Жазғы лагерьлердің дайындығына арналған арнайы жиында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев төрағалық етті. Жиын барысында ол балалардың қауіпсіздігі мен сапалы демалысын қамтамасыз ету басты міндет екенін атап өтті:«Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру – тек уақыт өткізу емес, бұл – олардың денсаулығын нығайту, жаңа дағдылар қалыптастыру және қауіпсіз ортада дамуына жағдай жасау. Сондықтан әрбір лагерьдің дайындығы, санитарлық жағдайы мен қауіпсіздігі қатаң бақылауда болуға тиіс»,- деді әкім орынбасары.
Жиын барысында Түркістан облысы білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов балалардың жазғы сауықтыру шараларына дайындық жұмыстары туралы бірқатар маңызды ақпаратты мәлімдеді. Биыл облыстағы 1-10 сыныптардағы 496 мыңнан астам оқушының басым бөлігін жазғы демалыспен қамту жоспарланып отыр. Жазғы сауықтыру шаралары үш негізгі бағытта жүзеге асырылады. Атап айтқанда, қала сыртындағы 23 лагерьде 35 мыңнан астам бала демалса, мектеп жанындағы лагерьлерде 140 мыңға жуық оқушы қамтылады. Сонымен қатар, еңбек, туристік, шығармашылық және спорттық бағыттағы іс-шаралар арқылы 300 мыңнан астам бала жазғы маусымды тиімді өткізеді.
Сонымен қатар лагерь инфрақұрылымын жақсарту бағытында нақты жұмыстар қолға алынуда. Төлеби ауданындағы лагерьге баратын жолды жөндеу, спорт алаңшаларын салу, электр желілерін жаңарту мәселелері қаралуда. Ал Түлкібас ауданындағы лагерьді коммуналдық меншікке алу және жаңа лагерь ашу мүмкіндіктері зерделенуде. Бұл жұмыстар алдағы жылдары балаларды қамту көрсеткішін арттыруға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік осал топтағы және ерекше бақылаудағы 1300-ден астам бала да жазғы демалыспен толық қамтылмақ. Сонымен қатар ата-аналарға арналған түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, балалардың жазғы уақытын тиімді әрі қауіпсіз ұйымдастыру бойынша арнайы жадынамалар таратылуда. Қорытындылай келе, балалардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыру – олардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, тұлғалық дамуына жол ашатын маңызды әлеуметтік міндет. Осы бағыттағы барлық жұмыстар тұрақты бақылауда болады және жазғы маусым жоғары деңгейде ұйымдастырылады.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат