ШЫМКЕНТ: ОТАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛЕРДІ ҚОЛДАУ БОЙЫНША ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ОРНАТУ ЖӨНІНДЕ ҮШ ЖАҚТЫ КЕЛІСІМ ЖАСАЛДЫ

Шымкентте «Самұрық-Қазына» қоры, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және қала әкімдігі бірлесіп ұйымдастырған бизнесті дамытуға арналған конференция өтіп жатыр. Айтулы іс-шараны Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова ашып, жүргізіп отырды.

Конференция барысында «Самұрық-Қазына Контракт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының орынбасары Әділет Батталов отандық тауар өндірушілерді қолдаудың жаңа тетіктері туралы айтты.

–Мемлекет басшысының Жолдауда жүктеген міндеттерін орындау мақсатында «Самырұқ-Қазына» қорының сатып алу саясатының жаңа моделі қалыптастырылды. Ол қордың сатып алу жүйесінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етеді және отандық кәсіпкерлерді қолдауды көздейді. Бүгінде қор импортты алмастыруға бағытталған бірегей бағдарламаны жүзеге асырып жатыр. Оның аясында қор 2018 жылдан бері қарай жалпы соммасы 107 миллиард теңгеге 389 ұзақмерзімді офтейк-келісімшарттар жасады. Қор алдағы уақытта реттелетін саудада осындай келісімдердің үлесін арттыра түсуді жоспарлап отыр, – деді Әділет Қоныспайұлы.

Конференцияның ашылуы барысында Шымкент қаласы әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Біржан Әзімбердиев шаһарда өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Мұнан кейін «Самұрық-Қазына» қоры, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Шымкент қаласы әкімдігі отандық тауар өндірушілер мен бизнесті қолдау бағыттарында ынтымақтастық орнату жөнінде үшжақты келісімге қол қойды.

Айта кетейік, конференция аясында шымкенттік кәсіпкерлерге қордың сатып алуларының жаңа ережелерін түсіндіруге арналған оқыту семинары өтіп жатыр. 

ШЫМКЕНТТЕ МОНОПОЛИСТЕР ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ЖАҢАРТУҒА ИНВЕСТИЦИЯ САЛУДА

 Шымкент қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тарифті инвестицияға айырбастау» саясаты белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Бұл жөнінде ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы Айсұлу Әлібекова мәлімдеді.

–Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында монополиялы нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшу керегін айтқан болатын. Президент ұсынған жаңа саясатқа сәйкес, қайсы монополист инфрақұрылым желілерін жаңартуға инвестиция салса, мемлекет сол компанияға коммуналдық тарифтерді өсіруге рұқсат береді. Өйткені, еліміздегі коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымның әбден тозығы жеткен. Кейбір электр, жылу станцияларының салынғанына 50-60 жылдан асып кеткен. Президент бұл мәселеге уақтылы назар аударып, тиісті жұмыс жүргізілмесе, еліміздің энергетикалық дағдарысқа тап болып, халықтың жарық пен жылусыз қалуы мүмкін екенін ескертті, — дейді Айсұлу Қуанышбекқызы.

Жалпы энергетика министрлігі тарапынан жүргізілген сараптамаға сүйеніп айтар болсақ, еліміздегі 37 жылу-электр орталығының 19-ы қызыл аймаққа, 11-і сары аймаққа және 7-еуі жасыл аймаққа кірген. Бұл саралау станциялар мен ондағы жабдықтардың техникалық жағдайына қарай жүргізілген. Айта кетерлігі, 2020 жылмен салыстырғанда станцияны уақытша әкеп соқтыратын апаттық жағдайлардың саны 5 пайызға өскен. Еліміздегі кейбір жылу электр орталықтарының қызмет ету мерзімі 60 жылдан асады. Ал, станциялардың төрттен үш бөлігі жарты ғасырдан астам уақыттан бері жұмыс істеп тұр екен. Осы деректердің барлығы Мемлекет басшысының «Тарифті инвестицияға айырбастау» саясатының қаншалықты қажетті екенін көрсетіп тұр.

Осы орайда Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен Шымкент қаласы әкімдігінің бірлескен бұйрықтарымен «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-інің 2023-2026 жылдарға қосымша инвестициялық бағдарламасы бекітілген. Оған сәйкес, монополист компания осы уақыт аралығында сарқынды суларды бұру қызметі бойынша кәріз желілерінің тозуын төмендету мақсатында 3,83 млрд.теңге көлемінде қаржы жұмсайды. Нақтырақ айтар болсақ, компания 38,3 шақырымдық кәріз жүйесін реконструкциялайды. Бұл кәріз желілерінің тозуын 77 %-дан 71,65%-ға немесе 5,35%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.

Осыған байланысты, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің 2023-2026 жылдарға арналған жаңа тарифтері 2023 жылғы 1 шілдесінен бастап бекітілді. Атап айтар болсақ, ауыз судың тарифі тұрғындар үшін 86,27 теңге болып өзгеріссіз қалса, сарқынды суларды бұру қызметінің тарифі 10,67 теңгеге қымбаттап, 45,19 тиын болып белгіленген.

А.Әлібековваның айтуынша, комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен Шымкент қаласы әкімдігінің бірлескен бұйрықтарымен «3-Энергоорталық» АҚ-ның жылу энергиясын өндіру қызметіне 2022-2026 жылдарға арналған тарифтері мен тарифтік сметасы және инвестициялық бағдарламасы бекітілген. Бұл инвестициялық бағдарламаға сәйкес, монополист компания негізгі құралдардың тозуын төмендету мақсатында 2023 жылға қосымша 55756,78 мың теңге көлемінде инвестициялық бағдарлама бекітілген.

Жылу энергиясын өндіру қызметіне бекітілген инвестициялық бағдарлама негізгі құралдарды күрделі жөндеуге бағытталған іс-шараларды көздейді, бұл негізгі құралдардың тозуын 60,7 %-дан 57,7%-ға немесе 3,02%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.

–Департамент 2023 жылғы 7 тамызда тұтынушылардың, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен жария тыңдауларда айтылған пікірлер мен ұсыныстарды ескере отырып, монополист субъектінің өтінімін мұқият қарап, 2023-2026 жылдарға арналған жылу энергиясын өндіру қызметінің тарифтері 2023 жылғы 1 қазанынан бастап қолданысқа енгізе отырып бекіту туралы шешім қабылдады, – дейді Айсұлу Қуанышбекқызы.

Сонымен жылу энергиясының 2023 жылға орташа босату тарифі 5,03%-ға өсіре отырып, 4 785,74 теңге/Гкал болып белгіленген.

Монополист компания өкілдерінің хабарлауынша, инвестициялық бағдарламаны іске асыру алдағы жылыту маусымында қаланы сапалы және үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Биылға 2 қазандық, 1 турбоагрегатты күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған болса, бүгінде 2 қазандықта жұмыстар толық аяқталған.

Айта кетейік, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ының да инвестициялық бағдарламасы қабылдаған. Соған сәйкес, биыл 76,712 шақырым газ құбырын қайта жаңарту көзделген. Оның ішінде 30,389 шақырымы жер астымен жүргізілетін полиэтилен құбыры болса, қалған 46,322 шақырымы жер үстімен жүргізілетін болат құбырлар. Бүгінде полиэтилен құбырлардың 16,041 шақырымы, ал, болат құбырдың 27,139 шақырымы жүргізілген. Сонымен қатар газ қысымын төмендетуге арналған 167 газ реттеу пункттері орнатылады.

 

ӨЗБЕК ЭТНОСЫНЫҢ МӘДЕНИ КҮНІ ШЫМКЕНТТЕ АТАЛЫП ӨТТІ

Шымкент қаласының Абай саябағында Өзбек этносының мәдениет күні салтанатты түрде аталып өтті. Айтулы іс-шараны Шымкент қалалық ҚХА қолдауымен Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктерінің «Дустлик» қауымдастығы ұйымдастырып отыр.

Бүгінгі мерекелік іс-шараға ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі М.Әзілханов, Өзбекстан Республикасы «Отандастар» қоғамдық қорының төрағасы О.Саттаров, Өзбекстан Республикасының қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы С.Үсенов, Өзбекстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаев және Қырғызстан мен Тәжікстаннан келген мәртебелі меймандар қатысты.

Қазақ пен өзбек —тарихы тамырлас, достығы берік ұлт. Тәуелсіздіктен кейін Қазақстанда мекен еткен өзбек этносы болашағын, тағдырын осы елмен байланыстырады. Этнос күні аясында саялы саябақтың ішінде өзбек халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, мәдениетін су­рет­тейтін ұлттық әшекей бұ­йымдарын, өрнекті ыдыс-аяқтарын, тұрмыста пай­даланылатын заттарынан, ұлттық нақыштағы киімде­рінен көрме әзірленді.

—Шырайлы Шымкенттің әсем саябағында өтіп жатқан бүгінгі мерекелік басқосу өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Ол үшін қала әкімдігі мен «Дустлик» қауымдастығына алғыс білдіремін. Бүгін бауырлас халықтың өнерпаздарының өнерін тамашаладық, қолөнер бұйымдарына тамсандық. Мұндай мереке этнос өкілдерінің ыстық ықыласы еліміздің бейбітшілігі мен татулығын әйгілейді, — деді жиында сөз алған ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Алмасұлы.

Қазіргі геосаяси жағдайда Қазақстан мен Өзбекстанның бірлігі, халықтарының тату тұрмыс кешуі өте маңызды. Кез-келген қиындықта екі бауырлас мемлекеттің бірлесе шешім қабылдауы да тұрақтылық пен сауда-экономикалық байланысты нығайтады. Мерекелік жиында сөз сөйлеген

Өзбекстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаев осылай деді.

—Өзбекстанның сыртқы саясатында Қазақстан маңызды рөл атқарады. 2022 жылдың 21-22 желтоқсан күндері ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ташкент қаласындағы жұмыс сапарында екі ел арасындағы сауда-сатық, экономика, төтенше жағдайға қатысты келісімге қол қойғаны тарихқа алтын әріптермен жазылып, мемлекеттеріміз арасында жаңа байланыс парағы ашылды. Осы келісімнен кейін екі мемлекет арасындағы тауар айналым 4 есеге артты. Мәселен, 2023 жылдың қаңтар мен маусым айында тауар айналым 2 миллион доллардан 2 млрд долларға өсті. Мұндай көрсеткіш пен байланыс Қазақстан мен Өзбекстан тарихында алғаш рет орын алып отыр, — деді елші.

Мерекелік іс-шара Өзбекстан Республикасынан келген әншілермен қатар, жергілікті өнерпаздар әзірлеген концерттік бағдарламаға ұласты.

ШЫМКЕНТ: СУ ҚҰБЫРЫ ЖӘНЕ КӘРІЗ ЖҮЙЕЛЕРІН ЖӨНДЕУ МЕН ҚАЙТА ҚҰРУ ЖӨНІНДЕГІ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ БАҒДАРЛАМАСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

 

Бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің «Су құбыры және канализация басқармасының ұймдастыруымен Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңа тарифтік саясатын іске асыру шеңберінде су құбырларын жөндеу бойынша құрылыс нысанына баспасөз-тур өтті.

Шымкент қаласының су құбыры және кәріз жүйелерін жөндеу мен қайта құру жөніндегі инвестициялық бағдарламардың орындалу мақсатын хабардар ету үшін жоспарланған пресс-турға Шымкент қаласының Ақпараттық коммуникациялық орталығы, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, қоғам белсенділері, жауапты мекемелердің басшылары қатысты.

Пресс-тур барысында сала мамандары инвестициялық бағдарлама іс-шараларының 2023 жылы орындалуы барысмен таныстырды.

Бүгінде Шымкент қаласы халық санының өсуіне және қаланың мөлтек аудандарының кеңеюуіне, жаңа тұрғын алаптардың бой көтеріп, орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылуына байланысты және тұтынушылар санының артуы мен су өткізу жүйелерінің тозуы мен ауыз сумен қамтамасыз етудегі су өткізу қабілетін арттыру үшін желілерді ауыстыру қарастырылған.

Халық санының өсуіне және қаланың мөлтек аудандарының кеңеюуіне, жаңа тұрғын алаптардың орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылуына байланысты тұтынушылар санының артуы себепті, ауыз сумен қамтамасыз етудегі су өткізу қабілетін арттыру үшін желілерді ауыстыру қарастырылды.

Атап айтсақ:

Шымкент қаласы, Азат мөлтек ауданы, Алатау көшесінде д-110 мм ұзындығы 1315 п/м су құбырын ауыстыру жұмыстары мен Жаңаталап елді мекенінде жүргізілген д-200 мм-лік су құбыры арқылы тұтынушыларға суды насос арқылы жіберу тоқтатылып, д-160 мм-лік су құбырына қосу жұмыстары жүргізілген.

Ал Нұртас мөлтек ауданы су жүйесіне су қысымын реттегіш орнату жұмыстары мен Нұртас су қабылдау ғимаратында д-273 мм су құбырын д-200 мм су құбырына қайта қосу жұмыстары орындалған.

Сонымен қатар, сала мамандары «ЮЖНЫЙ» су құбырының қысымын арттыру үшін сумен жабдықтау жүйелері мен сорғы жабдықтарын жаңғырту; Достық-2 ш/а Алматы тас жолының учаскесіндегі д-160 мм қолданыстағы су құбырына сорғы станциясын орнату;

Самал-3 шағын ауданы Казак Ордасы-Алтынжол көше қиылысында қолданыстағы су жүйесіне сорғы станциясын орнату;

Қайтпас-2 мөлтек ауданы, Қырғызбай көшесінде сорғы станциясының желілерін өздігінен ағатын орталықтандырылған коллекторға қосып, сорғы станциясы өшіру жұмыстарымен де таныстырып өтті.

Бүгінде аталған инвестициялық бағдарламаны іске асыру нәтижесінде су жүйелеріндегі нормативті ысыраптар шығыны 9,08 %-дан 8,9 %-ға дейін төмендеген. Бұл өз кезегінде су жүйелеріндегі аппаттар саны 2022 жылмен салыстырғанда пайыздық көрсеткішпен 20% төмендетіп отыр.

Сондай-ақ, су тасымалдау қызметі бойынша тозу деңгейі 4,6 %-дан 4,3 % төмендесе, сарқынды суды бұру қызметі бойынша тозу деңгейі 4,8 %-дан 4,6 % төмендеуіне қол жеткізілді.

 

ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТ ИЕГЕРЛЕРІ ӨЗ ӨНІМДЕРІН ҰСЫНДЫ

Бүгін Шымкенттегі «Арбат» алаңында қайтарымсыз грант иегерлерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, кәсіпкерлер қала тұрғындарына өз өнімдерін ұсынды.

Шымкентте былтыр мемлекеттен 400 АЕК мөлшерінде қайтарымсыз грант алып, бизнес-жоспарларын жүзеге асырған 1000-нан астам кәсіпкер жеке кәсіппен айналысуда. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы оларға алдағы уақытта шағын кәсіптен орта бизнес деңгейіне көтерілуге қолдау көрсетпек. Осы мақсатта ұйымдастырылған жәрмеңкеге

қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, кәсіптерін дөңгелетіп отырған 200-ге жуық грант иегерлерінің бизнес-жобаларымен танысты. Кәсіпкерлердің басым бөлігі тағам өнеркәсібі, мал шаруашылығы, қызмет көрсету салалары мен қолөнер және жиһаз өндіру кәсіптерін ұсынды.

—Қайтарымсыз грант қаржысы бұл аты айтып тұрғандай мемлекетке қайтарылмайды. Жоба бүгінде халықты жұмыспен қамтудың тиімді тетіктерінің біріне айналып отыр. Мемлекет тарапынан берілетін қаржылай қолдау шарасы биыл да өз жалғасын тауып, Шымкентте әлеуметтік осал топты азаматтарға арналған грантты жалпы саны 447 адамға беру жоспарланған. Жыл басынан бері өткізілген бірінші және екінші лектің нәтижесінде 228 азамат грант иегері атанды. 11-22 қыркүйек аралығында өтіп жатқан III-лекте қалған 29 грантқа өтінім қабылдануда, — деді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Полатқызы.

Қайтарымсыз грант отандық, оның ішінде шымкенттік өнім көлемін арттыруға септігін тигізуде. Грант иегерлерінің өнімдерін кеңінен насихаттап, дәріптеу көзделген жәрмеңкеде кәсіпкерлер көпшілікке бәсекеге қабілеттіліктерін көрсете білді. Нәтижесінде жәрмеңкеге келген ірі кәсіпкерлер грант иегерлерінің өнімдеріне қызығушылық танытып, сауда нарығында қолдау көрсетуге ниеттерін жеткізді. Бұл тұрғыда жауапты сала мамандарының сүйемелдеуімен бірлескен жұмыстар жүргізілмек.

ШЫМКЕНТТЕ «АРЫСТАН БАБ ЖӘНЕ ИХСАН ТАҒЫЛЫМЫ» ТАҚЫРЫБЫНДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Шымкент қаласында түркі әлемінің рухани ұстазы Қожа Ахмет Яссауидің ұстазы Арыстан бабқа арналған еліміз бойынша тұңғыш рет республикалық ғылыми-танымдық конференция өтті. «Арыстан баб және ихсан тағылымы» тақырыбындағы басқосуға ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти, ҚМДБ ғұламалар кеңесінің мүшелері, имамдар, зиялы қауым өкілдері, студент жастар қатысты.

ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ұстаздардың ұстазы болған Арыстан бабтың қазақ халқының рухани тарихындағы айрықша орнына тоқталып өтті.

– ҚМДБ соңғы жылдары қазақ даласынан шыққан дін қайраткерлері мен ғұламаларының өнегелі өмірін, Ихсан ілімін айрықша насихаттап келеді. Сайып келгенде біздің мақсатымыз – дәстүрімізбен біте қайнасқан дінімізді, әдет-ғұрпымызды дәріптеп, жастарды бабалар салған сара жолмен жүруге үндеу. Конференция жалпы тегімізді білу, тарихымызды жаңғыртуды мақсат етіп отыр. Біздің бабаларымыз асыл дініміздің дамуына өзіндік үлесін қосып кетті. Солардың бірі – Қазақстан мен орта Азия аумағында Ислам дінінің дамуына ықпал еткен белгілі тарихи тұлға Арыстан баб, – деді Бас мүфти.

Қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов дін мен дәстүрімізді дәріптеу, жастарды деструктивті діни идеологиялардың ықпалынан сақтау маңыздылығы бойынша өз ойларын ортаға салды.

Сондай-ақ, жиында Қ.Яссауи атындағы ХҚТУ теология факультетінің деканы, профессор Досай Кенжетай, ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Төрәлі Қыдыр, ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі, Phd доктор Мұхидин Паттеев «Түркістан топырағындағы Ихсан ілімінің қалыптасу ерекшеліктері», «Руханият әлемі: баптардан ишандарға дейін» тақырыптарында баяндама жасады.

Айта кетсек, былтыр «Қожа Ахмет Яссауи һәм ихсан ілімі» тақырыбында халықаралық ғылыми-танымдық конференция өткен еді. Онда Қожа Ахмет Яссауи ілімі мен ихсан ілімінің сабақтастығы, ұлы бабамыздың хикметтері туралы тағылымды ойлар айтылған-тын.

 

Сауран ауданында өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындар 5,5 млрд. теңгенің өнімін өндірген

Сауран ауданыныңқұрылғанына екі жылдан енді асқаны белгілі. Сол аз ғана уақыттың ішінде аудан әлеуметтік-экономикалық даму үстінде. Бірқатар маңызды шаралар қабылданды. Бірақ, біраз уақыттан бері шешімін таппай келе жатқан мәселелерде жоқ емес. Көнені қайта жаңғырту, тұрғындар талабын орындау, ауылдарды көркейту – аудан басшылығының басты назарында.

ШЫМКЕНТТЕН XIX АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНА 64 СПОРТШЫ ҚАТЫСАДЫ

Азия ойындары 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында өтеді. Төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын жарысқа еліміздің атынан 524 атлет қатысады. Олар 30 спорт түрінен 305 медаль үшін бақ сынасады. Бұл дүбірлі додаға Қазақстан құрамасы 1994 жылдан бері сегізінші рет қатысқалы тұр.

Азия ойындарында табысты өнер көрсету өте маңызды. Себебі байрақты бәсекеде құрлық чемпионы атағымен қатар, спорттың 8 түрінен Париж Олимпиадасының жолдамасы сарапқа салынады.

Шымкент қаласынан 33 спорт түрінен 64 спортшы Азия ойындарына қатысады. Олардың қатарында Әлем және Азия чемпиондары бар.

Бокс – 34 лицензия (ерлер – 7 салмақта финалға шыққан 14 боксшы, әйелдер – 50, 54, 57, 60 келіде жартылай финалға шыққандар, 66, 75 келіде финалға шыққан боксшылар);

Садақ ату – 5 лицензия (ерлер — 1,2-орын алғандар, әйелдер — 1,2-орын алғандар, аралас команда — 1-орын алған құрама);

Қазіргі бессайыс – 10 лицензия (ерлер 5 лицензия және әйелдер 5 лицензия);

Брейк-данс – 2 лицензия (ер — 1 және әйел — 1);

Үлкен теннис – 5 лицензия (ер, әйел, жұптық ерлер, жұптық әйелдер, аралас жұптар; тек жеңімпаздар лицензия алады);

Су добы – 2 лицензия (ерлер — 1 және әйелдер құрамасы — 1);

Әртістік жүзу – 2 лицензия (әйелдер дуэті — 1, командалық сайыс — 1);

Көгалдағы хоккей — 2 лицензия (ерлер — 1, әйелдер құрамасы — 1);

Жүзу, жеңіл атлетикада белгілі бір уақыт нормативін орындаса, Олимпиада жолдамасы беріледі.

Ал Париж Олимпиадасына кіретін өзге спорт түрлерінен Азия ойындарында жүлделер сарапқа түссе де, лицензия берілмейді. Кей жарыстар спортшылар үшін рейтингтік ұпай беруге көмектеседі. Медаль көп сарапқа салынатын күрес түрлерінен жолдама Әлем чемпионаты мен келесі жылы өтетін іріктеу додаларында ойнатылады.

Сауран ауданы: 14725 гектар жер ортақ жайылымға қайтарылған

Жалпы Сауран аудан бойынша жер көлемі – 721,7 мың гектар. 2022 жылы 48,5 мың гектар жерді елді мекенге ортақ жайылымға қайтару жоспарланған болса, нақты 51,3 мың гектар жер ортақ жайылымға қайтарылып, жоспар артығымен орындалған. 2023 жылға жоспар 30 мың гектар белгіленген. Бүгінгі таңда 14 725 гектар жер ортақ жайылымға қайтарылды. Алдағы уақытта жайылым мәселесі толығымен шешілетін болады.

Сауранда әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссияның отырысы өтті

Сауран ауданы әкімі аппаратының мәжіліс залында Сауран ауданы әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысы болып өтті. Жиынды комиссия төрағасы, аудан әкімінің орынбасары Серік Садибаев ашып, жүргізіп отырды. Жиынға комиссия мүшелері, ауылдық округ әкімдері және тиісті сала мамандары қатысты.