Келісімге сәйкес, компания геологиялық барлау лицензиясын алған жағдайда, барлауға жұмсалатын жылдық шығынның 3%-ы қолданыстағы заңнама аясында Кентау қаласының бюджетіне аударылады. Жоба бойынша жаңа жұмыс орындары ашылса, жұмыс жүргізілетін аумақта тұратын жергілікті тұрғындарға басымдық беріледі. Сонымен қатар әлеуметтік осал топтарға, зейнеткерлерге, аз қамтылған отбасыларға және төтенше жағдайдан зардап шеккен азаматтарға әлеуметтік және қайырымдылық көмек көрсету көзделген. Инвестор экологиялық және су заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға, жұмыстар аяқталған соң жер учаскелерін рекультивациялауға міндеттенді. Жұмыс аумағына іргелес жалпыға ортақ жолдардың техникалық жағдайын тиісті деңгейде ұстауға да қолдау көрсетіледі. Құжатқа Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов, қалалық мәслихат төрағасы Қаблан Елеусізов және «QazKen Cement» ЖШС директоры Ерлан Бейсен қол қойды.
Жалпы, Кентауда 2026 жылы қала аумағында өндірістік инфрақұрылымды дамытуға және инвестициялық жобаларды іске асыруға үлкен басымдық берілуде. Әсіресе «Turan» арнайы экономикалық аймағы Кентаудың экономикалық дамуына жаңа серпін беретін маңызды алаңдардың біріне айналып отыр. Арнайы экономикалық аймақтың мүмкіндіктерін пайдалану арқылы жаңа кәсіпорындар ашылып, заманауи өндірістер іске қосылуда. Бүгінде Кентауда телекоммуникация, электр жабдықтары, өңдеу өнеркәсібі және басқа да бағыттар бойынша жаңа өндірістік жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, жоғары жылдамдықты интернет желілеріне арналған оптикалық кабельдер өндіретін «Kentau Cable Industries» және электр құрал-жабдықтарына арналған металл шкафтар шығаратын «ElectroCore» кәсіпорындарының іске қосылуы қаланың өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға мүмкіндік берді. Бұл жобалар арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға жағдай жасалды.
2026 жылғы экономикалық даму жоспарларында инвестиция тарту негізгі бағыттардың бірі болып белгіленген. Инвесторларға қолайлы жағдай жасау, өндірістік алаңдар ұсыну, инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру және мемлекеттік қолдау тетіктерін түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Бұл шаралар қаланың инвестициялық тартымдылығын арттырып, жаңа кәсіпорындардың ашылуына мүмкіндік береді. Экономиканы әртараптандыру бағытында Кентау қаласы тек бір ғана салаға тәуелді болмай, өндіріс, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, сауда және қызмет көрсету салаларын қатар дамытуға басымдық беріп отыр. Бұл тәсіл экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, сыртқы факторларға тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.
Шағын және орта бизнесті дамыту да қала экономикасының маңызды бөлігі болып табылады. 2026 жылы кәсіпкерлерді қолдау, жаңа бизнес бастамаларды жүзеге асыру, мемлекеттік бағдарламалар арқылы қаржыландыру мүмкіндіктерін кеңейту бағытында жұмыстар жалғасуда. Кәсіпкерлік саланың дамуы жаңа жұмыс орындарын ашуға, халықтың табысын арттыруға және қаланың экономикалық белсенділігін көтеруге ықпал етеді. Сонымен қатар отандық өнім сапасын арттыру, өндіріс орындарын жаңғырту және экспорттық әлеуетті дамыту бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Кәсіпорындарға заманауи технологияларды енгізу, халықаралық стандарттарға сай өнім шығару және сыртқы нарыққа шығу мүмкіндіктерін кеңейту бойынша қолдау көрсетіледі.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат