Жексенбі, 08 Қараша 2026 10:50

Кентау қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты жиын өтті

Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың төрағалығымен кезекті аппараттық жиын өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасарлары, ауыл әкімдері, бөлім басшылары мен тиісті сала басшылары қатысты. Күн тәртібінде қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты екі маңызды мәселе қаралды.

Алғашқы мәселе бойынша қалалық қаржы және экономика бөлімінің басшысы Илхам Азизбаев бюджет қаражатының игерілуі мен бюджеттің орындалу барысы жөнінде баяндама жасады. Баяндамада бюджет кірістері мен шығыстарының орындалуы, бөлінген қаражаттың мақсатты әрі тиімді жұмсалуы мәселелері қамтылды. Қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жалғас Жақаев қаладағы қоғамдық-саяси ахуал туралы ақпарат берді. Сонымен қатар қоғамдық тұрақтылықты сақтау, тұрғындармен кері байланысты нығайту және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу бағытындағы мәселелерге тоқталды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша жауапты басшылардың баяндамаларын тыңдаған қала әкімі бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, бюджет қаражатының тиімді игерілуін тұрақты бақылауда ұстауды, жоспарланған жұмыстардың орындалуын жеделдетуді және қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуді тапсырды.

Осы тұста айта кетер болсақ, соңғы жылдары қалада өндірісті жаңғырту, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және экономиканы әртараптандыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. 2026 жылы бұл бағыттағы негізгі міндет – қаланың тұрақты экономикалық өсімін қамтамасыз ету, өндірістік қуатты арттыру және тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жобаларды жүйелі түрде жүзеге асыру.

Кентау қаласының экономикасында өнеркәсіп саласы ерекше орын алады. Тарихи тұрғыдан өндіріс орталығы ретінде қалыптасқан қала бүгінде заманауи технологияларға негізделген жаңа кәсіпорындар ашу арқылы өзінің өндірістік әлеуетін қайта жаңғырту кезеңін бастан өткеруде. Қаланың экономикалық дамуының негізгі бағыттарының бірі – өңдеу өнеркәсібін дамыту, жоғары қосылған құны бар өнім өндіру және отандық өндірісті күшейту.

2026 жылы қала аумағында өндірістік инфрақұрылымды дамытуға және инвестициялық жобаларды іске асыруға басымдық берілуде. Әсіресе «Turan» арнайы экономикалық аймағы Кентаудың экономикалық дамуына жаңа серпін беретін маңызды алаңдардың біріне айналып отыр. Арнайы экономикалық аймақтың мүмкіндіктерін пайдалану арқылы жаңа кәсіпорындар ашылып, заманауи өндірістер іске қосылуда.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 29 рет