ШЫМКЕНТТЕ ДЕНЕ ТӘРБИЕСІ САЛАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Шымкенттегі Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында «Қазақстанда сапалы дене тәрбиесі саясатын ілгерілету» тақырыбында консультативтік кездесу өтті. Бұл кездесу қатысушыларды сапалы дене тәрбиесі саласындағы саясат бойынша ЮНЕСКО әдіснамасымен таныстыру, «Сапалы дене тәрбиесі» ұлттық саясатын әзірлеу шеңберінде дене тәрбиесін нығайту жөніндегі іс-шараларды талқылау мақсатында ұйымдастырылды.

Іс-шараға ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның өкілі, жобаның техникалық жұмыс тобының мүшелері, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан бойынша ЮНЕСКО Алматыдағы Кластерлік Бюросының өкілі мен жиынға мүдделі топтар қатысты.

– Жоба шеңберінде жүргізілген талдамалық зерттеуде дене тәрбиесі саласындағы бірқатар мәселелерге, оның ішінде Казақстанда сапалы дене тәрбиесі саясатын (СДТ) әзірлеу кезінде назар аударарлық дүние көп. Атап айтқанда, дене тәрбиесі мұғалімдерінен тұжырымдамалық негіздерді жаңарту, дене шынықтыру мазмұнын жаңғырту қажеттілігі туындайды. Бұл, ең алдымен, теория мен практиканың сәйкес келмеуі, студенттік және мектептегі дене шынықтыру, спорт мәселелері бойынша іргелі және әлеуметтану зерттеулерінің жеткіліксіз жүргізілуінен болып отыр. Жобаның мақсаты – Қазақстанда СДТ саясатын ілгерілету болып табылады. Бұл жобаны Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия қолдады. Осы жоба аясында бүгінгі кеңесте бірқатар мәселелер мен ұсыныстар жоспарға қойылып отыр. Бұл жүзеге асып қана қоймай, сапалы дене тәрбиесі, сау ұрпақтың қалыптасуына жол ашады деп ойлаймын, – деді қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Арысбекқызы.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы оқу-ағарту министрлігі мен Қазақстан, Кырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан бойынша Алматыдағы ЮНЕСКО Кластерлік Бюросымен мәміле туралы Меморандум аясында Қазақстан Республикасы оқу-ағарту министрлігінің ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы «Қазақстандағы сапалы дене тәрбиесі» жобасын іске асыруда. Жобалық қызмет, оның ішінде, СДТ саясатын іске асыруға қатысы бар мүдделі тараптардың барлық топтарының қатысуын және тартылуын қамтамасыз етуге бағытталған.

ШЫМКЕНТТЕ КӘСІПКЕРЛЕРДІ ҚОЛДАУДЫҢ ЖАҢА ӘДІСІМЕН ЕКІ МЫҢҒА ЖУЫҚ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Үш айда – екі мыңға жуық қызмет. Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының жанынан ашылған көпфункциялы қызмет көрсету орталығында 2023 жылдың 16 маусымынан бері 1817 қызмет көрсетілген. Оның ішінде қаржылай емес қолдау көрсету бойынша – 355 қызмет, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының жұмысы аясында – 205, «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасы аясында – 15, «Кәсіпке бағыт» құралы бойынша – 46, халыққа қызмет көрсету орталығында – 988, инвесторлар мен кәсіпкерлерді сүйемелдеу фронт-кеңсесінде 198 қызмет көрсетілді.

Бұл жоба жұмыс істеп тұрған бизнес пен кәсіпкерлік бастамасы бар тұрғындарға кәсіп жүргізудің барлық кезеңінде кешендік қолдау көрсетуге бағытталған. Мамандар бизнес-идея туындаған сәттен бастап жобаны қаржыландыру мен жүзеге асыруға дейін сүйемелдейді. Мемлекеттік, банк, сервистік және қаржы институттарының қызметі, жалпы, заңды тұлғаларға арналған 800-ден астам қызмет бір орында – осы көпфункциялы қызмет көрсету орталығында көрсетіледі.

Орталық жұмысы кәсіпкерлердің көңілдерінен шығып отыр. Іскер азаматтар «бір терезе» қағидаты нәтижесінде құжаттар рәсімдеу жеңілдегенін айтады.

– Барлық қызмет бір ғимаратта болғаны өте қолайлы. Палатаға әдетте CT-KZ сертификатын рәсімдеуге келемін. Кезегімді күтіп отырғанда кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына барып, салық есебі туралы біле аламын, анықтама алуыма болады. Алдағы уақытта заңды тұлғаларға көрсетілетін қызмет аясы кеңейіп жатса, қуанамыз, – дейді кәсіпкер Камила Абдикеримова.

Орталық мамандарының айтуынша, негізінен есеп тапсыру, заңды тұлғаны тіркеу, жылжымайтын мүліктің құжаттарын заңдастыру секілді қызметтер кең қолданылып жатыр.

– Жалпы, Шымкент елімізде шағын және орта кәсіпкерлер саны (ШОБ) бойынша алдыңғы қатарда келеді. 2023 жылдың 1 қыркүйегіндегі мәлімет бойынша қаладағы ШОБ саны 130 104-ті құрап, 2022 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 36,2 пайызға артқан, – дейді Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау бөлімінің бастығы Айдана Бейсебекова.

Жұмыс істеп тұрған ШОБ арасында жеке кәсіпкерлер саны – 109 093, шағын заңды тұлғалар – 21 019, орта заңды тұлғалар – 148, ал ірі кәсіпкерлік нысандары 50 бірлікті құрап отыр. Енді осы субъектілердің барлығы көпфункциялы қызмет көрсету орталығында «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет ала алады.

Айта кетейік, пилоттық жобаны жүзеге асыру аясында 2023 жылдың 16 маусымы күні Кәсіпкерлерге көпфункциялы қызмет көрсету орталығы ашылған болатын. Еліміздің барлық аймағында жүзеге асырылатын жобаның басты мақсаты – бизнес пен кәсіпкерліктің барлық кезеңінде, идеядан бастап жобаны толық жүзеге асыруға дейін кешендік қолдау көрсету.

Көпфункциялы қызмет көрсету орталығының жұмыс кестесі:

 ДС – ЖМ, 09:00-ден18:00-ге дейін (үзіліс: 13:00–14:00).

 

 

ШЫМКЕНТ: СЫҒЫМДАУ ЖҰМЫСЫ ЖҮРГІЗІЛМЕГЕН КӨПҚАБАТТЫ ҮЙ ТҰРҒЫНДАРЫНА ЕСКЕРТУ!

Қыстан қысылмай шығу үшін жылу беру маусымына дайындық жұмыстары үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бұл тұрғыда орталық жылу жүйесіне қосылған көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындарының да дайындығы маңызды. Себебі жылу беретін мекеме жылуды тұрғын үйдің элеваторына дейін жеткізіп береді. Ал жылудың сапалы түрде ары қарай әр пәтерге баруы тұрғындардың өздерінің дайындығы мен жауаптылығына байланысты.

Әл-Фараби ауданы аумағындағы көпқабатты 926 тұрғын үйдің 897-сі орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Көпқабатты тұрғын үйлерді жылу маусымына дайындау бойынша «Қуатжылуорталық-3» МКК және аудан аумағындағы 7 қызмет көрсетуші мекемелерімен бірлесіп, арнайы іс-шара жоспары бекітілді. Күні бүгінге дейін 897 тұрғын үйдің 797-не сығымдау жұмыстары жүргізілді.

«Қыс – қыр астында». Ауа райы тосын мінез көрсетіп, қарлы-жаңбырлы күндер жылдағыдан ерте түсіп қалуы ғажап емес. Сондықтан жылу маусымына ыждаһатталық танытып, өз күштерімен немесе қызмет көрсету мекемелерімен келісімшарт түзу арқылы дайындық жүргізулерін сұраймыз, дейді Әл-Фараби ауданы әкімдігі. Аудан әкімдігі берген мәліметке сәйкес, аудан аумағында осы салаға жауапты 7 мекеме бар. Олар:

1. «ШымкенЭлитСервис» ЖШС/ Мақсат Аликулов

(Қабанбай батыр №28б, 8 775 744 57 37);

2. «Еркін» ЖК/ Еркін Парынбек

(Өзбек №3б, 8 778 992 21 88);

3. «Теплокомсервис» ЖШС/ Әуесхан Манкентбаев

(16 ш/а №17 үй, 8 702 655 05 82);

4. «Аширбеков» ЖК/ Алдаш Аширбеков

(Күншығыс №2, 8 702 288 65 98);

5. «Молиз» ЖК/ Ғалымжан Ахимбеков

(Сайрам ш/а №1, 8 702 728 56 98);

6. «Nur-D» ЖШС/ Дархан Мамырқұл

(Отырар ш/а №17/7, 8 707 678 24 21);

7. «Kazconstruction» ЖШС/ Нұрсұлтан Айдаров

(Қожанова №10, 8 775 510 82 48);

Қосымша ақпарат алу үшін Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының 54 -96-54 байланыс нөміріне хабарласуға болады. Тұрғындарға жылыту қондырғылары мен қазандықтарының техникалық жай-күйін алдын ала тексеруді, жөндеу жұмыстарын жүргізуді және сығымдаудан өткізуді сұраймыз.

Жауапты мекемелер сығымдау актісі болмаған жағдайда жылу берілмейтіндігін ескертеді.

ЕЛІМІЗДІҢ ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС ВИЦЕ-МИНИСТРІ ШЫМКЕНТТІКТЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

Шымкентке жұмыс сапарымен келген ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Темур Қарағойшин қала тұрғындарымен кездесті. Жиында тұрғындар қаламызда соңғы жылдары беріліп жатқан арендалық тұрғын үйлердің сапасы, абаттандырылуы және баспана кезегінің мәселесін көтерді.

Тұрғындар өткен жылы Тұран-2 шағынауданында пайдалануға берілген көпқабатты үйдің мәселесін көтерген. Құрылысты жүргізген мердігер «АҚ ордасы» коорпарациясы тұрғын үй сапасына қатысты тұрғындардың қайта түзетіп беру талабын орындамай келген екен. Вице-министр құрылыста жіберілген олқылықтар түзетілмесе, мердігерге шара көріліп, болашақта ауқымды құрылыстардан шеттетілетінін айтты.

–2023 жылдан бастап тұрғын үйді үлестіру бойынша заңға өзгеріс енгізілді. Яғни, бұдан кейін жергілікті әкімдік құрылыс компанияларына тапсырыс бермей, нарықтан пәтер сатып алады. Біздің министрлік нарықтағы 60 шаршы метр пәтердің бағасына сараптама жасап, 15 млн теңге деп бекітті. Нарық болғасын басқа өңірде бұл 20 млн теңге болуы да мүмкін. Бұл үшін арнайы мемлекеттік қор ашылды. Қордың негізгі міндеті – әр пәтерге 15 млн қаржы бөліп, қалған бөлігін жергілікті әкімдік өтеп береді. Бұрын бір пәтердің құрылысына жергілікті бюджеттен 9 млн теңге бөлінсе, ендігіде 5-6 млн теңге көлемінде қаражат қарастырылатын болды, – деді вице-министр.

Тимур Жиенбайұлының айтуынша, мұндай өзгеріс біріншіден, осал топтағы азаматтарды сапалы баспанамен қамтыса, екінші жағы құрылыс компанияларының жауапкершілігін арттырады. Биыл Шымкент қаласында мемлекеттік қор арқылы 500 пәтер үйлестіру жоспарланып, қазірге дейін 360 пәтер сатып алыныпты.

Жылдар бойы жылжымай келген баспана кезегі бойынша да бірқатар жағымды жаңалық бар. Цифрландыру бағдарламасының көмегімен тұрғын үй кезегіндегі тізімге инвентаризация жасалып жатыр. Осының негізінде екі ай ішінде республика бойынша 10 мың адам үй кезегінен шығарылған, оның ішінде 239-ы шымкенттіктер.

–Инвентаризация – автоматтандырылған жүйе арқылы кезекке тұрған әр азаматтың құжатына сараптама жасалады. Мәселен, үй кезегіне тұрған көпбалалы ананың барлығының әлеуметтік жағдай төмен емес. Автоматтандырылған жүйе олар туралы барлық мәліметті жинап, кезекке қойылатын санаттарға сай келмесе, оны шығарады. Осының нәтижесінде, екі айдың ішінде үй кезегіне тіркелгендердің саны өскен жоқ. Керісінше, үйі бар, жағдайы жақсы азаматтар кезектен шығарылып, шын мұқтаждардың үйге қол жеткізуін жақындады. Қазір еліміз бойынша 640 мың адам үй кезегінде тұрса, автоматтандырылған жүйенің көмегімен 200 мың адамға азаяды деп болжап отырмыз. Ал, Шымкентте кезектен шыққан азаматтардың 18-і көпбалалы ана, 77-сі әлеуметтік әлсіз топ, толық емес отбасы – 57, мүгедектігі бар –19, тағы да басқа санаттар бар, – деді Т.Қарағойшин.

 

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Шымкент қаласы әкімінің өкімімен қала әкімінің орынбасары қызметіне Кәрімов Айдын Мейрамбекұлы тағайындалды. Деп xабарлайды Шымкентқаласыәкімініңбаспасөзқызметі.

Кәрімов Айдын Мейрамбекұлы 1988 жылы Семей қаласында дүниеге келген.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, Қазақ қаржы-экономика академиясын, MNU (Maqsut Narikbayev university)

университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын 2006 жылы бастаған.

Түрлі жылдары ҚР ТЖМ «Есептеу техникасы, телекоммуникациялар, информатика және ситуациялық талдау» РМК, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, «Телекоммуникациялар саласындағы техникалық сүйемелдеу орталығы» РМК, Астана және Семей қалалары әкімінің аппараттарында қызмет еткен.

2012-2016 жылдары ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінің (қазіргі ҚР Сауда және интеграция министрлігі) Халықаралық экономикалық интеграцияны реттеу департаментінің бас сарапшысы, басқарма басшысы, директорының орынбасары болып жұмыс істеді.

2016-2017 жылдары — ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Сыртқы байланыстар және хаттама бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып жұмыс істеді.

2017-2019 жылдары — ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Сыртқы байланыстар және хаттама бөлімінің меңгерушісі – ҚР Премьер-Министрінің хаттама шефі, Сыртқы экономикалық ынтымақтастық және хаттама бөлімінің меңгерушісі лауазымын атқарды.

2019 жылғы 7 қарашада ҚР Премьер-Министрінің Өкімімен ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі басшысының орынбасары болып тағайындалды.

2022 -2023 жылдары Абай облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған.

Айдын Мейрамбекұлы «Құрмет» Орденімен (2020 ж.), Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен (2014 ж.), медальдармен және алғыс хаттармен марапатталған.

ШЫМКЕНТТІКТЕР ӨЗДЕРІНІҢ БИЗНЕС-ЖОБАЛАРЫН ҚОРҒАЙДЫ

Шымкентте өтеусіз гранттар бөлу жөніндегі комиссия жұмысқа кірісті. Мемлекеттік өтеусіз гранттың үшінші ағымында "Business.enbek.kz" порталға барлығы 1780 өтініш келіп түсті. Бүгін кандидаттардың өтініштерін қарау жөніндегі комиссияның отырысы басталды.

