Халықпен кездесуге сондай-ақ аудандық мәслихаттың төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостандық Жәкей, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Бақытжан Бекбосынов, “Amanat” партиясының аудандық бөлімшесінің жетекшісі, аудандық мәслихаттың депутаттары, салалық бөлімдердің басшылары, мекеме директорлары, ауыл оругтің белсенділері қатысты.
2023 жылғы есепті кездесулерде ауылдық округ бойынша әлеуметтік-экономикалық салалар бойынша 22 мәселе көтерілген. Оларды шешу бойынша арнайы іс-шара жоспары жасалған. Бүгінде олар кезең-кезеңмен шешілуде.
Шешімін тапқан мәселелер:Қайнар ауылы, А.Құмарұлы көшесімен О.Ешимов көшесінің қиылысындағы апатты жағдайда тұрған электр бағанасы “Оңтүстік Жарық Транзит” ЖШС тарапынан 2023 жылдың қараша айында ретке келтірілді.
Сондай-ақ Шымкент-Арыс тас жолының Жамбыл ауылы арқылы өтетін аумағына «сергек» бейнебақылау камерасы орнатылды. Сонымен қатар, жол кедергілері жасалды. Одан бөлек, Жамбыл елді мекені, Қалау Датқа көшесінің қосымша трансформатор орналастырылды.
Қайнар елді мекеніндегі қаңғыбас иттерді аулап жою сұранысы бойынша Бөржар ауыл округінде 50 қаңғыбас ит мысық ауланды. Ұялыжар елді мекенінен балалар ойын алаңшасын салу мәселесі көтеріліп, алаңшасы орнатылып, пайдалануға берілді. Қалған мәселелер бақылауға алынып, салалық бөлімдер, ауыл әкімдігі тарапынан тиісті жұмыстар жүруде.
Аудан басшысы Азат Әбдіғалиұлы Бөржар ауылдық округінде 2024 жылы әр бағытта жүзеге асырылатын жобаларға, жұмыстарға кеңінен тоқталып, бөржарлықтардың сауалдарына жауап берді. Сондай-ақ ауылдық округтің тұрғындарын “Таза Қазақстан” республикалық акциясына үлес қосуға шақырды.
Ордабасы ауданында сондай-ақ, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша шаруаларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жекелеген азаматтарды кооперативке бірігіп, аудандағы ірі сүт өндірісі, мал бордақылау алаңдарын қажетті жем-шөппен қамтамасыз ету жолдары түсіндірілуде.
«Қазіргі таңда шаруаларға кооперативке бірігу тиімді болып отыр. Ұжымдастыруға 27 миллион теңгеге дейін қолдау көрсетіліп, аталған қаржы ұжымның техникалық базасын нығайтуға, техниакаларын жаңартуға жұмсалады. Жекелеген шаруалар кепілге қойылған мүлкі арқылы 8 миллион теңгеге дейін көмек алып, мал азағымен қамтамасыз ететін коператив төңірегіне топтаса алады. Ауданымызда «Ауыл аманаты» бағдарламасы мал шаруашылығында сүт өндірісі бағытында, өсімдік шаруашылығында жылыжай бағыты бойынша жүзеге асырылады. Бөржар ауылында шаруалар құс, мал шаруашылығы бойынша аталған бағдарламаға қатыса алады», — дейді аудан әкімі.
Ордабасы ауданы аграрлы аудан болғандықтан, экономиканың қозғаушы күші мен табыс көзі де — ауылшаруашылығы саласы. Диқандар биыл 71 553,5 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда егіс көлемі 2 000,5 гектарға ұлғайды.
Айта кетерлігі, ауданда «Жақсылық» шаруа қожалығы 300 гектар алқапқа егілген жүгеріден маусымында 10 мың тонна сүрлемдік жүгері дайындауда. Бұл ретте негізгі тұтынушы «Бөрте-Милка» ЖШС болып табылады. Қажеттілігі 8 мың тоннаны құрайды. Сүрлемдік жүгері дақылының сүтті бағыттағы ірі қара малдың сүтінің өнімділігі мен майлылығына әсері зор екендігін ескерген жөн.
Тұрғындарды мал азығымен қамту бағытында арнайы ұйымдастырылған семинарда Азат Әбдіғалиұлы «Ауыл аманаты» пилоттық жобасына Бадам, Шұбар, Бөржар, Қараспан ауыл округі енгізіліп, 8 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылған тілге тиек етті.
Аудан басшысының айтуынша, кооператив мүшелері белгіленген 6 бағытта да несие алуға мүмкіндігі бар болып, бүгінгі таңда «Ырыс» МҚҰ ЖШС-не 259 өтінім қабылданып, жоба құны 1 миллиард 393 миллион теңге, оның ішінде 185 өтінім – 1 миллиард 158 миллион теңге мақұлданған. Оның ішінде 124 жоба — 723 миллион 050 мың теңге қаржыландырылған. Қаржыландырылған 124 жобаның 107 жобасы мал шаруашылығын дамыту бағытындағы жоба болған. Алдағы уақытта шаруа қожалықтармен келісімшартқа тұрып, сүрлемдік жүгері дайындауға болады. «Жақсылық» шаруа қожалығының жылына 20 мың тоннаға дейін сүрлемдік жүгері дайындауға мүмкіндігі бар.
Осы орайда атап өтерлігі, Үкімет Президенттің ауыл шаруашылығы кооперациясы арқылы ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі тапсырмасын белсенді түрде жүзеге асырып келеді. Бұл мақсатта «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылып отыр, оның шеңберінде ауыл тұрғындарына жылдық 2,5%-бен 5-7 жыл мерзімге шағын несие беріледі.
Жобаның орындалу барысы ҚР Үкіметі Аппараты жанындағы «Ауыл Аманаты» жобалық кеңсесінің кезекті отырысында талқыланды. Жиынға Премьер-Министрдің орынбасары Т.Дүйсенова қатысты. Ауыл шаруашылығы министрлігінің өңірлердегі жобасының іске асырылу барысы және жергілікті атқарушы органдардың бөлінген несиелік ресурстарды игерілуі туралы есептері тыңдалды.
Мәселен, былтырғы жылдың 13 қыркүйегінде 1388 ауылдық округті қамтитын 42 миллиард теңге сомасына 7429 шағын несие берілді. Оның 85%-ы мал шаруашылығы саласына (35,8 миллиард теңге), 7%-ы өсімдік шаруашылығына (2,8 миллиард теңге), 5%-ы кооперативтер үшін ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алуға және 2,6%-ы басқа бағыттарға (1,1 миллиард теңге) берілген.
Жиын қорытындысына сәйкес Премьер-Министрдің орынбасары жауапты мемлекеттік органдар мен өңірлерге облыс, аудан, ауылдық округ деңгейінде жобалық кеңселер құру, цифрлық платформаны әзірлеу процесін жеделдету жөнінде тапсырмалар берді.
Барлық деңгейдегі әкімдіктерге жыл соңына дейін ауылдық округтерге скрининг жүргізу, олардың экономикалық мамандануын айқындау, сондай-ақ ауылдық кооперативтер құру жұмысын жандандыру тапсырылды.
Сондай-ақ Жамбыл және Ақтөбе облыстарының оң тәжірибесі ұсынылды. Онда жобаны іске қосу алгоритмінен бастап, ауылдық округтерге скрининг жүргізу, ауыл шаруашылығы кооперациясын құру, дайын ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу тізбегін ұйымдастыру үдерісін реттей алды.
Жалпы, Ордабасы ауданының экономикалық дамуы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының жіті назарында екенін айта кеткен жөн. былтыр Ордабасы ауданы тұрғындарымен кездесуінде аймақта жұмыс орындарын көбейту, кәсіпорындар ашу, индустриалды аймақты дамыту жұмыстарына басымдық берілетінін айтқан болатын. Сонымен бірге инфрақұрылымды жақсарту да күн тәртібінен түспейтінін де атап өткен еді.
– Ордабасы ауданының өндірістік мүмкіндігі жоғары. Индустриалды аймақтың инфрақұрылымын жақсартып, жұмысын күшейтеміз. Тұрғындар тарапынан көтерілген ауыз су мәселесін тікелей бақылауыма аламын. Біз бірінші кезекте елді сапалы ауыз сумен қамтуымыз керек. Газдандыру мәселесі де бақылауда тұр. Осы бойынша арнайы мәжіліс өткізіп, жұмысты жоспарладық. Табиғи газ жүйесімен қамту үшін 25 елді мекенде 30 газ нысанының құрылысы жүріп жатыр. Оған бюджеттен қаржы қаралған. Қазіргі уақытта министрліктермен қажетті жұмыстарды атқарудамыз. Жалпы кездесулер мен қоғамдық қабылдауда көтерілген мәселелер, тұрғындардың өтініштері жұмыс жоспарына енгізіледі. Ол өтініштердің орындалуы, мәселелердің шешілуі бойынша аудан әкімдері мен сала басшыларымен тұрақты кездесіп, талқылаймыз. Жұмыстарды соңына дейін жеткіземіз, – деген болатын Дархан Сатыбалды.
Облыс әкімінің айтуынша, аудан тұрғындарымен кездесулер нәтижесінде көптеген мәселе шешімін тапқан. 2022 жылы Шұбарсу елді мекеніне арнайы қаржы қаралып, 7581 абонент сапалы электр энергиясымен қамтылды. Биыл бұл жұмыстар жалғасып, қосымша 6 мыңға жуық абонентке сапалы электр энергиясы ұсынылады деп күтіліп отыр. Ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 10 нысанның жұмысы қолға алынған. Алдыңғы жылы Аққойлы және Қарабастау елді мекендеріндегі құрылыс аяқталса, 5 елді мекендегі 8 ауыз су нысанының жұмыстары былтыр аяқталды.
Ордабасы ауданындағы Дербес, Ақпан, Жұлдыз, Қарақұм, Елшібек батыр, Шұбарсу, Төрткүл, және Жеңіс елді мекендерінде 3 млрд. 151 млн. теңгеге жалпы ұзындығы 96,3 шақырымды құрайтын 51 көшеге асфальт төсеу жұмыстары жүргізілген.
Әр кездесу барысында тұрғындар ауыз су, газ, жол, жер дауы, мектеп, спорт кешенін салу және өзге де мәселелерді қозғайды. Басқарма басшылары мен құқық қорғау органдары жетекшілерінің бірыңғай қабылдауында да тұрғындар басшылармен тікелей жүздесіп, өтініштерін айтқан-ды. Облыс әкімі әрбір өтініш бойынша тиісті жұмыс жүргізілетінін жеткізген.
Ордабасы ауданында 2022 жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында тиісті қаржы бөлініп, Шұбарсу, Қажымұқан елді мекендерінде 2 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. 2023-2025 жылдары аралығында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 5 мектеп салу жоспарланып отыр.
Ауданда негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 33,9 млрд. теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 10,7 млрд. теңгеге артты. Алдағы екі жылда Ордабасыда жалпы құны 103,5 млрд. теңгеге 6 жобаны іске асыру жоспарлануда. Жобалар толық іске асырылған жағдайда 900-ден астам жұмыс орын ашылады.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат