Мәжілісте қала басшысы Ә.Өсербаев пен облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Ж.Әзіретбергенұлы рухани шаһар, жаңа облыстың орталығы Түркістан қаласының келбеті мен ажарына тұрғындарды бір кісідей атсалысуға шақырып, ортақ мүдде - қаладағы қоғамдық тәртіпті жандандыру, мейрамханалар мен тойханалардың жұмысын бірлескен түрде жүйелеу барысы кеңінен талқыланды. Бұл басқосуда облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы тарапынан «Түркістанның жүйесі» атты пилоттық жоба ұсынылды. Ол жобада қаланың қоғамдық тәртібі мен тазалығы, жастар арасындағы адамгершілік қағидаттарының ұстанымы, жиын-той өткізу дәстүріне кейінгі уақытта енген дақпыртпен астамшылыққа тоқтау қою, асабалардың той жүргізу мәдениеті айтыла келіп, барлық бағытта тәртіпті жүйелеу үшін қоғамдық негізде көше комитеттерін құру туралы жоба ұсынылды. Бұл пилоттық жоба мәжіліске жиналғандар тарапынан қолдау тапты.
Қаланың рухани, мәдени келбетін мәртебеге сай жандандыру бойынша қала басшысы ӘӨсербаев көптеген мәселелерге тоқталды. «...Бүгінгі кездесудің тақырыбының өзі «Рухани жаңғыру Түркістан төрінен басталғандай...» деп, үлкен маңыздылығын көрсетіп отыр. Себебі тарихи Түркістанның мәртебесі биыл еселене түсті. Жаңа облыстың орталығы болды. Бұған дейінде өзінің тарихи құндылығына орай рухани Астана, Түркі жұртының мәдени астанасы аталып келді. Соңғы 3-4 айдың көлемінде қаламызда бірқатар өзгерістер мен жағымды жаңалықтар орын алды. Облыстық әкімшілік, басқарамалар мен департаменттер келіп қоныстанды. Үкімет басшылары мен шет елдік инвесторлар келіп, Түркістанға деген қызығушылығы мен ықыласын танытуды. Ал ең үлкені Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі жуырда келіп, Түркістанның келешек келбеті мен болашақ бағдарын айқындап берді. Алда жүзеге асыратын қаншама жоспарлар мен жобалар, үлкен үлкен мақсаттар айқындалды. Ендігі біздің міндетіміз Елбасы айқындап берген осы міндеттерді межеленген уақытта жүзеге асыру. Осы тұста Түркістан қаласының тұрғындарына халқына жүктелетін ең үлкен міндет қаланың рухани атына лайықты мәдениет қалыптастырып, келісті келбетін жасау. Бірінші кезекте әркім мәдениет пен рухани жаңғыруды өзінен бастау деген мәселе тұр.
Қала келбеті тек сәнді үйлермен, сәулетті ғимараттармен, жасыл желекпен ғана өлшенбейді. Күн сайын көркейіп келе жатқан Түркістанның ажары ең бірінші тазалығына байланысты.
Қаланың тазалығы ауладан, әр отбасынан басталады. Десек те, бізде әлі де тазалық, экологиялық мәдениет деген орнықпай келеді. Қаланың тазалығы басқаға емес, ең бірінші кезекте өзіміз үшін керек. Сондықтан да осында отырған баршаңыз Түркістанның болашағына жауаптымыз деген пікірде болуымыз керек. Түркістан үшін жан ауыртып, бас қатырып тірлік жасайтын, облыстың орталығы болған орталық қаланың тұрғыны екеніңізді сезінетін уақыт жетті.
Бүгінгі «Рухани келісім» күні баршаңызды жинап келіскен түрде алдағы уақытта тек келісіммен ынтымақта, бірлікте Түркістанның болашағы үшін жұмыс жасауға шақырамын...» -деп, дүйім жұртты көне шаһардың келешегі үшін жұмыла жұмыс істеуге шақырды.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.