Турнирдің ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев арнайы қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі. – «Қаратау тәжі атанған Кентау қаласы» күніне орай «Айдар Строй Групп» компаниясының жүлдесіне ұйымдастырылып отырған үстел теннисінен «KENTAU CUP» ашық турниріне қош келіпсіздер. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұқаралық және балалар спортын дамытуға, спорт инфрақұрылымын жетілдіруге ерекше көңіл бөліп келеді. Кентау – еңбек пен бірлікті қадірлеген, талай дарынды азамат түлеп ұшқан құтты мекен. Қала күні аясында өтіп жатқан бүгінгі турнир спортшылардың шеберлігін шыңдап, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыра түседі деп сенемін. Бұл жарыс қатысушыларға өз мүмкіндіктерін көрсетуге, тәжірибе алмасуға және достық байланыстарын нығайтуға жол ашады. «KENTAU CUP» ашық турнирі достық пен әділ бәсекенің жарқын үлгісі болсын! – деді Ертай Кенжебекұлы.
Айта кетсек, Түркістан облысында 25 спорттық ұйымда 2 мыңнан астам спортшы үстел теннисімен тұрақты шұғылданады. Бүгінгі республикалық іс-шараның мақсаты – теннис спортын дамыту, спортшылардың шеберлігін арттыру және бұқаралық спортты насихаттау.
Жалпы, бүгінде Кентау қаласына қарасты ауылдық елді мекендерде бұқаралық спортты дамыту, балалардың белсенді демалысына жағдай жасау және спорттық инфрақұрылымды жетілдіру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Бұл бастамалар ауыл тұрғындарының дене шынықтырумен жүйелі айналысуына мүмкіндік беріп, жас ұрпақтың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған. Атап айтқанда, биыл жергілікті бюджет есебінен Қарнақ ауылында бір балалар ойын алаңының, Құсшы ата елді мекенінде шағын футбол алаңы мен балалар ойын алаңының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Жаңа нысандар ауыл балаларының спортпен шұғылданып, таза ауада белсенді демалуына қолайлы орта қалыптастырады.
Сонымен қатар спорттық және ойын алаңдарының айналасын абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі. Бұл ретте нысандардың қолайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де көңіл бөлінуде. Ауылдардағы спорттық инфрақұрылымды кеңейту жұмыстары бұған дейін де кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Мәселен, Қарнақ ауылында тұрғындардың өз қаражаты есебінен бұрын бес балалар ойын алаңы салынған. Ал 2025–2026 жылдары жергілікті бюджет есебінен осы ауылда үш ойын алаңы бой көтеріп, Құсшы ата елді мекенінде бір балалар ойын алаңы мен футбол стадионының элементтері орнатылды.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат