Сәрсенбі, 19 Маусым 2024 17:46

Еліміздегі ең ірі машина жасау зауыттарының бірі Сайрам ауданында орналасқан

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сайрам ауданына жұмыс сапары барысында «ЮКМЗ» АҚ «Су сорғыш станциялар және ауыл шаруашылығы техникалары, мұнай компанияларына арналған техникалар, полимер бұйымдар» шығаратын зауытта болды.

Зауыт басшысы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, жоспарлармен бөлісті. Жеке кәсіпкердің ұсынысын тыңдаған аймақ басшысы кәсіпорындардың мүмкіндігін кеңейтуге мемлекеттік қолдау жолдарының қарастырылатынын жеткізді. Бұл машина жасау зауытының іргесі 1931 жылы қаланған. Жылына 100 насос шығаруға қауқарлы зауытта 181 адам жұмыспен қамтылған. Жер көлемі – 5,6 гектар.

– Өңірде кіші және орта кәсіппен айналысатын азаматтар саны жыл сайын артуда. Басым көпшілігі мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен ісін бастап жатыр. Кәсіп ашамын, кәсібімді одан әрі кеңетемін деген азаматтарға әкімдік тарапынан мүмкіндігінше қолдау көрсетіледі, – деді Дархан Сатыбалды.

«ЮКМЗ» АҚ – Қазақстандағы ең ірі машина жасау зауыттарының бірі. Кәсіпорын 2000 жылы бұрынғы КСРО аумағында ішкі және сыртқы нарыққа жоғары сапалы машина жасау өнімдерін ірі жеткізушілердің бірі ретінде танымал «Манкентсельмаш» ААҚ негізінде құрылған. Кәсіпорын еліміздегі мал шаруашылығы фермалары мен шалғай жайылымдар үшін су көтергіш техника мен арнайы техниканы жалғыз жеткізуші болып табылады. Зауыт СНП-500/10 типті сорғы станцияларын шығаратын жетекші өндіріс орындарының бірі. Аталған сорғылар нарықта сұранысқа ие.

Өндіріс орны «Алматы – Термез» халықаралық тас жолының жанында орналасқан. Өз теміржолы және автомобиль кіреберіс жолдары бар. Сонымен қатар, электрмен жабдықтауға арналған қосалқы станциялармен, ауыз сумен қамтамасыз ету үшін су қабылдағыш алаңмен, дамыған кәріз желісі, механикалық жөндеу базасы, сапаны бақылау бөлімі мен зертхана, конструкторлық-технологиялық бөлімдермен жабдықталған.

Машина жасау зауыты «Оңтүстік Қазақстан Индустриалды-инновциялық колледжінің»құрылтайшысы. Ақсукент ауылында орналасқан колледжінде болған облыс әкімі Дархан Сатыбалды оқу базасымен танысты. Колледж оқытушыларымен кездесіп, білім ошағының даму мүмкіндіктерін пысықтады.

Білім ордасында жалпы білім беретін шеберханалар, зертханалар, компьютерлік және лингофон сыныптары бар. Колледж 10 бағыт бойынша мамандарды даярлайды. Атап айтқанда, талапкерлер «Ауыл шаруашылығын механикаландыру», «Дәнекерлеу ісі, ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану, «Бағдарламалық қамтамасыз ету», «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Машина жасау технологиясы», «Электрмен қамтамасыз ету», «Нан пісіру, макарон және кондитер өндірісі», «Әлеуметтік жұмыс», «Полимерлік өндіріс технологиясы» мамандықтары бойынша білім ала алады.

Сондай-ақ, тағы бір айта кетерлік жаңалық, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түркиядан келген инвесторлармен кездесті. Облыс әкімі атақты B.B.NURA басшысы Фатих Эргезерм және VIAMEDIS басшысы Асет Ахметов бастаған делегациямен Түркістан облысына денсаулық сақтау саласына инвестиция тарту бойынша бірқатар жобаларды жан-жақты талқылады. Тараптар 500 орындық реабилитациялық орталығы бар медициналық кешен, созылмалы бүйрек жетіспеушілігінен зардап шегетін науқастарды емдеумен айналысатын амбулаторлы диализ орталықтарын ашу бойынша талқылады.

Барлық орталықтар Америка, Германия мен Жапониядан шығарылған жетекші өндірушілердің заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталмақ. Сондай-ақ түрік компаниясы мемлекеттік-жекеменшік негізде бірқатар емханаларды дамытуға үлес қосуға ниетті.

Облыс әкімі өз кезегінде, өңірге қажетті жобалар бойынша инвесторларға барынша қолдау көрсетілетінін айтты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық пилоттық жобасы аясында облыс аумағындағы 49 медициналық санитарлық алғашқы көмек нысандарының құрылысы 2024 жылға жоспарланған.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару және сол мақсатта мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін тиімді пайдалану тапсырылған болатын. Осы бағытта жеке инвестор есебінен бірнеше ФАП құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар облыс аумағында жаңа құрылысты қажет ететін 61 медициналық нысандарды 2025-2026 жылдар аралығында инвестиция тарту арқылы іске асыру жоспарлануда.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 82 рет