- Облысқа қызылша ауруына қарсы жалпы саны 170 230 дана екпе жеткізілді. Қосымша жаппай иммундау аясында өңірде 172 104 балаға екпе салынды. Ол вакцина алуға тиісті балалардың 91,1%-ын құрайды, - деді департамент басшысы.
Сондай-ақ, брифингке қатысқан Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев дертке 4 жасқа дейінгі балалар жиі шалдығатынын айтты. Жастарына сәйкес инфекцияның тіркелуі бала-бақшалар мен мектептерде де орын алған. Қазіргі таңда қызылша аурушаңдығы бойынша байланыста болғандардың барлығы 21 күнге медициналық бақылауға алынған.
Айта кетерлігі, облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаевтың төрағалығымен «Түркістан облысында қызылша ауруын азайту және одан әрі таралуын болдырмау жөніндегі өңірлік штабының құрамы» бекітілген. Қазіргі таңда облыстағы медициналық ұйымдарда жұқпалы ауруларға арналған төсек-орын саны - 625. Эпидемиологиялық ахуалға байланысты қосымша 407 төсек-орын ашылып жалпы 1 032 төсек-орын бар.
Қызылша ауруынан жүйелі түрде әлемнің әртүрлі аймақтарында бұрқ етпе жағдайлары орын алатындықтан, аталған ауру осы күнге дейін өзекті болып қалуда. Қызылша – ауа арқылы таралатын вирусты жұқпалы ауру. Бұл инфекцияның негізгі таратушы көзі – ауру адам. Соңғы кездері бұл ауру тек балаларда ғана емес, сонымен қатар ересектер арасында кездесіп жүр. Көп адамдар қызылшаның бастапқы кезеңін тұмау, жедел респираторлық вирустық инфекциясымен, ал бөртпе шыққан кезде аллергиялық аурулармен шатастырады. Алдымен бұл инфекцияға 100% қабылдағыштық тән, егер бұрын қызылшамен ауырмаған адам науқаспен қарым-қатынаста болса, оның сырқаттану қаупі өте жоғары. Жұқпаның қоздырғышы көз және жоғары тыныс алу жолдарының шырышты қабаттары арқылы адамнан адамға ауа тамшы жолдарымен беріледі.
Қызылша аурудың инкубациялық кезеңін жұқтырғаннан кейін бірінші белгілері пайда болғанға дейін, яғни 7-14 күнге дейін созылады. Есте сақтайтын ең маңызды жайт – ауру бөртпе шығудан басталмайды, ол суық тию белгілерімен басталады. Дене қызуының 38-40 градусқа көтерілуі, әлсіздік, тәбеттің болмауы, құрғақ жөтел, мұрынның бітуі. Кейініректе коньюктивиттің (көздің шырышты қабығының қабынуы) пайда болуы. Осы аралықта балаға жиі сұйық беріп, аузын шайқап отыру, көзін қайнаған сумен жиі жуу керек. Шамамен бірнеше белгілердің шыққанынан 24 күннен кейін беттің шырышты қабығының (азу тістерінің қарсысында) ұсақ ақ дақтар пайда болады. Аурудың 3-5 күні ашық түсті бір біріне өзара ұқсап кететін дақтар пайда болады. Ең алдымен олар құлақтың артында және маңдайда, содан кейін тез арада бет, мойын, дене және аяқ-қолға таралады. Ұсақ қызғылт дақтар тез арада үлкейіп, түр-пішінін өзгертіп, бір-біріне қосылып кетеді. Жарық көзіне әсер ететіндіктен, бөлменің іші аса жарық болмағаны дұрыс, оны жиі желдетіп отыру керек. Бала таза және жылы бөлмеде болуы тиіс. Бөртпелердің қалың шыққан кезеңінен 2-3 күн өткеннен кейін дене қызуы 40,5 градусқа қайта көтерелуі мүмкін. Бөртпелер 4-7 күн сақталады.
Дақтардың орнында қоңыр пигменттер қалады, олар екі аптадан кейін кетіп, тері қайта таза болады. Қабыну балаларда 5 жасқа дейін, ал 20-дан асқандарда жиі дамиды. Ең көп тараған түрі ортаңғы құлақтардың қабынуы (отит), соқырлық, бронхо пневмониясы, мойын лимфожүйелерінің қабынуы, ларингит, энцефалит. Аурудың алғашқы белгілері білінісімен-ақ тездетіп дәрігерге көрініп, оның барлық ұсыныстарын бұлжытпай орындау қажет. Егуден бас тартқан жағдай өте қауіпті, ол жұқпалы індеттердің өршуіне алып келуі мүмкін.
Қызылшаның алдын алудың ең тиімді және сенімді әдісі вакцинация болып табылады. Қызылшаға қарсы екпе алу вирусты жасанды жолмен тоқтату, нәтижесінде ағза өзін қорғайтын иммунитет жасайды. Кейбір балаларда егуден кейін 6 күннен 20 күнге дейін дене қызуы көтеріліп, кейде конъюктивиттің және бөртпелердің пайда болуы байқалады. Бұл белгілер 2-3 күнге дейін сақталып, содан кейін жақсы болады.
Қорықпаңыздар, бұл жағдайлар болуы мүмкін және олар қауіпті емес. Бірақ сонда да егуден кейін қандай да бір қабыну болса міндетті түрде дәрігерге көріну қажет. Ең алғашқы вакцинация балаларға 12 айлығында, мұнан кейін 6 жаста жасалады. Қосымша иммундау және егу 15 жасқа дейін сенімді қорғануды қамтамасыз етеді.
Екпенің, яғни, вакцинаның қауіпсіздігіне күдік тудыратын ақпараттар қазір көбейіп кеткен. 2010 жылдан бері екпеге қарсылық білдірушілер ата-аналар, әсіресе жастар арасында көбейіп келеді. Олар «екпе алмаса да, менің балам ауырып жатқан жоқ» деп ойлайды. Ал олардың қазіргі кездегі ауырмау себебі айналасындағы қоршаған орта - ата-анасы, ересек бауырлары, тума-туыс, көрші-көлем, т.б. барлығы инфекцияға қарсы егіліп, қорғалғандар. Қарапайым тілмен айтқанда, олардың айналасында жұқтыратын ауру көзі жоқ. Белгілі бір уақытқа дейін иммундық ахуалдары жақсы. Ал екпе алмаған сіздің балаңызда ондай иммунитет қалыптаспаған, ол алдағы өмірінде әлі талай ортамен қарым-қатынасқа түседі, сол кезде әлдебір жұқпалы ауруды жұқтырып алуы әбден мүмкін. Себебі, қазіргі таңда адамдар арасында миграция өте көп, инфекция басқа жақтан әкелінуі мүмкін екенін бір ешқашан естен шығармауымыз керек.
Адамдар жұқпалы аурулармен ауырып қана қоймайды, сонымен қатар түрлі асқынуларға ұшырайды немесе соңы өлім жағдайына әкеп соқтырады. Кейбір асқынуларға тоқталып өтсек: сырқаттардың ауыр түрі кезінде қызылшадан құлақтың, өкпенің, трахеяның, бронхтардың және мидың қабынуы, эпидпоротитте (шошқамойын) есту қабілетінің төмендеуі, мидың қабынуы, бедеулік, вирусты гепатиттерден кейін бауыр циррозы болса, дифтерияда уақытылы көмекке жүгіну - ауырған кездегі тәуліктермен ғана емес, бірнеше сағатпен есептеледі де, аман қалған жағдайда басқа ауруларға қарағанда ең көп асқынулар туғызады, соңында сал болып қалуға әкеп соғады. Сондықтан балаларда да, ересектерде де вакцинациялауды тоқтатуға болмайтынын әрдайым түсініп, ескерген жөн.
Вакцинациялау тегін медициналық көмектің кепілдік көлеміне енгізілген. Қазақстанда халықтың иммундауға байланысты барлық қаржы мәселесін шешу де 1995 жылдан бастап мемлекеттің өзіне жүктелген. Жыл сайын вакциналар республикалық бюджет қаржысына сатып алынады. Бұл ретте кепілді сапасы бар, зертханалық тексеруден өткізілген және Қазақстан Республикасында тіркелген, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен сертификатталған вакциналар әкелінеді. Әр елдің өзінің күнтізбесіне сәйкес, халықты егу кестесі белгіленген. Бұл біздің мемлекетімізде «Медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде оларға қарсы міндетті профилактикалық екпелер жүргізілетін аурулардың тізбесін, екпелерді жүргізу қағидаларын, мерзімдерін және халықтың профилактикалық екпелерге жататын топтарын бекіту» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі № 612 қаулысына сәйкес жүргізіледі. Қазіргі уақытта вакцинациялау арқылы балалар мен халықты полиомиелитке, қызылшаға, қызамыққа, қырылдауық, көкжөтел, туберкулез, эпидемиялық паротитке, гемофильді инфекцияға, пневмоккок, «В» және «А» гепатитіне, т.б жұқпалы аурулардан қорғанудың ең сенімді әдісін қолдану барысында екпелер жасалуда.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат