Сонымен қатар мемлекеттік қолдау шаралары, гранттар мен жеңілдетілген қаржыландыру мүмкіндіктері туралы ақпарат берілді. Бұдан бөлек, қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған практикалық сабақтар ұйымдастырылды. Осылайша семинардың қорытынды жиынында қатысушыларға сертификат табысталды. Бұдан соң семинар-тренинг қатысушылары Кентау қаласындағы танымал «Әлия тәттілері» кондитерлік цехына барып, кәсіп жүргізудің нақты тәжірибесімен танысты. Тәжірибелік сабақ барысында кәсіп ашуға ниетті жандар теориялық білімдерін нақты өндіріс үдерісімен ұштастырып, кәсіпкерліктің күнделікті жұмыс барысын көзбен көрді.
Кәсіпорынның тәжірибелі мамандары кондитерлік өндірістің ерекшеліктерін көрсетіп, өнім дайындау барысымен таныстырды. Сондай-ақ кәсіпті бастау, өндірісті ұйымдастыру және тұтынушы сұранысын ескеру бағыттары бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті. Мұндай тағылымды кездесулер кәсіпкерлікке деген қызығушылықты арттырып қана қоймай, өз кәсібін бастауға деген сенімді нығайтуға мүмкіндік береді. Теория мен тәжірибені ұштастырған семинар-тренинг кәсіппен айналысқысы келетіндер үшін жаңа идеяларды жүзеге асырып, болашақта өз ісін дамытуға бағыт-бағдар бермек.
Осы тұста айта кетер болсақ, экономиканы әртараптандыру бағытында Кентау қаласы тек бір ғана салаға тәуелді болмай, өндіріс, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, сауда және қызмет көрсету салаларын қатар дамытуға басымдық беріп отыр. Бұл тәсіл экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, сыртқы факторларға тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Шағын және орта бизнесті дамыту да қала экономикасының маңызды бөлігі болып табылады. 2026 жылы кәсіпкерлерді қолдау, жаңа бизнес бастамаларды жүзеге асыру, мемлекеттік бағдарламалар арқылы қаржыландыру мүмкіндіктерін кеңейту бағытында жұмыстар жалғасуда. Кәсіпкерлік саланың дамуы жаңа жұмыс орындарын ашуға, халықтың табысын арттыруға және қаланың экономикалық белсенділігін көтеруге ықпал етеді.
Сонымен қатар отандық өнім сапасын арттыру, өндіріс орындарын жаңғырту және экспорттық әлеуетті дамыту бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Кәсіпорындарға заманауи технологияларды енгізу, халықаралық стандарттарға сай өнім шығару және сыртқы нарыққа шығу мүмкіндіктерін кеңейту бойынша қолдау көрсетіледі. Кентау қаласының экономикалық дамуы тек өндіріс көлемінің артуымен ғана емес, тұрғындардың өмір сүру сапасының жақсаруымен де бағаланады. Жаңа кәсіпорындардың ашылуы, жұмыс орындарының көбеюі және кәсіпкерлік белсенділіктің артуы қала тұрғындарының әлеуметтік жағдайына оң әсер етеді.
2026 жылы Кентау қаласының алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі – экономикалық өсімді тұрақты қамтамасыз ету, инвестициялық белсенділікті арттыру және өндірістік әлеуетті толық пайдалану. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар қаланың жаңа даму кезеңіне өтуіне, оның өңірдегі экономикалық маңызын арттыруға және тұрғындар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға мүмкіндік береді. Кентау қаласы өндіріс пен инновацияны ұштастырған, инвестиция үшін қолайлы әрі экономикалық мүмкіндігі жоғары заманауи шаһар ретінде дамуын жалғастыруда.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат