ШЫМКЕНТ: МЕКТЕПТЕРДІҢ АУМАҒЫНДА ЖАЯУ ЖҮРГІНШІЛЕР ӨТКЕЛІ ЖАҢАРТЫЛДЫ

Шымкентте жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол апаттарының алдын алу мақсатында қала көшелерінде жол таңбаларын жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мұндай жаңарту жұмыстары қолданыстағы стандарттарға сәйкес тұрақты түрде атқарылады.

Бүгінгі күнге дейін қаладағы 87 мектептің алдында жаяу жүргіншілер өткелі жаңартылды.

Жұмыстар көлік қозғалысына кедергі келтірмеуі мақсатында түнгі уақытта атқарылады.

Шымкент қаласында бүгінде 270 шақырым көшенің жол таңбалары жаңартылып, сызылды. Оның ішінде 250 шақырымы термопластиктен, ал қалған 120 шақырымы акрильді бояумен сызылды.

Айта кетейік, 2022 жылдың қорытындысымен 450 шақырым жол таңбалары сызылған болатын.

Жол таңбалары сызылған көшелер тізімі:

Пластика:

1. Бөгет көшесі

2. И.Тайманұлы көшесі

3. Шымсити ш/а 5 көше

4. Володарского көшесі

5. Ерманов көшесі

6. Сайрам көшесі

7. Мәделі қожа көшесі

8. А.Асқаров көшесі

9. Н.Малқаров көшесі

10. Рашидов көшесі

11. Н.Төреқұлов көшесі

12. М.Мәметова көшесі

13. Тәуке хан көшесі

14. Ж.Шаяхметов көшесі

15. Түркістан көшесі

16. Ж.Тәшенов көшесі

Акрильді бояумен:

1. Бақбаев көшесі

2. Қ.Төлеметов көшесі

3. Жібек жолы көшесі

4. Ынтымақ ш/а (Барыс базар маңы)

Бұдан бөлек, Шымкент көшелерінде жол қозғалысын реттеуге арналған 1100-ге жуық белгі орнатылды. Миллионнан астам тұрғыны бар мегаполисте автокөлік жолдары 2347 шақырымды құрайды. Яғни, осы асфальт жолдарда көлік қозғалысын реттеуге арналған 290 сигналды бағдаршам, 13 700 жол белгісі мен 35 мың метр квадраттан астам жол таңбалары сызылған. Шаһардағы жол қауіпсіздігін нығайту мақсатында Шымкент қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері қала көшелері мен жол белгілерінің жәй-күйіне көктемдік кешенді тексеру жұмыстарын жүргізді.

Нәтижесінде, анықталған кемшіліктерді түзету үшін ( жол белгілерін орнатуға, жол таңбаларын жаңартуға, ойық-шұңқырларды қалпына келтіруге) жергілікті атқарушы органдарға 595 нұсқама берілді. Сәйкесінше, биыл 12 орынға жаяу жүргіншілерге арналған белсенді бағдаршам мен 15 қиылысқа автокөліктерді реттеуге арналған сигналды бағдаршам қойылды.

Бұған қоса, жол қозғалысын реттеуге арналған 1079 белгі орнатылып, 220 жол белгісі қайта қалпына келтірілді. Сондай-ақ, жолдарда, құрлыстарда күтіп-ұстау талаптарын дұрыс орындамағаны үшін 59 лауазымды тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылды.

Өз кезегінде, полиция қызметкерлері азаматтарды жолда абай болуға және орнатылған белгілер мен ережелерге қатаң бағынуға шақырады.

 

ШЫМКЕНТ: ТҰРМЫСТЫҚ ҚАЛДЫҚТАРДЫ ӨҢДЕУГЕ ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОРЛАР ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ ТАНЫТУДА

Бұл туралы Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Жолдасов Ержан Жақсылықұлы брифинг барысында мәлімдеді.

Ержан Жолдасовтың сөзінше, Шымкент қаласындағы коммуналдық қалдықтар мәселесін шешу үшін қоқыс өңдеу зауытын салу қажет.
Шымкентте коммуналдық қалдықтар мәселесін шешу үшін қоқыс өңдеу зауытын салу қажеттігі туындауда. Қазір қалдықтарды өңдеу зауытын салуға қатысты Испания, Қытай, Германия инвесторлары тарапынан ұсыныстар түсуде. Қытай компаниялары қалдықтарды өртейтін зауыттың құрылысын салуды көздесе, Германия инвесторлары полигон салуға қажетті заманауи материалдар ұсынуда. Әлемге әйгілі AUDITORES ENERGETICOS AFN (AEN) компаниясының өкілдері коммуналдық қалдықтарды өңдеудің терең технологиясын енгізуге қызығушылық танытып отыр.

Жобада қала аумағынан жиналатын қалдықтарды 95 пайызға өңдеу, полигондағы қалдықтарды қайта өңдеу арқылы электр энергиясын өндіру қарастырылған. Бүгінде бизнес өкілдерінің ұсыныстары қаланың ерекшелігіне қарай сарапталуда. Жобаның құны - шамамен 200 миллион еуроны құрайды.
Айта кетейік, қазір қаладағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонындағы 1,5 млн тонна дұрыс көмілмеген және 250 мың тонна бей-берекет шашылған қоқыстарды көму жұмыстары толық аяқталды.

Бұл бағыттағы жұмыстарға 24 техника жұмылдырылып, экологиялық талаптарға сай жалпы көлемі 300 мың м3 топырақ төселді.

Айта кетейік, Шымкент қаласының аумағындағы жалпы ұзындығы 891 шақырымды құрайтын 443 орталық көшелерді санитарлық тазалау, көгалдандыру және күтіп-ұстау жұмыстары ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап аудан әкімдіктерінен қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасына өтті. Қазіргі таңда, әр ауданның мемлекеттік-жекеше әріптестері анықталып, қала аумағында жұмыстар қарқынды түрде ұйымдастырылуда.

ШЫМКЕНТТЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫН 2 МЛН ШАРШЫ МЕТРГЕ ЖЕТКІЗУ ЖОСПАРЛАНУДА

Соңғы бес жылда қалаға ауқымды инвестиция салған алпауыт құрылыс компаниялары бүгінде тұрғын үй құрылысын қарқынды жүргізуде. Құрылыс нарығында өзіндік орны бар «BI Group», «Otau», «Capital invest construction», «OKS –Shymcity», «Kanfar Bulding» компаниялары мегаполистің сәулеттік келбетін айшықтайтын заманауи, зәулім тұрғын үйлер салуда.

Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов құрылыс аумақтарында болып, бизнес және эконом класты тұрғын үйлерді аралады. Алдымен «БазисА» компаниясы салып жатқан Әкімшілік-іскерлік орталығындағы «Шахристан» тұрғын үй кешенінің құрылысын тексерді. Мұнда қазір арнайы бригадалар сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстарын жүргізуде.

М.Дүйсенбекұлы жауаптылармен бірге «Отау Строй» ЖШС-нің Тұран шағынауданындағы 20 585 шаршы метрді құрайтын «City Otau» тұрғын үй кешеніне де барды. 5 блоктан тұратын тұрғын үйлердің құрылысы толық аяқталып, қазір қабылдануда.

Сондай-ақ қала әкімі Шым Сити шағынауданында орналасқан 33 936 шаршы метрді құрайтын «Капитал Сити» тұрғын үй кешені, «BI Group» ЖШС-нің Төлеметов көшесі бойында орналасқан «Гранд парк К1» тұрғын үй кешені, 17 шағынауданындағы «Канфар» ЖШС салып жатқан «Бірлік» тұрғын үй кешені аумақтарында болып, атқарылған жұмыстарды қадағалады.

Қазір аталған аумақтарда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Барлық тұрғын үйлер жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болады.

Жалпы, биылғы жылы қалада 1 млн 73 мың шаршы метр тұрғын үйді қолданысқа беру жоспарлануда. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 2 млн шаршы метрге дейін жеткізу көзделіп отыр.

Қаладағы тұрғын үй құрылысының барысымен танысқан М. Дүйсенбекұлы жауаптыларға ең алдымен жұмыстардың сапалы, өндірістік кестеге сай орындалуын назарға алуды тапсырды. Сондай-ақ қаланың сәулеттік кескін-келбетін айқындайтын ауқымды жобалар ұсынатын инвесторлар тартуда, бизнес өкілдерімен қолайлы жағдайда әріптестік орнатуда нақты тапсырмалар жүктеді.

 

ШЫМКЕНТ: ЖАҢА ЖОБАЛАР МҰНАЙ-ГАЗ ХИМИЯ КЛАСТЕРІН ЖАНДАНДЫРУҒА ЫҚПАЛ ЕТЕДІ

Шымкенте мұнай өңдеу өнімдерін өндіру бойынша 14 кәсіпорын жұмыс істейді. Солардың қатарында «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» және «HILL Corporation» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бар.

«ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС республикадағы мұнай өңдейтін үш зауыттың бірі. Ірі кәсіпорында автомобиль бензиндері, дизель отыны, авиациялық керосин, сұйытылған газ, қыздырғыш мазут, вакуумдық газойл өндіріледі. Зауыттың өндірістік қуаты жаңғыртудан өткеннен кейін өнім көлемі ұлғайып, қазір жылына 6 млн. тонна мұнай өңдейді. Мұнда қазір 1800-ден астам адам жұмыспен қамтылған.

Ал «HILL Corporation» ЖШС майлау материалдарын өндірумен айналысады. Кәсіпорын моторлы, трансмиссиялық, компрессорлық, газ, турбиналық жағармай материалдарын және өзге де пластикалық майларды шығарады. Зауыт жылына 100 мың тонна майлау материалдарын, 28 мың тонна пайдаланылған майларды регенерациялауға және 1500 мың тонна майлау материалдары шығаруға қауқарлы. Кәсіпорында 200-ден астам адам жұмыс істейді.

Сонымен қатар, алдағы 2023-2026 жылдары қала аумағында мұнай қалдықтарын шикізат ретінде қайта өңдейтін 3 жобаны іске асыру жоспарланған. Олар:

- «Hill Resources» ЖШС – негізгі майларды өндіру (құны 270 млрд.тг, қуаттылығы - жылына 500 мың тонна мазутты қайта өңдеу).

- «Алмэкс Полимер» ЖШС – ұнтақты полипропилен өндіру (құны - 38 млрд.тг, қуаттылығы жылына 80 мың тонна ұнтақты полипропилен). Аталған жоба 2023-2029 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының отын-энергетика кешенін дамыту тұжырымдамасына қосылды.

- «Эколайф Астана» ЖШС құрамында мұнай бар және басқа да қалдықтарды кәдеге жарату зауытын салу (құны 500 млн.тг.). Жобаны жүзеге асыру мақсатында «Жұлдыз» индустриялық аймағынан жер телімін алу бойынша инвестор тарапынан тиісті құжаттар ұсынылып, өңірлік үйлестірушілер кеңесінің оң қорытындысын алды.

Қазіргі таңда, аталған жобаларды шикізатпен қамтамасыз ету бойынша «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-мен келіссөздер жүргізілуде.

 

 

 

ШЫМКЕНТ: 500-ДЕН АСТАМ ҚУЫРШАҒЫ БАР ТЕАТР

Басқа театрлармен салыстырғанда, қуыршақ театрының іші құпияға толы ғажайып сарай секілді, көпшілік біле бермейтін өзіндік сырлары бар. Сол сырдың бірі, көрерменнің көкейінде жүрген сұрақтың бірі қуыршақтарды кім жасайды, қайда жасайды?

Қуыршақ жасайтын цех екі бөліктен тұрады. Бірі – шеберхана болса, екіншісі – тігінхана. Шеберханада қуыршақтың қаңқасы мен тұрпат-пошымы жасалып шықса, тігінханада қуыршақтың киімдері тігіледі.

Ең алдымен, қуыршақтың эскизі дайындалады. Оны суретшілер мен көркемдік кеңес әзірлейді. Сосын цехта қуыршақтар ерітіліп, күйдіріліп, балқытылып, түрлі химиялық әдістер арқылы жасалып, кейін қуыршақтың бет-жүзі газетті-картон қоспасы арқылы арнайы бетпошымға құйылып формаға келтіріледі, пішіні ермексаздан жасалады.

Бастың формасы қатқан соң, сыртын сылап тазалап, кейін майлайды. Бас формасы бояуға дайын болған кезде эскизге сәйкес боялады. Бәрі қуыршақтың жасалу механизміне байланысты. Бір қуыршақты бір әртіс қана ұстап жүреді деген сөз жоқ, бірнеше әртіс қатар ұстайтын, ойнататын сәттері болады.

Қуыршақтардың арасында ең күрделісі – марионеткалар, яғни, жіп қуыршақтар. Оның 4-тен бастап 44-ке дейін жібі болуы мүмкін. Қасы-көзінен бастап, башпайына дейін қозғалатын қуыршақтар. Бірақ бір қызығы, мұндай күрделі қуыршақты бір ғана әртіс алып жүреді.

Ал, кейде бір қуыршақтың күлгенін, жүргенін, қарағанын, акробатика жасап, шпагатқа отырып, иіліп-бүгілгенін үш адам жүріп жасайды. Бастысы, бірдей жасау керек.

Қуыршақтың түрлері көп. «Марионетка», «ширмовой спектакль», «тростевая кукла», «планшетный», «ростовой» болып аталады.

Осындай дүниелерді жасап шығаратын өз ісінің майталман мамандары, театрда он жылдан аса қызмет жасап келе жатқан Серікбаев Талғат, аз уақытта осы жұмыстың қыр сырын меңгерген Асылбеков Болат, Дүйсенбеков Талғатты ерекше атап өткіміз келеді.

Ал, дайын қуыршақтарды сәндеп, эскизге сәйкес небір киімдер тігіп, апликациялар жасап, сахна ширмаларына дейін дайындап беретін бесаспап тігіншілердің жұмысы.

Биыл Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрына 40 жыл толды. Осы уақыт аралығында театр балаларға арнап 150‐ге жуық қойылым қойып, 500‐ден аса қуыршақтар әзірледі. Баланы тәрбиелеудің ең тиімді жолы оны мәдениет ошағына жақындату.

ШЫМКЕНТ: БАСТАУЫШ КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМЫ БАЛҒЫНДАРҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ

1 маусым – «Халықаралық балаларды қорғау күніне» орай, Қазақстандық салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалының құрамындағы Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында «Бақытты балдәурен» атты ауқымды мерекелік шара өтті. Салтанатты шараға қатысқан «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төра орынбасары Жарқынбек Құрманбек, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, қаламгер, ақын Қабылбек Төретай, Мәдениет қайраткері, жазушы, журналист Күлия Айдарбекова және әлеуметтік әріптес, орталықтың директоры Бахтияр Спанов бүлдіршіндерді мерекемен құттықтап, өз жылы лебіздерін білдірді.

Үш бөлімнен құралған ауқымды шараның «Балауса балалық шағым» бағдарламасында «Шұғыла» оқу орталығының суретші оқушылары «Әлем балалар көзімен» атты тақырыпта сурет салды. Сондай-ақ, «Кәусар» мектебінің шәкірттері «Ерке сылқым» және «Балбырауын» күйлерін нақышына келтіре орындады.

Шара аясында салт дәстүр бойынша үлкендердің жолын берсін, жасын берсін деген ниетпен АКБ-ң төрағасы орынбасары Жарқынбек Құрманбек кішкентай балақайдың тұсауын кесу рәсімі өтті. Содан соң, төраға орынбасары бата беріп, балаға еліміздің лайықты азаматы болуды тіледі.

Сайқымазақтардың «Ойлы болсаң озып көр» ойындары мен сиқыршылардың қойған қойылымдары балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, келген оқушылардан бөлек, ата-аналар мен жетекшілері де ойынға тартылып, «Кім жылдам» сайысында ат салысты.

Мерекелік шара, өз кезегінде «Флешмоб» билеумен, танымдық ұлттық ойындармен жалғасып, «Балаларға базарлық» айдарында демеушілер тарапынан балмұздақтар мен тәттілер таратылып, ойыншық автокөліктермен балалар орталық алаңда тегін серуендеді.

Шара соңында белсене қатысқан өнерпаздар мен жетекшілері орталық басшылығының «Алғыс хатымен» марапатталып, сыйлықтар табысталып, қонақтар да, балалар да риза болып, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

«ШЫМКЕНТ ЖАСТАР ЛИГАСЫ» МӘРЕСІНЕ ЖЕТІП, ЧЕМПИОН КОМАНДАЛАРҒА 4 ШАҒЫН АВТОБУС ТАБЫС ЕТІЛДІ

Бүгін үшінші мегаполисте мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылған «Шымкент жастар лигасы» турнирі мәресіне жетті. Осымен үшінші рет ұйымдастырылған жарыста шымкенттік оқушылар спорттың 4 түрі бойынша, атап айтқанда, футбол, баскетбол, волейбол және шахматтан өзара бақ сынасып, үздіктерді анықтады.

Шымкент қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен жарыстың жүлде қоры 80 миллион теңгені құрайды. Атап айтқанда, лигада әр спорт түрі бойынша чемпион атанған командаларға әрқайсысының құны 20 миллион теңгені құрайтын 4 шағын автобус табыс етілді. Шағын автобустар Шымкент қаласындағы ірі компаниялар мен кәсіпкерлердің демеушілігі арқылы алынған.

Турнирдің финалдық ойындары Шымкенттегі реконструкциядан өтіп, қайта жаңартылған «Металлург» стадионында өтті. Ойындардан кейін турнирдің салтанатты жабылу рәсімі ұйымдастырылып, онда жүзден жүйрік атанған жүлдегер және жеңімпаз командалар марапатталды. Марапаттау рәсімінде Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов сөз сөйлеп, жас спортшыларды жеңістерімен құттықтады.

Нәтижесінде, «Шымкент жастар лигасында» шахмат бойынша — Ө.Жолдасбеков атындағы №9 ІТ лицейдің, волейбол бойынша — А.Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназияның , баскетбол бойынша – М.Х.Дулати атындағы №8 гимназияның, ал, футбол бойынша — Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназияның командалары лиганың чемпионы атанды.

Турнир аясында спорттық бәсекелермен қатар мектеп оқушыларынан құралған фан-клуб командалары арасында да сайыс ұйымдастырылған болатын. Жарыстың салтанатты рәсімінде осы сайыста үздік атанған мектеп командалары да марапатталды.

Жеңімпаздарды Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласы маслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов және турнирдің демеушілері мен қаламыздың танымал спортшылары марапаттады.

Айта кетейік, жарысқа Шымкенттегі 151 орта мектептен 6 мыңға жуық оқушы қатысты.

 

ШЫМКЕНТТЕ ЖАҢҒЫРТУДАН ӨТКЕН «ДЕНСАУЛЫҚ» ЖҮЗУ БАССЕЙІНІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

М.Әуезов атындағы ОҚУ «Денсаулық» спорт кешенінің жүзу бассейні күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Бүгінгі балаларды қорғау күніне орай жаңа бассейнде суға жүзуден жасөспірімдер арасында республикалық турнир басталды.

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов балаларды бүгінгі мерекемен құттықтап, шаһарда бұқаралық спортты дамытуға барлық жағдай жасалатынын айтты.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, шаһарда бұқаралық спортқа қолайлы жағдай жасалып келеді. Бүгінде қалада 1000-нан аса спортшы кәсіби түрде жүзу спортымен шұғылданады. Заманауи талапқа сай жабдықталған жүзу бассейні қалада бұқаралық спорттың дамуына ықпал етіп, жастарды осы спортқа ынталандыруға өз септігін тигізбек. Жалпы, спорт инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары одан әрі жалғасын табады», – деді қала әкімі.

2011 жылы туған және одан кіші жасөспірімдер арасындағы республикалық сайысқа 13 өңірден, жалпы 368 спортшы қатысып жатыр. Қала әкімі М.Әйтенов, қала мәслихатының төрағасы Б.Нарымбетов, М.Әуезов атындағы ОҚУ ректоры Д.Қожамжарова жарысты көпшілікпен бірге тамашалады.

"Бұл біздің қала тұрғындарының мақтанышы. Трибуналардың сыйымдылығы 300 адам, ұзындығы бір рет жүзу 50 метр бұл мемлекеттік кеңестік стандарт, қазір мұндай стандарттар жоқ. Бұл жылы бассейндегі су 26-27 градус, бұл да стандарт, ашық аспан астында. Бұл шынымен де біздің қаламыздың тарихи нысаны. Әйелдер мен ерлерге арналған екі киім ауыстыратын бөлме, балаларға арналған душ бөлмелері бар", - дейді М.Әуезов атындағы ОҚУУ ректоры Дария Қожамжарова.

1970 жылы салынған «Денсаулық» спорт кешенінің жаңғыртылған жүзу бассейні 1 маусым – балаларды қорғау күніне орай тұрғындар игілігіне беріліп отыр. Қала тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына, спортшылардың шеберліктерін шыңдайтын нысан толығымен жаңғыртудан өтті.

Бассейн қала тұрғындары үшін ашық. Жүзгісі келетіндер бірнеше күннен кейін салқын суға түсе алады. "Денсаулық" спорт кешені демалыссыз жұмыс істейтін болады.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту үшін спорт кешенінде касса жоқ! Бассейн қызметтерін екінші деңгейдегі банктердің кьюар-коды арқылы төлеуге болады.

 

Шымкентте қоғамдық қауіпсіздік тұжырымдамасын іске асырудың жоспары талқыланды

Шымкент қаласы Полиция департаментінде Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында «Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен серіктестікте қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру» бойынша іс-қимыл жоспары талқыланды.

Консультативтік кеңес отырысына Шымкент қаласы ПД-нің бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков өзі төрағалық етті.

Сондай-ақ, қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов, қала прокурорының орынбасары Бахтияр Мухамеджан, мәслихат хатшысы Бахадур Нарымбетов, қылмыстық атқару жүйесі департаменті мен төтенше жағдай жөніндегі департамент басшылары, экономика, білім беру, денсаулық сақтау басқармалары, мемлекеттік емес ұйымдар мен консультативтік кеңесші орган мүшелері және баспасөз тілшілері де маңызды жиынның төрінен табылды.

«Қазір адамдар арасында профилактика тек полицияның міндеті деген пікір қалыптасқан. Бірақ, кез-келген қылмыспен біз қоғам болып күрескенде ғана, қауіпсіздікті нығайтуға зор мүмкіндік аламыз. Ол үшін осы жиынға қатысып отырған әр тұлға өз пікірін ортаға салып, тұжырымдаманы іске асыруға бір кісідей ат салысу керек деп ойлаймын.» - деді, полиция генерал майоры Қайрат Дәлбеков.

Бұған қоса мегаполистің бас полицейі соңғы кездері ең өзекті мәселеге айналып отырған интернет-алаяқтық, тұрмыстық зорлық-зомбылық және есірткі қылмыстарының себеп салдары мен статистикасына жеке дара тоқталып, алдын алу шараларын күшейту қажеттігін атап айтты.

Келесі кезекте Шымкент ҚПД Штаб басқармасының бастығы полиция подполковнигі Айжан Куленова жиынға қатысушыларды тұжырымдаманы жүзеге асырудың іс-қимыл жоспарымен таныстырды.

Оның ішінде, интернет-алаяқтық, есірткі қылмысы, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен жол апаты жағдайларының алдын алуға және полиция қызметінің сапасын жақсартуға арналған 5 жылдық жоспарды назарға ұсынды.

Өз кезегінде, жауапты орган басшылары мен консультативтік кеңес мүшелері ұсынылған жоспарға өз ой-пікірлерін қосып, қызу талқыға салды. Олардың әрқайсысын « Қоғам қауіпсіздігі үшін мен не істей аламын?» деген сауал толғандырғаны анық. Өйткені, жоспардың әр бөлігіне жеке пікір білдіруші азаматтар саны көп болды.

Жиын соңында, қатысушылар жұмыла көтерген жүк жеңіл деп алдағы уақытта қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полициямен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге уәделесті.

 

 

ШЫМКЕНТТІК ӨНЕРТАПҚЫШ ӨРЕНДЕР МЕРЕКЕДЕ ЖЕТІСТІКТЕРІН ПАШ ЕТТІ

 Шымкентте «1 маусым – Халықаралық балалалар күні» мерекесі Достық үйінде қосымша білім беру ұйымдарындағы өнертапқыш оқушылардың көрмесімен басталды. Жиынға қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, балаларды айтулы мерекемен құттықтап, талантты да дарынды балалардың жетістіктері үшін алғыс білдірді.

Көрмеге 19 қосымша білім беру мекемесі қатысып, өз жетістіктерін паш етті. Мемлекеттің қолдауымен балаларға тегін қосымша білім беріп отырған ұйымдарда робототехникаға деген қызығушылықтың жоғары екендігі байқалады. Көрмеге қатысушы «Робопарк» робототехника және бағдарламалау орталығының жетекшісі Құрақбай Олжас өздері ойлап тапқан технологияны баланы смартфонға деген тәуелділіктен арылтады, дейді.

–Қазіргі таңда балалар арасында смартфондағы ойындарға тәуелді болуы белең алып барады. Бұл баланың зейінін төмендетіп, білімге деген құштарлығын азайтатыны айтпаса да түсінікті. Осы тәуелділіктен арылтуда біз жасап шыққан роботтың көмегі зор. Ол баланың логикасы мен ұсақ моторикасын дамытып, математика, физика, информатика пәндерін ойын арқылы үйретеді. Біздің орталық 2017 жылдан бастап жұмыс істейді. Оқушыларымыз республикалық және халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып. Жақында шәкірттеріміз Оспан Айдос пен Жақыпбек Мардан олимпиадада қалалық іріктеу кезеңінен өтті, олар қазір республикалық жарысқа дайындалып жүр,- дейді О.Саматұлы.

Көрме ары қара балаларға арналған концерттік бағдарламаға ұласты. Қала мектептерінің үздіктері мен белсенді оқушылары өнер көрсеткен концерттік бағдарлама көрермендерді ерекше әсерге бөледі.

Айта кетейік, қосымша білім беру ұйымдарында барлық үйірмелер жан басына қаржыландыру бағдарламасы аясында тегін жүргізіледі.