурстарды қолданып халықты дұрыс мәлімет пен қамтамасыз ете алсақ өз жемісін берері сөзсіз. Сонда ғана еліміз өркендеп, діни сауатты азаматтарымыз көбейіп, мемлекетімізді теріс діни ағымдардан сақтап қаламыз.
«WWW.AQ-QARA.KZ»