25 қыркүйектен 5 қазанға дейін өтеусіз қаражат алғысы келетін азаматтар өздерінің бизнес-жобаларын комиссия алдында қорғайтын болады. Қоғамдық белсенділерден, БАҚ өкілдерінен, қоғамдық бірлестіктерден, кәсіпкерлерден тұратын комиссия өкілдері бизнес-жоспарды бағалайды және бағалау парағын мынадай критерийлер бойынша толтырады: бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының пысықталуы, бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі, жаңа жұмыс орындарын құру.

Осылайша, комиссия грант беру туралы шешімді үміткерлердің бизнес-жобаларының пысықталуын бағалаудың нақты критерийлері негізінде қабылдайды.

Комиссияның шешімі үміткердің порталдағы жеке кабинетіне жіберіледі. Ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету үшін комиссия отырысы қалалық "еңбек ұтқырлығы" орталығының Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында тікелей эфирде көрсетіледі.

Жалпы, Шымкентте биыл халықтың әлеуметтік осал топтарынан 447 азаматқа 400 АЕК көлемінде гранттар беру жоспарлануда. Жыл басынан бері бірінші және екінші лектің қорытындысы бойынша 228 азамат грант иегері атанды. Бұл жолы 219 азаматқа грант беру жоспарлануда. Қаражат шикізатты, материалдарды, техниканы сатып алуға жұмсалады.

Естеріңізге сала кетейік, комиссия оң шешім қабылдаған жағдайда үміткер банктік деректемелерді ұсынады, шартқа қол қояды және қаражатты пайдалану туралы есептерді тоқсан сайын ұсынады. Мұның бәрі халықты жұмыспен қамту орталықтарына бармай-ақ, электрондық форматта жасалады.

ШЫМКЕНТТЕ ӘЛЕУМЕТТІК АЗЫҚ-ТҮЛІКТІҢ ҚОРЫ ЖЕТКІЛІКТІ

Шымкентте халық тұтынатын, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің қоры жеткілікті. Дистрибьютерлік компаниялардың қоймаларынан азық-түлік өнімдері тұрақты бағада әрі жеткілікті көлемде босатылып жатыр.

Шымкент қаласы әкімдігінің ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының мәліметінше, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақты етіп ұстап отыру мақсатында 6 ірі дистрибьютерлік компаниямен алдын ала келісім жасалған. Келісімге сәйкес, бұл компаниялар қаланы әлеуметтік маңызы бар өнімдермен үздіксіз қамтамасыз етіп отырады әрі белгіленген уақытқа дейін бағаны тұрақты етіп ұстайды.

Бүгін БАҚ өкілдері аталған компаниялардың қоймаларын аралап, мониторинг жүргізу арқылы азық-түлік қорының жеткілікті екеніне және бағаның бұрынғыдан өзгермегеніне көз жеткізді.

Солардың бірі — “Мейр-Трейд Distribution Company” компаниясы. Бұл компания Шымкент қаласына азық- түлік өнімдерін еліміздің өзге өңірлерінен және шет елдерден алдырады. Компания басшысы қоймада азық-түлік қоры жеткілікті, маңызды деген әлеуметтік азық-түліктердің бағасы тұрақты екенін айтады.

—Біздің қоймамыздың аумағы 20 мың шаршы метрді құрайды. Қоймамызда ұн, қант, макарон, жарма, өсімдік майы, тұз секілді өнімдердің қоры жеткілікті. Бізден босатылатын өнімдердің бағасында ешқандай өзгеріс жоқ. Бағаны қымбаттатуға ешқандай негіз көріп отырған жоқпыз, — дейді компания директоры Сергей Югай.

Бұл компанияның қоймасында 1500 тонна ұн мен 1 000 тонна қанат бар.

Мұнан кейін журналистер «Тұрар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің диірменінде болып, ұн өндіру барысымен танысты.

—Біз бидайды мемлекет бекіткен бағамен, яғни, 95 теңгеден алып, әлеуметтік ұнның келісін 145 теңгеден сатып жатырмыз. Шымкент қаласы бойынша 30 нүктеге күнделікті ұн жеткізіп береміз, — деді аталған компанияның өкілі Мұхаммеджан Халидов.

