Сәрсенбі, 11 Қараша 2026 17:41

Бекзат Саттархановты еске алуға арналған халықаралық бокс турнирі ұйымдастырылды

Түркістан қаласындағы Б.Саттарханов атындағы спорт кешенінде Сидней Олимпиадасының жеңімпазы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Бекзат Саттархановты еске алуға арналған 2013–2014 жылы туған жасөспірімдер арасындағы XXI Халықаралық бокс турнирі ұйымдастырылды.

Халықаралық додаға Қырғыз Республикасынан және еліміздің бірқатар өңірлерінен 400-ден астам жас спортшы қатысты. Жарыстың ашылу салтанатында Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов және Түркістан қаласы мәслихатының төрағасы Ғаппар Амантайұлы және Бекзат Саттархановтың алғашқы бапкері мен анасы сөз сөйлеп, жас спортшыларға сәттілік тіледі.

Спорт – ұлт денсаулығының кепілі, жас ұрпақты жігерлілікке, табандылыққа және тәртіпке тәрбиелейтін өмір мектебі. Әсіресе, өскелең ұрпақтың спортқа деген қызығушылығын арттыруда ел мақтанышына айналған спорт саңлақтарының орны ерекше. Осындай тұлғалардың бірі – қазақ боксының жарық жұлдызы, Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттарханов. Оның есімі Түркістан өңірі үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін ерлік пен жеңістің символына айналды.

Бекзат Саттарханов – Түркістан топырағынан түлеп ұшып, әлемдік спорт аренасында қазақ елінің мерейін асқақтатқан біртуар спортшы. Ол 2000 жылы Австралияның Сидней қаласында өткен ХХVII жазғы Олимпиада ойындарында бокстан алтын медаль иеленіп, ел тарихында өшпес із қалдырды. Жас ғұмырында биік белестерді бағындырған Бекзаттың жеңісі мыңдаған жасқа қанат бітіріп, спортпен шұғылдануға деген ынтасын оятты.

Бүгінде Бекзат Саттархановтың есімі Түркістан өңіріндегі жас спортшылар үшін үлкен мақтаныш әрі үлгі-өнеге. Оның қайсарлығы, еңбекқорлығы, мақсатқа деген адалдығы жасөспірімдерді жеңіл жол іздемей, өз арманына табандылықпен жетуге үндейді. Әсіресе, бокс үйірмелеріне қатысып жүрген балалар үшін Бекзаттың өмір жолы – үлкен спортқа бастайтын жарқын бағдар.

Спортқа қызығушылықты арттыру тек жарыстар ұйымдастырумен шектелмейді. Ол үшін жастарға үлгі болатын тұлғаларды насихаттау, спорттық инфрақұрылымды дамыту, бұқаралық спортты қолдау және жас таланттарға мүмкіндік беру маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, Бекзат Саттархановтың есімін иеленген спорт нысандары мен оның құрметіне өткізілетін жарыстар жас буынның спортқа деген ынтасын арттыруға ықпал етеді. Мұндай шаралар арқылы балалар мен жасөспірімдер Олимпиада чемпионының жетістігін танып қана қоймай, өздерінің де үлкен мақсаттарға қол жеткізе алатынына сенім қалыптастырады.

Түркістан – талай тарланбозды түлеткен қасиетті өлке. Бұл өңірдің жастары арасында спорттың әр түріне қызығушылық танытатын дарынды балалар аз емес. Олардың бойындағы қабілетті шыңдап, биік нәтижелерге бағыттауда Бекзат Саттарханов секілді чемпиондардың өнегесі айрықша маңызға ие. Оның жеңіс тарихы жас ұрпаққа қандай қиындық кездессе де мойымауды, күнделікті жаттығуды, тәртіп пен төзімділікті серік етуді үйретеді.

Бекзаттың өмірі – жеңістің кездейсоқ келмейтінін дәлелдейтін тағылымды тарих. Олимпиада шыңына шығу үшін ол үздіксіз еңбектеніп, маңдай терін төкті. Осындай өнегелі жолды үлгі тұтқан жас спортшылар уақытын тиімді пайдалануға, зиянды әдеттерден аулақ болуға және салауатты өмір салтын ұстануға талпынады. Демек, чемпионның мұрасы тек спорттық жетістіктермен өлшенбейді, оның тәрбиелік мәні де зор.

Бүгінде Бекзат Саттархановтың есімі – Түркістан жастарының жігерін жанитын рухани күш. Оның жарқын бейнесі жас ұрпақты ел намысын қорғайтын азамат болуға, халықаралық додаларда Қазақстанның көк туын желбіретуге жігерлендіреді.

Қазіргі таңда Бекзат Саттархановтың спорттағы ерлігі мен өнегелі өмір жолы – Түркістандық балалар мен жастардың спортқа деген құштарлығын арттырудың маңызды рухани негіздерінің бірі. Чемпионның есімі ұлықталған сайын, оның жеңісі насихатталған сайын жас буынның бойында арманға деген сенім, жеңіске деген құлшыныс арта түседі. Бекзаттың ғұмыры қысқа болса да, артында қалдырған өнегесі мәңгілік. Ол – Түркістанның ғана емес, тұтас қазақ елінің мақтанышы, жас ұрпаққа бағыт-бағдар беретін өшпес тұлға.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 6 рет