Super User

Super User

ТҮРКІСТАН: Қ.Қосмаханов: «Шәкәрім дін туралы ой толғамдары» қазіргі жастарға ой салады

Қазақ даласы қай заманда болмасын ақын, жыршы, жырау, абыз ақсақал мен көреген қариядан кенде болмапты. VII ғасырда ислам діні Орта Азияға келген болса одан алдын билік құрған түркі қағандары өз алдына бір төбе. Дін исламның Орта Азияға келуімен ислам діні жаңаша кейіпке еніп түрленді. Сол себепті болар ислам ғалымдары арасында Құран Меккеде түсті, Стамбулда басылды, Мауереннахрда түсіндірілді деген сөз қалғаны.

Дін деген терминнің анықтамасы өте көп. Бірақ дін сөзінің анықтамасын бір сөзбен айтқанда Құдайға деген сенім. Дегенмен қазіргі күнде дін десе болды отыра қалып уағыз тыңдау мен бес уақыт намаз оқып одан арысы ораза ұстап Меккеге қажылыққа барып қайтса болды одан мықты, одан иманды мұсылман жоқ секілді сезінетіндей болып жүргендер бар. Осыларды жасап шықса болды Құдай жұмағын дайындап қойғандай болып тұрады. Бұл айтылғандардың барлығы діннің сыртқы формасы. Яғни қандай да бір адамның сыртына қарап мұсылман екендігін танытады.

Ал діннің ішкі көрінісі адамның моральдық, рухани бай болуын айтамыз. Қазіргі күнде адамдардың бойынан тек сыртқы көріністері ғана көрініп ішкі мазмұн қалып бара жатқандай. Намаз оқиды бірақ, адамдарды алдауда алдына жан салмайды, ораза ұстайды бірақ ұрлық жасайды, қажы болады бірақ аярлықпен, қулықпен халықтың ақшасын тартып алуда. Бұл дегеніміз қасиетті ислам дінінің атына кір келтіру. Сонда қайтпек керек? Әрбір адамның бойында – мейірімділік, арлылық, адалдық, әділдік, уәдеге беріктік, мәрттік, жомарттық, ұят, отансүйгіштік, жауапкершілік, адамдарға деген бауырмалдық, ата-анаға деген құрмет, үлкен мен кішіні бірдей сыйлау секілді адамгершілік қасиеттер бойымыздан табылса онда біздің иманды болғанымыз деп дін сөзін түйіндеуге болады. Өйткені мұның барлығы діннің талабы. Сол үшінде Абай Хәкім:

Алла деген сөз жеңіл,

Аллаға ауыз қол емес.

Ынталы жүрек шын, көңіл

Өзгесі хаққа жол емес, деп бір ғана ауыз сөзбен жеткізгені. Ал бүгінгі мақалаға арқау болған Шәкәрім қажы болса:

Хақ мұсылман кім болар,

Айтқан сөзі шын болар.

Рахым, ұят, ар, ынсап,

Төртеуі болса дін болар, деп мұсылманның сипатын түсіндірді. Ел аузында «Хақтың разылығы халықтың ішінде» деген даналық сөз бар. Қандай да бір адамның дініне, тіліне, түр сипатына қарамастан қол ұшын созып, көмек беруде діннің негізгі талабы десек болады. Ал Шәкәрім қажы:

Адамдық борышың,

Халқыңа еңбек қыл.

Ақ жолдан айнымай,

Ар сақта оны біл,.....

Қайтадан қайырылып, қауымға келмейсің.

Барыңды, нәріңді тірлікте бергейсің,

Ғибрат алар артыңа із қалдырсаң.

Шын бақыт осыны ұқ,

Мәңгілік өлмейсің, дегені жоғарыдағы ойымызды нықтағандай. Алла елшісі Мұхаммед пайғамбардан (с.а.с) бастап дамыған «кәміл адам» түсінігін уақыт өте келе әрбір көкірек көзі ашылған ғұлама түрлендіре келе негізгі ойдан ауытқымай өз халінше дамытты. Мәселен Жүсіп Баласағұн жәуанмәрттілік, құт ілімі десе, Иасауише хал ілімі, Абай жүрек ілімі деген. Ал Шәкәрім қажы «ар ілімі» деп атады.

Ар ілімі – тек қана өз тағдырымның алдында жауаптымын демей, барлық адамзаттың тағдырының алдында жауаптымын деп өмір сүруге шақырады. Адамзатқа ортақ бір-бірін қор қылмауға, адамзатқа ортақ мүддеде өмір сүруге үндейді. Әрбір адам адамзатқа ортақ мүддені қорғауға, «адам» деген ұлы ұғымды қор етпеуге шақырады. Шəкəрім қажы – ұят мəселесін бірінші орынға қояды. Егер адам адамшылығын жоғалтса, оның өлгенімен бірдей. Барлық жазадан ар-ұят жазасы ауыр. Біреуді алдап өтірік айтуға болғанмен, адам өз-өзін алдап, өз ұжданының алдында орынсыз іске аяқ баса алмайды. Сол себепті қажының өлең жолдарының көп жерінде «ар-ұят, рахым, ынсап» сөздері кездеседі және имандылықтың өлшемі ретінде осы қасиеттерді қарастырған. Қорыта келгенде «Ар» адамның өз соты. Өзін-өзі жауапқа алып, таразыға тартқаны. Ынсапты, рахымды болу рухани тұрғыда жетілген мұсылманның сипаты. Ал ондай адам көңілі тоқ, мерейі үстем болмақ. Рухани жетілгісі келген адам Шәкәрім қажыны оқу және түсіну арқылы мақсатына жетпек.

Өмірдің өкінбейтін бар айласы,

Ол айла қиянатсыз ой тазасы,

Мейірім, ынсап, әділет, адал еңбек,

Таза жүрек, тату дос сол шарасы, - деп қорытты сөзін Түркістан облысы дін істері басқармасыныңДін мәселелерін зерттеу орталығының маманы.

ТҮРКІСТАН: «Жастар және діни экстремизм»

Қазір әлемде діни жағдай күрделеніп барады. Халықтың тұтастығы мен дін тұтастығы және мемлекет тұтастығы арасында бірегей қатынас немесе байланыс бар деседе болады. Осындай оңтайлы сәтті пайдаланған, жымысқы әрекеттерімен ел ішінде өзара бүлік салып, қарапайым халықтың оңы мен солын тануға мүмкіндік бермей жатқандар қаншама. Олардың енді біреуі ұлттық діндер атын жамылып жүрген теріс ағымдар болса келесісі өз саясаты үшін дінді пайдалып, өз кәсібін тұрпайы жолмен алып жүргендер. Түркістан облысының дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің дінтанушы маманы

Жансая Байгерей осы тақырыпта жастарға баяндама жасады.

Басқа халықты, ұлтты қойғанда қазақ халқының санасына қырық руға емес, қырық дінге бөлуге атсалысып жүргендер қаншама?! Өмірлік бағдарын әлі айқындай қоймаған жастар осындай ойындардың құрбаны болуға оңтайлы сәт. Діни экстремизм мен терроризмнің таралуының өсіп келе жатқан сын-қатерлері халықаралық қоғамдастықтың алаңдаушылығын тудырады. Діни экстремизм кең таралған әлеуметтік-саяси құбылыс ретінде қоғам өмірінің әр саласына өзінің кері әсерін тигізеді. ХХІ ғасырда интернет желісі экстремистік топтардың ең негізгі ақпараттық алаңына айналды. Экстремистік топтар тарапынан жаңа жақтастарды өздеріне тарту үшін барлық қол жетімді мүмкіндіктер қолданылады: әлеуметтік желілер, мессенджерлер, онлайн ойындар, белгілі бір бағдарламалар және т.б. Бұл ұйымдардың негізгі мақсаты – саяси идеологиялық көзқарастары толық қалыптастапаған жастарды өздеріне тарту. Қазіргі кезде осындай діни экстремистік топтарға қарсы тұруға көп әдістер қолданып жатыр. Интернет желісіндегі экстремистік ақпарат көздерін анықтап, бұғаттайтын бағдарламалар құрылуда және де интернетте ақпараттық сауаттылықты арттыру. Ақпараттық-сауаттылықты арттыру жастардың ойын өзгертіп, экстремистік идеяларының алдын алуға септігін тигізеді. Жалпы бұндай ұйымдармен күресті тек мемлекет емес, әрбір қазақстандық азамат жүргізуі тиіс. Жастардың санасын қорғау мен сауатын ашу қоғамдық жауапкершілікке айналуы қажет.

Қазіргі күні халықаралық терроризм өзінің қатыгездігімен, зұлымдығымен және ауқымдылығымен әлемдік қауіп-қатерге айналғаны белгілі. Түптеп келгенде терроризм идеологтары өз әрекеттері арқылы мәдениеттер мен діндердің арасына ғана емес, сонымен қатар мемлекеттер мен түрлі халықтар арасына да өшпенділік орнатуда. Ең өкініштісі – дін негіздерін жаңадан таныған, өмірлік тәжірибесі жоқ жастардың санасын улап, дінимсауаттылықтың жеткілікті деңгейде болмауына байланысты экстремистік ұйымдардың арбауына түсіп қалуы. Сондықтан да жастардың дін¬и және құқықтық сауа¬тын көтеру, олардың бойына адамгершілік құндылықтарын сіңіру және теріс идео¬логияларға қарсы тұра алатын иммунитет қалыптастыру – ең маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Менің ойымша, бұндай ұйымдармен күрестің бір жолы – өскелең ұрпаққа кішкентай кезінен ата-анасы ұлттық тәрбиені, танымды, сананы бойына сіңіріп тәрбиелесе, осындай ұйымдарға алданып қалмайды деп ойлаймын. Жалпы, енді ер жетіп келе жатқан балаларға ұлттық дәстүр түсіндіріліп, ата-бабаларымыздан қалған мұраларды, ақындар мен жыраулардың еңбектерін дәріптеп түсіндірілсе, ұлттық әдептілік қағидаттары үйретілсе, отбасылық құндылықтар насихатталып, дұрыс жолға сілтеу алатын болса енді дамып келе жатқан жастар арасында мұндай мәселелер кеңінен таралмас деп сенемін.

Экстремизм қатерлі ісікке ұқсас, егер алдын алу шаралары уақтылы жүргізілмесе, уақыт өте келе өсіп, терең тамыр алады. Сондықтан халықтың діни сауаттылығы өте маңызды және қажет. Ал діни сауаттылық – оқыту, ағарту және әдебиет арқылы алынған білім. Қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбаев қара сөзінде: «Адам – өз заманының баласы. Егер ол жаман болса, оның замандастары да кінәлі». Қазіргі кезде мемлекет үшін жастарды тәрбиелеуге, физикалық және рухани түрде сау және толыққанды жастар ортасын қалыптастыру үшін қолайлы жағдайлар жасау маңызды мәселе деп ойлаймын.

Жастар арасында діни экстремизмнің алдын алу мәселесі ең алдымен әр отбасының, қоғамның, мемлекеттің жауапкершілігі. Қоғамның мемлекетпен бірлесе отырып, бұл бағытта жұмыс атқаруы маңызды жетістіктерге жетуге мүмкіндік береді. Жастардың сауатты, білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуы да үлкен септігін тигізеді деген ойдамын,-дейді Ж. Байгерей.

ТҮРКІСТАН: «ДІН ЖӘНЕ ОНЫҢ КЛАССИФИКАЦИЯСЫ»

Түркістан облысының дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ бірнеше бағытта жұмыс атқарады. Соның бірі дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында халықпен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Облыс жер көлемі жағынан аса үлкен болмаса да, халқының тығыз шоғырлануы тұрғысынан Республикадағы көшбасшы аймақтардың бірі. Халқы – еңбекқор, қонақжай, пейілі дархан. Тұрғындармен кездесу форматы да әртүрлі болып келетін кезеңдерде біз барлық әлеуметтік топтарды мейілінше қамтып, дұрыс ақпараттармен қамтамасыз етіп келеміз. Осындай ашық форматтағы кездесулерде жастар, жұмысшы қызметкерлер, ауыл тұрғындары тарапынан түрлі сұрақтар қойылып жатады. Соның бірі халқымыздың санына шаққандағы елімізде тіркелген діни бірлестіктердің көптігі де тілге тиек етіліп жатады. Кейбір тұрғындар әрбір діни бірлестікті жеке-жеке дін деп түсінуінің салдарынан осындай мәселелер ортаға шығып жатады.

Ресми деректерге сәйкес, қазіргі таңда еліміздің аумағында әрекет ететін 18 конфессияға тиесілі 3853 діни бірлестік бар. Діни бірлестік дегеніміз ол дін емес. Әуелі осының ара-жігін ажыратып алсақ. 2011 жылдың қазан айында қабылданған қазіргі қолданыстағы ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының 1-бабы, 1-1)-тармақшасына сәйкес «діни бірлестік» ұғымына мынандай анықтама беріледі: «Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың өз мүдделерінің ортақтығы негізінде діни қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен біріккен ерікті бірлестігі».

Ал дінге қатысты бірнеше анықтама беруге болады. Дінге теологиялық, философиялық, психологиялық, әлеуметтанулық, моральдық және т.б. тұрғыдан анықтамалар беріледі. Жалпылама айтқанда дін – адам мен мінсіз болмыстың (Алланың, Жаратушының) табиғи байланысы туралы сана. Ал, әрбір адамның санасы әртүрлі болуынан дін туралы түсініктің әралуан болуы заңдылық. Сондықтан да, дін туралы анықтаманың түрлері де көп.

Діндердің классификациясы жайлы түрлі көзқарастар мен теориялар бар. Дін бойынша жасалған классификацияларда, діннің өзін негізге алып жасалған сұрыптауды жүзеге асырған адамдарда дінді түсінуге тырысулары басым екенін көреміз. Мысалы, өткен ғасырда өзінің әсерін барлық салаларда кеңінен таратқан, дискурс ретінде сезіндірген, позитивистік парадигманы эволюциялық түсінуіне сәйкес діндердің типологиясын құруға тырысылды. Осыған байланысты діндер екі негізгі топқа біріктірілді: «Алғашқы қауымдық» және «дамыған діндер». Діннің артта қалғандығы мен дамығандығы тиісті дінге жататын адамдардың әлеуметтік-мәдени өмірі арқылы анықталды.

Екінші жағынан, діннің өзіне бағытталған классификация да өзгеше болды. Мысалы, әрбір діни қайраткер өзінің сенімдері мен құндылықтарын ортаға қою арқылы дінді классификациялауға тырысты. Осыған байланысты ол өзінің сенімін шынайы және дұрыс дін немесе жалғыз дін, ал басқа сенім жүйелері жалған діндер ретінде анықтады. Діндерің ақиқатты түсіну тұрғысынан жасалған жіктеулер үлкен проблемалар туғызады.

Дінді діни көзқараспен өз ішінен жасаған классификацияларда діннің дұрыс-бұрыстығы немесе хақ-батылдығы көбірек айтылады. Екінші жағынан, діндерді әр түрлі ерекшеліктерін ескере отырып жіктеуге болады, мысалы, уахидің бүкіл әлем үшін келгендігі, Құдай түсінігі, уахи дәстүріне жер беріп бермегендігі, орталық ұғымы мен құндылықтары, тірі дәстүр қатарына кіріп кірместігі немесе географиялық аймақтары сияқты түрлі қырларына орай классификациялау тәсілі де бар.

Құдайды білу және түсіну тұрғысынан агностикалық және гностикалық діндер, сондай-ақ сенілген тәңірдің әлем және адаммен байланысы тұрғысынан пантеистік, деистік діндер сияқты кейбір жіктеулер зерттелінеді.

Діннің ең алғашқы пайда болған кезеңін алғашқы қауымдық діндер деп атайды. Ондай діндерге тотемизм, шаманизм, анимизм және фетишизм жатады. Қазіргі таңда бұл діндердің қоғам арасында сарқыншақтары сақталғаны болмаса адамдар мұндай діндерді толығымен ұстанбайды.

Дінді таралу кеңістігіне қарай әлемдік және ұлттық діндер деп жіктейді. Әлемдік діндерге буддизм, христиан және ислам жатады. Ал, ұлттық діндерге тек бір ғана ұлт ұстанатын діндерді жатқызамыз. Оларға қытайлық конфуцийшілдік, даоцизм, яһудилердің иудизм, үнділердің индуизм, жапониялық синтоизм секілді діндерін жатқызамыз.

Ал, оны ислам тарихшылары хақ немесе батыл діндер деп бөледі. Хақ дін деп елшілер арқылы жіберілген, киелі жазбалар мен кітаптар түсірілген діндер болса, батыл дін деп адамдар тарапынан ойлап табылған, киелі кітап түсірілмеген, пайғамбар жеткізбеген діндерді атайды.

Мақаланың қорытындысын басқа арнаға бұрғым келеді. Мұндағы айтпағымыз дін қасиетті ұғым. Бірақ сол киелілікті пайдаланып бөлмесек, бөліспесек, адаспасақ және адастырмасақ.

Қорыта айтқанда Ш.Құдайбердіұлының мына бір өлең шумақтары дінді дұрыс түсінуга бастайтындай.

Бұл кездегi дiндердiң бәрi – нашар,

Ешбiрi түзу емес көңiл ашар.

Өңкей алдау, жалғанды дiнiм дейдi,

Тексерсең, ойың түгiл жаның сасар.

Әлемдегi дiндердiң түп мақсұты

Үш нәрседе бұлжымай құшақтасар:

Құдай – бір, ұждан – дұрыс, қиямет – шын,

Еш дiннiң мақсұты жоқ мұнан асар...

Бір қарағанда адамды діннен сақтандырардай көрінген өлең жолдары діннің ақиқатын таразылауға жол сілтеп тұрғандай.

ТҮРКІСТАН: ДІНИ САУАТ АШУ КУРСТАРЫН АШУДЫҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

Түркістан облысы Дін мәселелерін зерттеу орталығының теологы, «Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру» бөлімінің маманы   Бекжан Кашкинбаев осы тақырыпта жиын өткізді. Онда ол жастардың діни сауаттылығын көтеру керек екенін айтады.                                                

-         Әрбір мемлекеттің діни білім беру жүйесінің қалыптасуындағы басымдықтарды бірінші кезекте мемлекет құрушы ұлттың діни қатыстылығы айқындайтыны белгілі. Қазақстандағы ислами білім беру жүйесінің ерте орта ғасырлардан басталған мың жылдан аса тарихы мен тәжірибесі бар.  «Қазақстан демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бері біз асыл дінімізді тереңірек танып білуге мүмкіндік алдық.

Тарихқа көз жүгіртсек, байырғы замандардан-ақ қазақтың небір ғұламалары әуелі сауатын медреселерде ашқан. Ұлы Абайдың да медреседен тәлім алғаны белгілі. Міне, осындай діни оқу ордасының берген білімінің тиянақтылығы, құнарлылығы арқасында ол адамдар қазақтың ірі-ірі тұлғаларына айналды.

Сол дара жолдың ізімен, қазір еліміздегі көптеген облыстық, аудандық, қалалық мешіттер жанынан көпшілікке арналған діни сауат ашу курстары ұйымдастырылған.  Ислами білім берудің бастауыш деңгейі – діни сауат ашу курстары жетілдіру мақсатындағы бірқатар өзгерістерді қажет етеді. Өйткені діни сауат ашу курстары көпшілік арасындағы ислами ағартушылық жұмыстарын жүйелі түрде және кең көлемде жетілдіруге  мүмкіндік беретін басты тетік болып табылады.

Жастардың діни сауаттылығын арттыру үшін маңызды қадамдар жасалуы керек. Және ислам дінін бір жақты қарамай, ілімге қаншалықты көңіл бөлумен қатар, сауатты болуға қаншалықты ынталандырады деген мәселені қарастыру да аса маңызды. Өйткені, жастардың арасында діни сауатсыздықтың салдарынан өзге ағымға кетіп жатқандары немесе исламдағы айтылған хадис мәтіндерінің мағынасын тікелей түсіну арқылы, сауатсыздыққа жол ашып жатқанын қазіргі қоғамымызда көрініс тауып отырған жағдайлар куә бола алады. 

Жастардың діни сауаттылығын арттырудың негізгі мақсаты жастардың қиын сәттерде дербес, жан-жақты салмақталған шешім қабылдауына қажетті сыни тұрғыда ойлау машығын қалыптастыру болуы тиіс. Осы білімдерді қолдана отырып, әлемдік дәстүрлі діндер мен радикалды діни ұйымдарды ажырата алады. Алға қойылған мақсат жастар мен жасөспірімдердің діни сауаттылығын дамытуға: арбау әрекеттеріне қарсы тұру мен залалсыздандырудың жеке мінез-құлықтық алгоритмін қалыптастыруға, адамгершілік және этикалық құндылықтары бар, отаншылдық пен толеранттылықты қалыптастыратын әлемдік және дәстүрлі діндердің, деструктивті діндердің негіздерімен танысуға ықпал етеді. 

         Бәрімізге белгілі қазіргі келіп жатқан ислам ағымдары және басқа да дін ағымдары бар. Олардың көздеген мақсаттары өсіп, өніп келе жатқан еліміздің тыныштығын бұзу, арамызға іріткі салу. Мұндай ағымдарға қара домалақ қазақтарымыздың кіріп кетіп жатқаны да қаншама.  Бұл ағымдардың жетегінде жүруіне екі негізгі себепті атап айтсақ болады.

Біріншіден,  сауаттылық мәселесі. Яғни діни сауаттылықтың өте төмен болуы. Екіншіден,  әлеуметтік жағдай. Материалдық жағынан дұрыс қамтылмаған кедей, мемлекеттен үмітін үзген отбасыларды материалдық жағынан қамтамасыз етеміз деп қызықтыру арқылы өздерінің қатарына қосып жатқандығын айтуға болады. Әрине, елдегі барлық адамды материалдық тұрғыдан толық қамтамасыз ету мүмкін емес. Бірақ елді діни сауатты етуге болады. Қазіргі діни рәсімдер жасалатын орындарға баратын болсақ, ол жердегілердің басым көпшілігі жастар. Дінге деген жастардың қызығушылығы күннен күнге артып келе жатыр. Енді сол жастарымызға дұрыс бағыттағы діни білім және тәрбие беретін ата-аналардың діни сауатылығының жоқтығы ащы да болса өмір шындығы. Сондықтан жастарымыздың діни сауатын ашу қазіргі кездің өзекті мәселелерінің бірі болып отыр.

         Мұндай білім жүйесінің мақсаты – дін туралы түсінікті дұрыс қалыптастыруға, шетін көзқарастардан сақ болуға, өзге діндер мен сенімдерге құрметпен қарауға, дәстүрлі рухани құндылықтарды қадірлеуге, «имандылық» ұғымын дұрыс түсінуге және бағалай білуге жетелеу. Сондықтан заман талабына сәйкес  діни және дінтанулық білімнің өзара тиімді түрде игі мақсатқа қызмет етуінің жан-жақты мүмкіндіктерін жете қарастырған жөн,-дейді Бекжан Кашкинбаев. 

Осы RSS каналға жазылу