Super User

Super User

Түркістан облысы Полиция департаменті ғимаратында консультативтік кеңес өтті

Түркістан облысы Полиция департаментінің мәжіліс залында ҚР Ішкі істер органының ардагері, полиция полковнигі Мұхтар Ермековтің төрағалығымен консультативті кеңесші органның отырысы өтті. Оған ІІО-ның ардагері Оспанғазы Жанқожаев, қаламыздың құрметті азаматы Баймахан Сүлейменов, «Түркістан» газеті редакциясының бас директоры Мәлік Дәулетов, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері Сейдулла Садықов және департамент бөлімдерінің, қалалық, аудандық бөлім басшылары мен жеке құрам қызметкерлері қатысты.

Жиынның негізгі мақсаты – полиция қызметкерлерінің жұмысын сервистік модельге көшіру аясында жүзеге асырылатын жобалар жайлы талқылау, сондай-ақ ұрлық, мал ұрлығы және басқа да құқық бұзушылықтың алдын алу. Жиын барысында ТО ПД-нің Криминалдық полиция басқармасының полиция полковнигі Сұлтанбек Үсіпбеков алаяқтық, мал ұрлығы, бөтеннің мүлкін ұрлаудың жолын кесу мәселелері бойынша баяндама жасады. Сонымен қоса қалта ұрлығының былтырғы жылмен салыстырғанда төмендегенін жеткізді.

Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі А.Төреханов полиция қызметінің сервистік модельге көшуі, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы баяндама жасады. Мәселен, полицейлер 900-ден аса отбасына барып түсіндірме жұмыстарын жүргізгенін айтты. Шараға қатысқандар ұрлық пен интернет алаяқтығының алдын алу мақсатында халық арасында бұқаралық ақпарат құралдары арқылы түсіндіріп, арнайы бейнероликтер мен үгіт-насихат жүргізіп, тұрғындарға толық ескерту жұмыстары жасалу керектігін айтты.

Сонымен қатар, Консультативті-кеңесші органның мүшелері тұрғындар арасында тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыруды ұсынып, полицияның сервистік моделін енгізудің қағидаты бойынша азаматтармен тығыз қарым-қатынас жасаудың маңыздылығын атап өтті.

 

Полиция үйде қару ұстаған күдіктіні ұстады

Бәйдібек АПБ-не жергілікті тұрғындардың бірі өзінде атыс қаруын заңсыз сақтағаны туралы жедел ақпарат келіп түсті. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының және Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Бәйдібек АПБ полицейлерімен бірлесіп Бәйдібек ауданының тұрғынын анықтады.

Күдіктінің үйін тінту кезінде жедел уәкілдер "CZ SCORPION" маркалы атыс қаруын тауып алып, тәркіледі. Барлық жағдайды анықтау үшін тәртіп сақшылары жас жігітті Бәйдібек АПБ-ға жеткізді. Аталған жайт ҚР ҚК 287-бабының 3-бөлігі "қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру" бойынша тіркелді.

Күдіктінің айтуынша, ол Алматы қаласындағы "жаппай тәртіпсіздік" кезінде атыс қаруын тауып, үйдің шатырында сақтаған. Қазіргі уақытта ер адам қамауға алынды. Аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға атыс қаруын заңсыз сақтағаны үшін қатаң жауапкершілікке тартылатынын ескертеді. Сонымен қатар, қаруды полицияға өз еркімен тапсырған адамдар қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылмайтынын естеріңізге салады.

«Линда» атты иттің көмегімен шекарадан «гашиш» есірткісін алып өтпек болған өзбекстандық ұсталды

Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Жібек жолы» шекарасының бақылап-өткізу бекетінен есірткі алып өтпек болған Өзбекстан Республикасының азаматын ұстады.

Нақтырақ айтсақ, өзбекстандық тұрғын Қазақстан Республикасына өтерде, оған «Линда» атты ит белгі береді. Оқиға бойынша тәртіп сақшылары бірден тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде күдіктінің аяқ киімінің ұлтарағына жабыстырылған қара түсті пакетке салынған есірткіге ұқсас зат табылды.

Полиция қызметкерлері табылған айғақты затты тәркілеп алып, аталған жайтты ҚР ҚК-нің 286-бабы 1-бөлігі «Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы» бойынша тіркеуге алды. Сараптама тағайындалды.

Зерттеу қорытындысы шетелдіктен алынған заттың «гашиш» есірткісі екенін анықтады. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынды, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының тәртіп сақшылары тыйым салынған өсімдіктерді өсіру, сақтау, заңсыз есірткі саудасымен айналысу, жалпы есірткіге қатысы бар жайттар заң алдында қатаң жазаға тартылатындығын ескертеді.

 

Түркістан облысында мас халде автокөлік басқарған азамат қамауға алды

Түлкібас АПБ-ның полиция қызметкерлері жолда жүру ережелерін сақтау мақсатында рейдтік жұмыстарды тұрақты түрде жүргізуде. Кезекті шара барысында бұрылыс жарығын жақпай өтіп кеткен «Ваз 21213» маркалы автокөлігін тоқтатты.

Тексеру кезінде көліктің иесі 2022 жылдың сәуір айында Түлкібас аудандық сотының қаулысымен ҚР ӘҚБтҚ-нің 608-бабына сәйкес, көлік басқару құқығынан 7 жылға айырылғаны анықталды. Сондай-ақ полицей жүргізушінің мас халде болуы мүмкін екеніне күдіктенді. Тәртіп сақшысы осы жайтты нақтылау үшін, жүргізушіні сараптамадан өткізді.

Куәландыру қорытындысы оның мас күйде екенін растады.

Қазіргі таңда аталған жайтқа қатысты ҚР ҚК-нің 346-бабы «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аталған қылмыстық құқықбұзушылықты жасаған азамат қамауға алынып, оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Автокөлікке мас халде отырмаңыз, бұның соңы жазатайым оқиғалар мен өлімге әкеп соғуы мүмкін екенін ескертеді.

Осы RSS каналға жазылу