ШЫМКЕНТТЕН 30 САРБАЗ ӘСКЕРГЕ АТТАНДЫ

ҚР Қорғаныс Министрлігінің Әскери бөлімдеріне жас сарбаздарды салтанатты шығарып салу іс-шарасы өтті. Шымкентте осы күзде 900-ден астам азамат әскери қызметке шақырылады. Бұған дейін ҰҚК Шекара қызметі бөліміне әскерге шақырылушылардың бірінші командасы жіберілген-тін.

Бүгін қалалық шақыру пунктінің саптық алаңында ҚР Қарулы Күштері қатарына команданы салтанатты түрде шығарып салу рәсімі ұйымдастырылды. Іс-шараға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов, қалалық қорғаныс істері департаментінің бастығы, полковник Әбдіғабит Шегебаев, әскери саланың ардагерлері, сарбаздардың ата-аналары, бауырлары қатысты.

Қала әкімінің бірінші орынбасары әскерге бару әрбір азаматтың қасиетті борышы екенін атап өтіп, жас сарбаздарға сәттілік тіледі.

– Сапқа тұрып, сарбаз атану, қолға қару алып, әскери борышын өтеу – әрбір ер азамат үшін зор абырой. Себебі, біздің батыр бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен осынау кең байтақ даламызды қорғап, бүгінгі ұрпаққа, бізге аманат етіп қалдырған. Бабалар аманатына адал болу – бүгінгі ұрпақтың перзенттік парызы. Жылдан жылға Қазақстан Қарулы Күштерінің қуаты артып, әскери дайындық деңгейі жоғарылап келеді. Отан қорғау – перзенттік парыз, мәртебелі міндет. Біз Сіздердің еліміздің тыныштығы мен жеріміздің тұтастығын сақтау жолында қалтқысыз қызмет ететін ержүрек жауынгер болатындарыңызға сенеміз. Олай болса, Сіздерге Ақ жол тілейміз! Әскери борыштарыңызды абыроймен атқарып, аман-есен оралыңыздар!, – деді Қуаныш Жұмабекұлы.

Сондай-ақ, Қарулы Күштер ардагерлері қалалық кеңесінің төрағасы, отставкадағы полковник Серікбай Оңбаев әскерге шақырылушыларға ақ жол тілеп, елдің қауіпсіздігін сақтау аса маңызды міндет екенін атап өтті.

Сонымен, күзгі шақыру бойынша Шымкент қаласынан ҚР Қорғаныс Министрлігінің Әскери бөлімдеріне 30 сарбаз аттанды.

ШЫМКЕНТТЕГІ ҚАРАТАУ АУДАНЫНДА ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ ҚЫЗУ ЖҮРІП ЖАТЫР

Шымкент қаласы Қаратау ауданында алдағы жылу маусымына дайындық жұмыстары жүргізу бойынша арнайы жұмыс жоспары бекітілген. «Қуат жылу орталық-3» коммуналдық кәсіпорнымен бірлесіп жүзеге асырылуы көзделген бұл жоспарға сәйкес, көп қабатты 447 тұрғын үйдің жылу жүйесіне сығымдау жұмыстарын жүргізуге қажет.

Қаратау ауданында бүгінде 8 қызмет көрсетуші мекеме жылу жүйесін сығымдау қызметін көрсетеді. Бұл мекемелерде сығымдау жұмыстарын жүргізетін 12 арнайы бригада бар.

Қазіргі таңда аудан аумағындағы 447 көп қабатты тұрғын үйдің 428-і, яғни, 95,7 пайызында сығымдау жұмыстары атқарылған. Қалған тұрғын үйлерде бұл жұмыс қыркүйек айының соңына дейін аяқталады.

Сонымен қатар ауданда жаңадан пайдалануға берілген немесе жыл соңына дейін пайдалануға берілуі жоспарланып отырған көп қабатты 55 тұрғын үй бар. Аудан әкімдігі аталған тұрғын үйлерді салып жатқан құрылыс компаниялардың барлығына жылу маусымына дайындық жүргізу керектігін ескертіп, ресми хат жолдаған.

Сонымен қатар, Қаратау ауданы әкімдігі әлеуметтік желілер арқылы тұрғындардың өздері көп қабатты үйлердің жылу жүйесіне сығымдау жұмыстарын жүргізу керектігін ескерткен.

ҚАРАТАУ АУДАНЫНДА ОРНАЛАСҚАН КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРГЕ СЕРВИСТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕТІН МЕКЕМЕЛЕР:

«ОҚО үйлерді басқару» ЖШС – Ж.Исмайлов (87784041325)

«Қызметкер СК» ЖШС – А. Сыдықов Алиакбар (87013489082)

«Қызмет Сервис» ЖШС – Е.Железкова (87059602493)

«АлиаскарБамГрупп» ЖШС – Б.Алиаскаров ( 87774240220)

«Исабаева» ЖК – А.Исабаева ( 87753187695)

«Қазына» ЖК – М.Иманбердиев (87058065834)

«Әділ» ЖК – А.Сыдықов 87074722771

«Адал хаузинг» ЖК – А.Сұлтанбаев ( 87473330981)

«АБ-Нур» ЖК – Н.Омаров (87785771787)

«Коммунал Сервис Ко» ЖШС – Е.К.Абдукаримов (87057587121)

 

ШЫМКЕНТТЕГІ ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫНДА ГАЗДАНДЫРУ МӘСЕЛЕСІ ТОЛЫҚ ШЕШІЛЕДІ

Биыл Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданын табиғи газбен қамтамасыз ету көрсеткіші 100 пайызға жетеді. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің Әл-Фараби ауданының тұрғындарымен кездесуінде мәлім болды.

Шаһар басшысының халықпен кездесуіне барлық салалық басқармалардың және құқық қорғау органдарының басшылары, жергілікті қоғамдық кеңестердің белсенділері мен көпқабатты үйлердің төрағалары, еңбек ардагерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Кездесу барысында қала әкімі тұрғындардың өзекті мәселелерін шешу мақсатында алдағы уақытта жүйелі жұмыстар жүргізілетінін, барлық мәселелер тұрғындардың пікірін ескере отырып шешілетінін мәлімдеді.

Кездесуде Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды баяндады.

–Әл-Фараби ауданында 235 мыңға жуық тұрғыны бар. Бүгінде ауыз су және электр қуатымен қамту көрсеткіші 100 пайызды құрап отыр. Ал табиғи газбен қамту мәселесі биыл толық шешілетін болады. Қазіргі таңда Сәуле шағын ауданы 276-орамда табиғи газ желісінің құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Ал, кәріз жүйесімен қамтамасыз ету мәселесі 2025 жылға қарай толық шешімін табуы тиіс, – деді аудан әкімі.

Оның айтуынша, биыл барлығы 28 көшеге асфальт және 12 көшеге шағал тас төсеу бойынша жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар, 14 көшені жарықтандыру бойынша жұмыстар жалғасып жатыр екен.

Әл-Фараби ауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасының аясында биыл 39 ауланы абаттандырып, балалар ойын алаңшасын орнату жоспарланған болса, бүгінде 24 ауладағы жұмыс толығымен аяқталып, тұрғындардың игілігіне беріліпті. Қалған 15 аулада жұмыс жыл соңына дейін аяқталады.

Қала әкімі аудан және тиісті басқарма басшыларына халықтың өтініштері мен ұсыныстарын орындауда нақты тапсырмалар жүктеді.

Сауран ауданында 7 айда жалпы өңірлік өнім көлемі 30 млрд теңгеден асқан

Сауран ауданында мәслихаттың бірлескен тұрақты комиссияларының отырысы өтті. Бірлескен отырыста бір мәселе қаралды. Депутаттар Сауран ауданы әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы жөніндегі есебін тыңдады. Бұл жөнінде аудан әкімінің орынбасары Мақсат Таңғатаров баяндады.

ШЫМКЕНТТЕ «ЕҢБЕК АДАМЫ» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Қалалық жастар ресурстық орталығында «Сенім қадамы» жобасы аясындағы «Еңбек адамы» байқауының жеңімпаздарын марапаттау іс-шарасы өтті. Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы мен «Жалынды жастар» қоғамдық бірлестігі бірлесе ұйымдастырған байқауға 100-ге жуық өтінім түскен еді.

Арнай комиссия отырысының шешімімен ұзақ жылдар бойы қажырлы еңбек етіп жүрген қоғамдық өмірге бағытталған түрлі еңбек саласының 10 үздік қызметкері анықталды.

Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов жеңімпаздарды құттықтап, өз саласының үздіктеріне алғысын жеткізді.

– Ұзақ жылдар бойғы қажырлы еңбегі ескеріліп, бүгінгі байқауда үздік деп танылып отырған барлық номинанттарды шын жүректен құттықтаймын! Кез келген елдің дамуы еңбекке тікелей байланысты екенін ескерсек, еңбек адамының қоғамда қашанда орны ерекше, абыройы биік болуы тиіс. Әрбір азаматы еңбекке бейім болса, елдің берекесі кіріп, ырысы молайып, өзгелермен терезесі теңеледі. Сондықтан Еңбек күнінің қарсаңында өткізіліп отырған бүгінгі байқаудың мақсаты – еңбек құндылығын дәріптеу, еңбекқор азаматтардың беделін көтеру, өнімді еңбек етуге ынталандыру.

Сіздер өз істеріңізге жауапкершілікпен қарау, кәсіби біліктілік пен шеберліктеріңізді шыңдай түсу арқылы жас ұрпаққа тамаша үлгі-өнеге көрсетіп келесіздер. Сіздерге зор денсаулық пен отбасыларыңызға бақ-береке тілегім келеді. Әрқашан адал еңбектің жемісін көріп, абырой биігіне көтеріле беріңіздер!, – деді қала әкімінің бірінші орынбасары.

Биылғы байқауда «Үздік әкімшілік шаруашылық қызметкері», «Үздік тәрбиеші», «Үздік қоғамдық көлік жүргізу саласының қызметкері», «Үздік тәртіп сақшысы», «Үздік өрт сөндіру саласының қызметкері», «Үздік медицина қызметкері», «Үздік кәсіпкер», «Үздік тазалық саласының қызметкері», «Үздік ұстаз» номинациясы бойынша жеңімпаздар анықталды.

Іс-шара соңы мерекелік концертке ұласты.

 

САЙРАМ ТҰРҒЫН АЛАБЫНДА «VISIT SHYMKENT» ТУРИСТІК АҚПАРАТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

27 қыркүйек – бүкіләлемдік туризм күніне орай, Шымкент қаласы туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен пресс-тур басталды. Пресс-турға 50-ге жуық шетелдік және отандық travel-блогерлер, БАҚ өкілдері қатысып, қонақтар қаланың тарихи және тартымды орындарын тамашалады. Алдымен Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Үндістан, Германиядан келген қонақтар А.С.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасында басқосып, оларға үшінші мегаполистің туристік әлеуеті туралы ақпарат беріліп, имидждік бейнеролик көрсетілді.

Қонақтар Цитадель, «Ибрагим ата» кесенесі, «Қызыр» мұнарасына саяхаттады. Пресс-тур қатысушылары Сайрам тұрғын алабындағы жаңа «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының ашылу салтанатына қатысты.

– Сайрам тұрғын алабында қаншама сакралды орындар бар. Мұндағы тарихы терең, мән-мағынасы жоғары қасиетті орындарды көруге келетін туристердің саны артып келеді. Сондықтан оларға ақпараттық көмек керек. Осы мақсатта тұрғын алаптан «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығын аштық. Енді кез келген турист және қала тұрғындары орталықтан ақпарат алып, гидпен бірге экскурсияға шығуына болады, – деді «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының басшысы Ерлан Умаров.

– Бұл біздің Шымкентке бірінші келуіміз емес, - дейді ақпараттық турға қатысқан германиялық Аксель Монзе. – Шымкент – тарихы терең, мәдени жағынан алда келе жатқан көне қалалардың бірі. Қаладағы қай мейрамханаға кірсең де, дәмді астарымен күтіп алады. Ұлттық тағамдары ұнайды. Адамдары өте жылы шырайлы, құшақ жая қарсы алады. Еуропада күн бұлтты болғандықтан, осы жердің күн шуағы маған ұнады. Қазақстан, оның ішінде Шымкент жайлы көптеген ақпараттарға қанықтық, – деді Аксель Монзе.

Ақпараттық блог-тур үш күнге созылады.

 

ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫНЫҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ СӨЗ БОЛҒАН ФОРУМ

Бүгін Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудағы отбасылық құндылықтардың маңыздылығы, қоғамның түрлі саласындағы әйелдер рөлі» – атты аудандық форум өтті. Форумға Қаратау ауданына қарасты білім, денсаулық, мәдениет және спорт мекемелерінің басшылары, қоғам белсенділері қатысты. Аталмыш форум аудан аумағындағы іскер әйелдердің қатысуымен дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Форум спикерлері «AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалының атқарушы хатшысы, қалалық мәслихат депутаты Жанар Бектаева, белгілі ақын Ханбибі Есенқарақызы, қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы Баян Жандосова, Шымкент қаласы бойынша бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Жанетта Жазықбаева баяндама оқып, тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбындағы әйелдер мен балалардың жағдайы кеңінен талқыланды.

–Қазіргі уақытта заңға біршама өзгерістер енгізіліп, әйел мен балаларды қорғай алатын дәрежеде деп ойлаймын. Әйелдермен жұмыс істеу барысында өзім де талай оқиғаға куә болып жүрмін. Киімсіз, құжатсыз баласын құшақтап үйлерінен қашып кететін әйелдер бар. Қазіргі заңға сәйкес тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғасы орын алған жағдайда ер адамды яғни агрессорды шығарып, әйел балаларымен үйде қалуға құқылы. Қиын жағдайға түскен әйелдерге дағдарыс орталықтары бар. Бірақ мұндай мәселенің салдарымен емес себебімен күресуіміз маңызды. Сондықтан әр аумақтың әкімдігінде отбасы және жастар басқармасы ашылуы керек деп ойлаймын. Тұрғындармен тығыз қарым-қатынастың негізінде мәселе өршімей тұрып, алдын алуға болады. Бүгін форумда осындай ұсынысымызды да жеткізіп отырмыз, – деді қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы Баян Жандосова.

Аудан әкімі Рахымберді Мүлкеманов форум спикерлері мен қатысушылар тарапынан айтылған пікірлер мен ұсыныстар аудандық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның жұмыс жоспарына енгізілетінін жеткізді. Форумның соңы аудандық білім беру мекемелерінің тәрбие саласындағы жауапты басшыларына арналған тренингпен жалғасып, қатысушыларға сертификат табысталды.