Бейсенбі, 18 Сәуір 2024 10:55

Түркістан: Сауран ауданында биыл 37 млрд. Теңгенің инвестициялық жобалары іске асырылмақ

Сауран ауданында биыл 37 млрд. теңгеге 18 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде жаңадан 800-ден астам жұмыс орны ашылмақ. Бұл жайында брифингте Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров мәлімдеді.

Аудан экономикасының жандана түсуіне түрткі болатын жобалар қатарында «Turkistan Fruit» ЖШС-ң жеміс шырыны өндірісі бар. Жоба құны - 4,5 млрд. теңге, онда 54 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамту көзделіп отыр. Сондай-ақ, Шорнақ ауылынан қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу арқылы қоқыс қапшығын өндіретін «Sauran Plast» өндірістік кешені бар. Бұдан бөлек, Шойтөбе ауылынан «HEVEL KAZAKHSTAN» ЖШС-і жалпы қуаттылығы 20 МВт күн электр станциясының құрылысын бастамақ. Жоба құны - 8 млрд.теңге. Айта кетерлігі, ауданға қарасты Шаға ауылдық округінде «SAURAN» индустриалды аймағы құрылған. Онда тоқыма, тігін, құрылыс материалдарын өндіру, электроника және ұсақ машина жасау, жиһаз өнеркәсібі шоғырланады.

- 2023 жылы ауданның жалпы өңірлік өнімі 120,4 млрд. теңгені құрады. Өңірлік өнімнің ішінде 84,7% - ауыл шаруашылығына, 9,2% - өнеркәсіп саласына, 4,7% - құрылыс саласына, 1,4% - сауда саласының үлесінде. Ауданның өнеркәсіп саласында - 11,1 млрд. теңгенің, ал тау-кен өнеркәсібінде - 465 млн. теңгенің өнімі өндірілді, - деді аудан әкімі.

Ауданда 7 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді. Шағын және орта бизнеспен өндірілген өнім көлемі былтыр 49,4 млрд. теңгені құраған. Биыл өнім көлемін 85 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.

Сауранда жаңа кәсіпорындар, жұмыс орындары ашылып жатыр. Биыл да бұл жұмыстар өз жалғасын табады. Ауданадағы өзекті мәселелердің орындалуы тұрақты бақылауға алынған. Атап айтқанда, ауданда абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстарын жүргізу үшін арнайы 4 дана арнайы техника сатып алуға қаражат бөлінді. Жаңа Иқан ауылдық округі, Ойық елді мекенінің тұрғындары үшін ауыз су мәселесі өзекті болып келген. Аталған мәселені шешу үшін 243 млн. теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстары былтыр қазан айында аяқталып, нысан пайдалануға берілді. Нәтижесінде 43 тұрғын үй ауыз сумен қамтылды.

Сонымен қатар, Аша елді мекенінде халық саны көбейіп, 300 оқушыға арналған мектепте 812 оқушы білім алуда. Тұрғындардың сұранысы бойынша 600 орындық мектеп құрылысын жоспарлап, «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасына енгізілген. Биыл ол мектеп пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр.

Ауылды дамыту, көркейту, жұмыс орындарын ашу - әр әкімнің басты міндеті. Өздеріңізге белгілі, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамытуға ерекше назар аударып келеді. Қазіргі уақытта «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында шаруалар өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары бойынша 6 бағытта несие алып жатыр. Сондай-ақ кооперативтерді жабдықтау мен тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндіктері бар.

Сауран ауданында бағдарлама Қарашық, Ораңғай, Ескі Иқан, Майдантал ауылдық округтерінде іске асырылуда. Бүгінде 74 жоба қабылданып, 73 млн. теңгеге 14 жоба қаржыландырылды, 11 жоба кепілдік шартын тіркеу сатысында тұр. Ауданда 7 кооператив құрылды. Бұдан бөлек, алдағы уақытта жалпы құны 4 млрд. 460 млн. теңге құрайтын бірнеше инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлануда. Атап айтқанда, балық шаруашылығын дамыту, балмұздақ, какао, шоколад, кондитерлік өнімдер, тамақ өнімдері, жартылай фабрикат өнімдерін сақтауға арналған қойма салынады. Мақта майын өндіру цехын ашу жоспарланған. Мал азығын дайындайтын цех салынып, жаңбырлатып суару арқылы жоңышқа өсіру жобасы іске асырылады. Жүзден астам жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Сауранның даму әлеуеті зор. Сауран ауданы бойынша 36 елді мекеннің 32-сі ауыз су құбырымен қамтамасыз етілген. Халықтың 88,9%-ы таза су пайдаланады. Биыл Аша елді мекенінде ауыз су жүйесі құрылысының 2-ші кезеңі аяқталып, 522 үй ауыз су жүйесіне қосылды. Тағы бірнеше елді мекенде ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Су жүйесімен қамтуға құрылыс жұмыстарын жүргізу экономикалық жағынан тиімсіз деп танылған 3 елді мекенге кешенді блок модуль орнату жоспарланған. Жер асты су қорына геологиялық іздеу-барлау жұмыстары 8 елді мекенде жүргізіледі.

