Әкім брифингке арақ ішіп келген бе?

Араққұмарлық деген адамға абырой әперетін нәрсе емес. Керісінше, қасықтап жиған сол абыройыңды бір пәсте шелектеп төгіп, елдің алдында масқара қылады.


Арақ демекші, таяуда күнгей облыстардағы бір ауданның әкімі журналистерді жиып, облыстық әкімдікте баспасөз брифингін өткізіпті. Ұзынқұлақтан естуімізше, көзі қызарып, өңі қуарып отырған әкімнің сөздері «трезвый» адамның сөздеріне онша ұқсамай тұрғанын бір-екі журналист байқап қалса керек. «Осы ішіп алмаған ба» деп, жиын аяқталған соң, әкімге жақынырақ барып сөзге тартса, аузынан «перегар» мүңкіп тұр дейді. Брифингтің алдында ішті ме, жоқ әлде сол күннің алдындағы түнде араққа жуан тойды ма, ол жағы белгісіз. Белгілісі, әлгі бір-екі тілшінің мұрнын қолымен басып, әкімдік ғимаратынан асығыс шығып бара жатқанын біраз адам көріпті.

Егер ұзынқұлақтың осы айтқандары рас болса, онда брифинг өткізбестен бұрын әкімдердің қанындағы спирттің мөлшерін анықтап, аузында «перегардың» бар-жоғын біліп алмаса болмайды-ау. Өзімен қоймай, бүкіл облыстың абыройын төгіп жүрсе қайтесіз?

Шырайлы қала әкімі ауыса ма?

Ертеңгі басталатын апта әжептәуір ауыс-түйістермен есте қалатын сыңайлы. Ұзынқұлақтың сөзіне сенсек, күнгей облыстардың біріндегі шырайлы қаланың әкімі орнын босатып, жыр алыбының атын иемденген өңірге қарай жылжитын көрінеді.

Ал оның креслосына жайғасатын адам Астанадан келе жатыр-мыс. Мәжіліс жақтан. Аудан басқарып, облыс әкімінің орынбасары болып, атқарушы биліктің қара қазанында бұрқ-сарқ қайнап үйренген ол кісі заң шығарушы биліктен гөрі шаһар басқарғанды қолай көретін сияқты.

Сәуегейлердің жорамалы қаншалықты шындыққа жанасатынын уақыт көрсетеді. Күтейік, ендеше! 

Нұрхан СҰЛТАНБАЙҰЛЫ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі: «БІЗ «ӨЗІМ-АЙДАН» АРЫЛЫП, «ЕЛІМ-АЙҒА» БЕТ БҰРСАҚ ҚАНА ЕЛ БОЛАМЫЗ»

Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері Нұрхан Сұлтанбайұлы – қазақ қоғамындағы кез келген оқиғаға сергек қарайтын ақын ғана емес, оразасын ұстап, бес уақыт намазын қаза қылмай, мұсылмандық парызын барынша адал орындап жүрген азамат. Сондай жанмен әңгімеміз рухани тақырыптан, әсіресе, соңғы жылдары Қазақ еліндегі иісі мұсылманды алаауыз етіп біткен діни ахуал мен бұл тұрғыдағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қам-қарекетіне біршама шолу жасаудан басталды.


«Маямеровті кез келген министрден төмен дей алмаймын»

– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) жарғысына сай, Қазақстанның Бас мүфтиі Мұсылмандар құрылтайының шешімімен 5 жыл мерзімге сайланып, қайта сайланады немесе лауазымынан босатылады. Мүфти жасы қырықтан асқан, жоғары діни білімі бар және Ислам сүннесі бойынша Ханафи мәзхабын ұстанатын Қазақстан Республикасының азаматы болуы керек. Осыдан біраз жыл бұрын дауыс беру қорытындысы бойынша Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы болып Семей өңірі бойынша өкілетті имам Ержан Маямеров сайланды. Жас жігіт екен. 1972 жылы туған. Ұзаққа созылмаса да, өзім бір рет кездесіп, әңгімелестім. Үлкен үмітпен, сеніммен қараймын. Бірақ біздің жақсы жұмыс істейтін адамның төңірегіне құмырсқадай құжынап, оны қолдаудың орнына қорлайтын, басқан ізін тіміскілеп, тырнақ астынан кір іздейтін жаман мінезіміз бар. Тіпті бойымызға сіңіп кеткен. Енді осы бір жағымсыз нәрсені рухани саладан аулақ ұстап, көзі ашық азаматты қолдап, ақсақалдарымыз бар, ғылым саласының адамдары бар, жан-жағынан көмек берсек деймін. Айдың арғы беті-бергі беті демекші, бір жағынан қарасаңыз, ҚМДБ – аз адамнан ғана құрылған қоғамдық ұйым. Ал, екінші жағынан үңілсеңіз, министрліктің дәрежесінен артық болмаса, кем емес. Қазақстан атты мемлекет пен қазақ деген ұлттың тағдырын шешетін, руханияттың негізгі ұйытқысы болатын ұйым. Сондықтан ҚМДБ-сын кез келген министрліктен төмен, ал, Ержан Маямеровті кез келген министрден төмен дей алмаймын. Солармен дәрежесі тең. Жалпы, Қазақстандағы дін саласында күрмеуі тоқсан мәселелер жеткілікті. Соның бәрін Е.Малғажыұлы бір-ақ күнде шеше алмайды. Өте қиын шаруа – бұл. Мысалы, адамның қолымен жасалған ахмадия, құранит, иегова, кришна секілді көптеген ағымдар қазақ жерінде қара құрттай қаптап жүр. Олардың әрқайсысының жоғарыда қолдау көрсетіп отырған адамдары бар секілді. Біреуіне бірдеңе деп көріңізші... 1992 жылғы 15 қаңтарда қабылданған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заң солқылдақтау еді, ал, қазіргі «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң бұрынғысына қарағанда, кішкене ширыққан секілді.    

Одан кейін біздің имамдарымыз патриот болуы керек. Есіңізде ме, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ораза айында «Қош келдің, Ораза!» деп, үлкен кездесулер ұйымдастырып, діндар адамдар халыққа біраз үгіт-насихат айтатын. Соңғы кездері оразаның келіп-кеткенін білмей қалатын болдық. Бұл да – біздің әлсіздігіміз. Сол себепті имамдарымыз кез келген жерде үгіт-насихат жасау керек. Бұл ретте имамдарымыздың бұқаралық ақпарат құралдарына жиі шыға алмайтыны тағы бар. Әйтеуір, құрбан айт сияқты мерекелерде ғана әредік-әредікте жылт-жылт етіп көрінеді. Шетелдің бұзақылыққа, ұятсыздыққа тәрбиелейтін сериалдарының орнына руханиятыңызды байытатын дүниелерді неге бермеске?! Бұл мемлекеттік те, жекеменшік те телеарналарға қатысты.   

Ержан Маямеровке бір разы болғаным, Шымкентте Абдулла Жолдас атты кісі бар. Бұқарада оқыған. Берісі – Қазақстан, әрісі Орта Азия бойынша қазақтан шыққан ғалым – осы. Бас мүфти сол кісіні Жезқазғанға, Атырауға апарып, өздерін «Иегова куәгерлеріміз, сәләфилерміз, уахабилерміз» деп жүргендермен біраз сұхбаттар жасатты. Нәтижесінде бірталайының бетін бері қаратты. Меніңше, ол бауырларымыз әдейі адасып, «Мен қазақты бұзайын, қазақтың дәстүрін бұзайын» деп жүрген жоқ. Олар білместікпен адасып жүр. Оларды Абдулла қажы сияқты, Маямеров сияқты, Шымкенттің Тельман елдімекеніндегі мешіттің имамы Бақтияр сияқты, сондай-ақ Тәңірберген Ергешов сияқты Қазақстанның өзге де өңірлеріндегі шариғат іліміне өте жетік адамдармен көбірек кездестірсе, ата дінінен көз жазып қалған талайларды тура жолға салуға әбден болады. Өйткені әлгі ағымдарға кіріп, басы айналып қалғандардың мұндай халге түсуінің басты себебі – білімсіздік. Бұл топтағы адамдардың көбі өте білімсіз. Мысалы, анаңыз намаз оқымаса, оны «кәпір» дейді. Астапыралла! «Кәпір» деген кім өзі? Кәпір деп әдетте «тозақи», «Құдай жоқ» деген, Алланы мойындамаған адамды айтамыз. Дінсіз дейміз оны. Ал, «Лә иләһа иллаллаһ, Мұхамадан расулаллаһ» деп кәлима шахадатты айтқан адам кәпір болмайды. Тіпті, Алла тағалаға иман келтіргені үшін, қанша қиыншылық көрсе де, жәннатқа кіруі мүмкін. Яғни мұсылмандыққа ділімен берілген адам жәннатқа кіреді. Оразасын ұстаса, намазын оқыса, Аллаға иман келтірсе, бай болып, зекетін берсе, қажылық парызын орындаса, жәннатқа кіреді.         

– «Дүмше молда дін бұзар» деуші еді атам қазақ. Діни сауатының таяздығынан белгілі бір мүдделерді көздейтін қайдағы бір теріс ағымдардың жетегінде жүргендер дүмше молдадан да қауіптірек сияқты ма, қалай?

– Құранда «Сендерді ұлттарға, руларға бөлдім» деп айтылады. Неліктен? «Бір-бірлеріңді тану үшін» дейді. Әйтпесе адамзаттың баршасын бірдей көк көз немесе негрлердей қап-қара етіп жарату Алла тағаланың қолынан келмейді дейсіз бе?! Бірақ қанша жерден әртүрлі етіп жаратса да, біздің санамызда Құранға орын бар. Біреулер айтады «Беташар жасама!», «Келінге сәлем салғызба!» дейді. Алайда түскен келінге тақуа, діндар бір адам «Қарағым, мың жаса!» десе, Алла оның тілегін қабыл қылса, әлгі келін шынында да өсіп-өніп, мың жасауы мүмкін ғой. Келіннің сәлемі намаздағы сәждеге ұқсамайды, екеуі екі бөлек. «Сен – маған Құдайсың, мен саған сәжде қылдым» деп басын имейді ғой. Ол – тек құрмет. Ілтипат. Ал, әдеп болмаған жерде ілім бекер. Ілімді ілім қылатын – әдеп. Әл-Фараби бабамыз «Тәрбиесіз алған білім қауіпті» деп айтты емес пе?!  Сондықтан әуелі біз әдепті үйретуіміз керек. Туасы, қазақ – әдепті халық. Үлкен тұрып, кіші сөйлемейді. «Әкесі тұрып ұлы сөйлегеннен, шешесі тұрып қызы сөйлегеннен без» деп ата-бабамыз тектен-тек айтқан жоқ. Ислам діні келместен алдын да қазақ әдепті халық болды. Байқасаңыз, пайғамбарымыздың хадистері мен қазақтың мақал-мәтелдері қабысып жатады. Сол себепті елді, жерді бүлдіретін, «Құран оқысаң – ширк, анау – ширк, мынау – ширк...» дейтін нәрселерден бойды аулақ салған жөн. «Бүйте берсе, бір күні өзіңнің әйелің де ширк болып қалар ма екен?» деп қорқасың. Бара-бара, балаң да ширк болып қала ма? Тіпті амандасуымыздың өзі ширк болып қалса ше? Мұның бәрі – дүбәрә, мәңгүрттікке бет алған адамның тірлігі. Мұсылман қауымының осылайша басын қатырып жүрген сәләфилер мен уахабилердің жамағаты білімді емес. Олардың ең білімді деген адамдарының өзі кез келген имаммен терезе теңестіріп сөйлесе алмайды. Сөйлесейін десе, дәлелі де жоқ. Олар кешегі Имам Ағзамды мойындамайды да, бүгін шыққан қайдағы бір «ғалымдарды» мойындайды. Оу, Имам Ағзам кім, олар кім?! Бейнелі түрде айтсақ, Имам Ағзам түйе болса, олар оның құмалағы ғой. Біз құмалақты емес, түйені мойындауымыз керек қой. Қытайда Толы деген аудан бар, қазақтар мекендейді. Сонда бір әкім мен ақын ұрсысып қалыпты. Әкімге ақын «Әй, сен кімсің менің қасымда? Ұзаса, әкімсің. Толы әрең таниды. Ал, мен – ақынмын. Мені әлем таниды» деп айтқан екен...       

– Атеизм заманында да қазақ Жаратқанның бар екеніне һәм бір екеніне сенетін. Тілін кәлимаға келтіріп жүретін. Діні мен діліне берік еді.   

– Арабтарда пайғамбарымыздың тұсындағы сахабалардан жалағасып келе жатқан шайхтардың, әулиелердің бар екенін білеміз. Діні мен діліне берік болатыны, қазақтың өзінде де әулие көп болған. Мәселен, Дулаттың Жанысынан Бекасыл атты әулие шықты. Наймандарда – Жабай әулие, Керейлерден Мошқа әулие, Торғайты әулие деген болды. Қара Ертістің бойында Азан деген әулие болды. Айтқандары дөп келетін. Бәлкім, қазақтан шыққан әулиелерді зерттеу керек шығар. Олардың қайнар көзі Ислам ғой. Арғы тегімізге үңілсек, біз – қазақ болып туылғанымызға мақтанатын халықпыз. Енді мынау ХХІ ғасырдағы қалтыраған «халтуралар» біздің жанымызға батады. Бөрінің бөлтірігі ешуақытта жабайы немесе қанден иттің күшігіне айналмайды. Қанден иттің күшігі бар болғаны дарбаза күзетумен қалады. Бір таңғаларлығы, барлық аңды циркте өнер көрсетуге үйретуге болады екен, ал, қасқырды үйрету мүмкін емес екен. Біздің тотеміміз көк бөрі емес пе?! Сондықтан қазақ көк бөрінің қасиетін сақтау керек бойында.

Орайы келгенде тілге тиек ете кетейін, кейбір ақын-жазушыларымыз да тым ұсақталып кетті. Тіпті ақын емес адамдар «ақынмын» деп жүр. Сонда шынайы поэзия қайда қалды?! Өлеңді жүрегінің қанымен жазып жүрген адамдарды ешкім елемейді де, лайықсыз әлдебіреулер мақтау-марапатқа ие болады. Қайдағы бір базардың иесі, билік тізгінін ұстаған біреулер аяқ астынан ақын болып кетті. Поэзияның құнын ойласаңызшы! Шымкенттегі бір ақынның «Темекі шекпеңдер, айранды төкпеңдер» деген өлеңі бар ұқсайды. Осыны оқыған ұрпақ не болмақ?! Кешегі Абай, Қасым Аманжолов, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Төлеген Айбергенов, Ғафу Қайырбеков, Сырбай Мәуленов, Хамит Ерғалиев сияқты өлеңінің тамыры тереңге жайылған, құнары мол ақындарға қарап бой түзеген бүгінгі қаламгерлер кім болды сонда?! Поэзия «Ата даңқымен қыз өтер, мата даңқымен бөз өтер» дейтіндей сауда емес. Алтын мен жезді, жақсылық пен жамандықты айыратын кез келді. Поэзия – өте қасиетті нәрсе. Әдебиет – халықтың рухы, ұжданы. Әдебиет әлсіреген, қолына қалам ұстаған қауымға құрмет жоғалған елдің ертеңі ұзаққа бармайды. Ол мемлекет бәрібір құлазиды. Ортаяды. Өйткені қоғамның жан жарасын айта алатын – солар. Ақын-жазушы деген халық, жалпы өнер адамдары бала сықылды: аз нәрсені қанағат тұтады. Тартатыны – азап, өмір бойы жазады. Өлгеннен кейін ардақтап ескерткіш қоямыз: «Керемет адам еді...» деп естелік айтады. Оның керегі не?! Адам сый-құрметті көзі тірісінде көруі керек қой. Астына көлігін бер, шипажайларға демалысқа жібер... Үкіметтің бұған жағдайы келмеуі мүмкін емес. Соғұрлым талай жемқор мемлекеттің қазынасын қалтасына басып жатыр. Мысалы, осыдан біраз жыл бұрын 50 жылдық мерейтойымды өткіздім. Құдай сақтасын, жынданып кете жаздап, әрең өткіздім. Ешкім көмек бермеді, бәріне өзім жүгірдім. Әйтеуір, Құдай қараған 2-3 жігіт болды, солардың көмегімен кеш өткізу үшін филармонияны облыс әкіміне бірнеше рет арыз жазып жүріп, әрең алдық. Мәдениет басқармасындағы бір қызметкер «Жоғары оқу орындарының бірінің мәжіліс залында өткізсек қалай болады?» дейді. «Сенің әкіміңнен қалтамды немесе қапшығымды толтырып ақша алмақ ниетім жоқ, жеңіл көлік мінгізуді де дәметпеймін. Мен – шетелден келген, тағдырым басқа адаммын. Менікі – «Шығармамнан өзгелер мәйек алсын» деген ой ғана» дедім. Не керек, әупірімдеп Шәмші Қалдаяқов атындағы филармонияны сұрап алдық. Әйтпесе мен – Жазушылар одағының мүшесімін. Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың иегерімін. «Нұраға, елу жасқа келіпсіз. Өнер адамысыз. Шетелден келдіңіз. Тәуелсіздіктің 20 жылдығымен тұспа-тұс келіп жатыр екен» деп қол ұшын берудің орнына, атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын, өкінішке қарай, құдды бір мен солардың жұмысына бөгет болғандай кейбір салалардағы адамдар маған алакөздік танытты. Мен олардың алдындағы асын тартып алатындай, сірә. Менің мерейтойыма орай әдеби кешімді ұйымдастыруға Үкіметтің бір тиыны шыққан жоқ. Шерхан Мұртаза ағамыз айтқандай, біздің жегеніміз – жантақ, арқалағанымыз алтын болмауы керек, жегеніміз де арқалағанымызға лайық болуы керек. Біз сонда ғана ел боламыз.              

 

«Мән-мағынасыз көрсеткіштердің жетегіне ілесіп барамыз»

– Қазір гендерлік, тендерлік саясаттардың айдарынан жел есіп тұрған заман. Білетіндер «Гендерлік саясатты Батыс әлемі отбасылық институтты құрдымға кетіру үшін ойлап тапқан» дейді. Ал, отбасы дегеніңіз – шағын мемлекет. Демек, гендерлік саясат дегеніңіз бір қарағанда, дәнеңесі де жоқ, жап-жақсы тірліктей әсер қалдырғанымен, әріден ойласақ, мемлекеттің тамырына ақырындап балта шабуға бағытталған қитұрқы әрекет сияқты көрінеді өзімізге.    

– Менің ойымша, гендерлік саясат дегеніңіз – әйелдер қауымын қызметтік баспалдақтармен өсіру. Әйтсе де әйелдің ең ұлы мұраты – ең алдымен ана болу. Сіз бен біз де, мемлекет те ана арқылы көгеріп отыр. Әйел әуелі халықтың санын көбейту керек. Демография тек Мақаш Тәтімовке емес, бәрімізге қажет. Халықтың өсімі болу үшін, әр әйел үш баладан кем таппауы керек. Бес сәбиді дүниеге әкелсе, тіпті ғанибет. Егер шен қуып, мансаптың соңында жүргендіктен, ол қолынан келмесе, пәленбай баласы бар туысының перзенттерін оқытып, аяққа тұруына көмектесуі тиіс. Гендерлік саясаттың осы тәріздес шарттары болғаны жөн. Сонда ғана ол өз нәтижесін бермек. Қазір біз «Әйел мен ер азаматты бөліп-жарудың қажеті жоқ. Еліміздегі әйелдердің саны пәленге жетті. Оның мынаншасы пәлен лауазымдар атқарып жүр...» деген сияқты мән-мағынасыз көрсеткіштердің жетегіне ілесіп барамыз. Ойлаңызшы, сонда біздің қазақтың әйелдері кімнен теперіш көріп жүр?! Оларды кім қақпайлап, жұмыстан шеттетіп жатыр?! Рас, ел басына күн туғанда, қазақтың әйелдері қолына қару алып, басына бөрік, үстіне сауыт киіп, жауға шапты. Оның үстіне Ислам діні әйелді ешқашан қорламаған, алақанға салған. Пайғамбарымыздың хадисінде «Кімге жақсылық жасайын?» деген адамға «Анаңа, анаңа, тағы да анаңа жақсылық жаса, одан кейін – әкеңе» делінеді. Кейбіреулер Ислам дінін құбыжық етіп көрсеткісі келеді, «Қазақтар әйелдерін жерге таптайды» дейді. Жоқ, мүлде олай емес. Біз қайта тоқырау жылдарында тәрбиеміздің осалдығынан әйелдеріміздің кіндігі мен арқасын ашып, етегін қысқартып, жалаңаштап алдық, басындағы жаулығын алдық. Ғылымда дәлелденген: кіндік – іштегі баланың тыныс алатын жері. Қазақ әлімсақтан «Жел қармасады» деп кіндікті аштырмаған, ал, кіндігі ашық-шашық қыз дүниеге қалай сәби әкеледі?! Екіншіден, ана кіндікті көрген еркекте белсіздік пайда болады. Мысалы, Францияда әйелдер жалаңаштанғандықтан, еркектер белсіздікке ұшырап, мұсылман елдерінен ер азаматтарды жалға алған көрінеді. Қазір Ислам ғалымдары да «Біз де Өзбекстан мен Қырғызстанға мойын бұрып, қысық көз қытайды шақырып жүрмейік» деп дабыл қағуда. Әйелдер өсу үшін, етегін жабуы керек. Ертеңі шұғылалы елдің әйел затының етегі жабық болуы тиіс. Сондықтан біз әйелдерді рухани тұрғыдан жүдетпеуіміз қажет. Өкінішке қарай, біздің қыз-келіншектеріміз бұл ретте жүдеп кетті. Бұрынғы аналарымыз жалаңаш, жалаңбас жүрген жоқ. Алда-жалда солар тіріліп келіп, бүгінгі қыз-қырқынды көрсе, жүрегі жарылып өлер еді...       

Ал, тендерлік саясат дегенге келсек, менің білуімше, қазір мемлекеттің ақшасы құр шашылып жатыр. Тендерді белгілі бір адамдар алады, өтірік мәліметтерді құрастырып, қыруар қаржыны игерудің амал-айласын тауып қояды. Тіпті тірі адамды өлтірудің де, өлі адамды тірілтудің де жолын білеміз. Құжат жүзінде. Халық санағы кезінде ондай талай «қызықты» көрдік қой. Мысалы, кейбір қоғамдық ұйымдар тендерге қол жеткізу мақсатында бір жобалар жасап, үлкен-үлкен адамдардың жәрдемімен қаржыны қалтаға басады. Ақшаға құнығады, бірақ атқарып жатқан түгі жоқ. Кейде ниет дұрыс болғанымен, оның басында алааяқ адамдар тұрады. Мемлекеттің ақшасы – халықтың қаны мен тері, қазынасы. Сіз бен біздің, бала-шағамыздың, ұрпақтарымыздың ризық-несібесі. Ел арасына тарап кеткен «Ұрласаң, жеке адамнан ұрлама, Үкіметтен ұрла» деген сөз бар. Өтірік сөз! Жеке адамнан ұрласаңыз, бір күнә болса, Үкіметтен ұрласаңыз, он күнә. Ислам шариғатында солай. Өйткені Үкіметтің ақшасында халықтың тағдыры жатыр ғой. Сол үшін тілінен бал тамғанымен, жүрегі мен ойы таза емес, бір-бірімен байланысып алып, құзырлы органдарды қорқытып-үркіту арқылы тендердің қаржысын қаптап алып, мемлекет қазынасын талан-таражға салуға ерік бермеу керек. Оны қатаң қадағалау қажет.         

– Сіз – ақынсыз. Зиялы қауымның өкілісіз. Мына заманның зиялыларына көңіліңіз тола ма? Олар өзіне жүктелеген миссияны қаншалықты адал орындап жүр?

– Қазақтың қалам ұстаған адамдарының ішінде небір батырлары болды. Кешегі Желтоқсан оқиғасы тұсында алаңға қорықпай шыққанның бірі – Сафуан Шаймерден. «Билікке тым жақындауға болмайды» дейді екен өзі. Сонда үйдегі жеңгеміз «Билікке жақындасаңшы, балалар өсіп келе жатыр» десе, «Балаларға бола билікке барсам, мені сатып алады. Сатылғаннан кейін, көмекейіңнен бір нәрсе өтіп кеткеннен кейін сен халықтың тағдыры туралы ашық айта алмайсың...» деген екен. Бұдан артық данышпандық, бұдан артық тазалық болмайды ғой. Біздің көп ақсақал, көксақалдарымыз мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа көбінесе жағымпаздана жөнеледі. Әкімдерге де сөйтеді. Қалың бұқараның тағдырын былай ысырып қояды да, өзінің жеке мүддесін ойлайды. «Елім-ай» демейді. «Өзім-ай» дейді. Мәймөңкелейді. Жалпақтайды. Шын мәнінде қария деген атқа лайық бола алмай жүргендерге жұрт мүсіркеп қарайды. Біз «өзім-айдан» арылып, «елім-айға» бет бұрсақ, сонда ғана ел боламыз.   

– Әңгімеңізге рахмет, Нұреке! Өзіңіз секілді «Елім-ай» дейтін ұлтжанды азаматтардың қатары қалыңдай бергей!  

Сұхбаттасқан Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК.

ОБЛЫС ӘКІМДЕРІНІҢ РЕЙТИНГІСІ КІМГЕ КЕРЕК?

Өңір басшыларының рейтингісін түзу «саяси сәнге» айналғалы біраз болды. Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйық, түрлі-түрлі сараптау құрылымдары олар туралы қоғамдық пікір тудыру үшін барын салып-ақ жатады. Егер «солардың бәрінің бірдей зерттеу нәтижелері объективті һәм ондыққа дөп тиеді» десеңіз, қателесесіз.


Әдетте әлгі рейтингілердің басым бөлігі жекелеген сарапшылардың ой-көзқарастарына құрылады. Ал, субъективті пікірлер қалай болғанда да көбіне-көп шынайы ахуалды аңғарта бермейді. Бұдан бөлек БАҚ-дарында жарияланған дүниелерге негізделіп жасалатын рейтингілер де бар. Олардың да объективтілігі күмәнді. Өйткені әкімқаралардың газеттен немесе телеарнадан жылтыңдап жиі көріне беруінен терең астар іздеудің қажеті шамалы. Мұндағы бар гәп – кәдімгі пиарда. Ақ немесе қара дегендей. Міне, сол себепті де әр әкім әр рейтингіде әрқилы орындарда қалықтап жүреді. Біреуінде – фаворит, екіншісінде – аутсайдер. Осы тұста рейтинг қалыптастырудың қитұрқылықтары да төбе көрсетіп қалатыны жасырын емес. Кім айдарынан жел есіп, мықтылардың сапынан көрінгісі келмейді дейсіз?! Бәрінің қалауы – үздік үштікке, тым болмағанда бестікке ену. Сондықтан «рейтинг жасаушының кім екені емес, оған тапсырыс берушінің кім екені маңызды» деген қисын ақылға қонатын сияқты.

Әрине, кез келген рейтинг белгілі бір критерилерге негізделетіні анық. Бірақ сондай өлшемдердің ішінде езуіңе еріксіз күлкі үйіретіндері де кездеседі. Мәселен, ай сайын облыс әкімдерінің арасынан кім мықтыны рет-ретімен елеп-таразылайтын ұйымдардың біразы мынадай өлшемдерге сүйенеді екен. Алғашқысы – ықпалдылығы, саяси мәртебесі, екіншісі – өсу немесе ары қарай ауысу перспективасы, үшіншісі – ақпараттық белсенділік индексі, соңғысы – сыни бағалау деңгейі. Егер облыс әкімі саясат сахнасында жүріп жинаған абырой-беделін өңірдің көшін ілгері сүйреу үшін пайдаланса, мәселен, аймақтың дамуында маңызы зор шешімдердің қабылдануында, халық әл-ауқатын жақсартатын жобалардың қаржыландырылуында, т.б. игі істердің атқарылуы жолында орталық органдарға сөзін өткізе алса, бірінші критериге таласымыз жоқ. Ал, ықпалдылығын екінші өлшемде айтылған нәрсеге – ертерек Астанаға жол тартып, лауазымын одан әрі жоғарылатуда кәдеге асырмақ ниетте болса ше? «Облыс әкімдері ондай ойдан ада, барлығы «Шіркін-ай, осы аймақты ұзақ жыл басқарып, зейнетке шықсам ғой» деп армандайды деп ойлайсыз ба? Жарайды, ол жайлы әңгіме басқа.

Ақпараттық белсенділік индексі. Мұны қалай түсінесіз? Өзгеге қайдам, өзімізге бұл критерий «Әкім өзін-өзі насихаттауға қаншалықты қабілетті?» деп, ашық сауал тастағандай әсер қалдырды. Бұл ретте «тяжеловес» әкімдердің мұртын балта шаппайды. Өйткені олар елдегі ақпараттық саясатқа жауаптыларға, беделді-беделді телеарналар мен басылымдардың басшыларына ықпал етудің тетігін, жөн-жосығын біледі. Бірақ ақылға қоныңқырамайтыны, «Өзін өзі мақтаған өгіз тентек» демекші, әкімнің өз-өзін жарнамалау қабілетінің тиімділігі деңгейін анықтаудың не қажеті бар?

Сыни бағалау деңгейі. Бір қарағанда, аталмыш өлшемнің сәл де болса тілі кәлимаға келетіндей көрінетіні рас. Алайда рейтингімен танысып шыққан соң, дал боласың. «Сонда бұл жерде кімнің баға бергендігі тұспалданып тұр екен-ей?» деп. Облыс тұрғындарының ба? Президент пен Үкіметтің бе? Бәлкім, бұқаралық ақпарат құралдары мен сарапшылардың шығар. Өстіп әрі-сәрі күй кешіп отырғанда, жарияланған рейтингінің мәтінінде сауалнамаға санаулы саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерінің, блогерлер мен политтехнологтардың, журналистердің қатысқаны есіңізге түсіп, «Құдайым-ай, қараша халықтың пікірімен ешкім санаспаған екен-ау» деп, қынжыласың. Біздің пайымдауымызша, рейтингіні түзушілер бұл ретте өңір басшысы хақында медиаресурстарда жарық көрген «негативтерді» ескерумен шектелетін секілді. Әлбетте, әкімнің еркіне салса, «негатив» атаулының БАҚ-дарына жетпей «желкесін қиятыны» сөзсіз. Өйткені қазіргі таңда ақпараттық саясатты жүзеге асыру үшін жергілікті билік тарапынан, мемлекеттіктерді былай қойғанда, тәуелсіз газеттер мен телеарналарға шейін мемлекеттік тапсырыс аясында қыруар қаржы бөлінеді. Демек, әлгі «негативіңіз» – орталық органдар тарапынан анықталып, амал жоқ, жарық көрген материалдар.

Респондент деп қалдық қой, ақыры ашығын айтқан соң, сауалнамаға қатысушыларға қатысты да көңілде жүрген кірбіңді бүгіп қалмайық. Рейтинг жасағыш ұйымдар сонша әспеттейтін сарапшылар шын мәнінде кімдер? Аймақтарда не болып, не қойып жатқандығынан, ондағы жұрттың тыныс-тіршілігінен нақты хабары бар ма? Әй, қайдам! «Тағдыршешті» кесімдерін Алматы мен Астанада отырып алып, БАҚ пен ғаламтордағы жарияланымдарды әрлі-берліп ақтырып-ақ айтатын сияқты. Біздің түйсігіміз солай дейді. Өйткені әкімдерге халықтың көзімен зер салу үшін ауқымды әлеуметтік сауалнама жүргізу керек. Ал, ол – әжептәуір бейнетті, қомақты ақшаны талап ететін тірлік. 

Бес саусақ бірдей емес қой, өзіне жарнама жасауға аса ден қоя бермейтін әкімдер де бар шығар, бірақ арасында жылт еткен жұмысы туралы жалпақ жұртқа жар салуды дағдыға, тіпті өмір салтына айналдырғандары да жетерлік. Біздіңше, облыс әкімдерінің қым-қиғаш рейтингісін жасау «Кім мені өзгелерден артық мақтайды?» деген сұрамсақ пиғылдың «жемісі» іспетті. Оған қоса әлеуметтік желілерге бір сәт үңіліп те қай облыстың басшысы өз имиджі үшін жанталасып жатқанын байқау қиын емес. Рейтингішілерге керегі де – сол. Іздегенге – сұраған. «Оңтайлы сәтті» қалт жібермей, ондайларды тізімдерінің басынан түсірмейді.

Жарайды, облыс әкімдерінің іскерлігін өзара салыстыру оларды қамшылап отыру үшін қажет-ақ бола қойсын дейікші. Әйтсе де бұл тұрғыда ескерілуі тиіс бірқатар жайттар бар. Біріншіден, әрдеңені шатып-бұтатын қойыртпақ емес, нақты критерилер жасалуы керек. Және ол өлшемдерде қалың бұқараның өміріндегі, әл-ауқатындағы позитивті не негативті өзгерістер, халықтың өз әкімдеріне деген ықылас-пейілі мейлінше айқын көрініс тапқаны жөн. Ол үшін инфляция деңгейі, жұмыссыздық, жаңа жұмыс орындарының ашылуы, өнідіріс ошақтарының іске қосылуы, тарифтер, «көгілдір отынмен», ауызсумен қамтамасыз ету, еңбек даулары мен әлеуметтік кикілжіңдердің шешім табуы, жастар саясаты, жоғары және орта білім беру мен денсаулық сақтаудың сапасы, қылмыс көрсеткіштері мен сыбайлас жемқорлықпен күрес дейтін мәселелер қамтылуы шарт. Екіншіден, облыс әкімдерінің рейтингілерін жариялауды тым жиілетуге пәлендей мұқтаждық жоқ. Себебі, бір ай дегеніңіз – әкімқаралардың жұмысына қатысты үдерістер мен үрдістерді жіті қадағалап, объективті баға беруге өте қысқа мерзім. Қателеспесек, Шығыс Қазақстан облысын тізгіндеп тұрған шақта ғой деймін, қазіргі Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «Айдың нәтижелері бойынша рейтинг түзу дегенді еш түсінбеймін. Ай деген не тәйірі? Ең кемі, жарты жыл өтсін. Сонда ғана рейтинг тура шығады» деп еді. «Түйсігі бар пенделерге тамыршыдай тап басып айтылған әңгіме болды-ау бұл» деп сүйсініп-ақ қалғанбыз. Өкінішке қарай, күні бүгінгі дейін төрт өңірді ың-шыңсыз басқарып, талай лауазымның құлағын ұстап, саяси қайраткерге айналған Бекеңнің жөн сөзіне мәу деп, қорытынды шығарған ешкім жоқ-ау. Бәз-баяғы рейтинг қуу. «Сұранысқа қарай – ұсыныс» деген осы болар. Ал, қара халыққа мұндай рейтингілердің құны көк тиын. Сонда кім кімді алдап жүр? Әй, даңғаза дүние-ай!   

P.S. Бәлкім, Президент Әкімшілігі, Статистика комитеті тәрізді мемлекеттік органдар тарапынан облыстардағы әлеуметтік ахуалға, экономикалық жағдайға, саяси жетістіктерге негізделіп, терең талдау жасалатын рейтингілер бар да шығар. Бірақ ондай байыпты байламдар мен салмақты пайымдарды, іргелі зерттеулерді әзірге қолмен ұстап, көзбен көргеніміз жоқ. Сірә, бар болғанымен, ондай рейтингілер жалпақ жұртқа мәшһүрленбесе керек. Мүмкін, ел естіп-білмеген рейтингіден әкімдер ләззат ала алмай ма екен?           

Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК.

ТҮРКІСТАНДАҒЫ ТУБЕРКУЛЕЗ: АУРУЫН ЖАСЫРҒАН АРАМ ӨЛЕДІ!

«Қазақстан қан түкіріп тұр». Естеріңізде болса, кешегі тоқырау дәуірі саналатын 90-жылдардың ішінде баспасөз беттерінен осылай басталатын сөйлемдерді жиі-жиі көзіміз шалатын. Тіпті сол тұста, Қазақстанның ТМД мен Еуропа аймағында туберкулез кең таралған елдердің қатарына жататынын ресми мәліметтер де растайтын-ды. «Статистика бойынша, Қазақстанда жылына пәленбай мың адам өкпе дертіне шалдығады» деген деректер ашық жарияланып жататын. Сірә, содан да болса керек, билік бұл мәселеге атүсті қарамай, мемлекеттің байлығы – халықтың денсаулығын сақтауға шындап кірісіп еді. Білуімізше, бізге сол уақытта Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының туберкулезге қарсы «DOTS» атты стратегиясы кәдімгідей көмектескен. Және сол 1998 жылдан бері қарай аталмыш стратегия аясында Қазақстанда тәп-тәуір қарқынды һәм жүйелі жұмыс жүргізілді. Әрине, нәтижесін көзіміз көрді, құлағымыз естіді. Құрт ауруына шалдыққандардың қарасы әжептәуір кеміді. Мәселен, Дүниежүзілік экономикалық форумның жыл сайын жариялайтын Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің рейтингінде «Туберкулездің таралуы» көрсеткіші бойынша еліміз 2014 жылы 102-орында тұрса, 2015 жылы – 101-ші, ал былтыр 92-сатыдан табылып, позициямыз жақсарып-ақ қалыпты. Әйткенмен...


Әйткенмен, биыл жыл басынан-ақ Түркістандағы №4 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында ем қабылдап жатқан 61 науқастың «особо опасный» дертті жұқтырып (оның жартысына жуығында аурудың ашық түрі анықталған – ред.), одан үш адамның көз жұмғаны туралы бұрқ ете қалған ақпарат бәріміздің көңілімізді су сепкендей басты. Білетіндердің сөзіне сенсек, бір қызығы, бұл мекемеде 9-11 қаңтар аралығында науқастарды кезекті медициналық тексеруден өткізген дәрігерлер 502 науқастың бастапқыда – жетеуінің, соңыра 61-інің өкпе ауруына шалдыққанын тайға таңба басқандай анықтағанымен, жарияға жар салып айта қоймапты. Тіпті облыстағы ақ халаттылардың өзінен жасырылған көрінеді. «Ел құлағы – елу» емес пе, аталмыш жағдай жайлы жұрттың бәрі хабардар болса да, жоғарыға «Мәселе осылай боп жатыр» деп, денсаулық саласына жауапты шен-шекпенділердің ешбірі құлаққағыс жасамағанға ұқсайды. Бұған дейін ОҚО-да орын алған ВИЧ, қырым-қанды безгегі сықылды оқиғалар кезінде сол заматта медицина қызметкерлерінің бәріне хабар берілетін. Олар шұғыл әрекетке көшіп, не істеу керектігін көп болып ақылдасатын. Байқауымызша, бұл жолы өңірдегі бас дәрігерлердің өздері құлақ кескендей күйде отырғандай. Туберкулез ойнайтын нәрсе емес қой. Жаппай туберкулезге шалдығып жатқан Түркістандағы орталықта ем қабылдап жатқандардың ішінде тек ОҚО-ның ғана емес, Қазақстанның өзге аймақтарының тұрғындары да бар ғой. Оларға қаншама туған-туыстары келіп-кетеді. Олардың да туберкулез жұқтырып, әрі қарай оны өз ауылдарына апарып таратып жүрмегендеріне кім кепілдік береді?! Демек, науқастардың туыстары да 24 аптаға дейін тексеруден өтіп, бақылауға алынуы, керек болса, профилактикалық ем алуы тиіс.

«Ештен кеш жақсы» демекші, ақыры ақпанның 22-сінде «Облысқа Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой келіпті, облыс әкімі жанынан штаб құрылыпты, Алматы қаласындағы Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығынан мамандар шақырылыпты, сөйтіп арнайы ведомствоаралық комиссия құрылыпты» деп естідік. Комиссияның жауаптылары сол күні-ақ Шымкенттегі Аймақтық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізді. «Туберкулезді жұқтырған науқастар қазір басқа мекемелерге ауыстырылып, тиісті ем қабылдауда. Оларды бақылау күшейтілген. Барлық эпидемиологиялық емдер тағайындалды. Комиссия тиісті емдеу шараларын, әлеуметтік қызмет пакетін, емдеудің сапасы мен инфекциялық бақылау талаптарының қаншалықты сақталғанын  бақылайтын болады», - деді А.Цой. Ал облыс әкімінің орынбасары Ербол Садырдың пікірі «Алдын ала жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша пациенттердің флюорографиялық тексерумен толық қамтылмағаны, туберкулезді анықтау және емдеу алгоритмдері, дезинфекциялау тәртібі сақталмағаны, т.б. кемшіліктер анықталған. Қазіргі кезде диспансердегі 363 қызмет алушы қатаң бақылауға алынды. Олар бойынша да тереңдетіп зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жөнінде облыс әкімі, облыс әкімдігі тарапынан бірнеше арнайы жиындар өткізілді» дегенге сайды.

Және осы жиында кемшіліктерге жол берген қызметкерлерге қатысты қызметтік тексеру тағайындалып, тексеру қорытындысымен тиісті шаралар қабылданатыны да айтылған-ды. Ертесіне Түркістандағы жаппай туберкулез жұқтырған орталық басшылары түгел жұмыстан қуылғанын Денсаулық сақтау министрі хабарлады. «Бұл әлеуметтік-медициналық мекемеде эпидемиологиялық ережелер мүлдем сақталмаған. Сол үшін залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Және осы жәйтке байланысты басшыларын да жұмыстан шығардық» деді Елжан Біртанов. Бәлкім, министр мәселені Түркістандағы орталық басшыларын қызметтен алумен шештім деп ойлайтын болар. Рас, кейінірек ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен аудан, қала әкімдерімен және облыстық басқармалар басшыларының қатысуымен селекторлық мәжіліс өтіп, Түркістандағы арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы оқиғаға байланысты тиісті сала басшыларының атқарып жатқан жұмыстары тыңдалып, бұл жағдай әлеуметтік мекемеде орын алуына байланысты  Жұмыспен қамтуды үйлесіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваға қатаң сөгіс жарияланды.

Өз кезегінде Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы мамандары да мұқият тексеру жүргізіп, істің ақ-қарасын ажыратып беріпті. Олардың қорытындылары мен ұсыныстарына сүйенсек, Түркістандағы мекемеде туберкулез кеш анықталған және дерттің ондағы ем қабылдаушылар арасында таралу фактілері көпшіліктен жасырылған  екен. Мұны бір деңіз. Екіншіден, облыстық психоневрологиялық диспансердің Сарыағаш қаласында психотуберкулез бөлімін ашу туралы шешімі әу бастан-ақ қате қабылданыпты, себебі онда инфекциялық бақылау шаралары сақталмаған. Үшіншіден, науқастардың жағдайы ауырлығына байланысты арнайы мамандардың кеңесі мен қосымша тексерулердің қажеттілігі туындаған. Алайда шалғай орналасуына орай облыстық психоневрологиялық диспансердің Арыс қаласындағы психотуберкулез бөлімінде оны жүзеге асыру мүмкін емес көрінеді. Бұдан бөлек мамандар Түркістандағы орталықта былтыр көз жұмған 23 науқастың (!) тек 10-ында ғана флюорограмма болғанын, оның 50 пайызында түрлі өзгерістер байқалғанымен, соңына дейін тексерілмегенін анықтапты. Яғни бұл мекемеде туберкулезді дер кезінде анықтау шараларының сапасы тым нашар деген сөз.

Жалпы, ведомствоаралық комиссия құрып, Түркістандағы туберкулездің түп-тұқиянын зерттеуге білек сыбана кіріскелі де екі айға жуық уақыт өтті. Не өзгерді? Медицинаның қара қазанында қайнап жүргендердің айтуынша, облыста орын алған туберкулезге қатысты ахуал әлі де оңала қоймаған тәрізді. Мәселенің қаншалықты, қай жерде қызу талқыланып немесе талқыланбай жатқаны әлі күнге бұлыңғыр екен. «Егер облыс пен республикадағы мамандардың шамасы жетпей, қауқарсыздық танытып жатса, неге Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан сарапшылар шақырмасқа?!» дейді олар. Біздіңше, дұрыс айтады, адам тағдыры, адам өмірі, адам денсаулығы кез келген амбициядан жоғары. «Темірбаеваның немесе Егізбаевтың айыбын ашқанымыз қалай болады?» деп өтірік ұялудың соңы орны толмас өкініштерге ұрындыруы мүмкін. Қазақстан үшін Темірбаеваның немесе Егізбаевтың беделінен гөрі қазақстандықтардың өмірі қымбат. Мәселен, наурыз айының басында «Астана» телеарнасы «Түркістандағы арнаулы әлеуметтік орталықта туберкулез жұқтырғандар саны тағы екеуге артып, 67 адамға жетіп отыр. Бұл мәліметті біздің арна тілшілеріне облыстық прокуратура өкілдері жазбаша хабарлады» деп ақпарат таратқан. Әйтсе де ұзынқұлақтың сөзіне сенсек, қазіргі таңда Түркістандағы орталықтың өкпе дертіне шалдыққан науқастары 105-ке (!) жеткен көрінеді. Сонда ондағы әлеуметтік қызмет алушылардың  бестен бір бөлігі қан түкіріп отырғаны ма?

Бәлкім, дәл қазір Түркістандағы жағдай жалғыз Оңтүстік Қазақстан облысының ғана көкейкесті мәселесіндей көрінер. Бірақ, айтқан жерден аулақ, аталмыш арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы жұқпалы дертке шалдыққан науқастар және олармен қарым-қатынаста болған туған-туыстары ертең күллі Қазақстанға қауіп төндіріп жүрсе ше? Сондықтан туберкулездің тез тарайтын және аса жұқпалы дерт екенін ескеріп, тұтас қазақстандықтардың денсаулығының қауіпсіздігі үшін алаңдауға негіз бар.

Қара аспанды төндіріп отырған жоқпыз, бірақ бұл оқиғаны, түптеп келгенде, «ұлт қауіпсіздігіне төнген қатер» деп есептеуге болады. Демек, оны жұрттан жасырып-жапқаннан гөрі жағдайды ашық айтып, сол жұртпен ақылдасып, жұмыс істеген дұрыс шығар. Себебі ОҚО-дағы «ВИЧ оқиғасының» ұмытылатын уақыты болған жоқ қой. Не дейсіздер, дәрігерлер?

 

Әкесін екінші реті «өлтіріпті»

Дүние деген, тағдыр деген шіркін, қызық қой. Оған жердің домалақтығын, сол домалақ жерде «жек көремін», «көргім келмейді» дейтін кісілерді он рет көретініңді, көріп қана қоймай, соны кейде мақтауға тура келетінін қоссаң, тіпті қызық. Сондай «қызықтың» бірін ұзынқұлақтардан естіп, жағамызды ұстадық.


Айтуынша, еліміздің оңтүстігіндегі облыстардың біріндегі үлкен жасқа келген бір танымал кісі осыдан біраз жыл бұрын өзіне ұнамайтын бір кісінің жаназасына қатысып, «жер бетінде мұндай әулие пенде жоқ еді» деуге дейін барыпты. Айтқысы келіп айтты десеңіз қателесесіз. Айтқысы келмей айтыпты. Негізі, айтқысы келмейтініндей-ақ бар екен.

Сонау, Сталиннің тірі кезінде НКВД-да ма, КГБ-да ма қызмет еткен жаңағы қайтыс болған кісі мұның әкесімен тартысып, айтысып, соттасып жүрген көрінеді. Не керек, заңды жолмен қамата алмаған-ау шамасы. Сондай күндердің бірінде екеуі бір жерде оңаша жолығып қалып, ерегісе кетіпті. Ерегістің соңы «чекистің» әлгі кісіні басынан темірмен ұрып өлтіруімен аяқталыпты-мыс. Соған қарамастан, біздің кейіпкер әкесін өлтірген (ұзынқұлақтар солай дейді) адамның жаназасына қатысып, қатысып қана қоймай, «мықты адам еді» деп әбден мақтап, әкесін екінші рет «өлтіріпті». Сондағысы айлық та төленбейтін қайдағы бір қоғамдық жұмыстың жетекшісі ретінде сөз сөйлемесе болмайтындығында екен. Негізі ұзынқұлақтар да қай-қайдағыны айтады. Ал егер осы айтқандары рас болса, дүниені, тағдырды қызық емес деп көріңіз?! 

Қылықты бас дәрігер «отпускіден» кейін қызметінен не үшін кетпек?

Ұзынқұлақтың айтуынша күнгей облыстардың орталықтарының бірінде орналасқан үлкен бір аурухананың сұлу әрі қылықты бас дәрігері «отпускіге» шығып, ары қарай өз еркімен қызметінен кету жөніндегі арызын жазып қойыпты деседі.


«О заманда бұ заман, әйел басшының білдей бір аурухананың бас дәрігерлік қызметінен өз еркімен бас тартуы сирек кездесетін оқиға еді, бұлай етуіне не себеп болды екен» дейтін сауал сол облыстың орталығындағы ақ халаттылар талқылайтын басты тақырыпқа айналыпты. Бірінің айтуынша, әлгі үйлі-баранды бас дәрігер әйел облыстағы медицина саласында жүрген үлкен бір шенеунікпен жақын қарым-қатынаста көрінеді. Жақын болғанда да, әншейін достық рәуіштегі қарым-қатынас емес, біраз жерге барып қойған-мыс. Бас дәрігердің қызметінен бас тартуына да осы мәселе және осы гу-гу себеп болғанға ұқсайды. Нақтырақ айтқанда, үлкен шенеунік: «масқара болмай тұрғанымызда кете тұр, маған да, саған да кесірі тиіп кетуі мүмкін, кейін бірдеңесін нетерміз» депті. Егер ұзынқұлақтың осы айтқандарының бәрі рас болса, «нетерміз» деп жүргенде Құдай өздерін «нетіп» жібермесін деңіз...

ИДЕОЛОГ БОЛУДАН ДӘМЕЛІ ТЕСТІЛЕУДЕН ҰШЫП КЕТКЕН БЕ?

Күнгей облыстардың бірінің идеологиясына басшы болудан дәмелі бір пысықай мемлекеттік қызметкер атану жолындағы тестілеуден бірінші тапсырғанында-ақ ұшып кеткен көрінеді. Оның компьютердегі жауабын көрген тест қабылдаушылар «Ойпырмай, талай сауатсызды көріп едік, бірақ мынандай «білгішті» тұңғыш рет көруіміз» деп жағасын ұстапты. Алайда олар жағасын ұстап отырғанда, әлгі «мықты» сынақты екінші рет тапсырып, өтіп кетіпті-міс.

Әселхан ҚАЛЫБЕКОВА, халық ақыны: «...АЙТЫС БОЛМАЙ ҚАЛЫП, ОҢТҮСТІКТІҢ АБЫРОЙЫ ТӨГІЛЕ ЖАЗДАДЫ»

«Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында түнеугүні Қазыбек би Келдібекұлының 350 жылдығына және «Наурыз» мейрамына орай рухани ордада аламан айтыс ұйымдастырылып еді ғой. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы һәм ОҚО әкімдігі мұрындық болып, екі күнге созылған өнер додасында түркітілдес мемлекеттердің аты алты алашқа мәшһүр 20 ақыны қатысып, бақ сынады.

Алайда, «халықаралық» деп ат қойып, айдар таққан бұл айтыстың өтпей қалуы да ықтимал еді. Себебі, сахна сыртындағы, дәлірегі, қазылар алқасы арасындағы келіспеушіліктер ақындардың «бойкот» жариялауына әкеле жаздапты. Мәселенің мәнісін тереңірек білмек ниетпен сол айтысқа төрелік еткен қазылар алқасының төрайымы, халық ақыны Әселхан ҚАЛЫБЕКОВАҒА хабарласқанбыз. Ол кісі айтыстың ішінде қандай «айтыстың» туындағанын бүкпесіз айтып берді.


 

– Алғашқы күні 20 ақынды он жұп етіп айтыстырғанымыз рас. Олардың 12-сі қара үзіп, финалға шықты. Ертең алты жұп болып, сайысқа түсуі керек. Қалыптасқан тәжірибе бойынша қазылар алқасының мүшесі Ханбибі Есенқараева екеуміз қай ақынның кіммен айтысатынын долбарлағандай болдық. Әйткенмен осы тұста қазылар алқасының тағы бір мүшесі – «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымындағы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі Асқар Тұрғанбаев: «Өздеріңіз жұптай бересіздер ме?» – деп қалды. «Сіздер де ұсыныстарыңызды айтыңыздар, біз әншейін жобалап жатырмыз. Өзгеріс енгізгілеріңіз келсе, мархабат!» – деп, нобайлап жұптаған ақындардың тізімін А.Тұрғанбаевтың қолына ұстаттым. Сөйтіп ем: «Жоқ, сіздің кімді кіммен жұптағаныңызда жұмысымыз жоқ. Жай балы жоғары ақындар шыққан-шықпағанын білейін деп едім» – деп, қағазымды өзіме қайтарып берді. Бұл кешкі астың уақыты-тын, әріптестерім тамақ ішуге кірді де, мен сол аралықта екінті намазын оқып алайын дедім. Намаздан келсем, қазылар алқасының мүшелері – А.Тұрғанбаев, Қыр­ғызстандағы республикалық «Ай­тыс» қауымдастығының тө­ра­ғасы Рысбай Исақов, «Егемен Қазақстан» газетінің ОҚО-дағы меншікті тілшісі Бақтияр Тайжан, дәстүрлі әнші Татьяна Бурмистрова, белгілі ақындар Нармахан Бегалыұлы мен Ханбибі Есенқараева – алтауының мәмілесі бір жерден табылып, маған: «Біз ертең азанда ақындарды алдын ала жұп­таумен емес, жеребе тартып айтыстыратын болдық. Яғни, ақындар айтысар алдында ғана «Сен пәленшемен, сен түгеншемен айтысасың» деп, жеребе тартылады. Сонда күні бұрын дайындалған «заготовка» жайына қалып, нағыз айтысқа орын беріледі, нағыз суырыпсалмалық білінеді. Сіздердің жұптағандарыңыз дұрыс емес, бүгін олар кіммен айтысатынын біледі де, ертеңге дейін өзара келісіп қояды» – дейді.

Содан кейін мен де: «Айналайындар-ау, нені келісіп қарық қылады олар? Өздері айтыстан шаршап шықты қазір. Міне, кеш түсті. Кіммен жұптасып айтысатынын олар енді естиді. Ертеңгі додаға ас-ауқатын ішіп болғаннан кейін ғана кіріседі ғой. Бір түнде келісіп үлгермейді де. Сондықтан ертеңгі айтыстың сапалы болуы үшін, Түркі дүниесіне жаман атымыз шықпауы үшін «табан астында жеребе тастап, бірден сахнаға шақырып, айтыстырамыз» дегенді қойыңыздар. Ақындарға обал болды. Олардың уақыты зая кетіп жатыр. Қазір айтысқа дайындалып жатуы керек еді. Бәрін әрі-сәрі етіп қойдық. Өткелде ат ауыстыруға болмайды. Біз мынау күллі Түркі дүниесі айтысқа келгенде, ертеңгі күні «Түркістандағы айтыс айтыс болмапты» деген жаман атқа қаламыз. Сондықтан Америка ашпай-ақ қойыңыздар. Ертең айтысты жап-жақсы өткізіп жіберейік. Бәрімізге – абырой. Ал, суырыпсалмалықты айқындау үшін жеребе тарту әдісі пайдалы болса, ендігі айтысқа ақындарды солай дайындайын», – дедім.  

Бір кезде әңгімеге қырғыз әріптесім Рысбай Исақов араласты. Айтуынша, жеребенің айтыс ал­­дында тартылып, тіпті тақырыптың та сол мезгілде айтылатыны көрші Қырғызстанда бұрыннан бар тәжірибе екен. «Қырғыздың айтқанын істейік» дейді Т.Бурмистрова. Шыдамай кетіп: «Қазақстанда бұл айтыс оңбайды екен. Бұл айтыста өмірі әділдік болмайды екен. Жұрт: «Айтысты бір қырғыз бен бір орыс келіп, жөндеп кетті» дейтін шығар» – дедім. «Бәйгеге түсер алдында атты да баптайды. Оның да көзін сипап, үстін сүртіп, құйрық-жалын тарап, әбден әлпештейді. Әй, бұлар біздің сөйтіп шығаратын жүйріктеріміз ғой» десем, оған да көнбейді.  

Сөйтіп, өзімнің көзқарасымды дәлелдеп, қазылар алқасындағы әріптестеріме бір жарым сағат сөйлеппін. Ақырында жалындым, тіпті жыладым. Бір жарым сағаттың ішінде айтпаған сөзім қалмады. Болмай бара жатқасын, ұрысып та айттым. Сөйтсем, алтауы қамал болып бірігіп алған. «Бір жөнін айтса, осы екеуі айтатын шығар» деп Нармахан мен Ханбибіге жалтақ-жалтақ қарасам, екеуінің де пікірі «ТҮРКСОЙ» өкілінің сөзімен үйлесіп тұр. Еш көнбейді. Менің сөзімді сөз екен деп тұрған жоқ. «Мынау неғып жанын салып, шырылдап жатыр? Мұныкі де дұрыс-ау» демейді. Қанша жүйкем жұқарды, қанша жүрегім ауырды. «Айтыс ақындарына жанашырлығы жоқ екен-ау» деп топшыладым.

Өстіп ырыңкезектесіп отырғанда 2 сағатқа жуық уақыт өтті. Болмағасын облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Нұрлан Әділхановты ақындарға жібердік. Ақындарды жұптауға қатысты қазылардың ұстанымын, болған жайтты түсіндіру үшін. «Қазылар осылай етіп жатыр. Әселхан апаның ұсынысы – мынау. Қалған қазылардыкі – мынау» деген екен, Бекарыс Шойбеков пен Айбек Қалиев және қырғыздың екі ақыны: «Онда қазылар қазір келіп, бізді қалағанынша жұптап кетсін. Ал, олай етпесе, ертең он екіміз де финалға шықпаймыз» – депті. Бұл хабар маған жеткен соң, әріптестеріме тағы бардым. Х.Есенқараева, Б.Тайжан, А.Тұрғанбаев отыр. «Ақындар былай деп жатыр» деп олардың тілегін жеткіздім. Өкінішке қарай, олар ақындарды мұндай қадамға мені итермеледі деп пайымдады. Бекарыс пен Айбек біреудің өйт-бүйт дегеніне көне салатын ақындар емес қой, әрқайсысы – өз пікір-көзқарастары бар азаматтар.

Х.Есенқараева маған «Қырық кісі – бір жақ, қыңыр кісі – бір жақ», неге көнбейсің? Осыған келіс!» деп ұрысып жүр. Мен аң-таңмын. «Әй, айналайындар-ау, табан астында жұптастырғаннан жөні түзу айтыс шықпайды. Сәл ойлансаңдаршы!» деймін. Көнетін түрі көрінбейді. Ақырында ақындардан әлгіндей талап шықты. Бекарыс пен Айбекке рахмет, солардың пікірімен тіпті қырғыздың екі ақыны да санасып, «сіздер – айтыстың арыстанысыздар, не айтсаңыздар сол болады» депті.

Сонда қазылар алқасының мүшелері не деді десеңізші? «Айтысты финалға шықпайтын 8 ақынмен өткізе саламыз» дейді... Шырылдай-шырылдай шаршадым. Содан ашуландым да «онда өздеріңіз айтысыңыздар!» деп сыртқа шығып кеттім.

Қазылар алқасына мені бекерден-бекер төрайым еткен жоқ қой. Айтыс – менің әлемім. Айтыскер ақындардың барлығы менің бала-шағам, армиям іспетті. Баяғыда Қадыр Мырза Әли осы Бекарыс, Маржандар айтысқа шығып жатқан уақытта айтқан «Әселхан айтысқа әскер қосты» деп. Сол себепті олар үшін жаным шығып бара жатыр.

Не керек, өстіп жүріп ақындардың 6 сағат уақытын алдық. «Финалда кім кіммен айтысады?» деген мәселе не ары, не бері емес. Айтыскерлердің жан дүниесін былайғы жұрттың қалай қабылдайтынын білмеймін, бірақ олар қашан айтысып болғанша, ұстараның жүзінде жүреді. Ондай кезде ас та батпайды. Қалың бұқараның алдына шығып, өнер көрсету оңай деймісіз?! Айтысу деген фонограмма емес қой. Ана жерде отырып олардың жан дүниелерінде қандай аласапыран болып жатқанын мен сезіп отырмын. Өкінішке қарай, өзге қазылар оны сезбейді де, сезгісі де келмейді.

– Білуімізше, айтыстың алғашқы күні де қазылар алқасының әділдігіне айтыссүйер қауымның көңілі толмаған сияқты ғой.

– Жұрттың бәрі жүйрік емес қой. Ақындардың ішінде орташалауы да, нашарлауы да бар. Айтысты тек қана жүйрік ақындармен өткізе алмайсың ғой. Қазақ «Қой ақсағымен мың» дейді. Сол себепті барлығын айтыстырып көресің, деңгейі төмендері өзі-ақ артта қалады да, мықтылары суырылып алға шыға береді. Мұның бәрі – елдің көз алдында болатын процесс. Осыны қазыларға айтсам, кейбіреулері ана жерде бір ақынның сөзі сәл төмендеу шықса «Құрт ананы, құрт мынаны!» дегендей Көпенге ымдайды ғой. Жақсы айтысып жатқанды, нашар айтысып жатқанды да кері тартады.

Мысалы, айтыстың бірінші күні алғашқы жұп болып Жарқынбек Наушабеков пен Сара Тоқтамысова шықты. Екеуі де керемет айтысты. Екеуіне де мен 10 балл көтердім. Сөйтсем, өзгелері Жарқынбекке 10 қойды да, Сараға 9 берді. Соған Түркістан қаласының құрметті азаматы, ел ағасы Жарылқасын Әзіретбергенов «ей, сендер қандай әділ қазысыңдар? Сараға неге кем бердіңдер? Әділ болмайсыңдар ма?!» деп қасымызға айқайлап келді. Сөйтіп еді, барлығы «9-ды бердік. Ал қайтесің?» дегендей қылды. Әй, Ж.Әзіретбергенов жай шал емес қой. Керек болса, залға жиналған Түркістанның бүкіл халқын ертіп кете ме деп қорықтым. Ол – соңына жұртшылықты ерте алатын азамат. Сонымен, ол кісі «онда мен кеттім. Мұндай қазылар төрелік ететін айтысты көрмеймін» деді дағы, орнынан тұрып, шығып кетті. Және оған қосылып біраз қариялар залдан шығып жүре берді. Бұл – бірінші күнгі көрініс.

– Финалдың жайы немен тынды сонымен?

– Өстіп жүргенде түнгі сағат 12 болды. Көпшілік таңертең финалды күтіп отыр. Қалайда ақындарды жұптап келмесек, болмайды ғой. Сонымен, айтыстың жүргізушісі Көпен Әмірбек екі ортада елші болды. «Әй, ертең мен жұртқа күлкі боламын ғой. Сендердің не ойлап отырғандарыңды білмеймін. Көпен – жүргізуші, Әселхан төрайым болған айтысты құрту ма мақсаттарың?» деді күйіп кетіп. Бір қызығы, «ертең айтыс болмай қалса, қайтеміз?» десе, базбір әріптестерім «болмаса, болмай-ақ қойсын! Ертең қайтамыз» деп жауап қатыпты. Сонда халықтың, елдің намысы деген қайда? «Әселхан – айтыстың әбден ащы-тұщысын татқан, ыстық-суығына төзген адам. Бәлкім, бұл кісінің айтып отырғаны – жөн сөз, біздікі дұрыс емес шығар» деп біреуі айтпады ғой. Я кәрісі, я жасы.

Содан «ТҮРКСОЙ-дың» өкіліне «айналайын, бәрін бастаған сенсің ғой, жүр, екеуміз барып, жұптап келейік. Әйтпесе ертең айтыс өтпейді» деді де, Көпеннің тілі бар ғой, оны көндіріп, алып кетті. Барған бойда оны ақындар тарпа бас салыпты. «Әселхан апамыздың айтып отырғаны дұрыс, сіздер не істеп отырсыздар? Ертең айтыс шықпайды» деп.               

Сөйтіп, ақырында ақындар «шықпаймыз» деп үзілді-кесілді бас тартқасын, амал жоқ, сол жерде жеребе тастапты. Менің жұптағандарымнан сәл ғана ауысты. Жеребенің бір ыңғайсыз жағы, кейде бір өңірдің ақындары жұптасып қалады. Мәселен, бұл жолы сарыағаштық екі ақын Жарқынбек Наушабеков пен Нұрғали Әнапия бірге шығып қалды.

Негізі, мен арыз айтатын адам емеспін, бәрін ішіме жұта беретінмін. Осы жолы жұта алмай қалдым. Кеше ОҚО әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібековке телефон соқтым. «Әй, Ұласбек, мына жағдайды біліп, естіп жатсың ба? Мен осындай жағдайға ұшырадым. Мен жараландым, қаным қызып, жүрегім ауырды» деп едім, «апа, енді ойланамыз, бұдан кейін ондай болмайды» деп, мені сылап-сипап, кішкене жұбатқан болды. 

Ақындардан кемшілік кетіп жатса, айтысқанына риза болмай жатса, оны жақсы бағаламай жатса, сонда талассақ, ұрыссақ мейлі ғой, ал енді бұлардың мұнысы... Айтыс ақындарына бітіспес өшпенділігі бар сияқты. «Бұлардың бәйгесін бермеңдер. Мастанып кеткен» деген әңгімені де құлағым шалды.

Ал, түнімен ұйықтамаған ақындар көздері кіртиіп, терін төгіп, жақсы айтыс өткізді. Олардың да қайбір денсаулығы бар: біреуінің ана жері ауырады, біреуінің мына жері. Жүлде беруде де ешқандай талас болмады. Бірақ Бекарыс төмендеп қалды. Оның балын түсіріп тастады. Ол жақсы айтысып, Сараға жолын беріп кетті. Тым болмаса сол мәрттігі үшін 2-орынға ілуге болатын еді. Мен ілейін десем, балы жетпейді. «Алынбайтын алты қамал» балды тартып қойып отыр. Бұған не дейсің? Бұл жағдайды Мұхтар Ниязовтар «Фейсбукте» жазды. «Неге Бекарысты әділ бағаламадыңыздар? Оның айтысқа сіңірген еңбегі үшін жүлде беруге болар еді ғой» деп.      

– Бірақ «ТҮРКСОЙ-дың» сыйлығына ілікті емес пе?

– Бас бәйгені – мен, 1-орынды – Ханбибі, 2-орынды Нармахан тапсырды. Қалғандары да солай жүлделерді табыстады. 4-ші, 5-орын алған ақындарға берілген мөлшерде – 500 мың теңге көлемінде «ТҮРКСОЙ» да айтыстың жүлде қорына үлес қосқан екен. Көпен айқайлап «Соның сыйлығын Бекарыс Шойбековке тапсыру үшін Асқар Тұрғанбаевты ортаға шақырамыз» деп еді, Бекарыс шықпай қойды. Анау жүлдесін ұстап тұрып, қызарақтап сахнадан қайтып түсті.

Бір күн бұрынғы түнгі «айтыста» оған «айтыстың маңына жолататын адам емес екенсің» деп ұрысып тастағаным бар-тын. Сөйтсем, «Мен айтысқанмын, айтысты зерттегенмін» дейді...

Өзі жүрісінен жаңылмайтын дәстүрге сәйкес, айтыстан кейін банкет жасалады. Дастарқан басында бәрі жапа-тармағай сөз сөйлеп, А.Тұрғанбаевты қошеметтеп жатыр. Жиіркеніп кеттім. «Әй, кімнің арқасында осылай ойнап-күліп, тамақ ішіп отырсыңдар? Мақтасаңдар, айтыс ақындарын мақтаңдар!» дедім. Үндемей қалды. Алдында ғана Көпен «жеті жюри – жеті қазына» деп отырған. «Жеті қазына емес, жеті қазымырмыз» дедім. Өстіп тілім шығып кетті. Әйтпесе өмірі ешбір айтыста бүйтіп теріс сөзге келмейтін едім. Осы жолы мені қатты шаршатты. Шынын айтқанда, айтыс болмай қалып, Оңтүстіктің абыройы төгіле жаздады. Бірақ тілі бар, беделі бар, Көпен елші болып жүріп аяқ жағын оңдады, әйтеуір. Ал мен өзімді қазылар алқасының төрайымы емес, ең соңғы адамындай сезіндім.

– Айтыскердің жан дүниесін айтыскерден артық кім түсінеді?! Әділ қазы етіп Маржан Есжанованы неге қоюға болмайды?

– Оны айтқанмын. Бірақ ұйымдастырушылар бір кісілерден тайсақтапты. Бірдеңе дейді деп. Осы күнге дейін жазба ақындардың қанша мүшайрасы өтсе де, әншілердің қандай байқауы ұйымдастырылса да, айтыс ақындарының оған қазылық жасауға таласып-тармасқанын естімеппін. Неміз бар ол салаларда?! Таласпаймын да. Ал, айтыс менің өз әлемім ғой... 

Әлгі 12 ақынның менің шырылдап жатқанымды біліп, Бекарыстың мінез көрсетуі тегін емес. Әйтпесе мен оларға телефон соғып, «былай боп жатыр» деп айтпадым да. Оның үстіне Бекарыс мұндай айтысты бұрын көрген екен. Д.Қонаевты еске алуға арналған үлкен айтысқа 40 ақын қатысып, біреулер тура өстіп айтыстырамыз деп, «Америка ашқан» екен. «Сонда мен ең соңында айтыстым, жүйкемнің тозғанынан жынданып кете жаздадым. Қырық ақынның екеуі айтысқа шыққанда, 38 ақын үшін ойландым. Одан кейін 36 ақын үшін ойландым» дейді. Осы оңай ма? Кейін сол айтыс телеарнадан көрсетуге жарамай қалды ғой.

Кеше Бекарыспен телефонмен сөйлестім. «Балам, өкпең жазылды ма? Сен кетіп қалдың. Анау «ТҮРКСОЙ-дың»  өкілі жүлдесін қалтасына қайта салып, сахнадан қызарып түсті» деп. «Өкпелеуге тұрмайтын адамдар ғой олар. Апа, сіздің ұстанымыңыз дұрыс. Қонаевтың айтысында 40 ақынды табан астында жұптастырып айтыстырудың ақыры немен тынғанын білеміз» деді.

Меніңше, айтыс ақындары кіммен айтысатынын 2 сағат бұрын болса да, алдын ала біліп, сөзін саптап, ойын қорытуы керек қой. Айтысу фонограмма емес. Көптің алдына аузын жыбырлатып шыға салатын.     

Оның үстіне Жүрсін Ерманов бұл айтысты «шоу қыламын, мықты етіп көрсетемін» деп жұрттың бәрін келістіріп, айтыстың табиғатын бұзып жіберді.  Мен оған қарсымын. Оны айтып та жүрмін талай жерде. Сондықтан Жүрсін мен шақырмайды ешбір айтысқа. Шақырмаса, шақырмай-ақ қойсын. Айтқаным – айтқаным. Ақындар «сен не айтасың, мен не айтамын?» деп, келісіп алғанға үйреніп қалды. Олардың айтысы үтіктегендей болып шығады. Біздің айтысымызды халық не үшін жақсы көрді? Үтіктегендей болып шықпайтын, «ә» десе, «мә» деп жауап береміз. Кейде жауап табамыз, кейде қызарақтауға тура келеді. Ал, қазіргі айтыс туралы Балғынбек «бұрын қарсыласым не айтып қояды деп қорқатын едік, қазір не айтпай қалады деп қорқамыз» деп айтты ғой. Анау айтпай қалса, мынаның саптап отырған сөзі шықпай қалады да. Міне, осылай айтыстың құнын түсіріп жіберді. Ешкім айтысты көрмейтіндей болды. Ойда-қырда осы күнде қазақтың айтысын құртып тындық.

– «Әжептәуір ән еді, пұшық шіркін қор қылдының» кері десеңізші.

– Бұзып кетті. Ал, енді осыларды жаңағыдай айтысқа салсақ, не болады? «Оңтүстіктің абыройы төгілсін» деп отыр ма? Бұлардың пиғылын түсінбедім. Кешегі айтыстың дұрыс өтуі – әуелі Құдайдың, кейін Көпеннің арқасы. Кешегі айтыс өтпей қалғанда анық шу сонда болар еді. Осыларды ойлап, әлі қан құрамымдағы қантымның деңгейі көтеріліп, қан қысымым көтеріліп жатыр.

– Ештеңені бүгіп, бүркемелемей, ойыңызды ашық айтқаныңыз үшін рахмет! Сізге де, қазақтың айтыс өнеріне де баянды ғұмыр тілейміз!

Сұхбаттасқан Т.ЕСЕНБАЙҰЛЫ.

Тоқалдың «қызығын» байлар көреді

Соңғы кездері тоқал алғанын мақтаныш етіп, қос қатынды басқарып отырғанын лепіре әңгімелеген кәсіпкерлер мен танымал адамдар туралы материалдар жиілеп кетті. Олардың бұл әрекетінен пиардан бұрын, жалпы көпшілікке, оның ішінде өзі қатарлас ер-азаматтарға бағытталған «көрдің бе, менің ақшамның көптігін тоқал алғанымнан біле берсейші» деген зымиян ниет-пиғылды аңғармау мүмкін емес.


Бұл тақырып күн тәртібінен ешқашан түскен емес. Күнделікті тіршілікте болсын, әлеуметтік желіде болсын – тоқал туралы сөз шыға қалса, оны жалғастырып әкетіп, таласып-тартысып жатқан «шешендер» мен «көсемдерді» жиі кездестіруге болады. Және бұл даудың бейбіт аяқталғаны есімізде жоқ. Әрқашан әркім өз пікірінде қалады. Қазақтың әйелі де, еркегі де бұл тақырыпта бір диссертация қорғап тастайтындай мол ақпаратқа қанық. Алланың берген рұқсатынан да хабардар. Алайда, біздегі бүгінгі шынайы ахуал мен шариғат талаптарының бір-біріне дөп келмеуінің салдарынан бұл мәселені өз қолымызбен ушықтырып алғанға ұқсаймыз.

Әлбетте, бұл жерде тоқал алудың шариғат рұқсат берген, Алла тағаланың ризашылығымен іске асатын рәсім екеніне күмән келтіріп, қарсы айтар уәжіміз жоқ. Тек оның еріккеннің ермегі емес екенін еске салғымыз келеді. Қос-қостан қатын алудың өз шарттары, Алланың алдында жауапкершілігі бар. Бұл орайда дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлының пікіріне құлақ асайық:

«Көп әйел алудың ислам дініндегі үкімі – парыз не уәжіп емес. Тек рұқсат. Яғни, әрбір мұсылман ер кісі көп әйел алуға міндетті емес. Бұған қоса көп әйел алудың өзіндік күрделі шарттары мен талаптары бар. Мысалы, екі әйел алғысы келетін кісінің ең әуелі оларды бағып-қарайтындай жағдайы болуы тиіс. Мұнымен қоса, әйелдерінің арасында қара қылды қақ жарардай әділдік, тең қарым-қатынас құруы керек. Яғни, біреуіне жылышырай танытып, екіншісімен суық қарым-қатынас жасау, біреуінің жанында көп болып, екіншісінікінде аз уақыт қана болу секілді көңілдеріне кірбің салар әділетсіз араластықта болу дұрыс емес. Біреуіне жағдай жасаса, екіншісіне де жағдай жасауы керек. Ал мұндай талаптарды орындай алатындардың саны өте аз екені айтпаса да түсінікті. Ислам дінінің көп әйел алуға рұқсат етуінің өзіндік бірқатар себептері бар. Ер адамдардың саны әйел адамдарға қарағанда әжептеуір аз. Оның себебі, ер адамдардың қазалы оқиғаларға көптеп душар болуында. Қаза тапқан ер кісілердің артында көзі жәутеңдеген бірнеше баласымен аңыраған жас әйелдері жесір қалды. Осы жесір қалған әйелдерге үйленіп, отбасы құратын ер адамның, жас бүлдіршіндеріне қамқорлық көрсетер әкенің қажет екені сөзсіз. Бұлардан да жиі кездесетін бір жағдай – ер адамның екі әйел алуға мәжбүр болуы. Перзент сүйгісі келетін ер азамат некелескен әйелі дүниеге бала алып келе алмайтын бедеу болған жағдайда не істейді? Бірінші әйелімен ажырасып, басқамен үйлене ме?

Яғни, сәби дүниеге әкеле алмағандығы үшін онсыз да жарым көңіл жүрген әйеліне опасыздық жасап, оны талақ етіп, басқа біреумен қол ұстасып кете бармақ па? Жоқ әлде әйелін де далаға тастамай, оған күйеу әрі сүйеу болып екінші бір әйелмен некелесе ме? Әрине, бұл тұста ақылға да, ар-ожданға да қонымдысы екінші таңдау екені сөзсіз».

Егер еркек расымен де көбірек перзент сүю үшін жесір немесе «отырып» қалған қыз-келіншекке үйленіп, екі отбасына тең қарап, екі әйелді де бақытты етіп, қазақтың санын көбейтіп отырса, ондай азаматтан садаға кетпейміз бе. Қос әулетті ым-жымын білдірмей шеберлікпен басқарып, балаларына қамқор әке, әйелдеріне сенімді күйеу болып жүргендерге рахметтен басқа айтарымыз жоқ. Алайда, біздің тоқал алғыштар кімдер?

Осындайда көзімізге бірінші болып түскен топ – бай-бизнесмендер. Мысалы, Тараз қаласындағы белді базарлардың бірінің қожайынында 5 әйел бар. Шымкенттегі белді қонақ үйдің 63 жасар иесінің 3 әйелі бар. Бәйбішенің жасы 58-де болса, ең кіші тоқалдыкі – 23-те. Қатындарының ішінде қазағы да, орысы да бар. Жағдайы жеткен соң алсын дейсің. Біреудің дүниесін қызғанасың ба? Алайда, олардыкі – діннің атын жамылып, өз нәпсісін қанағаттандыру ғана. Өйткені, әйелдері бірінен-бірі өткен жас, сұлу. Заманға сай көк қағаздың соңына түскен сылқымдар. Және ол бизнесмендер әйелдерін тең көреді деп те айта алмайсың. Мұндайлар арамызда көп. Тіпті, олардың арасында тоқалдың саны, неғұрлым жас, сұлу болуы – қаншалықты бай екенін «паш етудің» жолы. Былайша айтқанда – «Тоқал-рейтинг»!

Әрине, әркім өзі біледі, бірақ ондайлар айналасындағы қауымға өз үлгісі арқылы кері әсер етіп жүргенін түсінсе дейсің. Өйткені, оған басқалардың көзі қызбайды деймісіз? Тоқал алғанның жөні осы екен деп, бәйбішемен ақылдаспай, шамасына қарамай жап-жас қызды қатындыққа алатын кей азаматтар осындай байлардан үлгі алып отыр ғой. «Өзбек байыса – там салады, қазақ байыса – қатын алады» деп ата-бабам қалай біліп айтқан десеңші.

Қатын алғыштардың тағы бір тобы – өздерін сәлафи санап жүрген шолақ балақ, селдір сақалдылар. Олар өзіндік дүниетанымы қалып-таспаған шаласауатты қыздарды Алланың қаһарымен қорқытып, үйленіп алады да, неке қызығы тарқаған соң «талақты» үш рет айтып, тастап жүре береді. Өзі тастаған әйелді досына беріп кететін кездері де болады. Жиырмадан жаңа асқан, қара мата жамылған келіншектердің осы күнге дейін он-он бес рет некеде болған десе, сене алмайсың. Алайда, ол шындық. Нәпсінің қалауынан аса алмаған бейшараларды мұсылман деуге аузың бармайды.

Әрине, ата-бабамызды мысалға келтіріп, шариғат жайын әңгімелеп, тағы да ұзақ дауласуға болады. Біздің де атамыз 2 әйел алған. Бірақ оның үлкен себебі бар – өмір бойы бір перзент сүйсем деп армандапты. Сондай-ақ, өзі үйір-үйір жылқысы бар бай еді. Ол заман мен бүгінгі күнді салыстыру мүмкін емес. Дегенмен, екі заманға ортақ бір нәрсе бар – көп әйелді иманы мен шамасы жеткені ғана алған. Сол жағын ойлау керек. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Екі әйелі бар кісі әйелдерінің біреуімен артығырақ қарым-қатынас жасап, әділетсіздікке жол беретін болса, ондай адам ақырет күні бір иығы төмен салбыраған күйде келеді»- деген. Сол. Қатынсыраймын деп ақырет күні иықсыз қалып жүрмеңдер.

 Жан КЕНЖЕ