Сенбі, 17 Тамыз 2019 23:31

Түркістан облысы: Шардара ауданында 103 бүлдіршін тегін сүндеттелді

Аталмыш акцияның өтуіне Шардара аудандық орталық ауруханасының 9 хирург-дәрігері мен медбикелері атсалысқанын атап өткен жөн. Шардара ауданының орталық ауруханасында негізінен көп балалы отбасылардың бүлдіршіндері тегін сүндеттелді. 

Аталмыш игі істің ұйымдастырылуына Шардара аудандық орталық ауруханасы мұрындық болды. Аудандағы көп балалы аналарды қолдау мақсатында орталық аурухананың «Амбулаториялық хирургия» бөлімінде мұсылманның сүннеті, яғни балаларды сүндеттеу (циркумцизия) акциясына жалпақ жұрт ризашылықтарын білдірді. Шараға Шардара аудандық орталық мешітінің қызметкерлері де қатысып, құран оқылды. Өз кезегінде мұсылмандық парыздар мен ата-ананың перзенттері алдындағы жауапкершіліктері, ал перзенттерінің ата-ана алдындағы міндеттері мен парызы жайында ғибратты әңгімелер айтылды. Молдалар жиналған қауымды ұл баланы сүндеттеудің негізгі қағидаларымен таныстырды. Таң азанымен басталған акция аясында аудан көлеміндегі қала және ауылдық округтерден бас-аяғы 103 бүлдіршін тегін сүндеттелді.

«AQ-QARA.kz»-ақпарат.

Оқылды 1112 рет