Сейсенбі, 11 Қазан 2022 13:49

ТҮРКІСТАН: ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЗЕРГЕРЛІК ӨНЕРІ - ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТІМІЗДІҢ АЙҒАҒЫ

Түркістан облыстық "Ұлы Дала Елі" Орталығының ұйымдастыруымен Хамза атындағы №2 жалпы орта мектебінде зергерлік көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге "Ұлы Дала Елі" орталығының ғылыми қызметкері А.Мирзабекова, маман М.Тұрсынбаева және экскурсовод Р.Асановалар қатысып, музей қорындағы 50 ден астам жәдігерлер оқушылар назарына ұсынылды. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырға тиесілі өнімдерді жасау үшін ақық, көгілдік ақық, маржан, інжу сияқты асыл тастар көбірек қолданылған. Ел ішінен ертеректе жиналған жәдігерлер мұражай тарихымен бірге жасасып келеді. Бұйымдардың барлығының дерлік басты материалы – күміс. Мысалы қазақ аруларының гигеналық заттары топтастырылған композицияда тарақтан бастап, омыраушаға тізілген тіс шұқығыш пен тырнақ тазалағышқа дейін күмістен соғылыпты. Күміс кір жинамайды. Зергерлердің сүйікті материалы. Қазақ үшін қандай бұйымның болсын әсемдігімен қатар қасиеті мен киесі де айрықша мәнге ие болған. Жаман нәрселерден қорғау қасиетіне, мәніне қарай қалыбы мен ою-өрнегі, жасалатын материалы да түрліше болады. Күмістің жылтылы мен түсі ежелден айдың жарығына баланды. Боз ғаламшар мен күміс бір-бірімен тығыз байланысты. Бұл металды түнгі жарықтың бір бөлігі ретінде қабылдаған халқымыз оған түрліше құдіретті қасиет берген. Баланы шомылдырғанда суға күміс теңге мен сақина тастап, «Баланың күні күмістей жарық болсын» деуі тегіннен-тегін емес, – дейді шебер. Көрмені тамашалап жүріп қазіргі қолөнер бұрынғы шеберлердің өнерінен мүлде бөлек екенін еріксіз аңғарасың. Қорыта айтқанда, қазақтың халық өнерінің жете дамыған түрлерінің бірі - зергерлік өнер ұлттық мәдениетіміздің тарихында өзгеше орын алады. Осындай өнердің қыр-сырын жас ұрпаққа үйрету борышымыз. Жалпы балалардың өз халқының өнерін сүюде, оны мақтаныш тұта білуде бұл бұйымдардың зор мәні бар.

 

 

 

Оқылды 267 рет