Білім саласы басшыларының аузынан көп шыға бермейтін пікірлерді естуіміздің өзіндік себебі бар сияқты. Өйткені, ОҚО Білім басқармасы басшысының тағайындалғанына 10 күннен енді асты. Кеше келгені, сол себепті бұған дейін орын алған кемшіліктер мен бағынбаған жетістіктерге қатысты ешкім оған кінә тақпайтыны белгілі. Алайда, Исатай Сағындықов қандай жағдай болмасын барды бар, жоқты жоқ етіп айтатын мемлекеттік қызметші шығар деген ойдамыз. Сонымен, Білім басқармасының су жаңа басшысы не деді?
Исатай Өмірзақұлы күнгейде орын алып отырған білім саласына қатысты кемшіліктердің маңызды-маңызды дегендеріне тоқталды. Оның айтуынша, биылғы жылы «Алтын белгі» алған түлектердің 31 пайызы ҰБТ-дан өте төмен балл жинапты. Тіпті, Шымкент, Түркістан қалалары мен Сайрам, Сарыағаш, Ордабасы аудандарына қарасты 9 бірдей мектептің «Алтын белгі» алған түлектері 50 балл да жинай алмай, масқара болған. 50 дегеніңіз ЖОО-ға түсу үшін қажетті – шекті балл екені айтпаса да түсінікті. Демек, бұл жерде аталмыш аудан-қалалардың білім бөлімдері мен мектеп басшылығының жұмысында бір гәп бар деген сөз.
Сағындықов балабақша жайын да сөз қылды. Сөзінен ұққанымыз, ОҚО-да балабақшалардың саны әлі де аз. Кезекте тұрғандардың санынан жаңыласың. Бірінші кезекте Ордабасы, Төлеби аудандары мен Шымкент, Кентау қалаларында балабақша тапшылығы қатты сезіліп жатса керек. Басқарма басшысы облыс мектептерінде компьютер тапшылығының да үлкен мәселе екенін білдірді. Түркістан қаласында, Төлеби, Мақтарал, Ордабасы аудандарындағы білім ошақтарындағы бір компьютердің алдында 20 бала отыр екен. Ал, стандарт бойынша 10 балаға 1 компьютерден болуы шарт. Яғни, бұл мәселе бойынша да облыстың мақтанатын жағдайы жоқ.
Исатай Сағындықовтың баяндамасынан ұққанымыз, Оңтүстік Қазақстан облысындағы білім көрсеткіші төмен Төлеби, Сарыағаш, Түлкібас, Бәйдібек, Шардара, Ордабасы аудандары мен Түркістан, Кентау қалалары екен. Бұл аймақтар көптеген көрсеткіштер бойынша артта қалғаны байқалады. Мәселен, «Күнделік.kz» электронды журналын жүргізу бойынша берілген тапсырма осы аудан-қалаларға қарасты 73 мектепте орындалмаған. Ешбір аудан, қала әкімдері тарапынан бағдарламаға сай робототехника, физика, биология, химия кабинеттерін ашу, компьютер, интерактивті тақталар алу үшін қаржы бөлінбей отыр. Мұны сала басшысы облыс әкімінің жиынға қатысып отырғанын пайдалана отырып, аудан-қала басшыларының аталған мәселелерге жедел назарын аударту үшін баяндап шықты деп түйдік.
Ұстаздардың басқосуында суицид дейтін айтуға аузың бармайтын мәселенің жайы да сөз болды. Сөз болып қана қойған жоқ, көпшіліктің жағасын ұстатарлық сұмдық цифрлар айтылды. Мәселен, 2016 жылы мектеп оқушылары арасында өзі-өзіне қол салудың 49 оқиғасы тіркеліпті. Биыл азайған шығар десеңіз, қателесесіз. 2017 жылғы көрсеткіш 72-ге жеткен. Жылдан жылға өрімдей жасөспірімдердің өзіне қол жұмсауы осылайша артып бара жатыр. Негізі, осы мәселеге қатысты жиындар мен кездесулердің санына жетпейсің. Әр мектепте қос-қос психологтар жұмыс істеп жатыр. Сонда да қорқынышты цифрлар азаймай, керісінше өсіп келеді. Бұған кім жауап беруі тиіс? Біз үшін осы сұрақтың жауабы жиын барысында айтылмай қалғандай болды.
Өңшең сұрықсыз цифрлар мен жағымсыз фактілерді ғана жазды деп жазғыра көрмеңіз. Саладағы оң өзгерістер мен әредік-әредік жетіп жатқан жетістіктер де айтылмай қалған жоқ. Ең бастысы, облыс әкімі талай айлардан бері жетекшісіз жұмыс істеп келген білім басқармасына басшы тағайындап, мұғалімдер конференцияны бас ұстазсыз өткізбегеніне шүкір дестік.
Ендігі жерде Исатай Сағындықов қалай жұмыс істер екен? Жаңа басшы жан-жақтан ентелеген «интриганттар» мен бәлеқор «ақсақалдардың» ойындарына түсіп қалмай ма? Мәселе осында. Тағы бір айта кететін нәрсе, жоғарыда айтылған, айтылмай қалып кеткен күрмеуі тоқсан проблемаларды шешу жалғыз білім басқармасы басшысының мойнына арта салуға болмас. Оңтүстіктің абыройы – Түймебаевтың да, Сәдібековтің де, барлық аудан, қала басшыларының да абыройы. Осыны өздері де естерінен шығармайтын шығар...
Дәурен ӘБДІРАМАНОВ