Дүйсенбі, 20 Тамыз 2018 16:48

Түркістан қаласында спортшыларға құрмет көрсетілді

Түркістанға жаңа қоныстанған Дене шынықтыру және спорт басқармасы қалалық спорт бөлімімен бірге тамыздың 18-інде «Спортшылар күніне» орай салтанатты іс-шараны Октябрь Жарылқапов атындағы стадионда ұйымдастырды. Ұйымдастырушылар алдымен салтанатты шараны бастамас бұрын Қазақ волейболының атасы атанған Октябрь Жарылқаповтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, құрмет көрсетті. 

Мерекелік шараның шымылдығын құттықтау сөзімен ашқан қала әкімі Ә.Өсербаев өз сөзінде: «Спорт мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының маңызды бағыты болып табылады. Спорт саласы қоғамымыздың негізгі бөлігі, бейбітшілік пен берекелі тірліктің ұйытқысы. Дана халқымыз ежелден денсаулықтың қадірін түсініп, оны «бірінші байлық» деп санаған. Осы қағиданы берік ұстаған мемлекетіміз халықтың дені сау болуы үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасауда. Сондықтан болар дене шынықтыру мен жалпы спорттың бұқаралық сипатын дамытуға мемлекетіміз тарапынан стратегиялық басымдық берілген. Елбасымыз өзінің Жолдауларында ел дамуының басым бағыттарының бірі ретінде халықтың денсаулығын нығайту мен бұқаралық спортпен шұғылданушылар санын арттыруды әрдайым міндеттеп отырады. Бүгінгі таңда Түркістан облысы аталған оңтүстік өңірінің спорт тарихындағы жетістігі мақтанарлық. Әлемдік, халықаралық ареналарда еліміздің көк туын желбіретіп, әнұранын әуелеткен қаншама саңлақтарымыз бен жерлестеріміз бар. Бекзат Саттарханов, Мұхтархан Ділдәбеков, Бақыт Ахметов, Әлия Юсупова, Еркебұлан Шыналиев, Елена Шалыгина, Біржан Жақыпов, Жазира Жаппарқұл, Қайрат Ералиев сынды саңлақтарымызды әрбіріміз мақтанышпен айта аламыз. Алдағы межелі мақсаттар мен міндеттерде облыстың орталығы қасиетті шаһарда спорттық нысандардың қатарын арттырып, бұқаралық спортты дамыту жетекші орында тұр. Баршаңызға әрқашанда отандық спорттың өркендеуі мен гүлденуі жолындағы еңбектеріңіз табысты болсын дегім келеді. Әр жылымыз жеңісті сәттерге толы болып, ел үмітін ақтайтын ерлеріміздің қатары көп болсын» деп ыстық ықыласты тілегін білдірсе, 18 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында Индонезия елінде өтетін жазғы Азия ойындарына Түркістан облысы атынан қатысатын 52 спортшыға сәттілік тіледі.

Сондай-ақ қала басшысы спорт саласының ардагерлерін және спорттық жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп жүрген жас өрендерді алғыс хаттармен марапаттады. Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 1105 рет