Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев Қарақұм ауылдық округінде болып, тұрғындармен кездесті. Алдыңғы кездесуде қарақұмдықтар тарапынан Қарақұм ауылының К.Стаев көшесіне жол кедергісін қою, ауылдағы қаңғыбас иттерді аулап жою, Қарақұм ауылындағы А.Молдағұлова және Т.Әубакиров көшелеріне жарықшам орнату, Жаңа құрылыс аумағындағы көшелерге тас төсеу мәселесі көтерілген болатын. Алғашқы екі мәселе орындалып, қалған екеуі бойынша жұмыстар жүруде. Мәселен, жаңа құрылыс аумағындағы жолдарға тас төсеуге 2025 жылға сметалық құжаттама әзірленіп, қаржы қарастыруға сұраныс жолданған.
Аудан басшысы Қарақұм ауылдық округінде ағымдағы және алдағы жылдары қолға алынатын жұмыстарға кеңінен тоқталды. Сондай-ақ ауыл тұрғындарын ауылды таза ұстауға, сенбілік шараларына белсенділік танытып қатысуға шақырды. Кездесуде қарақұмдықтар өздерін толғандырған мәселелер бойынша сауалдарын қойып, оларға аудан әкімі және салалық бөлім басшылары тарапынан жауаптар алды.
Мегаполиске жақын орналасқан әрі транзиттік әлеуеті жоғары Ордабасы ауданының болашағы зор екенін көптеген экономист мамандар айтып жүргені белгілі. Оған барлық алғышарттар бар. Әсіресе кәсіпкерлік пен индустриалды аймақтарды дамытуға мүмкіндігі мол. Алдағы уақытта Ордабасы ауданының инфрақұрылымы одан сайын жақсара түседі деген болжам бар. Ордабасы ауданында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында жиырмадан аса елді мекенде бірнеше ондаған жоба іске асырылуда. Қызылжар, Көлтоған, Төреарық, Ықылас Темір және Дербес елді мекендерінде 5 фельдшерлік-акушерлік пунктің құрылысына республикалық бюджеттен қаржы қаралды Құрылысы 2023 жылы аяқталды. 14 елді мекендегі 47,2 шақырым болатын 20 көшеге қаржы қаралып, асфальт төсеу жұмыстары жүргізілудеАл, ең өзекті мәселелер – газ, ауыз су, электр тарту және жол салуға басымдық берілмек.
Айта кетерлігі, алдағы уақытта «Батыс Қытай – Батыс Европа» автодәлізінің Бадам-Шұбар автожолының қиылысқан тұсындағы 400 гектар аумаққа жоспарланған бірегей кешенде автотұрақ, әкімшілік кеңсе, асхана, мұздатқыш қойма, құрама жем өндіру цехы, мал азығын сақтау орны, мал базары және 40 мың басқа арналған мал бордақылау алаңдары болмақ.
Жоба кешені логистика жүйесінің қолайлылығымен ерекшеленеді. Халықаралық автожол арқылы дайын өнімді 30 шақырым қашықтықтағы үшінші мегаполсике 20-25 минутта жеткізуге болса, тоңазтылған ет өнімдерін көршілес облыстар мен шет елдерге (Өзбекстан, Ресей) экспорттауда қолайлы темір жол желісі де аудан іргесінде тұр.
Ірі қара малды азықпен (жем,шөп) қамтамасыз ету үшін арнайы кешен аумағында құрама жем цехы орналастырылып, мал бордақылаушы шаруаларға төмендетілген бағада ұсынатын болады. Мал бордақылау алаңдарындағы ірі қара малдарға арнайы ветеринариялық лабораториядан тексерулерден тұрақты өткізіліп отырады. Дайын болған бұқашықтар мал сою бекетінде сойылып, бастапқы өндеуден өткізіліп, республика аумағымен шет мемлекеттерге экспортталатын болады.
Жоба бойынша 40 мың бас мал бордақылау алаңдарына шамамен 1 айналымда 36 мың тонна шөп, 48 мың тонна жем азығы қажет етеді. Бұл қажеттілікті ауданның егістік, шабындық алқаптарынан алынатын жем-шөп қоры қамтамасыз етпек. Мал бордақылау алаңын қажетті инженерлік-инфрақұрылымын қамтамасыз ету мақсатында ауыз су, электр жарығы, көгілдір отын, асфальт, көше жарықтандыру жұмыстары бойынша арнайы жобалар әзірленіп, тиісті мекемелермен бірлескен жұмыстар қолға алынуда.
Аудан әкімінің айтуынша, ең әуелі ауылға республикалық бюджеттен қаралған қаржыға ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр, ондағы ауыз су, электр, автожол, табиғи газбен қамту бойынша көптеген жұмыстар істелінуде.
Мәселен, былтыр Шұбарсу ауылын ауыз сумен қамтамасыз ету құрылысының І кезеңі аяқталып, 1 965 тұрғын немесе 655 абонент ауыз сумен қамтылса, ІІ, ІІІ, IV, V кезеңі жыл соңына дейін аяқталып, жеке -жеке 3 333, 3 584, 3 142, 3 191 абонент таза, сапалы ауыз суға қол жеткізілген. Мұнан бөлек, Шұбарсу елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз етудің бірінші кезеңі бойынша ішкі желі құрылысы басталып, қазіргі таңда, полиэтилендік газ желілерінің қазу және көму жұмыстары жүргізілсе, ІІ кезең бойынша полиэтилендік газ желілерінің қазу және көму, ШРП тіреуіштері орнатылды. Ал, ІІІ кезеңде темір болатты және полиэтилендік газ құбыры мен ГРП бағанасы орнатылса, ІV кезеңде де темір құбыр және полиэтилен газ құбыры жүргізілген.
Ордабасы ауданында өндірісті дамытуға мүмкіндік мол. Индустриалды аймақ қолайлы аумақта орналасқан. Облыс, аудан басшылығы индустриалды аймақты одан әрі кеңейтіп, кәсіпорындар ашуға күш салмақ ниетте. Инфрақұрылым мәселесі толық шешіліп,инвесторлар мен кәсіпкерлерге қолдау көрсетілетін болады.
Бүгінде Ордабасы ауданында «Стандарт Ресурсис» ЖШС-нің мұнай өңдеу зауыты жұмыс істеп тұр. Өндіріс орнының құрылысы 2020 жылы аяқталған. Жұмысының ІІ кезеңін биылғы жылдың екінші жартыжылдығында іске қосқан. Жылына 100 мың тонна шикізат өндіреді. Жоғары маркалы бензиннен бастап, бірнеше өнім шығарылады. 200-ге жуық адам жұмыспен қамтылған. Олардың орташа айлығы 120-150 мың теңгені құрайды. Көмір-химия зауытының әлеуетін мамандар жоғары бағалап отыр.
Ауданда полиэтилен бұйымдарын қайта өңдейтін және синтепон талшығын өндіретін «GREEN TECHNOLOGY INDUSTRIES» зауыты бар. Бадам ауылындағы «Бадам» индустриялды аймағында орналасқан зауыттың инвестициялық құны – 6800,0 млн. теңге. Жобаның I кезеңі ПЭТ қалдықтарын тазарту және ұсақта турап флекс өнімін алу жобасы 2018 жылы «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылды. 2018 жылдан бері шығарылып жатқан флекс өнімі Ресей федерациясына экспортталуда. Кәсіпкерлікке қолдау бағытындағы жұмыстар жандана түспек. Индустриалды аймақтың кәріз жүйесін реттеу мәселесі маңызға ие.
Ордабасы ауданында «Бірыңғай индустрияландыру картасы» аясында 2022-2025 жылдары жалпы инвестициялық құны 105,7 млрд. теңге болатын және барлығы 1060 жаңа жұмыс орнын құратын 6 жобаны іске асыру жоспарланған. Биыл 3 жоба іске қосылды. Ал, «Бадам» индустриалдық аймағында жалпы құны 21 млрд. 234 млн. теңгені құрайтын 6 жоба орналасқан.
Ауданда өнеркәсіп саласында 9 айда 21 млрд. 190 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, алдыңғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 804 млн. теңгеге, ал нақты көлем индексі 0,3%-ға артты. Жыл қорытындысымен межеленген 28 млрд. теңгенің өнімі өндірілмек. Ордабасы ауданына 9 айда 26 млрд. 251 млн. теңге инвестиция тартылды. Бұл алдыңғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 10 млрд. 955 млн. теңгеге артық. Соның ішінде жеке инвестициялар – 14 млрд. 851 млн. теңге.
Ордабасы ауданын әлеуметтік-экономикалық дамыту мәселесі облыс әкімінің назарынан тыс қалған емес. Мәселен, былтыр қараша айында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен Ордабасы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде мәжіліс өтті. Ауданға арнайы барған өңір басшысы жауапты басқарма басшылары мен аудан әкіміне жұмысты ширату жөнінде тапсырма берді.
– Биыл көзделген 6 инвестициялық жобаны іске асыруды тапсырған болатынмын. «Ордабасы Сапар» орталығы мен «RZN» компаниясының газоблок өнімдерін өндіру жобасы бүгінгі күнге іске асырылмаған. Ауданға инвестиция тарту, жаңа зауыттар мен кәсіпорындар ашу жұмыстарын күшейту қажет. Аудан әкімі жуырда делегация құрамында Қытайға барып, кәсіпорындарымен танысып келді. Енді сол сапардан нәтиже көрсетіп, жаңа өндіріс орындарын ашуға бар күш-жігеріңізді салып, ауданның инвестициялық климатын жақсарту керек. Бұл үшін барлық ресурс бар. Атап айтқанда, индустриалды аймақ ашылған. Мүмкіндіктерді пайдаланған жөн. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында қордаланған мәселелер бар. Соңғы жылы пайдалануға тапсырылған инфрақұрылым нысандарына зерделеу жұмыстарын жүргізіп, анықталған кемшіліктер бойынша баяндауды тапсырамын, – деген Дархан Сатыбалды басшыларға бірқатар міндет жүктеген болатын.
Атап айтқанда, кіріс көздерін ұлғайту, жұмыссыздықты азайту, білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік саладағы мәселелерді шешу жүктелді. Құрылысы созылған 3 мектептің жай-күйі де айтылды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласында заманауи озық технологияларды енгізу туралы тапсырма берілді. Кемшіліктер ашық айтылды. Ағын су жүйелерінің тозығы жеткен, қоқысқа толып қалған. Механикалық тазалау жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмеген. Пайдаланылмай жатқан және заңсыз пайдаланудағы жер телімдерін қайтару жұмыстары баяу жүргізілуде.
Жалпы, ауданда кәсіпкерлікпен айналысамын дейтін азаматтарға қолдаулар көрсетіліп жүр. Мәселен, былтыр жыл аяғында аудан әкімі Азат Оралбаев «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізіне іргелес 10 гектар аумақтан өз кәсібін ашуға ниетті аудан кәсіпкерлерімен пікірлесіп, әкімдік тарапынан көрсетілетін қолдау туралы айтып бергені есімізде.
– Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының ұйымдастыруымен Қытайға сапарымызда ондағы аудан-қалалар іргесінде шоғырланған шағын өндіріс ошақтарымен танысқан болатынбыз. Сол жобаны ауданымыздың шарт-жағдайына сәйкес жүзеге асыру үшін Шұбар ауылдық округі аумағынан 10 гектар аумақты арнайы өндіріс аймағы ретінде белгіледік. Ендігі мақсат – өндіріспен айналысуға қажетті жобасы мен қаржысы бар азаматтарға сол аумақтан тегін жер телімін беру арқылы жергілікті тауар өндірушілердің қатарын көбейтіп, жұмыссыздық деңгейін төмендету, – деген болатын аудан әкімі.
Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Фатима Ташимова 10 гектар алқапты құрайтын арнайы өндіріс аймағында кәсіп бастауға ниетті азаматтардың жобаларымен таныстырды. Салалық бөлім басшысының хабарлауынша, қазіргі таңда ауылдық округтерден 18 өтінім келіп түскен. Жобалардың басым бөлігінде құрылыс өнімдері, тамақ өндірісі, тұрмыстық химия саласына басымдық берілген. Кездесу барысында қатысушылар тарапынан бизнес жоба болғанымен, қаржылық қуаты өндіріс орнын дөңгелетіп алып кетуге қауқарсыз екендігі де айтылды.
Аудан әкімі Кәсіпкерлік бөліміне алдағы уақытта ауданның барлық кәсіпкерлерінің басын қосып, бизнес саласындағы мәселелерді кең ауқымда бірлесіп талқылайтын ашық платформа ұйымдастыруды жүктеді. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында жұмыстарды жандандыруды тапсырды. Өз кәсібін ашуға ниетті азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі.
Ордабасы ауданындағы басқа да атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтап өтер болсақ, аудандағы су нысандарының су өткізу қабілеттілігін арттыру үшін 7,2 млрд. теңге бөлініп, 9 каналды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Қараспан су торабымен (құны – 1,2 млрд. теңге), Қараспан магистралді каналына (құны – 3,5 млрд. теңге) күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Былтыр 2 нысанның жөндеу жұмыстары аяқталды. Қалған каналдарды биылғы жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Былтыр сондай-ақ, 21 каналдың 44,5 шақырымына механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді.
Ағымдағы жылдың соңына дейін ауданда инвестициялық құны 10,8 млрд. теңгені құрайтын 8 жобаны іске асырып, 328 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Биыл 6 айда 1,2 млрд. теңгеге 2 жоба іске қосылып, 72 жұмыс орны ашылды. Екінші жартыжылдықта құны 9,6 млрд. теңгеге 6 жобаны іске қосу жоспарлануда.
Ауданда жаңа өндірістік кәсіпорындарды ашу үшін 27 гектарды құрайтын инфрақұрылыммен қамтылған индустриялды аймақ құрылған. Индустриялды аймақта 1 млрд. теңгені құрайтын 2 инвестициялық жобаның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобалар іске асырылған жағдайда ауданға 1,7 млрд. теңге инвестиция тартылып, құрылған жұмыс орындарының саны 150-ден асады.
Халықты қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар қарқынды атқарылуда. Соңғы 3 жылда 685 гектар жер жаңа үйлерді салу үшін инфрақұрылыммен қамтылып (ауыз су, электр желісі), 1 851 жер телімі бөлінді. Темірлан елді мекеніндегі 70 гектар аумақта инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің (ауыз су, электр желісі) құрылысы жүргізілуде (жалпы құны 234,3 млн. теңге). Ағымдағы жылдың қыркүйек айында нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Нәтижесінде, жер кезегінде тұрған 261 адамға жер беріледі.Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көшелерді түнгі жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Былтыр жалпы құны 150 млн. теңгеге 11 ойын, спорт алаңшалары пайдалануға берілді.
Атқарылатын жұмыстардың нәтижесінде қанағатты жағдайдағы жолдардың үлесін 55 пайызға жеткізу жоспарлануда. 2025 жылы аудан тұрғындары таза, сапалы ауыз сумен 100% қамтылады. Аудан бойынша 25 елді мекеннің газ жүйесінің құрылыстарына биыл 3,8 млрд.теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін 17 елді мекен газға қосылады. Тағы 15 нысанға жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Қажымұқан ауылындағы С.Ысмайлов мектебі күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы әзірленді. Жоба шеңберінде ауданда жаңадан 5 мектептің құрылысы жоспарлануда.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат