Бейсенбі, 19 Қазан 2023 02:51

Сауран ауданында Рухани келісім күні аталып өтті

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Сауран ауданы әкімдігі аппаратының мәжіліс залында аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен 18 қазан - Рухани келісім күніне орай, арнайы шара болып өтті.

Жиынға Сауран ауданы әкімінің орынбасары Серік Садибаев, ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрғазы Тажыбеков, облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-нің аудандық филиалының басшысы, аудандық мәслихаттың депутаты Арсылан Раматуллаев, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Өтеген Әшенов, аудандық орталық «Дервиш Әли» мешітінің бас имамы Бауыржан Ақауов, мешіт имамдары, ішкі саясат бөлімінің мамандары қатысты.

Шарада аудан әкімінің орынбасары Серік Садибаев 18 қазан - Рухани келісім күні 1992 жылы қазанда Қазақстанның сол кездегі астанасы Алматы қаласында Рухани келісімнің бірінші әлемдік конгресі өткенін, сол кезде конгреске қатысушылар қазанның 18-ін рухани келісім, яғни қақтығыстар мен жанжалдарға тоқтам салу, татулық іздеу, жақынға қайырымдылық және көмек күні деп жариялау жөнінде манифест қабылданғанын жеткізді.

Міне, сол 1992 жылдан бастап, 18 қазан Рухани келісім күні ретінде аталып өтіліп келеді. 1992 жылдан бері мерекеленген атаулы күннің маңызы зор. Өйткені, 40 конфессия мен 130 ұлт өкілі тұратын еліміз үшін рухани келісім, тұрақтылық пен татулықтың орны бөлек.

Жиын барысында мешіт имамдарымен еркін форматта пікір алмасып, тәуелсіз Қазақстанның 32 жыл ішінде қол жеткізген маңызды жетістіктерінің бірі қазіргі заманғы қазақ қоғамында ұлтаралық және дінаралық келісімге негізделген әлеуметтік тұрақтылық бойынша өздерінің ой-пікірлерін білдірді. Кездесу соңында Сауран ауданы әкімінің орынбасары Серік Садибаев бір топ имамға аудан әкімінің алғыс хаты мен сый-сияпатын тапсырды.

Қазақстан – дінаралық келісімді биік тұғыр ретінде ұстанып келе жатқан ел. Діни бірлестіктердің өзара ынтымақтастықта қарым-қатынасқа түсуіне мүмкіндік жасап отырған поликонфессиялы мемлекет ынтымақтастық идеалын ұстануда. Еліміздің рухани-мәдени саладағы саясатының негізгі басымдықтарының бірі – этносаралық және конфессияаралық келісім, соның негізіндегі мемлекет пен діни ұйымдар арасындағы сындарлы диалогты дамыту болып табылады. Бұл диалог олардың өзара қарым-қатынастарының барлық тараптарын реттейтін заңнамалық-құқықтық негізде құрыла отырып, қоғамның тұрақтылығын нығайтуға ықпал етеді.

Қоғамдағы тұрақтылық мемлекет үшін ғана емес, діни бірлестіктер үшін де маңызды. Шынайы төзімділікке, толерантты мәдениетке бірлесе ғана қол жеткізуге болады. Жан Жак Руссоның «мемлекет үшін әр азаматтың өз міндеттерін жақсы көруге итермелейтін діні болуы маңызды» деп атап кеткеніндей, діндардың Құдайға деген сүйіспеншілігінен басқа Отанға деген адалдығы, патриотизмі болуы керек.

Қазақстанда конфессияаралық келісімді нығайтуда еліміздің тарихи қалыптасуында, мәдениетінде басымдылыққа ие ханафилік ислам дінің ханафи мазхабы мен христиандықтың православиелік тармағының өзара қарым-қатынасы маңызды рөлге ие екені даусыз. Олардың бейбіт қатар өмір сүруі әлеуметтік және рухани өмірдің тұрақтылығының кепілі болып табылады. Бұл өзара түсіністік сүйіспеншілік, мейірімділік, сенім, адамдар арасындағы бір-біріне құрмет, лайықты мінез-құлықты дәріптейтін ислам мен христиандықтың маңызды құндылықтарына негізделген. Қазақстан халқының тарихы мен мәдениетіндегі аталған дәстүрлі діндердің орнын ұлықтау мақсатында еліміздің мерекелік күндерінің ресми күнтізбесінде Құрбан айт және православиелік Рождествоның бекітілуі рухани келісімнің бірден бір айғағы деп түсінілу керек.

Қазақстанда жоғарыда аталған діни бірлестіктермен қатар, иудейлердің, католиктердің, лютерандардың және басқа да жаңа діни бағыттардың бірлестіктері жұмыс істейді. Қазақстан Республикасы әлемдік діндердің жетекші орталықтарымен тығыз байланыс орнатқан. Қазақстандықтардың Мекке мен Мединаға қажылық жасауға толық мүмкіндерінің еркін ашылуы, Қазақстанның Мәскеудегі православ шіркеуін қалпына келтіруге өз үлесін қосуы, 1999 жылы Нью-Йорктегі еврей қауымдастығына қасиетті қолжазбалардың сыйға тартылуы секілді тәуелсіздік жылдары жасалған игі шаралар еліміздегі рухани келісім мәдениетінің жоғары деңгейде көрініс тапқанын айғақтай түседі.

1992 жылдан бастап 18 қазан Қазақстанда Рухани келісім күні болып жарияланды. Бұл күні әрбір діни конфессияның еліміздегі рухани келісімді нығайтуға қосқан зор үлесі атап өтіледі. Рухани келісімге қол жеткізудің нақты бір дәлелі деп Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың ұсынысымен басталған «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезін» атай аламыз. Бұл съезд Қазақстанның діни жағдайды зерделеу ісінде көшбасшы болып табылатынын және әр түрлі діни ұстанымдағы адамдардың бір алаңда бас қосып, адамзатқа ортақ мәселелерді шешуге мүмкіндіктері бар екенін көрсетті. Шынында да, біздің елде мемлекет пен діни ұйымдар арасындағы қатынастардың өзіндік моделі қалыптасты: серіктестік, өзара құрмет және бір-бірінің ішкі істеріне араласпау қағидаттарына негізделген конфессияаралық келісімнің бірегей моделі әлемдік деңгейде мойындалды.

Әлемдік діни ахуалды және көптеген шет елдердің тәжірибесін талдау мұндай модельдің неғұрлым оңтайлы және қолайлы болып табылатынын көрсетті. Мұны елеулі жетістік және одан әрі ілгерілеудің маңызды шарты деп атауға болады. Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында Тәуелсіздік жылдарында «біз қоғамдық тұрақтылықты, ұлтаралық келісім, қазақстандық біртұтастық пен жалпықазақстандық патриотизмді қалыптастыруды қамтамасыз ете алатын өзіндік модельді жүзеге асырдық. Бұл біздің қазақстандық «ноу-хау», біз оны мақтан тұта отырып, мұқият қорғауға міндеттіміз» деп атап кеткен еді.

Қазақстанда 130-дан астам ұлт өкілдері тұрады. Қазақстан халқы Ассамблеясы табысты жұмыс істеуде, бес мыңнан аса Үкіметтік емес ұйымдар мен 200-ден астам этномәдени орталықтар бейбіт қатар өмір сүріп, қоғамдағы рухани келісімнің жалғастығына үлестерін қосып келеді. Республикадағы діни алаң аясы да сан алуандығымен ерекшеленеді: 18 конфессияға тиесілі 3600-ге жуық діни бірлестіктер, олардың діни ғимараттары мен баспа басылымдары заң аясында қызметтерін жүргізуде.

Тәуелсіздік алған сәттен бастап біздің біртұтастануымыздың қағидаты  ретінде қазақстандық патриотизм идеясы басты орынға қойылды. Патриоттық тәрбиенің тиімділігі Қазақстан тарихын, әдет-ғұрып, дәстүр, тіл, Республика халықтарының мәдениетінің еркін дамуына жол салынды. Қазақстандықтардың бір-бірін түсінуіне ұлты, әлеуметтік және діни айырмашылықтары да кедергі болған жоқ және болмауы тиіс қағидасы берік орнықты. Қазақстандық патриотизм – аға буынның арқасында қалыптасқан қоғамда қиын дағдарыстық жағдайларға төтеп беруге көмектесетін моральдық тұғыр, қазық болды десек артық емес. Оның өзіндік бет-бейнесі мен менталитеті бар, оның негізгі белгілерінің бірі – Қазақстанға өз Отаны ретінде деген сүйіспеншілік, қонақжайлылық пен риясыздық, өзара көмек, елде атап өтілетін мерекелердің интернационализмін атап кетуге болады. Дәл осы халықтық отансүйгіштік Қазақстанды әлемдегі қарқынды дамып келе жатқан елдердің біріне айналдыруға көмектесті. Осы қол жеткен жетістіктер Съезд жұмысының өміршеңдігіне негіз болып келеді және алдағы уақыттағы жоспарланып отырған «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII Съезі» аясында жан-жақтан келетін діни көшбасшылардың тарапынан атап өтілетініне сенімдіміз.

Халық, ең алдымен, жастар, патриотизм дегеніміз бұл тек бір ұлтты ғана мадақтау, көтермелеу емес, мәдениеттер, діндер мен дәстүрлердің бейбіт өзара іс-қимылы арқылы ғана Қазақстанды дамытатын қуатты ресурс екенін білуге тиіс.

Қазақстан Республикасындағы бітімгершілік саясаттың нәтижесінде Қазақстан Орталық Азиядағы қауіпсіздік режимін сақтаудың бірден бір кепілі болып отыр. Бейбіт қатар өмір сүру үлгісі, өңірлік қауіпсіздікті тұрақтандырушы және еліміздің экономикалық реформалардың көшбасшысы ретіндегі мәртебесі біздің елімізге геосаяси, геоэкономикалық және геоақпараттық сипаттағы жаһандық және өңірлік құрылымдарда салмақты рөл атқаруға мүмкіндік береді. Басым бөлігінде халықаралық ұйымдардың біздің елімізге сенім артуы этносаралық және конфессияаралық келісім моделінің арқасында мүмкін болды деп айта аламыз. Еліміздегі рухани келісім мәдениетінің жоғары деңгейі – Қазақстанның кемсітушілікке, діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес ісіне, жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен қолдаудың жалпы әлемдік процесіне қосқан үлесі болып табылады. Қазақстанда барлық діндердің тең құқығына кепілдік беріле отырып, конфессияаралық келісімді қамтамасыз етуге толық бейімділік танытып келеді. Елімізде исламның, басқа да әлемдік және дәстүрлі діндердің озық дәстүрлерін құрметтеледі және дамытуға қолдау көрсетіледі. Дегенмен осы заманғы зайырлы мемлекет орнату саяси бағдар болып табылады. Қазақстан Республикасы жалпыадамзаттық құндылыққа негізделген рухани келісімді баянды етуге мүдделі және сол бағытта дами бермек.

Егемендік алғаннан бері бұл күнді ерекше атап өтудегі мақсат -  еліміздегі 17 конфессия мен 130-дан астам ұлт өкілдіренің басын біріктіру, тұрақтылық пен тыныштық орнату. Бүгінгі таңда рухани келісім көптеген елдер үшін бірінші кезектегі міндетке айналды. Осы жағдайда Қазақстан ұлттық бірлігіне негізделген тұрақтылықты көрсетіп отыр. Елімізде өмір сүретін этностардың ауызбірлігі мен төзімділігі қазақстандықтар үшін егемендік құру жолындағы күрделі кезеңдерден өтуге жәрдемдесті және әлі күнге дейін ел дамуына үлкен күш-қуат беріп отыр. Көпұлтты еліміз үшін бұл күннің маңызы зор. 1992 жылдың қазанында Алматыда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қамқорлығымен тұңғыш рет Дүниежүзілік рухани келісім конгресі өткен болатын.

Аллa тағаланың рахымымен, халқымыздың талпынысымен Ислам діні Қазақстанда қарқынды дамып келеді. Нәтижесінде мешітке келушілер мен намазға жығылушылар саны күн сайын артуда. Ислам діні татулықты, ауызбіршілікті діттейді. Сондықтан біздің де көздегеніміз дінаралық, конфессияаралық татулықты нығайтуға өзіндік үлес қосу. Алла тағала Құран Кәрімде: “Дін турасында сендермен соғыспаған әрі сендерді өз Отандарыңнан қуып шығармаған адамдарға жақсылық жасауларыңа және оларға әділетті болуларыңа Алла тағала қарсы емес. Өйткені, Алла тағала әділеттілік жасағандарды жақсы көреді”, - деген (Мумтахина сүресі, 7-аят). Бұл аятта Алла тағала өзге дін өкілдерімен бейбіт ғұмыр кешуді, сондай-ақ мұсылмандардың оларға жақсылық әрі әділдік танытуларына рұқсат берген. Бұл ретте көп этносты, көп дінді елімізде өзара келісім, руханият пен ынтымақтастықты нығайтудағы осы атаулы мерекенің орны ерекше. Діннің табиғаты сондай, сенімі күшті діндар адам өзінің туыстары  мен  ұлтына, еліне көп алаң болмай, рухани бірліктегі өзінің діндес бауырларын  жақын  тұтып, соларға  жәрдем  етуге бейім болады және қажет болған кезде солардан қолдау күтіп, көмек сұрауға да дайын тұрады. Бүгінде тәуелсіз мемлекет атанып, ел-халық болып қалыптасудың күрделі үдерістерін бастан кешіріп жатқан кезеңде ұлттық келісімді, дінаралық татулықты қамтамасыз ету бүгінгі күннің өзекті міндеті болуы да сондықтан. Бұл жөнінде Ел Президенті  Н.Ә.Назарбаев: «Біз өзіміздің жатсынбас тұрпатымызбен, этносаралық, конфессияаралық татулығымызбен және өзара үндесуімізбен күллі әлемге танымалмыз», – деген.

Ислам діні татулық мен мейірімділікке шақырады. Адамдарға мейіріммен қарау, дауласқанды татуластыру, көршімен қарым-қатынаста болу мұсылманды нұрландыратын әрекеттер. Көршімен-көрші, ел мен ел тату болса, әлемде бейбітшілік орнайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) исламның ынтымағы мен бірлігін сақтау жолында өте сабырлылықпен әрекет етті. Қоғамның ынтымағы мен бірлігі, дін исламның өркендеуі үшін жасаған қызметтері, расында да, үлкен жетістікке жеткізді. Ұлтымыз бен діни сенімге қарамастан барлығымызды біріктіретін осы күн — қоғамдағы тұрақтылық пен келісім күні. Сондықтан да бірлік пен қайырымдылық, жақсылық пен гүлдену мерекесі ретінде атап өтіледі.

Тәуелсіздік жылдары ішінде өзімізге тән тамаша дәстүрлер қалыптасты. Рухани келісім – біздің ұлттымызға тән  үлкенді сыйлау, отбасына құр­мет, балаларға  қамқорлық, қонақжайлылық, татулық, достық, ауызбіршілік тәрізді ізгі ортақ құндылықтар берік орнықты. Халқымыздың татулығы мен бірлігі – еліміздің өркендеп, алға басуына себеп болады. Осы байлығымызды қадірлей білу, оны жас ұрпақтың жүрегіне ұялату – еліміздің жарқын болашағының кепілі болмақ.

Барша халықты мейірімділікке, игілік, бірлікке үндейтін Рухани келісім күні құтты болсын! Әрбір отбасында тыныштық, береке болсын. Жаратушы Иемізден елімізге береке, бірлік, еңселі ел болуымызды тілеймін! Тәуелсіздігіміз мәңгі болғай!

«AQ-QARA.KZ»

Оқылды 166 рет