Сейсенбі, 09 Маусым 2026 12:51

№2 қалалық емхананың психологтары: «Біздің мақсатымыз - әрбір азаматтың денсаулығы мен амандығы»

Шымкенттегі тұрғыны көп ауданның бірі – Тұран ауданы. Сәйкесінше осы ауданға қарасты № 2 қалалық емханаға тіркелген пациенттердің де қарасы басқа емханалармен салыстырғанда едәуір көп. Аталмыш, емхана тұрғындарға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі  және МӘМС жүйесі аясында сапалы алғашқы медико-санитарлық көмек көрсететін замануи профильді емдеу мекемесі болып табылады. Пациенттері көп емхананың жұмысы да шаш етектен болары сөзсіз. Бірақ, мекеменің білікті де білімді мамандары үлкенді-кішілі емделушілері үшін тізе бүкпей жұмыс істеуге әрқашан да дайын. Әсіресе, осы бір күйбелеңге толы,  стресс, депрессия, апатия мен түрлі факторлар жан жағыңнан қаумалаған заманда № 2 қалалық емхананың әлеуметтік-психологиялық қолдау қызметіне артылатын жүк екі есе. 

Емхананың әлеуметтік-психологиялық қолдау бөлімінде  4 психолог маман бар. Бәрі де тәжірибелі, білікті мамандар. Атап айтар болсақ,  Абильдаева Гульмира Жусіпханқызы, тәжірибелі психолог, психология магистрі.  Медицина саласындағы жалпы еңбек өтілі - 24 жыл, психология саласында -13 жылдан бері жұмыс істтеп келеді.  Азимова Зульфия Салимбаевна  тәжірибелі психолог. Психология саласында - 14 жыл,  медицина саласындағы жалпы еңбек өтілі - 35 жыл. Омарова Салтанат Ахибековна гештальт-консультант. Психология саласында -12 жыл. Медицина саласындағы жалпы еңбек өтілі - 25 жыл. Темирханова Меруерт Бураханқызы, тәжірибелі психолог. Психология саласында - 12 жыл. Медицина саласындағы жалпы еңбек өтілі - 13 жыл. 

Мекеме психологтарының айтуынша, бүгінде олардың қызметіне жүгінетіндердің қарасы қалың.  Күйзеліске шалдыққан ересектерді айтпағанда, психологиялық ауытқуға ұшыраған, түрлі эмоцианалды-психологиялық жағдайға тап болған жастар мен балалар көп. 

Мамандардың жүмыс жасау тәртібі төмендегіде: 

Психопрофилактика (Алдын алу): Эмоционалдық шиеленістердің алдын алу, салауатты өмір салтын және стреске төзімділікті (резистенттілікті) қалыптастыру.

Психодиагностика: Науқастың психологиялық жағдайын анықтау (күйзеліс, мазасыздық, депрессия деңгейін тексеру).

Психологиялық кеңес беру: Өмірлік қиындықтарды, отбасылық мәселелерді және ауруға байланысты стрессті жеңуге көмектесу.

Психокоррекция (Түзету): Мінез-құлықтағы бұзылыстар, қорқыныштар мен фобияларды түзету.

 Емхана мамандары, алдына келген пациенттерді аппаратсыз, дәрісіз емдеуге болатынын айтады. 

« Психологтың негізгі құралы — сөз, тыңдау және арнайы әдістемелер. Яғни: арт-терапия, гештальт элементтері, тыныс алу және релаксация техникалары. Біз алдымызға келген пациенттерге алдымен осы амалдарды қолдануға тырысамыз», -дейді Абильдаева Гульмира. 

 Медицина саласында тек аурудың белгісін ғана емес, оның пайда болу себебін және мәселенің тамырын (жан жарасын) емдеу амалы терең талдау әдісі қолданылады. 

Одан бөлек, кеңес беру бағыты бар. Паникалық шабуылдар, фобиялар, депрессия, психосоматикалық аурулар, тұлғааралық қақтығыстар, сонымен қатар созылмалы аурулармен (артериялық гипертензия, қант диабеті, онкология, туберкулезбен) ауыратын, соның салдарынан психоэмоционалдық қиындықтарға тап болған жандардан бөлек, қазіргі уақытта жасөспірімдер мен ересектер арасында аутодеструктивті мінез- құлық факторларымен (өз- өзіне қол жұмсау ), жүкті әйелдердің эмоционалдық тұрақтылығын нығайту, босануға қорқынышты сейілту және ана мен бала арасындағы байланысты жақсарту бойынша жұмыс атқарады. 

Құпиялылық басты құрал. Пациенттің айтқан сыры тек сол бөлмеде қалуы.

 Емхана психологы, терапевт, педиатр, басқа да бейінді мамандармен және мекемелермен тығыз байланыста. Емханадағы психологар ересектер не балалар маманы болып бөлінбейді. Жалпыға бірдей қызмет көрсетеді. 

 Мамандар жиі қойылатын шағымдар туралы да айтты.  

•Созылмалы мазасыздық: Себепсіз қорқыныш және паникалық шабуылдар (панические атаки). Паникалық шабуылдар, фобиялар, депрессия, психосоматикалық аурулар, тұлғааралық қақтығыстар

•Күйзеліс (Выгорание): Жұмыстан, оқудан немесе өмірден шаршау, эмоционалдық күйреу.

•Қарым-қатынас дағдарысы: Ажырасу, отбасындағы түсініспеушілік, жалғыздық.

•Өзін төмен бағалау: Өзіне сенімсіздік, шекара қоя алмау.

•Психосоматика: Медициналық себебі жоқ бас, жүрек немесе асқазан аурулары.

Психолог Темирханова Меруерт балалармен жұмыс ерекшелігі туралы да атап өтті. 

•Ойын түрінде өтеді: Баламен тікелей сөйлесу қиын, сондықтан ойыншықтар мен суреттер қолданылады.

•Ата-анаменбірге жұмыс: Баланың мәселесі көбіне отбасындағы атмосфераға байланысты болады.

•Жас ерекшелігі: Кризистік кезеңдерді (3 жас, 7 жас, жасөспірім шақ) ескеру маңызды.

 Ересектермен жұмыс ерекшелігі

•Саналылық: Ересек адам мәселесін өзі түсініп, көмекке өз еркімен келеді.

•Қорғаныс механизмдері: Ересектер өз сезімдерін жасыруға, логикамен ақтауға тырысады (бұл кедергі жасайды).

•Жауапкершілік: Терапияның нәтижесі тек психологқа емес, пациенттің өзгеруге деген талпынысына байланысты.

 Азимова Зульфия   жұмыстың қиын тұстары туралы атап өтті. 

•Пациенттердің қарсылығы және өзгергісі келмеуі,

Кейде адамдар психологқа сиқырлы таяғы бар емші сияқты келеді. «Мені өзгерт», «танысымды өзгертіп бер» дейді, бірақ өздері ешқандай әрекет жасағысы келмейді. Психотерапия — бұл екіжақты еңбек. Пациент ішкі қарсылық танытып, үй тапсырмаларын орындамай, өз қателігін мойындамаған кезде жұмыс бір орнында тұрып қалады. Мұндай сәттерде нәтиже ұзаққа созылады.

•Нәтиженің бірден көрінбеуі

Медицинада ауырған жерге дәрі берсең, бірнеше сағатта басылуы мүмкін. Психологияда олай емес. Пациенттің жылдар бойы жиналған ішкі жарақатын (жарақаттарын) шешу үшін айлап, кейде жылдап жұмыс істеу керек. Нәтиже өте баяу, байқалмай жүруіде мүмкін. Пациент төзімділік танытып, өзінің алдындағы жауапкершілігін сезініп, психолог сүйемелдеп отыру арқылы нәтижеге жетуге болады. Дегенімен кейбір пациенттер «Бәрін бір сессияда шешіп бер» деген күтулермен жұмыс істеу психологиялық қысым тудырады.»

 Емделушілердің салаға көзқарасы туралы Омарова Салтанат былай дейді. 

•Оң өзгеріс: Соңғы жылдары психологқа бару «ұят» немесе «жындылық» емес, сәнге әрі қажеттілікке айналды.

•Жастардың белсенділігі: Әсіресе 18–35 жас аралығындағы адамдар өз психикасына өте жауапкершілікпен қарайды.

•Күдікпен қарау: Үлкен буын арасында әлі де стереотиптер бар, олар көбіне дәрігердің жолдамасымен ғана келеді. Бірақ алғашқы кеңестен кейін олардың да көзқарасы оң жаққа өзгеріп, алғыс айтып жатады.»

 Мамандар бір ауыздан салаға не жетпейтіні туралы төмендегідей жауап берді. 

•Емхана психологының жалақысының төмендігі: «Мемлекеттік медициналық мекемелердегі (емханалардағы) психологтардың  жалақысы жоғары деп айту қиын. Психолог мамандығы үнемі өзімен жұмыс істеуді, қымбат тұратын халықаралық курстар мен супервизиялардан өтуді талап етеді. Сондықтан қазіргі жалақы деңгейі мамандардың оқуы мен ізденісін толық өтейді деп айта алмаймыз.

•Тағы қоса айтатын мәселе: Мамандардың кәсіби күйіпкетуі (Выгорание) және қолдаудың аздығы психолог-ондаған адамның мұңын, қайғысын, агрессиясын ішіне жұтып, соққы қабылдайды. Алайда емханаларда немесе мемлекеттік орталықтарда психологтардың өздеріне арналған міндетті тегін супервизия (аға мамандардың қолдауы) мен жеке терапия  жүйесі қалыптаспаған. Салдарынан жақсы мамандар өте тез шаршап, кәсіби күйіп кетуге ұшырауда.

 «Қорыта айтқанда, психология саласына инвестиция салу — бұл халықтың психикалық саулығына салынған инвестиция деп қабылдау қажет. Дегенмен, бұл мәселелер баяу болсада, кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Министрлік тарапынан бұл бағытқа көңіл бөле бастағандары қуантады».

Қазіргі заманда психолог мамандардың жәрдемі ауадай қажет екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан да психологтың көмекгіне жүгінуден ұялмайық, қысылмайық! 

 

Оқылды 142 рет