Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-да өткен жиынға ғалымдар, зиялы қауым өкілдері қатысты. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров өз сөзінде Түркістанның қазақ тарихындағы айрықша орнына тоқталып, жаңа кітаптың тарихи жадымызды жаңғыртудағы маңызын атап өтті. Астана қаласындағы «Ғылым» баспасы әзірлеген 880 беттен тұратын екі томдық бірегей басылым Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен жарыққа шықты. Жаңа энциклопедияда Түркістан ұғымы тек қазіргі Түркістан қаласы мен өңірінің тарихымен шектелмей, тарихи-мәдени және өркениеттік кеңістік аясында барынша кең ауқымда қарастырылды. Осы тұрғыдан басылым Түркістанның бүтін түркі халықтары тарихындағы орнын кешенді түрде танытуға бағытталған.
Әзірлеу жұмыстары 2021-2025 жылдарды қамтып, 300-ден аса ғалымның мақаласы мен зерттеуі тартылған іргелі жобаға академик Дархан Қыдырәлі жетекшілік етті. Жоба аясында төрт мыңнан астам атау мен ұғым қайта зерделеніп, қолда бар материалдар жаңа ғылыми деректермен толықтырылды. Бұған дейін энциклопедиялық айналымға енбеген бірқатар тұлғалар, тарихи оқиғалар, жер-су атаулары мен ұғымдар бойынша жаңа мақалалар әзірленіп, бұрынғы материалдар ғылыми тұрғыдан қайта қаралды. Жинақталған деректерді бүгінгі зерттеулер негізінде қайта жүйелеуді және мазмұндық тұрғыдан кеңейтуді мақсат еткен екі томдық энциклопедияда Түркістан мен жалпы Түркі әлемінің бірнеше мыңжылдық тарихына қатысты материалдар толық дерлік қамтылған. Еңбекте ежелгі және ортағасырлық тарих, археология, сәулет өнері, этнография, әдебиет пен фольклор, рухани мұра, тарихи тұлғалар, елді мекендер мен жер-су атауларына қатысты ғылыми-танымдық материалдар әліпбилік тәртіппен жүйеленіп берілген.
Шындығында, Түркістан тарихын бір ғана қаланың немесе белгілі бір кезеңнің шеңберінде қарастыру мүмкін емес. Өйткені оның тарихи-географиялық ауқымы әлдеқайда кең. Бұл өңір ежелден Ұлы Жібек жолының бойындағы маңызды мәдени, сауда-экономикалық және өркениеттік байланыстардың тоғысқан мекені болды. Шығыс пен Батысты жалғаған керуен жолдары арқылы мұнда тауар ғана емес, білім мен ғылым, діни таным, өнер мен әдебиет, салт-дәстүр мен дүниетаным да таралды. Оңтүстік Қазақстан аумағында орналасқан көне қалалар мен тарихи қоныстар осы өлкеде қала мәдениетінің ерте кезеңдерден қалыптасқанын айғақтайды. Отырар, Сауран, Сығанақ, Сайрам, Ясы секілді тарихи орталықтар ортағасырлық өркениеттің дамуына елеулі үлес қосты. Әрқайсысының өзіндік тарихы, саяси-экономикалық маңызы, мәдени келбеті бар. Бұл қалаларда қолөнер, сауда, егіншілік, білім беру, сәулет өнері дамып, аймақтың экономикалық және рухани әлеуеті қалыптасты.
Әсіресе, Ясы қаласының Түркістан атауымен танылып, біртіндеп күллі түркі жұртына ортақ рухани орталыққа айналуы – тарихи дамудың айрықша құбылысы. Қаланың өркендеуіне діни-ағартушылық дәстүрлердің, сауда қатынастарының, саяси оқиғалардың және мәдени байланыстардың ықпалы зор болды. Түркістанның тарихи маңызын арттырған негізгі факторлардың бірі – оның қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы мен нығаюындағы орны. Қазақ хандығы дәуірінде қала саяси, экономикалық әрі рухани орталық ретінде танылды. Мұнда ел тағдырына қатысты маңызды мәселелер қаралып, тарихи шешімдер қабылданды. Түркістан қазақ хандарының ордасы болған кезеңдерде мемлекетті басқару ісінің маңызды орталығына айналды.
Қала аумағындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңызы да осымен сабақтас. Бұл кесене қазақ халқының тарихи жадында тек сәулет өнерінің бірегей туындысы ретінде ғана емес, елдік пен бірліктің, мемлекеттілік пен рухани тұтастықтың символы ретінде сақталған. Мұнда қазақтың бірқатар хандары, билері мен батырлары жерленген. Сондықтан Түркістанды қазақ тарихының алтын діңгегі деп атау – тарихи шындыққа негізделген тұжырым.
Жаңа энциклопедияның басты ерекшелігі де осындай тарихи сабақтастықты кең ауқымда көрсетуінде. Онда Түркістан ұғымы қазіргі әкімшілік-аумақтық шекарамен шектелмей, бірнеше мыңжылдықты қамтитын тұтас тарихи-мәдени және өркениеттік кеңістік ретінде қарастырылған. Бұл тәсіл Түркістанның қазақ тарихындағы орнын ғана емес, түркі халықтарының ортақ өркениетіндегі маңызын да тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Түркістанның әлемдік деңгейдегі рухани орталық ретінде танылуы ең алдымен ұлы ойшыл, сопылық әдебиеттің көрнекті өкілі Қожа Ахмет Ясауи есімімен тығыз байланысты. Қожа Ахмет Ясауи – түркі халықтарының рухани дүниесіне терең із қалдырған тарихи тұлға. Оның ілімі адамгершілік, имандылық, әділеттілік, сабыр, мейірім, ізгілік секілді жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейді. Ұлы ойшылдың шығармалары мен хикметтері ғасырлар бойы халықтың рухани тәрбиесіне қызмет етіп келеді.
Ясауи мұрасының ерекшелігі – исламдық дүниетанымды түркі халықтарының тілімен, мәдениетімен, дәстүрімен сабақтастыра білуінде. Оның хикметтері арқылы діни-философиялық ойлар қарапайым халыққа түсінікті тілде жеткізіліп, рухани тәрбие мен адам болмысының кемелденуіне басымдық берілді. Осылайша Ясауи ілімі түркі дүниесіндегі рухани бірегейліктің қалыптасуына ықпал етті. Ұлы ойшылдың мәңгілік мекеніне айналған кесене XIV ғасырдың соңында Әмір Темірдің бұйрығымен салынды. Бұл сәулет туындысы – ортағасырлық құрылыс өнерінің теңдессіз үлгісі. Күмбезді композициясы, кең залдары, сәндік өрнектері, күйдірілген кірпішпен өрілген қабырғалары мен көркем безендірілуі сол дәуірдегі сәулетшілердің жоғары шеберлігін көрсетеді.
Кесененің тарихи және мәдени маңызы халықаралық деңгейде де мойындалған. 2003 жылы ол ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілді. Бұл шешім Түркістанның әлемдік мәдени мұра кеңістігіндегі орнын айқындай түсті. Бүгінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – зиярат етушілер мен туристердің, тарихшылар мен зерттеушілердің ерекше қызығушылығын тудыратын қасиетті орын. Мұнда келушілер тек тарихи ескерткішті тамашалап қана қоймай, бабалардан қалған рухани мұрамен танысып, өткен дәуірдің тынысын сезінеді.
Алайда Ясауи мұрасын тек кесенемен шектеуге болмайды. Оның ілімі, дүниетанымы, хикметтері, шәкірттері қалыптастырған рухани мектеп – түркі халықтарының ортақ мәдени қазынасы. Сондықтан екі томдық энциклопедияда рухани мұраның осы қырларын кеңінен қамту Түркістанның тарихи болмысын терең түсіндіруге мүмкіндік беретін маңызды бағыттардың бірі болып отыр.
Түркістан өңірінің мәдениеті – ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлердің, халықтық өнердің, қолөнер мен фольклордың, әдебиет пен тарихи танымның тұтас жүйесі. Бұл өлкеде көшпелі және отырықшы мәдениеттер өзара ықпалдасып, өзіндік ерекшелігі бар бай мәдени орта қалыптастырды. Өңірдің этнографиялық мұрасы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігімен, дүниетанымымен, әдет-ғұрпымен тығыз байланысты. Бесікке салу, тұсаукесер, сүндет той, беташар, бата беру, ас беру секілді дәстүрлер ұрпақ тәрбиесінің, отбасылық құндылықтардың және қоғамдық бірліктің маңызды тетіктері ретінде бүгінге жетті.
Түркістанның мәдени болмысын танытатын тағы бір маңызды сала – халықтық қолөнер. Кілем тоқу, алаша тоқу, зергерлік бұйымдар жасау, кесте тігу, ағаш пен теріні өңдеу, қыш бұйымдарын дайындау секілді кәсіптер өңірдің материалдық мәдениетінің ажырамас бөлігі саналады. Әрбір бұйымның өзіне тән ою-өрнегі, түс үйлесімі мен жасалу тәсілі бар. Олардың астарында халықтың дүниетанымы, эстетикалық талғамы мен өмірлік тәжірибесі жатыр. Әсіресе, қазақтың ою-өрнек өнері – ұлттың көркемдік ойлау жүйесінің айқын көрінісі. «Қошқармүйіз», «түйетабан», «сыңармүйіз», «ботакөз» секілді өрнектер тұрмыстық заттар мен киім-кешектерде ғана емес, сәулет өнерінде де кеңінен қолданылған.
Ал ауыз әдебиеті мен фольклор халықтың тарихи жадын сақтаудың маңызды құралы болды. Аңыз-әңгімелер, шежірелер, жыр-дастандар, термелер мен шешендік сөздер арқылы елдің өткені, тарихи тұлғалардың ерлігі, халықтың арман-мұраты ұрпақтан ұрпаққа жеткізілді. Түркістан өңірінің мәдени мұрасын жүйелеу барысында осындай ерекшеліктердің ғылыми тұрғыдан зерделенуі аса маңызды. Себебі мәдениет – тек өткеннің естелігі емес, бүгінгі қоғамның рухани тірегі әрі келешек ұрпаққа қалатын баға жетпес мұра.
Түркістан – рухани ойдың, білім мен ғылымның, әдебиет пен ағартушылық дәстүрдің қалыптасуына ықпал еткен тарихи кеңістік. Ұлы Жібек жолының бойындағы қалаларда медреселер мен білім ошақтары жұмыс істеп, діни және дүниәуи білімнің дамуына жағдай жасалды. Бұл өлкеден шыққан ойшылдар мен ғұламалардың мұрасы түркі халықтарының ғана емес, жалпы адамзат өркениетінің рухани қазынасына айналды. Әбу Насыр әл-Фарабидің Отырар өңірімен байланысы, Қожа Ахмет Ясауидің философиялық мұрасы, ортағасырлық ғалымдар мен ақындардың еңбектері – осының айқын дәлелі.
Түркістанның әдеби-мәдени кеңістігі кейінгі дәуірлерде де үзілген жоқ. Қазақ әдебиетінің қалыптасуы мен дамуында оңтүстік өңірдің орны ерекше. Халық ақындары мен жыраулар, айтыскерлер мен жыршылар елдің қоғамдық өмірін, тарихи оқиғаларын, әлеуметтік мәселелерін шығармаларына арқау етті. Әдебиет пен фольклор – халықтың жан дүниесін танытатын рухани айна. Сондықтан оларды энциклопедиялық тұрғыдан жүйелеу тарихи деректерді ғана емес, ұлттық дүниетанымның даму жолын да танып-білуге мүмкіндік береді. Жаңа екі томдықта әдебиет, фольклор, этнография, рухани мұра бағыттарының қамтылуы Түркістанды тек тарихи оқиғалар мекені ретінде емес, мәдени ой мен шығармашылықтың ірі орталығы ретінде де танытуға жол ашады.
Жаңа басылымның ең басты құндылығы – оның ұзақ жылдарға созылған кешенді ғылыми ізденістердің нәтижесінде дүниеге келуінде. Жобаны әзірлеу жұмыстары 2021–2025 жылдар аралығында жүргізіліп, оған 300-ден астам ғалым мен зерттеуші қатысты. Жоба жетекшісі әрі бас редакторы – тарих ғылымдарының докторы, академик Дархан Қыдырәлі. Жауапты редакторы – әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Тұрдықұл Шаңбай.
Астана қаласындағы «Ғылым» баспасы әзірлеген, Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен жарық көрген екі томдық басылымның жалпы көлемі – 880 бет. Еңбекте төрт мыңнан астам атау мен ұғым қайта зерделеніп, ғылыми-танымдық мақалалар әліпбилік тәртіппен жүйеленген.Мұның өзі жобаның ауқымын аңғартады. Өйткені энциклопедияны дайындау барысында бұрыннан белгілі тарихи мәліметтерді жинақтаумен шектелмей, жаңа ғылыми зерттеулердің нәтижелері ескерілген. Бұған дейін энциклопедиялық айналымға кеңінен енбеген тарихи тұлғалар, оқиғалар, жер-су атаулары мен ұғымдар бойынша жаңа мақалалар әзірленген.
Басылымның мазмұндық құрылымы да жан-жақты. Онда:
Түркістан мен түркі халықтарының ежелгі және ортағасырлық тарихы;
археологиялық зерттеулер мен тарихи ескерткіштер;
сәулет өнері және қала мәдениеті;
этнография мен халықтық дәстүрлер;
әдебиет, фольклор және рухани мұра;
тарихи тұлғалар мен көрнекті қайраткерлер;
елді мекендер, географиялық нысандар мен жер-су атаулары;
түркі дүниесінің ортақ мәдени және өркениеттік құндылықтары қамтылған.
Сонымен қатар тарихи және географиялық карталар, түрлі-түсті фотосуреттер, тұлғалардың портреттері, миниатюралар, жаңғыртпа сызбалар, археологиялық және сәулет ескерткіштерінің бейнелері басылымның көрнекілік сипатын арттыра түскен. Осы ерекшеліктері арқылы энциклопедия тек анықтамалық сипаттағы кітап емес, ғылыми ізденістерге бағыт беретін, тарихи деректерді салыстырып зерделеуге мүмкіндік беретін іргелі еңбек ретінде бағаланады.
Бүгінгі Түркістан – тарихы мен дәстүрін сақтай отырып, жаңа даму кезеңіне қадам басқан заманауи шаһар. 2018 жылы Түркістан облысының орталығы мәртебесіне ие болуы қаланың қоғамдық-экономикалық, мәдени және инфрақұрылымдық дамуына тың серпін берді. Соңғы жылдары қалада жаңа мәдени-туристік нысандар бой көтеріп, тарихи орындарды абаттандыру, инфрақұрылымды дамыту, туристік бағыттарды қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Түркістанның заманауи келбеті оның тарихи болмысымен үйлесім тауып, шаһардың туристік әлеуетін арттыра түсті. Әсіресе, тарихи-мәдени мұраны сақтау мен туризмді дамыту бағытындағы жұмыстардың маңызы зор. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Арыстан баб кесенесі, Отырар мен Сауран қалашықтары секілді тарихи нысандар отандық және шетелдік туристердің қызығушылығын арттыратын маңызды орындарға айналып отыр.
Сонымен бірге Түркістанның білім мен ғылым, мәдениет пен руханият орталығы ретіндегі әлеуеті де нығая түсуде. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті шаһардың ғылыми және халықаралық байланыстарын дамытуға елеулі үлес қосып келеді. Дәл осы білім ордасында екі томдық энциклопедияның тұсаукесерінің өтуі де символдық мәнге ие. Себебі университет – түркі дүниесінің тарихы мен мәдениетін зерттеу, ортақ рухани құндылықтарды насихаттау және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту бағытындағы маңызды орталықтардың бірі. Осы орайда Түркістанның тарихи мұрасын зерттеу мен қазіргі даму үдерістерін біртұтас қарастыру қажет. Өткенін таныған, тарихи құндылықтарын бағалай білген қоғам ғана болашаққа сенімді қадам жасай алады.
«Түркістан» екі томдық энциклопедиясының жарық көруі – өңірдің тарихи-мәдени мұрасын жинақтау жолындағы маңызды ғылыми қадам. Оның құндылығы қамтылған деректердің көлемімен ғана емес, тарихи сананы жаңғыртуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және жас ұрпақтың туған жер тарихына деген қызығушылығын арттыруға ықпал етуімен өлшенеді.Еңбектің оқырман аясы да кең. Ол тарихшылар, археологтар, этнографтар, түркологтар, әдебиеттанушылар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен білім алушылары үшін маңызды ғылыми дереккөз бола алады. Сонымен қатар өлке тарихына қызығатын жалпы оқырман қауымға да арналған.
Екі томдық энциклопедияның 2 мың дана таралыммен жарық көруі және алдымен облыс кітапханаларына, кейін еліміздің өзге өңірлеріне таратылуы оның ғылыми-танымдық әлеуетін кеңінен пайдалануға мүмкіндік береді. Ал болашақта шет тілдерге аудару жоспары еңбектің халықаралық деңгейдегі маңызын арттыра түспек. Дегенмен мұндай іргелі еңбектің өміршеңдігі оның жарық көруімен ғана шектелмеуі керек. Ендігі міндет – жинақталған ғылыми мәліметтерді білім беру жүйесінде, музейлер мен кітапханалар қызметінде, туристік-экскурсиялық бағыттарда және мәдени-ағартушылық жобаларда кеңінен пайдалану.
Мектеп оқушылары мен студенттер арасында Түркістан тарихына арналған танымдық сабақтар, ғылыми конференциялар, өлкетану экспедициялары мен зияткерлік байқаулар ұйымдастыру да маңызды. Энциклопедиядағы тарихи деректерді цифрлық форматқа көшіру, ашық электрондық анықтамалық әзірлеу, тарихи орындардың виртуалды карталарын жасау арқылы оның қолжетімділігін арттыруға болады. Себебі тарихи мұра кітап сөресінде сақталып қана қоймай, қоғамның күнделікті рухани өміріне енуі тиіс. Әрбір жас Түркістанның неге қасиетті мекен саналатынын, оның қазақ мемлекеттілігіндегі орнын, Ясауи мұрасының маңызын, көне қалалардың өркениет тарихындағы рөлін білуі керек. Осы тұрғыдан алғанда, энциклопедияның жарық көруі – өткенге тағзым ғана емес, келешекке бағытталған маңызды бастама.
Түркістан – ғасырлар қойнауынан жеткен тарихтың, руханият пен өркениеттің, мәдениет пен дәстүрдің тоғысқан мекені. Оның әрбір тарихи ескерткіші, әрбір көне қалашығы, әрбір аңыз-әңгімесі мен тарихи тұлғасы ұлттың рухани әлемін байыта түсетін баға жетпес мұра. Ал «Түркістан» екі томдық энциклопедиясы – осы бай мұраны бір арнаға тоғыстырып, ғылыми негізде жүйелеген, тарихи деректерді жаңа көзқараспен зерделеуге мүмкіндік беретін маңызды еңбек.
Бірнеше жылға созылған ғылыми ізденістің нәтижесінде дүниеге келген бұл басылым – үш ғасырлық емес, бірнеше мыңжылдық тарихты қамтитын кең өрісті танымдық жоба. Оның беттерінен көне дәуірлердің ізі, ортағасырлық қалалардың тынысы, ұлы ойшылдардың тағылымы, хандар мен батырлардың өнегесі, халықтың салт-дәстүрі мен мәдени болмысы көрініс табады. Ең бастысы, энциклопедия Түркістанды тек өткен тарихтың ескерткіші ретінде емес, бүгінгі түркі әлемінің рухани тұтастығын айқындайтын, болашақ өркениеттік байланыстарға негіз болатын маңызды орталық ретінде танытады.
Тарихын түгендеген елдің рухы биік, рухани мұрасын қадірлеген ұрпақтың болашағы баянды. Сондықтан «Түркістан» энциклопедиясының жарық көруін ұлттық тарихи сананы жаңғыртуға, ортақ түркілік құндылықтарды дәріптеуге және қасиетті өлкенің әлемдік деңгейдегі беделін арттыруға бағытталған тағылымды бастама деп бағалаған жөн. Түркістанның тарихы – бір өлкенің ғана тарихы емес. Ол – тұтас бір халықтың тағдыры, түркі дүниесінің ортақ шежіресі, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан рухани аманат. Ал сол аманатты сақтау, зерттеу және келешекке жеткізу – баршамыздың ортақ міндетіміз.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат