Сәрсенбі, 17 Сәуір 2024 20:28

Түркістан: арнайы экономикалық аймақты инженерлік инфрақұрылыммен қамту жұмыстары жалғасуда

Түркістан облысында кәсіпорындар мен өндіріс орындарын бір жерге шоғырландыру, олардың тиімділігін арттыру және инвесторларға қолайлы жағдай қарастыру мақсатында арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар құрылған.

Қазіргі уақытта аталған аймақтардың санын арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл мәселе облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиында жіті қаралып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысы туралы жауапты сала басшыларының баяндамалары тыңдалды. Аймақ басшысы жұмысты кешіктірмеуді, инвесторларға қолайлы жағдай жасауды, құрылыс жұмыстарының барысында кездескен кедергілерді дер кезінде шешуді тапсырды.

Облыс орталығында «Тұран» арнайы экономикалық аймағының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оны инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жобасы 6 кезеңнен тұрады. Жиын барысында облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев «Тұран» арнайы экономикалық аймағын инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету барысын баяндады.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда 5 кезеңнің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 2 жобаның құрылысы аяқталды. Пайдалануға тапсыру жұмыстары атқарылуда. Яғни, 1-кезең бойынша газбен қамту жұмыстары жүргізілсе, 3-кезең өрт сөндіру және өткізу бекеттерін салу, абаттандыру, байланыс желісімен қамту, қоршау жұмыстары аяқталған. Газбен қамту жұмыстарын «Баянды Құрылыс» ЖШС жүргізген. Жоба құны – 1,58 млрд теңге. Газ құбырының жалпы ұзындығы – 25,4 шақырым. Құрылыс жұмыстары 100%-ға орындалған.

Қазіргі таңда «ИнтерГАЗ» АҚ-на қарасты АГРС-14-ке тапсыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Үшінші кезеңді «Баянды Құрылыс» ЖШС жүзеге асырған. Жоба құны – 1 млрд теңге. Бүгінгі таңда пайдалануға тапсыру бойынша жұмыстар атқарылуда. Қалған кезеңдер бойынша жоспарға сәйкес тиісті жұмыстар атқарылуда.

Жиын барысында индустриалды аймақтардағы өзекті мәселелер де ортаға салынды. Ондағы жүзеге асып жатқан жобалар мен инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстарының барысы қаралды. Түркістан облысында жалпы ауданы 594 гектарды құрайтын 10 индустриалды аймақ бар. Олар Түркістан, Кентау қалалары мен Созақ, Ордабасы, Мақтаарал, Қазығұрт, Түлкібас, Шардара, Бәйдібек, Сауран аудандарында орналасқан.

Қазіргі уақытта құны 114,2 млрд теңгені құрайтын 79 жоба жүзеге асырылуда. Жоба аясында 5 624 адам жұмыс орнымен қамтамасыз етілген. Атап өтсек, машина жасау бойынша 5 жоба, тамақ өнеркәсібі бойынша 6 жоба, жеңіл өнеркәсіп бойынша 14 жоба, құрылыс бағытында 44 жоба, экономиканың басқа да салалары бойынша 11 жоба іске қосылуда. Арнайы аймақтарды инфрақұрылым жүйелерімен қамту, инвесторларды тарту бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.

Түркістан өңірінде бірнеше бағыттарда өңіраралық кооперацияны дамытудың жоғары әлеуеті бар. Біріншіден, өңдеу өнеркәсібі саласында иірілген жіптер, маталар мен кілемдер өндірісімен тоқыма кластерінің бірлескен кәсіпорындарын құру мүмкіндігі мол. Сонымен қатар пластмассадан жасалған бұйымдар пластикалық ойыншықтар, пластикалық ыдыстар, автомобиль жасау, электроника, цифрлық технологиялар және т.б. өндірісін дамытуға болады. Екіншіден, агроөнеркәсіп кешені саласында Түркістан облысы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша ел көшбасшыларының бірі екені белгілі. Ірі қара және ұсақ мүйізді мал басы (5,9 млн.), ет экспортының көлемі (80%), сондай-ақ жеміс-жидек экспорты (26%) бойынша үнемі алдыңғы қатарда. Бүгінгі таңда өңірде дәнді, жеміс-көкөніс, бақша дақылдары мен ет-сүт өнімдерін терең өңдеу басым бағытқа ие. Түркістан облысының негізгі инвестициялық кешендері – дайын инфрақұрылымы бар индустриалды аймақтар мен қатысушыларына түрлі салық жеңілдіктерін беретін «Түркістан» арнайы экономикалық аймағы. Арнайы экономикалақ аймақ шамамен 4000 га аумақта орналасқан және 6 қосалқы аймақтан тұрады, олар: тарихи-мәдени орталық (862 га), әкімшілік-іскерлік орталық (1580 га), 3 өнеркәсіптік аймақ (365 га - Оранғай, 180 га - Түркістан, 35 га - Кентау) және әуежай (967 га).

Түркістан облысында 9 индустриалды аймақ бар. Олар Мақтаарал, Шардара, Созақ, Қазығұрт, Түлкібас, Бәйдібек, Ордабасы аудандары мен Түркістан және Кентау қаласында орналасқан. Индустриалды аймақтарда құны 24,054 млрд. теңге болатын және 2614 жұмыс орнын құрайтын 56 жоба орналасқан. Оның ішінде құны 15,542 млрд. теңге болатын және 2087 жұмыс орнын құрайтын 40 жоба іске қосылып, жұмыс атқаруда. Биыл 266 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 7 жобаны іске қосу межеленген. «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағында қазіргі таңда 365 гектар өнеркәсіптік аймағының инфрақұрылым жүйелерінің І және ІІІ кезеңдерінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Мұнда бірнеше жоба жүзеге асыру бойынша нақты келісімдер бар. Алдағы уақытта арнайы экономикалық аймаққа ірі инвесторларды тарту көзделіп отыр.

Түркістан қаласының индустриалды аймағының 40 га аумағында инфрақұрылым жүргізу үшін 904 млн. теңге қаржы бөлініп, инфрақұрылым жүйелерінің құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталған (автожол – 4,21 км, электрмен жабдықтау – 23,3 км, сумен жабдықтау – 11,9 км, кәріз – 4,03 км, газбен жабдықтау – 1,1 км, телефондандыру – 7,9 км, трансформаторлары 6 дана).

Түркістан Облыс орталығы мәртебесін алған сәттен бастап Түркістанда ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм саласы жоғары қарқынмен дамып келеді. Дайын өнімдерді ұқсата, тереңдете өңдеп, сапалы тауарларды заманауи құрал-жабдықтарды пайдаланып, тұтынушыға жеткізетін орындар облыстың барлық аудандарынан ашыла бастады. Бүгінде облыста жалпы көлемі 538 га құрайтын 9 индустриалды аймақ орналасқан. Олар Түркістан қаласында, Кентау, Созақ, Қазығұрт, Мақтаарал, Шардара, Бәйдібек және Түлкібас аудандарында орналасқан. «Turkistan» индустриялды аймағы 2019 жылы құрылған.

28 гектар жерді алып жатқан «Мақтаарал» индустриялық аймағы 2014 жылы ашылды. Онда 1330 млн. теңгені құрайтын 5 жоба жүзеге асуда. Мұнда 220 адамға арналған жұмыс көзі бар. «Мақтаарал» индустриялық аймағында Мақтаарал мен Жетісай аудандарының жобаларын орналастыру мәселесі де реттелген. Негізінен мұнда жоғары технологиялы мақта тазалайтын және жемісті мармелад өнімдерін шығару қолға алынған. Сондай-ақ, құрылыс материалдарын өндіретін 2 жоба аясында 66 адам жұмыс істеуде. Таяу болашақта мұнда мақта кластерін жасап, әлемнің түкпір түкпіріне мақта мата өнімдерін жөнелту қолға алынбақ.

35 гектар жерге орналасқан «Шардара» индустриялық аймағы 2015 жылы құрылған. Мұнда 1125 млн. теңгені құрайтын 3 жоба жүзеге асып отыр. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы өнімдерінің қалдығын өңдейтін, гафрокартон мен одан ыдыстар жасау және мақта өңдеу зауыттары жұмыс істеп тұр. Индустриалды аймақтың бір артықшылығы, мұнда электр энергиясы арзан, ауызсу және суармалы жер бар. Қызылқұм магистралі Шардара–Арыс–Шымкент, Шардара–Абай–Шымкент тас жолына және Шардара су қоймасына жақын орналасқан.

Созақ ауданы – өңірдегі жер көлемі ең ірі аймақ. Ауданның ең үлкен қазынасы – табиғи қазба байлығы. Сондықтан «Созақ» индустриялық аймағының салалық бағыты – пайдалы қазбаларды өңдеу, химия өнеркәсібі және фармацевтика өнеркәсібі, тау-кен өндірісі. Оның жалпы ауданы 50 гектарға тең. Мұнда 1144 млн. теңгені құрайтын 5 жоба жүзеге асып, 279 адам жұмысқа тартылмақ.Түлкібас ауданындағы 2015 жылы құрылған 55 гектар аймақтағы индустриялық аймақ бүгінгі таңда қаңырап бос тұр. Мұнда 4 жылдан бері әлі күнге дейін бірде-бір өндіріс орны құрылмаған.

«Қазығұрт» индустриялық аймағы 40 гектар жерді алып жатыр. Мұнда 186 жұмыс орны бар 6 жоба іске асырылуда. Олардың қатарында жылдам дайындалатын тағам өндірісі, сусындар мен құрылыс материалдары да бар. 57 гектарды құрайтын «Бәйдібек» индустриялық аймағына инвесторлар тарту шаралары қолға алынуда.

Кентау – дамыған адами капиталы мен инфрақұрылымдық алаңы бар өнеркәсіптік моноқала. Индустриялық аймақты дамыту кезінде негізінен өнеркәсіпке, жаңа технологияларға, сондай- ақ, жұмыс істеп тұрған өндірістер желісін кеңейтуге басымдық берілді. Аталған аймақ 2016 жылы ашылған. Жалпы аумағы – 25 гектар жер. 261 адамды жұмыспен қамтитын 10 жоба жүзеге аспақ. Аймақтың салалық бағыты – машина жасау, өнеркәсіптік мақсаттағы өнім және электр энергиясын өндіруге арналған жабдықтар шығару.

«Бадам» индустриялық аймағының жалпы аумағы 115 гектарды құрайды. Мұнда 8 жоба аясында 1189 адам жұмыспен қамтылмақ. Индустриалды аймақтың Шымкент қаласына жақын орналасуы оған белгілі бір дәрежеде артықшылықтар береді. Сонымен қатар, «Бадам» инновациялық технологияларға серпіліс жасап жатқан бірден-бір индустриялық аймақ. Қазір онда әртүрлі құрылыс материалдарын өндіретін зауыттардан бөлек, трактор шығаратын кәсіпорын және 1600 тонналық мұздатқыш қоймасымен бірге бау-бақша алқабы бар.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 24 рет