Айта кетейік, қазір «Тұрар» компаниясының қорында 2 мың тонна әлеуметтік ұн бар.

Бұдан бөлек БАҚ өкілдері жеке кәсіпкер Колесниковтың қоймасында болды, Мұнда 2300 тонна қант қоры бар екен.

Бүгінгі таңда, жеңілдетілген бағамен сатылатын ұнның 3 000 тонна, ал, қанттың 2500 тонналық қоры бар. Одан бөлек, дистрибьютерлер мен тауар өндірушілерде 15 000 тонна ұн, 8 000 тонна қант қоры бар.Қаладағы ұн және қант бағасы қала әкімдігінің тұрақты бақылауында.

Сауран ауданында ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі артып келеді

Сауран ауданы бойынша 2022 жылы 42 137 гектар егістік жер игерілсе, биылғы жылға 42 200 гектар егістік жерді игеру тапсырмасы берілді. Бүгінгі күнге нақты 43 530,8 гектар жер игеріліп, өткен жылдың тиісті кезіңімен салыстырғанда 1 393,4 гектарға артығымен орындалды немесе 103,1%-ды құрады.

Сауранда «Ауыл аманаты» жобасы сәтті жүзеге асырылып келеді

Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаевтың тапсырмасына сәйкес "️Сауран - Жібек жолының жауһары" атты баспасөз туры өтті. Оған облыстық телеарна мен басылым журналистері қатысты. Баспасөз туры аудандағы туризмді дамыту мақсатында ұйымдастырылды.

ШЫМКЕНТТЕ ТҮРЛІ САЛАДАҒЫ ЕҢБЕК АДАМДАРЫ БАС ҚОСТЫ

 А. С. Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасында «Еңбек күніне» орай «Еңбегімен елге сыйлы» атты іс-шара өтті. Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты кітапхананың ұйытқы болуымен өткен іс-шара қоғамдағы еңбек адамдарының қызметін дәріптеу, жастарды еңбексүйгіштікке тәрбиелеу, еңбек адамдарын құрметтеу, түрлі мамандық иелерін мадақтау мақсатында ұйымдастырылды. Аталмыш жиынға түрлі салада еңбек етіп жүрген кәсіби мамандар, кітапхана оқырмандары, мәдениет қызметкерлері, кітапханашылар, оқушылар мен студенттер қатысты. Шара барысында көрермендер кітап көрмесі, фото көрме, дефиле шоуды тамашалап, түрлі мамандық иелерімен сұхбаттасты.

– «Бұл қадам қоғамда еңбек культін орнықтыруға жол ашады. Шын мәнінде, қандай жұмыс істеп жүргенің емес, оны қалай істеп жүргенің әлдеқайда маңызды. Министр немесе әкім болсын, құрылысшы, дәрігер, мұғалім болсын, ең бастысы, әркім өз міндетін адал атқаруы керек. Нанын адал еңбекпен табуы керек», – деп Президентіміз атап көрсеткендей әр мамандықтың, еңбектің алдындағы парызымыз, ол – адалдық. Қажетсіз мамандық болмайды, біліксіз маман болады. Ерінбей еңбек еткен жан өз ісінің майталманы атанады. Ал кәсібін толық меңгерген адам қашанда сұранысқа ие болады. Біз еңбек адамының мәртебесін көтеруге баса мән беруіміз керек,–деді мұғалім дефектолог Асылзат Төлегенова.

Жиын соңында қонақтарды WorldSkills стандартына сәйкес «Мейрамхана» сервисі, тамақтану индустриясымен арнайы пән оқытушысы Айнұр Сайлауқызы таныстырып, шеберлік сабағын көрсетті.

Айта кетейік 2013 жылы Қазақстанда «Еңбек күні» мерекесі белгіленген. Оны қыркүйек айының соңғы жексенбісінде атап өтеді. Биыл Еңбек күні мерекесінің он жылдығы.