Кейін насихаттық топ Түркістан облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте латын әліпбиінің мән-маңызы мен емле-ережесіне кеңірек тоқталды.
«Қазіргі таңда emle.kz сайты жұмыс істейді. Онда барлық азаматтар латын әліпбиімен танысып, ұсыныс-тілектерін жолдай алады. Латын әліпбиі біздің тарихымызда болған. Сондықтан қайта оралу қиынға соқпайды. Жаңа жасақталған латын әліпбиі арқылы біз сырттан сөз алғанда өзіміздің төл дыбыстарымызға реттеп алатын боламыз. Бұл Байтұрсынов сынды қайраткерлеріміздің бастамасы», - деді Оразкүл Асанғазықызы.
Баспасөз мәслихатында ғалым Жазира Ағабекова жаңа әліпби 2019 жылдан басталып кезең-кезеңімен сатылап енгізілетінін айтты.
«Қазіргі кириллицамен айтылып жүрген сөздер алдағы уақытта төл дыбыстарымызбен оқылатын болады. Біз осылай ұлттық артикуляциямызды сақтауымыз қажет. Алдағы уақытта оқу орталықтары мен тіл басқармалары жанынан оқыту және біліктілікті арттыру курстары ашылып, мектеп, жоғары оқу орындары мен мемлекеттік қызмет саласында 2025 жылға дейін сатылап енгізілетін болады. Сондай-ақ алдағы уақытта жаңа емле бойынша орфографиялық, орфоэпиялық сөздіктер жасалады», - деді Жазира Ағабекқызы.
Айта кетерлігі, ағымдағы жылдың 14 қараша күні Қазақстан бойынша латын әліпбиінде онлайн режиімінде диктант жазылып, бүкілхалықтық қолдау көрсетілмек.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.