Бейсенбі, 05 Қараша 2026 11:17

Кентау қаласында отандық күштік трансформаторлар өндірілуде

Түркістан облысының Кентау қаласында электр энергетикасы саласын дамытуға бағытталған жаңа өндірістік жоба жүзеге асырылуда. «Кентау» күштік трансформатор зауыты ЖШС «TURAN» арнайы экономикалық аймағында орналасып, отандық күштік трансформаторлар өндірісін қолға алды.

Кәсіпорынның негізгі бағыты – электр энергиясын таратуға және электр желілерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге арналған күштік трансформаторлар шығару. Зауытта қуаты 25 кВА-дан 630 кВА-ға дейінгі майлы күштік трансформаторлар өндіріледі. дейінгі майлы трансформаторлар өндіріледі. Олар өндірістік нысандарда, ауыл шаруашылығында, әлеуметтік және коммерциялық инфрақұрылымда пайдалануға арналған. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында кәсіпорын алғашқы трансформаторын өндіріп, жаңа өндірістік кезеңге қадам басты. Жобаның іске қосылуы Кентау қаласында электр техникалық өнімдер өндірісін дамытуға және отандық өнім үлесін арттыруға мүмкіндік береді.

Зауыттың жобалық өндірістік қуаты айына 50 трансформаторға дейін жетеді. Кәсіпорын алдағы уақытта өндірістік әлеуетін арттырып, сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнім шығаруды көздейді. Зауыттың жұмысын жолға қоюға «TÚRKISTAN» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының мамандары да қолдау көрсетті. Атап айтқанда, кәсіпкерге бизнес-жобаны әзірлеу және қажетті құжаттарды рәсімдеу бойынша сүйемелдеу жұмыстары жүргізілді. Өндіріс орны технологиялық базаны кеңейтуге және Қазақстанның энергетикалық инфрақұрылымын дамытуға үлес қосуды мақсат етеді. Моно каладағы жаңа өндіріс – өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға және отандық электр энергетикасы саласын дамытуға бағытталған маңызды бастама.

Кентау қаласы соңғы жылдары экономикалық даму бағытына ерекше назар аударып келеді. Қаланың негізгі мақсаты – тұрақты өсімге қол жеткізу және экономикалық өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін арттыру. Өзін-өзі қамтамасыз ету – бұл қаланың ішкі ресурстарын тиімді пайдалану арқылы сыртқы тәуелділікті азайту. Осы бағытта Кентауда өндірістік кәсіпорындарды қолдау, шағын және орта бизнесті дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісі жанданып келеді.

Кентау қаласының экономикасында өнеркәсіп саласы ерекше орын алады. Тарихи тұрғыдан өндіріс орталығы ретінде қалыптасқан қала бүгінде заманауи технологияларға негізделген жаңа кәсіпорындар ашу арқылы өзінің өндірістік әлеуетін қайта жаңғырту кезеңін бастан өткеруде. Қаланың экономикалық дамуының негізгі бағыттарының бірі – өңдеу өнеркәсібін дамыту, жоғары қосылған құны бар өнім өндіру және отандық өндірісті күшейту.

2026 жылы қала аумағында өндірістік инфрақұрылымды дамытуға және инвестициялық жобаларды іске асыруға басымдық берілуде. Әсіресе «Turan» арнайы экономикалық аймағы Кентаудың экономикалық дамуына жаңа серпін беретін маңызды алаңдардың біріне айналып отыр. Арнайы экономикалық аймақтың мүмкіндіктерін пайдалану арқылы жаңа кәсіпорындар ашылып, заманауи өндірістер іске қосылуда.

Бүгінде Кентауда телекоммуникация, электр жабдықтары, өңдеу өнеркәсібі және басқа да бағыттар бойынша жаңа өндірістік жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, жоғары жылдамдықты интернет желілеріне арналған оптикалық кабельдер өндіретін «Kentau Cable Industries» және электр құрал-жабдықтарына арналған металл шкафтар шығаратын «ElectroCore» кәсіпорындарының іске қосылуы қаланың өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға мүмкіндік берді. Бұл жобалар арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға жағдай жасалды.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 29 рет