Дүйсенбі, 13 Мамыр 2024 13:48

Ордабасы ауданы: шұбарлық кәсіпкер 2,5 пайызбен несие алып, жылыжай ашқан

Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев бектіліген кестеге сәйкес Шұбар ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.

Кездесуге аудандық мәслихаттың төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостандық Жәкей, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Бақытжан Бекбосынов, аудан әкімі аппаратының басшысы Жұманәлі Кәдиев, аудан әкімінің орынбасары Қыдыр Сейітқұл, аудандың ішкі істер бөлімінің, салалық бөлімдердің, мекемелердің басшылары, қоғам белсенділері және т.б.қатысты.

Аудан басшысы 2023 жылдың соңында болған кездесуде шұбарлықтар тарапынан 15 мәселе көтерілгенін, бүгінгі таңға олардың 7-нің шешілгенін айтып, қалғандары бойынша тиісті жұмыстардың жүргізіліп жатқандығын тілге тиек етті.

Мәселен, Жусансай және Сарытоғай ауылдарында ескі трансформаторлар жаңартылып, Аққойлы ауылындағы Ж.Пернебайұлы көшесіне жарықтандыру құралдары орнатылып, пайдалануға берілген. Сондай-ақ Шұбар ауылындағы О.Жандосов көшесінің көше жарығы ретке келтірілген. Одан бөлек, Шұбар-Қайшылы каналының 8 шақырымы механикалық тазалаудан өткізілді. Ал, “Көз ата” қорығына баратын жол орташа жөндеуден өткізілді.

Кездесуде ауылдық округтің тұрғындары тарапынан ағын су, білім беру, жарықтандыру, жолдарға тас төсеу, интернет және т.б. мәселелер бойынша сауалдар қойылды. Әрбір сауал бойынша тиісті сала мамандарынан жауаптар алынып, олар хаттамаға түсірілді. Өз кезегінде аудан әкімі тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерді бақылауға алып, жұмыс жүргізу үшін жауапты орынбасарына, бөлім басшыларына, ауыл әкіміне нақты тапсырмалар берді.

Сондай-ақ аудан әкімі шұбарлықтарды Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған “Таза Қазақстан” акциясына белсене қатысуға, ауданның тазалығына, абаттандырылуына, көгалдандырылуына атсалысуға шақырды.

Жиыннан соң аудан басшысы Шұбар ауылының тұрғыны Саяра Джолбарисованың шаруашылығымен танысты. Ол өткен жылдың соңында “Ауыл аманаты” жобасына қатысып, 2,5 пайызбен 6 млн теңге алып, ауласындағы 10 сотық жерге жылыжай салған. Бүгінде жылыжайға егілген қияр алғашқы өнімін бере бастаған.

Әкімдердің халықпен кездесуі – билік пен қоғамның, әсіресе өңірлердегі диалогын орнатуға негізделген кері байланыстың маңызды бағыты. Жаңа өзгерістерге сәйкес, әкімдер кездесу аяқталғаннан кейін азаматтарды жеке қабылдайды. Содан кейін проблемалы мәселелер жүйеленіп, оларды қаржыландыру мәслихат сессиясында қарастырылады. Осылайша, Қазақстан Республикасының барлық елді мекенінде тиісті өңірлердің басшылық құрамымен кездесулер өтеді.  Осы үдерістің тарихына тереңірек тоқтала кетсек. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 "Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы" Жарлыққа қол қойған болатын. Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін, олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін", - деп құжатта айтылған.

Әкім кездесулерінің икемді жылдық күнтізбесі қажет болған жағдайда тиісті мәслихаттың келісімімен жыл басында әзірленіп, жыл сайын 20 қаңтарға дейін үкіметке ұсынылуы қажет. Бұған қоса, әкім халықтың талап етуі бойынша және қажет болған кезде халықпен күнтізбеден тыс кездесіп отыруы тиіс болады. Жарлықта әкім кездесуінің регламенті де нақтылана түскен. Енді аймақ басшысы жоспарланған уақыттың "төрттен бірден аспайтын бөлігін" баяндама оқуға арнайды, ал қалған уақытты сұрақ-жауап форматында өткізеді. Бұл үшін әкім алдын ала жергілікті қоғам өкілдерінен халықтың сұрауы мен ұсыныстарын жинау жөнінде комиссия құрады. Әкімдік пен әкім аппараты кездесуге мүдделі адамдардың ауқымды аудиториясын, оның ішінде мәслихат депутаттарын, партия, қоғамдық ұйым және оппозиция өкілдерін тартсын делінген жарлықта.

Әкімдердің халықпен кездесуі – билік пен қоғамның, әсіресе өңірлердегі диалогын орнатуға негізделген кері байланыстың маңызды бағыты екенін айта кеткен жөн. Жаңа өзгерістерге сәйкес, әкімдер кездесу аяқталғаннан кейін азаматтарды жеке қабылдайды. Содан кейін проблемалы мәселелер жүйеленіп, оларды қаржыландыру мәслихат сессиясында қарастырылады. Осылайша, Қазақстан Республикасының барлық елді мекенінде тиісті өңірлердің басшылық құрамымен кездесулер өтеді.

Кездесулер халықтың талабымен және күнтізбеден тыс қажет болған жағдайда өткізіліп келеді. Егер бұған дейін ондай кездесулер есеп беру үшін ғана ұйымдастырылса, енді бұл міндетті шарт болып бекітілген. Бұған қоса, тұрғындардың талабымен кездесу бірнеше мәрте өтуі де мүмкін. Бұл ретте азаматтардың белсенді ұстанымы да маңызды. Сонымен қатар барлық деңгейдегі әкімдер тоқсан сайын ресми интернет-ресурстарда және «электронды үкімет» веб-порталында кездесу барысында халық көтерген проблемалы мәселелердің шешілу барысы туралы ақпарат жариялап отырады. Халықпен сөйлесіп, олардың мәселелерін шешуде десек, қателеспейміз. Тетіктері белгіленген. Ең бастысы - орындалуы және бақылануы маңызды.

Жалпы, Ордабасы ауданында былтыр 15,7 гектар жерге жылыжай құрылысы жүргізіліп, жоспар 105 пайызға, тамшылатып суғару 476 гектар жерге ендіріліп, жоспар 112 пайызға орындалған. Сондай-ақ, жаңбырлатып суғару жүйесі де 500 га астам алқапқа ендіріліп, жоспар 111 пайызға орындалған. Егістік жерді тиімді пайдалану арқылы «1 алқаптан 2-3 рет өнім алу» жобасы да тиімді жүзеге асты. Атап айтар болсақ, 109 шаруа қожалығы 363,7 гектарға дақылдар мен көкөністер екті. Нәтижесінде бірінші өнімнен – 7 854 тонна, екінші өнімнен 5 698 тонна өнім жиналды.Ауданда мал шаруашылығы бағытында да өсім байқалады. Оның ішінде төрт түліктің саны артуда. Жыл басынан 7 734 тонна мал мен құс еті, 37 861 тонна сиыр сүті және 10 068 мың дана жұмыртқа өндірілді.

Бүгінде Ордабасы ауданындағы кәсібінің нәсібін көріп жатқандардың бірі «Ордабек» шаруа қожалығы. Серіктестік жылқы бордақылаумен айналысады. Кәсіпкер бүгінде өнімін Алматы қаласына экспорттайды екен. Хаят Хасантаев жылқы етімен қатар қойды да бордақылауды жолға қоймақ. Ал, «Нұрислам» шаруа қожалығытауық өсіріп, оның етін сатумен айналысады. Мұнда 12000 бас тауық асырауға мүмкіндік бар. Өнімге сұраныста жоқ емес дейді кәсіпкер. Яғни, еліміз жарты жылда 4 мың тоннаға жуық қой етін экспорттаған. Басқа өңірлердегі шаруалар мүмкіндігіміз одан да көп, тек қолдау қажет екендігін айтқан еді. Өйткені малды бордақылау алаңдары жоқтың қасы. Ал Ордабасы ауданында  40 мың басқа арналған мал бордақылау кешені ашылып, мәселе шешімін таппақ.

