Сейсенбі, 11 Маусым 2024 14:00

Түркістан облысында шомылу орындарында қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Түркістан облысында су нысандары мен шомылу орындарында қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Аталған мәселе арнайы мәжілісте талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты мекемелер мен аудан, қала әкімдеріне тұрғындардың, әсіресе, балалардың қауіпсіздігін сақтау бағытындағы жұмыстарды жандандыру жөнінде тапсырма берді.

– Шомылу маусымы ашылып жатыр. Төтенше жағдай департаменті, аудан, қала әкімдіктеріндегі жауапты бөлімдер қырағылықты күшейтуі тиіс. Тұрғындар арасында суға шомылу ережелерін сақтау, қауіпті аймақтарға шомылмау жөнінде түсіндіру және ақпараттық жұмыстар жүргізілсін. Барлық аудан, қаладағы жұртшылық шомылатын орындардың картасын әзірлеп, сол аймақтарда қауіпсіздікті күшейту керек. Су нысандарын қоршау, балаларға арналған каркасты бассейндермен, коммуналды шомылу жағажайларымен қамту жұмыстары жандансын, – деді Дархан Сатыбалды.

Мәжілісте Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен Түркістан облысының жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасы басшылығының баяндамалары тыңдалды.

Облыс аумағында судағы қауіпсіздік бойынша үгіт-насихат жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жыл басынан бері төтенше жағдай өкілдері жергілікті полициямен, көлік инспекциясымен және балық шаруашылығы инспекцияларымен бірлесіп, 361 патруль және рейдтік жұмыстар, 3514 адамды қамти отырып, халықпен 262 кездесу ұйымдастырды. БАҚ пен әлеуметтік желілерде «Судағы қауіпсіздік» және «Балық аулау кезіндегі қауіпсіздік шаралары» материалдар жарияланса, білім беру ұйымдарында 2653 оқушыны қамтитын 24 интерактивті сабақ өткізілген.

Облыста жалпы 4334 су нысандары бар. Олар: 42 су қойма, 149 ірі және кіші өзен, 25 көл, 2870 канал және 1248 қашыртқы. Мәжілісте шомылуға белгіленген орындарда 23 коммуналдық жағажай ашуға және талаптарға сәйкес жабдықтауға қолдау көрсету жөнінде ұсыныс берілді.

Елді мекендер аумағынан өтетін каналдар мен арықтарға балалардың абайсызда құлап кету жағдайлары тіркелуде. Өткен жылғы статистика көрсеткендей, суға бату оқиғасының 40-50%-ы ауылдық жерлердегі канал, арықтарда болған. Былтыр балалардың абайсызда каналдарға құлап кетуінің алдын алу мақсатында «Түркістан» магистралды каналының 18 шақырымына әр бір 500 метр сайын жалпы 24 баспалдақ орнатылды. Баспалдақтардың тұсына 4 метрлік құтқару арқандары ілінді. Мақтаарал ауданында «К-18» каналында 1200 метр және Қазығұрт ауданында «Газалкент» каналының екі жағынан 5 мың метр темір қоршаулар орнатылған.

Шомылатын орындары жоқ аудандардың елді-мекендерінде 2023 жылы 2,6 млн теңгеге 28 модульді-каркасты бассейн сатып алынып, жалпы 71 каркасты бассейн жұмыс істеген. Биыл да жұмыс жалғасады. Сонымен қатар жеке кәсіпкерлердің бассейндерінде жағдайы төмен және көпбалалы отбасылардың балаларын тегін шомылдыру, жүзуге үйрету мақсатында меморандум бекіту жұмыстарын жүргізіледі. 2023 жылы меморандум аясында 5000-ға жуық бала шомылған.

Шомылу маусымы барысында судағы қауіпсіздік бойынша үгіт-насихат жұмыстарына еріктілер мен жасақшылардың тартылуы оң нәтиже әкелуде. Биыл жұмыспен қамту орталығынан 71 адам (2023 жылы – 68) алынды және жыл басынан 262 ерікті үлкен үлесін қосуда. Ең бастысы, әрбір ата-ана су нысандарына балаларын қараусыз жібермей, қауіпсіздік шараларын сақтаулары тиіс. Мамандар шомылу маусымында сақ болу керектігін ескертеді!

Жаз айы шығысымен күн ысығаннан бастап адамдар өзен-көлдердің жағасында демалып, суға түсіп, күнге қыздырынғанды жақсы көреді. Әрине, суға түсіп демалудың пайдасы адам денсаулығы үшін орасан. Бірақта қауіптілігі де жоғары. Көптеген демалыстың соңы қайғылы жағдаймен аяқталып жататыны өкінішті. Ашық дерек көздер таратқан мәліметке қарағанда суға батып кетіп, ажал құшқандардың саны әлем бойынша үшінші орынды көрсетеді екен. Сондықтан су жағасында демалуды ойлаған адам ең алдымен қауіпсіздік шараларын қатаң сақтағаны жөн.

Бәріміз білетіндей суға түсудегі қауіпсіздіктің ең басты кепілдерінің бірі – жақсы жүзе білу. Бірақ жақсы жүзе алатын адам да үнемі сақ, тәртіпті болып және қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауы керек. Сондықтан қыр-сыры белгісіз су қоймаларында суға түспеңіз. Өйткені оның түбі терең немесе судың асты адамның денесіне жабысатын балдырлы, суық  болуы мүмкін.

Су айдындарында мүмкіндігінше әртүрлі ойындарды ойнамаңыз. Өйткені суды шашыратып, толқын тудыру басқа адамдардың су ортасында тыныс алуына кедергі келтіріп тұншығып қалуына себеп болуыңыз мүмкін. Суға түсіп жүргенде оқыс оқиға болса, қорықпауға тырысыңыз. Қорқыныш сезімін жеңе алмай қалсаңыз өз әркеттеріңізді бақылай алмайсыз. Тұншығып бара жатып айқайламаңыз, өйткені су өкпеге бірден кіріп кетеді. Басыңызды судан жоғары шығарып, терең тыныс алғаннан кейін ғана айғайлауға болды. Құтқарушыларға қол сермеп белгі беріңіз.

Ал егерде жүзуді білмей, судың ортасында кездейсоқ қалып қойсаңыз қолдарыңызды кең жайып, мүмкіндігінше терең және сирек дем алыңыз. Тік тұрып, аяқты педаль басқандай жылжытып, қолдарыңызды жоғары көтеріп суды төмен итеріп қозғалтыңыз. Үзідкісіз қимылдан шаршап қалсаңыз суға арқамен жатып, демалуға тырысыңыз. Ол үшін қол мен аяқты түзу ұстап, басыңызды судың үстіне қойып, тынығып алуға әрекет жасаңыз. Судың суықтығынан тонып қалсаңыз қолдарыңыз бен аяқтарыңызды кезекпен созу арқылы жылытуға тырсыңыз. Ал аяғыңыз тартылып қалса суға батырыңыз да күшпен өзіңізге қарай тартыңыз.

Кейбір көлдер мен өзендерде айналмалы иірімдер болады. Ол адамды шыр көбелек айналдырып түбіне тартып әкетуі мүмкін. Сондай қауіпке кездессеңіз өкпеңізге көбірек ауа жұтып, қауіпсіз жаққа қарай  яғыңызды күрт сермеп секіріңіз.

Ал өзенде жүзу кезінде қатты ағысқа түсіп қалсаңыз күшіңізді босқа жұмсамаңыз, ең жақын жағалауға қиғаш бағытта жүріп, жай ғана ағыспен жүзіңіз.

Су астында неше түрлі қауіпті заттар болуы мүммкін. Соны бірі балдырлар. Суда жүзуге кедергі келтіріп, балдырлар аяғыңызға жабыса бастағанын сезген бойда тоқтамаңыз, бір орында тұрып қалмаңыз. Екі аяқпен күрт итеріп, өзіңізді босатуға тырысыңыз. Егер мұны бірден жасау мүмкін болмаса, балдырларды екі аяқпен кезек-кезек ысқылап босатуға тырсыңыз. Судың астына түсіп балдырларды қолмен аршимын деп әрекеттенбеңіз, балдырлар мойныңызға жабысып шатасып байланып қалуы мүмкін.

Осындай қиындықтарға тап болып, өміріңізді қауіп пен қатерге байламас үшін қарапайым қағидаларды қатаң сақтаған жөн.

Біріншіден суға түсуге арнайы дайындалған, рұқсат етілген, жағасында құтқарушы мамандар жұмыс істейтін орындарда ғана шомылуға тырсыңыз.

Екіншіден ішімідік ішіп, мас болған кезде өзен-көлдерге, жалпы терең су қоймаларына түспеңіз.

Үшіншіден ыстық күннің астында қыздырынып, суық суға бірден түспеңіз. Температураның кенеттен өзгеруі жүрекке салмақ салып, тоқтап қаулы мүмкін.

Төртіншіден ауа райы дауылды күні жағаға толқын ұрып буырқанып жатқан теңізге, көлге түспеңіз. Қатты толқын өзіне тартып әкетеді. Ағысы қатты өзенге түсуден мүлдем аулақ болған жөн.

Бесіншіден жақсы жүзуді білсеңіз де жағалаудан ұзап кетпеңіз. Өміріңізге қауіп төнсе құтқарушылар жылдам жете алатындай болуы керек. Батып бара жатқаныңызды сезсеңіз құтқарушыларға, жағалаудағы адамдарға бірден белгі беріңіз.

Ал суға батып бара жатқан адамды көрсеңіз оны құтқарып қалуға тырысу, әр адамның азаматтық парызы.

Ондай жағдайда үрейленбеңіз. Алдымен айқайлап құтқарушылардың немесе жағалаудағы адамдардың назарын батып бара жатқан адамға аударуға тырсыңыз.

Зардап шеккен адамды жағалауға алып шыққаннан кейін маңайда дәрігер немес арнайы мамандар болмаса, дереу өзіңіз алғашқы көмек әрекеттерін жасаңыз.

Бірден оның ауыз қуысына құм немесе балдырлар кіріп кетпегенін анықтап,  тыныс алуына қиындық тудыратын барлық заттан тазалаңыз. Сосын тізеңізге етбетінен яғни ішімен жатқызыңыз, басы төмен салбырап тұратындай болсын. Өйткені жұтып қойған суды шығару керек. Суды бірден құспаса тілінің түбінен басып құстырыңыз. Содан кейін барып оны шалқасынан жатқызып, тануын қолыңызбен қысып тұрып, аузыңызды аузына тақап қатты үрлеп жасанды түрде дем жіберіңіз. Ал жүрегі соқпай қалғанын байқасаңыз жүрегінің үстінен алақандарыңызды айқастыра қойып минутына 15 рет басып жасанды массаж жасау керек. Зардап шегуші есін жинай бастағанын байқасаңыз бірден жедел жәрдем шақырған жөн.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 76 рет