Сауран ауданында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасына 5 мектеп салынады. Бірнеше балабақша салынып жатыр. Жеке инвестор есебінен күніне 500 адамды қабылдайтын жаңа емхана ашылды. Шорнақ елді мекенінен тәулігіне 500 адам қабылдайтын емхана ғимаратының құрылысына 9 гектар жер бөлініп, құжаттары әзірленуде.

Сауран ауданы тарихи ескерткіштерге бай өлке, ауданда 54 тарихи-мәдени нысандар бар. Имам Мархозы, Меңдуана кесенесі, Ерқоян батыр кесенесі, Құрышхан ата, Шаш ана кесенелеріне туристер қызығушылық танытып, көптеп келеді. Аудан аумағындағы тарихи-мәдени нысандарды 100 мыңдай турист тамашалаған. Туристік инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары өз жалғасын табуда.

Ауданда Ескі Сауран қалашығы, Үкаш ата кесенесі, Жүсіп ата тарихи-мәдени туристік нысандары орналасқан. Туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында, Ескі Сауран қалашығының аумағынан 320 млн. теңгеге «Сапар» орталығының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Онда қонақүй, тамақтану орындары, көрме орталығы болады. Жүсіп ата кесенесінен «Сапар орталығы» мен музей пайдалануға берілді. Былтыр 5 жаңа жоба жүзеге асырылды. 100-ге жуық жұмыс орны ашылып, 90 мыңнан астам турист келеді деп жоспарлануда.

Сауран ауданының кәсіпкерлік саласының да жыл өткен сайын даму көрсеткіштері жоғарылап келеді. Соңғы 2 жылда аудан экономикасына 38,3 млрд. теңгеден астам инвестиция бағытталып, 2 есеге өсті. (2021 жылы 12,4 млрд теңге, 2022 жылы 25,9 млрд теңге). 2023 жылға 14,4 млрд. теңгеге 58 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып, орындалған (508 жұмыс орны).

Бірыңғай индустрияландыру картасы және өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс орындарын іске қосу және сүйемелдеу бойынша қажетті шараларды қабылдануда. Соның бір дәлелі Өңдеу өнеркәсібінде 2023 жылға жүзеге асырылуы жоспарланған «Sauran Plast» ЖК, жоба құны 675 млн. теңгеге 15 жұмыс орнымен қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеуден полиэтилен пакет және құбыр өндірісі жобасына сүйемелдеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде былтыр маусым айында І-ші кезеңі іске асырылды.

Елімізде шағын және орта бизнеске экономиканың драйвері ретінде мемлекеттік тұрғыдан басымдық беріліп келеді. Сауран ауданында шағын және орта бизнес қарқынды дамуда. Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны  6 901 жетіп, соңғы 2,5 жылда олардың саны 4 828-ге өсті. (2021ж-2073). Осы салада 8 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, өткен кезеңмен салыстырғанда 1,5%-ға артты.

Ауыл­дарды дамыту бойынша алға қой­ған жоспарлар көп, соған байланыс­ты біраз жұмыс атқарылып жатыр. Қазір ауыл-аймақтарды дамыту барлық қолданыстағы бағдарламалық құжаттар шеңберінде жүзеге асырылады. Мәселен, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін Үкімет ауылдық аумақ­тарды дамытудың 2023-2027 жыл­дарға арналған тұжырымдамасын бекітті.

Тұжырымдама ауылдық аумақ­тар­дың географиялық ерекшеліктері мен бәсе­ке­лестік артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-эко­но­ми­ка­лық әлеуетін арттыруға бағыт­тал­ған. Тұжырымдаманың аясында ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру бойынша түрлі шаралар қарастырылған. Құжаттағы басты назар «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдық елді мекенді кешенді жаңғыртуда болып отыр. Бұл – жалпы ауылдардың 90%-ға жуығы. Мұндай елді мекендер адамдардың жұмыс істеуі мен тұруы үшін қолайлы жағдайлар жасау есебінен экономикалық өсудің жаңа нүктелеріне айналады. Ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін агроөнеркәсіптік өндірісті жандандыру, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту жолымен шешу жоспарда тұр. 

 

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 20 рет