Ордабасы ауданында «Бірыңғай Индустрияландыру картасы» аясында іске қосылған «KARLSKRONA LC AB» машина жасау зауыты да бар. Жоба құны 1,7 млрд.теңге құрайтын Бадам ауылдық округіндегі кәсіпорында гидравликалық және пневматикалық жабдықтар, шойын, болат және құрылыс металл шығарылады. Болат құю өнімдерін, стандартты емес және электр жабдықтарын өндіруге арналған машина жасау зауыты жылына 5000 тонна өнімді ішкі нарыққа өткізеді.

Өткен жылы Ордабасы ауданы, Шұбарсу елді мекенінің халқымен кездескен кезде Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ауыл тұрғындарының талап-тілегін тыңдап, өңірде қолға алынып жатқан жаңа жобалар жайлы айтып бергені есімізде. Тұрғындарға әлеуметтік мәселелерді, инфрақұрылым, жұмыс орындары және кәсіпкерлерге көмек туралы айтылған-ды. Облыс әкімі тұрғындар көтерген барлық мәселе жіті назарда болатындығын жеткізіп,ауылға халыққа қызмет көрсету орталығының қажеттігін айтқан. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары өндіріс орындарын, тігін фабрикасын ашып, жұмыс орындарын көбейту туралы айтты.

- Облыста өндіріс саласын дамыту мәселесі біздің ұдайы назарымызда. Шұбарсудың өз бренді болу керек. Дәл осы саланы дамытуды ұсынамын. Кәсіпкерлерді тартып, зауыт, фабрика, цехтар ашуға күш салу керек. Еңбекқор халқымыз кез-келген салада нәтижелі жұмыс көрсететініне сенімдімін, - деді облыс әкімі Д.Сатыбалды.

Ордабасы ауданында ауылшаруашылығы саласындағы өнімнің табысы өткен жылы 43 млрд. 175 млн. теңгені құрап, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5 млрд. 371 мың теңгеге артты. Оған қоса он ай ішінде ауданның ауылшаруашылығына 5 миллиард теңгеден астам инвестиция салынған. Бұл өткен жылға қарағанда 1,6 есеге көп. Егістік жерлерді тиімді пайдалану мақсатында екі өнім алу жобасымен аудан бойынша 90 шаруашылық айналысуда. 83 шаруашылықтың 169 гектардан алған алғашқы өнімі 4031,2 тоннаны құраған. Диқандар 126,8 гектардан екінші рет өнім жинап, қамбаларын 1 658,9 тонна өніммен толықтырған.

Кең қолданысқа ие болған  тамшылатып суару әдісі 628 гектар жерге енгізіліп, жоспар 104 % орындалды. Аудан халқын жеміс-жидекпен толық қамту мақсатында жалпы 319 гектар жерге көпжылдық қарқынды екпелер орналастырылған. Ерекше кәсіпті игерген «BS-Agro Product» ЖШС-гі жаңа инновацияны қолдану арқылы 60 гектарға суғарусыз әдісімен «Сitrullus Lanatus (Мalali)» сұрыпты қарбыз көшетін отырғызып, бүгінгі таңға 6,6 тонна қарбыз дәнін жинап алды. Дәл осы тәсілмен егілген қарбыздың дәні шетелдік косметология саласында үлкен сұранысқа ие болып отыр. Серіктестік жиналған өнімді Израиль мемлекетіне экспорттауды жоспарлауда.

Осы тұста бір айта кетерлігі, Ордабасылық диқандар мемлекет тарапынан да барынша қолдау тауып келеді. Көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жүргізуге аудандағы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге 6 110 тонна жеңілдетілген бағада жанар май бөлінген. Сонымен қатар, топырақтың құнарлылығы мен ауыл шауашылығы дақылдарының өнімі мен сапасын арттыру үшін 4 200 тонна минералды тыңайтқыштар үлестірілген. Ордабасы ауданы бойынша көкөніс пен астық сақтауға арналған жалпы сыйымдылығы 38 мың тоннадан астам 16 қойма бар. Жыл соңына дейін Бадам ауыл округінен қосымша заманауи қойманы іске қосу көзделуде.

Жалпылай айтқанда, Түркістан облысында, соның ішінде Ордабасы ауданында индустрияландыру, инвестиция тарту бағытында ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдері Қытай мен Өзбекстан мемлекеттеріне іссапармен барып, өндірісті дамыту бағытында тәжірибе жинады.

Былтыр жыл басынан бері облыс басшылығы 10 елдің 80-ге жуық өкілімен кездесті. Атап айтқанда, Түркия, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Германия, Италия, Жапония, Корея, Чехия, Грузия өкілдерімен келіссөздер жүрген. Оның ішінде инвестиция тарту бағытында сыртқы байланыстарды орнату мақсатында 30 шетелдік инвестормен және 10 ресми делегациялармен кездесулер өткен.

Қытай Халық Республикасына іссапар аясында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту және қытайлық инвесторларды облысқа тарту мақсатында 11 компаниямен 2,6 трлн. теңгені құрайтын келісімдерге қол қойлыған. Облыстың кәсіпкерлері Қытайдан инвестиция тартып, жобаларды жүзеге асыру жұмыстарын бастап кеткен.

Сондай-ақ, қазіргі таңда өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретін бірнеше маңызды жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 30,2 млрд теңге болатын 20 жоба іске асырылып, 594 жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Бүгінде 384 жаңа жұмыс орнымен жалпы құны 11 млрд теңге 10 жоба іске қосылды. Бұл бағытта жұмыстар жалғасады. Өңірде ірі жобаларды іске асыру есебінен өзіндік кірістерді алдағы 5 жылда қосымша 100 млрд теңгеге көбейту көзделіп отыр. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде 20 жобаны жүзеге асыру жоспарланса, бүгінгі таңда 10 жоба іске қосылды (11 млрд теңге, 384 жұмыс орны).

Облыс экономикасына тартылған инвестиция көлемі 1,4 есе артып, 751 млрд теңгеден асты. Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 225,3 млн АҚШ долларына жетті. Жалпы құны 3,3 трлн теңге болатын 194 инвестициялық жобалардың пулы қалыптасты. Олар 2023-2026 жылдар аралығында іске қосылып, 16 467 жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Биыл 51 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып, жыл басынан 39 жоба іске қосылды. 1230 жұмыс орны ашылған.

2023 жылы Түркістан облысының экономикасына 972 млрд. теңге тартылып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 126,1%-ға артты. Оның ішінде жеке инвестициялар 705,1 млрд. теңге болса, бюджеттік инвестициялар – 266,9 млрд. теңге. Өсім динамикасы бойынша облыс республикада 3-орында тұр. Үкіметпен бекітілген жоспар (908,2 млрд. теңге) 107%-ға орындалды.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірді дамытуда инвестиция тарту, ауыл шаруашылығын дамыту, өндірісті дамыту және туризм саласына басымдық беріп отыр. Оның ішінде инвестиция тартуға айрықша көңіл бөлінген.  Өңірлік инвестициялық штаб тұрақты түрде жұмыс істеп тұр. Штаб отырысында инвесторлармен тікелей байланыс орнатылып, нақты келісімдер жасалады.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 108 рет