Сейсенбі, 24 Қыркүйек 2024 18:54

Отырар ауданында 1180 гектар жерге су үнемдеу технологиясы пайдаланылған

Бүгін Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы ауыл шаруашылығы саласының мамандарымен бірге Ақтөбе ауыл округіне барып, су үнемдеу технологиясын енгізу жұмыстарымен танысты.

Алдымен елді мекендегі «Мұрат» шаруа қожалығының жүгері алқабында болып, шаруашылық төрағасымен кездесті. Кәсіпкер Мұрат Нұрғали тамшылатып суғару технологиясының көмегімен 300 гектар жерге жүгері дақылын еккен. Су үнемдеу арқылы өнімділікті арттыруды мақсат еткен шаруа «Valley» компаниясымен коммерциялық ұсыныс жасасып, қажетті құрал жабдықтарын сатып алған. Сондай-ақ су жинайтын бассейн салып, тамшылатып суғару әдісі арқылы жүгеріден мол өнім алып отыр. Қуаттылығы 2400 тоннаны құрайтын шаруақожалықта 10 адам жұмыс істейді.

Аралау барысында аудан басшысы: «Ауданда су үнемдеу технологиясын пайдаланып көруге ниет білдірген шаруалардың қатары артып келеді. Бүгін біз бұл жобаның тиімділігіне тағы да көз жеткізіп отырмыз. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру керек. Біздің мақсат суды үнемдеу арқылы су тапшылығының алдын алу және өнімділікті арттыру»,-деді.

Кездесуде кәсіпкер су үнемдеу технологиясын қолданудың тиімділігін айтып, егістік көлемін ұлғайту бағытындағы жоспарларымен бөлісті.Биыл Отырар ауданында 35 мың гектар жерге егін егілген. Соның ішінде 826 гектары тамшылатып суғару әдісі, 354 гектары жаңбырлатып суғару әдісі, жалпы 1180 гектар жерге су үнемдеу технологиясы пайдаланылған.

Ауыл шаруашылығы саласында қолданылып жатқан озық технологияның бірі – тамшылатып суару. Түркістан облысында көптеген шаруа қожалықтары осы әдіске көшкен. Арнайы құрылғылар арқылы жасалатын бұл жүйенің тиімділігі көп. Атап айтқанда, тыңайтқыш көлемі 5-6 есе азаяды және мол өнім алуға болады. Ең бастысы, су үнемделеді.Түркістан облысының шаруалары бірнеше жылдан бері егістікті жаңбырлатып және тамшылатып суару әдісіне көшіп жатыр. Техниканы тасымалдаушылар қондырғыны іске қосу, бассейн мен құдық қазу, тоқ беретін генераторды орнату секілді жұмыстарды толық мойнына алады. Алып техника бір жүргенде кемінде аумағы 500 метр жерді суарады.

Заманауи қондырғылар АҚШ, Израиль, Еуропа, Қытай, БАӘ мен Қытай елдерінде жасалады. Облыста су үнемдеу технологияларын шығаратын кәсіпорындарды ашу инвестициялық жобалары жүзеге асуда. Жаңбырлатып суару машиналарын шығаратын еліміздегі тұңғыш зауыт Түркістан облысында іске қосылғанын да айта кеткен жөн.  Сонымен қатар «ZHANASSYL» ЖШС-нің құны 6,1 млрд. теңгені құрайтын тамшылатып суару құрылғыларын шығаратын зауыт жобасы әзірленуде.

Аталған жобалар есебінен және Ауыл шаруашылығы министрлігінің су үнемдеу технологияларына кеткен инвестициялық шығыстарды өтеу үлесі 80 пайызға ұлғайту ұсынысы негізінде облыста су үнемдеу технологияларын ендіру жоспарын толығымен орындауға мүмкіндіктер бар. Қазіргі таңда жалпы алаңы 10,5 мың гектарға су үнемдеу технологияларын ендіру бойынша құны 17,8 млрд. теңгені құрайтын 11 инвестициялық жоба дайын.

Мамандардың айтуынша, жаңбырлатып суғару әдісі – халықтың әл- ауқатын арттырып қана қоймай, өңірдегі экологиялық жағдайдың жақсаруына да септігін тигізіп отыр. Жаңбырлатып суару қондырғыларының заманауи түрлерін мамандар бағдарламасын ұялы телефонға жүктеп алып, үйде отырып та басқаруға болатынын айтады. Ауыл шаруашылығы саласында кеңінен етек жайғалы отырған машина станциясының тиімді тұстары көп. Ол техникалық қызмет көрсетуде қарапайымдылығымен ерекшеленеді. Әрі қауіпсіз. Энергия көзі ретінде дизель генераторы қолданылады. Ең бастысы – экономикалық жағынан тиімді. Жаңбырлатып суару әдісінің арқасында арықпен суарылған жерлерге қарағанда астық молырақ жиналады.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 62 рет