Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков ардагерлерге көп жылғы еңбегі, ел мен қоғамның дамуына қосқан үлесі және Шымкенттің өркендеуіне сіңірген еңбегі үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар қарияларға естелік сыйлықтар табыстап, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына амандық, бақ-береке және жан тыныштығын тіледі.
Айта кетейік, бүгінде Шымкент қаласында 105 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Қалада аға буын өкілдерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, өмір сүру сапасын арттыруға, денсаулығын нығайтуға және белсенді өмір салтын ұстануына мүмкіндік беретін түрлі әлеуметтік қолдау шаралары жүзеге асырылуда.
Халықаралық қарттар күніне орай жасы 70-тен асқан 29 841 тұрғынға 3 АЕК мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді. Бұл қолдау шарасы қаладағы қарт тұрғындарға деген әлеуметтік қамқорлықтың бір бағыты болып табылады. Сонымен бірге 80 жастан асқан жалғызбасты 101 қарияға ай сайын 2 АЕК көлемінде әлеуметтік төлем беріледі.
Қарттардың денсаулығын нығайту мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Биыл санаторий-курорттық емделумен 8 735 адамды қамту жоспарланған. Бүгінде олардың 5 090-ы санаторийлік жолдамамен қамтамасыз етілді. Бұл шаралар егде жастағы тұрғындардың денсаулығын жақсартуға және өмір сапасын арттыруға бағытталған.
Аға буын өкілдерінің белсенді өмір салтын сақтауына «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы да өз үлесін қосып келеді. Қаладағы орталықтың төрт бөлімшесінде күн сайын 800-ден астам зейнеткер түрлі іс-шараларға қатысады. Мұнда қариялар үшін спорттық, шығармашылық және сауықтыру бағытындағы сабақтар ұйымдастырылған. Орталықтарда зейнеткерлердің уақытын тиімді өткізуіне, өзара араласуына және қоғамдық өмірге белсенді қатысуына жағдай жасалған.
Сонымен қатар Шымкент қаласының 70 жастан асқан тұрғындары қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігіне ие. Бұл әлеуметтік қолдау шарасы қариялардың қала ішінде еркін қатынап, қажетті жерлеріне кедергісіз баруына мүмкіндік береді.
Қарттардың бос уақытын мазмұнды өткізуіне де жағдай жасалған. Олар үшін театрларға, музейлерге, хайуанаттар бағына және дендросаябаққа тегін бару қарастырылған. Мұндай мүмкіндіктер аға буын өкілдерінің мәдени және қоғамдық өмірге белсенді араласуына ықпал етеді.
Қарттар күні – аға буынға құрмет көрсетіп, олардың өмірлік тәжірибесі мен еңбегін бағалайтын ерекше мереке. Шымкентте жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік қолдау шаралары қариялардың әл-ауқатын арттырып қана қоймай, олардың белсенді өмір сүруіне, денсаулығын күтуіне және қоғаммен тығыз байланыста болуына мүмкіндік беріп отыр.
Аға буын – кейінгі ұрпаққа бағыт-бағдар беретін, ұлттық құндылықтар мен отбасылық дәстүрлерді дәріптейтін қоғамның маңызды бөлігі. Сондықтан қарияларға құрмет көрсету, олардың еңбегін бағалау және әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсету – қаладағы маңызды бағыттардың бірі.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі