Сейсенбі, 13 Тамыз 2019 18:55

Түркістан облысы: Шардаралық спортшылардың республикада шоқтығы биік

Спортшылардың кәсіби мерекесіне орай қаладағы орталық стадионда салтанатты іс-шара өткізілді. Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырған мерекелік шарада аудан әкімі Қайрат Жолдыбай құттықтау сөз сөйлеп, Шардара спортының республикада шоқтығы биік екенін атап өтті. 

Спортшылардың қуаныштарына ортақтасқан аудан басшысы мереке үстінде бір топ азаматтарға түрлі марапаттар табыс етті. Атап айтар болсақ, облыстық спартакиадада үздік нәтижелерге қол жеткізгендері үшін аудандық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Абай Сәкиев, аудандық №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Бақытжан Ереханов, аудандық жекпе жек және күш спорты түрлері клубының директоры Нұржан Төреқұловтар республикалық «Спорт жұлдыздары» журналының арнайы төсбелгісімен және аудан әкімінің «Алғыс хаттарымен» марапатталды. Сондай-ақ ауданда жоғары спорттық жетістіктерге жетіп жүрген бір топ жаттықтырушылар спорт саласының қызметкерлері, ардагер спортшылар аудан әкімінің «Алғыс хаттарына» және бағалы сыйлықтарына ие болды.

Аудан әкімінің марапатынан соң түрлі спорттық жарыстар басталып сала берді. Атап айтар болсақ, армрестлинг, қазақ күресі, шахмат, кіші футбол, волейбол, арқан тарту, асық ату, гир спорттары бойынша аудандық жарыстар өткізіліп, жеңімпаздар анықталды. Жарыс соңында жүлдегерлер мен жеңімпаз командалар арнайы кубоктармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

«AQ-QARA.kz»-ақпарат.

Оқылды 891 рет