АУЫЛ КӨРМЕЙТІН ӨКІМЕТ
Соңғы кездері арқадағы үлкен шенеуніктерге деген елдің көңілі ала-құла. Өздерін де, ауыздарынан шыққан сөздерін де мазаққа айналдыратын болған. Тіпті, анекдотқа қосып айтып жүр. Билікте бедел қалмағанының белгісі бұл. Бұлай болуына көп жағдайда сол арқадағы кердеңдеген мемқызметшілердің өздерінен басқа ешкім кінәлі емес.
Бір депутат бір депутатты шапалақпен ұрып жатса, енді бірі бір жыл отырмай істі болып қамалып жатса, үшіншісі беделді өнер адамын сотқа беріп, алысып-жұлысып жатса елдің алдында қайбір абыройы қалсын. Елді ұшпаққа шығаруы тиіс кісілер клан-кланға бөлініп алып, өзара қырқысып жатса халықтың алдында сүйкімі кетпегенде не болсын. Бажайлап қарасаң, бұл өкімет халыққа соншалықты мән бере қарауды, көзге ілуді, жаны ашуды қойған сияқты. «Тобыр» деп қолды бір сілтейтіндей.
Бүгіндері Астанадан келген пәленше деген министр, министр демей-ақ қояйық, «замминистр» ел аралап, ауыл-ауылға барып, халықпен кездесіп, арыз-шағымын тыңдапты дегенді естіп пе едіңіз? Естімейсің. Келсе де, облыс әкімдерінің шақыруымен облыс орталығындағы бір ғимараттың лентасын қиюға, болмаса бүгін ашылып, ертең жабылатын «инновациялық» зауыттардың іргетасына бір күрек цемент тастауға ғана келуі мүмкін. Тіпті, кейбіреулері келіп кеткені үшін, бір ғимараттың лентасын қиып кеткені үшін біреулерден бірдеңе дәметеді екен дегенді естіп жүрміз. Естіген құлақта жазық жоқ. Бір сөзбен айтқанда біздің өкімет қалаға келіп, қаладан қайтатын – ауыл көрмейтін өкімет.
Обалы не керек, ауыл-ауылды, сай-саланы, өзен-көлді аралайтын бізде жалғыз ғана министр болды. Божков дейтін. Ол да сай-саланы соншалықты жиі аралар ма еді, араламас па еді, тура сол министр болған 7-8 жылда су тасқыны да, қар көшкіні де, бөгеттердің бұзылуы да жиілеп кеткен. Адам шығындары да көп болды. Әйтпесе Божкоңыз да соншалықты ел аралағысы келіп өліп қала жаздап жүрді дей алмайсыз.
Екі құлағы қатар шулап жүрген қазіргі Білім және ғылым минстрі Ерлан Сағадиев таяуда Шымкентке келіп кетіпті. Облыс әкіміне кіріп, білім саласына қатысты бір мәселелерді талқылаған көрінеді. Содан алды-артына қарамай Астанаға тартқан. Сонда не үшін келді? Неге аудандарға бармады? Кейбір аудандар мен қалалардың білім бөлімінің басшылары істі болып жатыр, мектептерде неше түрлі дау-жанжал, парақорлық, жемқорлық дендеп кеткен. Тіпті, білім басқармасында да басшылық қызметке қатысты у-шу басылар емес. Бұл мәселелердің Сағадиевке қатысы жоқ па? Әкіммен шәй ішіп кету үшін келген бе?
Ауыл-ауылды аралауы тиіс министрдің бастысы – Денсаулық сақтау министрі. Жаңа жыл өтісімен тағайындалған Елжан Біртановты ауыл тұрмақ облыс орталықтарының іргесінен де байқай алмай жүрміз. Министрліктің кадрлық жұмыстарынан қолы босамай жүр ме, әлде тағы бір реформамен басы қатып жатыр ма, білмейміз. Негізі провинцияларға барамын десе мәселе жеткілікті. Кеше ғана Оңтүстік Қазақстан облысында елді шулатқан оқиға орын алды. Түркістандағы психоневрологиялық орталықта жатқан 60-тан аса адамның туберкулезге шалдыққаны анықталды. Батыс елдерінде мұндай оқиға орын алса денсаулық сақтау басқармасының басшысы сияқты лауазымды қызметкерден бастап, министрге дейін масқара болып, қызметінен кетер еді. Алайда, бізде олай емес. Қызметінен кетпек түгілі, Түркістанға Денсаулық сақтау министрі де, осы диспансерге тікелей басшылық ететін Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі де келген жоқ. «Мынауымыз ұят болды-ау» деп науқастардың туған-туыстарынан кешірім сұрағанын да, ең болмаса қысылып-қымтырылғанын да көрмедік. Бар көргеніміз аталған екі министрлік пен ОҚО әкімдігі өкілдерінен құрылған комиссия ғана. Жоғарыдағы сұмдық жағдай неден орын алып отыр дейсіз? Әрине мұның бәрі қадағалаудың, тәртіптің жоқтығынан. Егер Елжан Біртановыңыз да, Тамара Дүйсеноваңыз да жиі-жиі аудандарға барып, өздеріне қатысты мекемелердің жағдайымен, жұмысымен танысып, аймақтардағы ахуалды өз көздерімен көріп жүрсе, мұндай сорақылықтар болмас еді ғой. Қатаң тәртіп, қырағы қадағалау болған жерде тәртіп те бұзылмайды, мәселе де туындамайды. Негізі, Сағадиев, Біртанов, Дүйсеноваларды бір-екі ай ауылда жіберіп, шынайы өмірге сүңгітіп алу керек сияқты. Сонда түсінер, елдің шынайы ахуалын.
Министрлерге деген өкпемізді қоя тұрып, облыстық деңгейге ауыссақ. Мәселен Оңтүстік Қазақстан облысын алайық. Обалы не керек, ОҚО-ға басшы болып келген әкімдердің біразы халықшыл болды. Қызметке кірісе салысымен ел аралауға кететін. Әсіресе Асқар Мырзахметовтің облыстағы аудандарды, сол аудандардағы ірі-ірі деген ауылдарды түгел аралап шыққаны әлі есте. Аралап қана қоймай, халықпен кездесетін. Арыз-шағымын тыңдап, тиісті сала басшыларына сол жерде мәселені шешуге тапсырма беретін. Одан кейін әкім болған Б:Атамқұлов та Мырзахметовке ұқсағысы келді. Ол да біраз ел аралады. Орысшалау Бейбіт әкім ауыл ақсақалдарының бір әзілін түсінсе, бір әзілін түсінбеген де шығар, бірақ-та мемлекеттің тамыры ауылда екенін білді. Халықпен кездесті. Шынын айтсақ, Жансейіт Түймебаевтан ондай белсенділікті әзірге көре алмай отырмыз. Орынбасарлары да елмен кездесуге соншалықты құлшынып тұрған жоқ сияқты. Мүмкін күннің жылынғанын күтіп жүрген шығар, кім білсін. Жаңа келген басшыға сын айтуға әлі ерте екенін білеміз. Алайда, аумалы-төкпелі мына заманда бір адамның бір орында қанша уақыт тұрақтап қалатыны белгісіз болып қалды ғой. Бейбіт Бәкірұлы да бір жылдан асар-аспас әкім болған кезінде Оңтүстік халқын жақсылап танып үлгере алмай кеткен болуы мүмкін. Ендеше, Түймебаев елді танығысы келсе, елге жақын болғысы келсе ауыл-ауылға барып, елдің жағдайымен танысып, ненің не екенін өз көзімен көргені абзал болар еді. Себебі, орынбасарлары мен басқарма басшыларының «сухой» баяндамалары шынайы өмірдегі жағдаймен сәйкес келе бермеуі мүмкін.
Сөздің қысқасы, ел басқарған кісілер халықтан алшақтап кетсе сол халықтың киесі ақыры бір ұрады. Елдің наласы жібермейді. Халықтың тұрмыс-тіршілігіне, бірлігіне, саулығына жауапты болған соң, өзіңе сондай міндет артқан соң иығың ауыр жүкті көтере алатындай болуы керек. Әйтпесе, өзіңе көп алып қойсаң, белің қайысады. Тереңге батасың. Әкім болсын, министр болсын міндеті – елдің қамы болуы тиіс. Елді көрмесең елдің қамын қалай жасайсың? Әдемі ғимараттағы әдемі кабинеттен шықпай, ел басқарамын, халыққа сөзімді өткіземін деу – бос әурешілік. Халықтан алшақтамасаңыздар!
Дәурен ӘБДІРАМАНОВ