Жексенбі, 11 Тамыз 2019 15:15

Түркістан облысы: Шардара ауданында спортшыларға құрмет көрсетілді

“12-тамыз – Спортшылар күні” мерекесі қарсаңында шардаралық спортшылар марапатталды.Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы шәкірттерін жеңіс тұғырына жетелеп жүрген ардагер спортшылар мен жаттықтырушыларды марапаттап, сый-сияпат жасады. 

Бүгінде аудандағы балалар мен жасөспірімдерге арналған 4 спорт мектебінде спорттың 27 түрiмен 5065 жасөспiрiм шұғылдануда. Оларға 147 кәсiби деңгейдегi маманжаттықтырушылық қызмет көрсетедi. “Қазiргi таңда ауданда спортпен жүйелi түрде айналысушылар саны 23 024 адам, яғниаудан халқының 29,7 пайызын құрайды. Жерлестерiмiздiң спортпен шұғылданып, салауатты өмiр салтын ұстануларына барлық жағдай тиiстi деңгейде жасалып отырғанын айтқым келедi. Мәселен, қала және ауылдық округтерде 188 спорт ғимараттары мен алаңдары жұмыс iстейдi. Атап айтар болсақ, 1 орталық стадион, 32 спорт залы, 1 спорт кешенi, 1 қол күрес залы, 1 воркаут алаңы, 1 кiр тасын көтеру залы, 8 тир, 140 жазғы спорт алаңдары бар. Биылдың өзiнде 2 кiшi футбол алаңшалары пайдалануға берiлдi” деген аудан басшысы спортшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, жеңіс тұғырынан көріне берулеріне тілектестік білдірді.

Салтанатты шарадан соң жасөспірімдер арасында спорттың бірнеше түрінен аудан біріншілігі өтіп, шын мықтылар анықталды. Айта кетейік, жыл басынан бері 123 шардаралық облыс чемпионы атанса, 46-сы Қазақстан Республикасының чемпионы болған. Одан бөлек36 спортшы Азия чемпионы, 12 спортшы Азия чемпионатының жүлдегерi, 19 спортшы халықаралық турнирдің, 62 спортшы республикалық чемпионаттың жүлдегерi атанған.

«AQ-QARA.kz»-ақпарат.

Оқылды 789 рет