Шымкент: Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау тақырыбындағы түсіндірме жұмыстары өтті

«Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға міндетін атқарушы Жарқынбек Құрманбек 2023 жылға арналған Жол картасы негізінде қаладағы қоғамдық көліктердегі тасымалдау сапасын арттыру, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құрылған жұмыс тобының мүшелерімен Шымкент қаласы автомобиль көлігі және жол мекемелері жергілікті кәсіподағының құрамындағы «Абдуганиев и К» мекемесінде өткізді. Бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелерімен жүздесу барысында қауіпсіз еңбек жағдайларына байланысты түрлі мағлұматтар берілді.

Жиында Жарқынбек Айдарбекұлы сөз сөйлеп, биыл ҚР Кәсіподақтар Федерациясы 2023 жылды «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жариялануына орай, қатысушыларға мекемедегі жазатайым оқиғалардың жағдайын, еңбек қауіпсіздігін қалыптастырудағы кәсіподақтардың рөлін, еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау бойынша жұмысшыларды оқыту негіздерін, сондай-ақ, техникалық инспекторларының құқықтары мен өкілеттіктері түсіндіріліп, аталған бағыттағы жұмыстар талқыланды.

Жұмыс тобының мүшелері еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау тақырыбы аясында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, қауіпті еңбек жағдайларын алдын-алу жолдарына және кәсіби аурушаңдықтан сақтану түрлеріне тоқталды. Нақтырақ айтсақ, әрбір қызметкер еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарға, сондай-ақ еңбек, ұжымдық шарттарға сәйкес, санитариялық-тұрмыстық жайлармен, жеке және ұжымдық қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге құқылы екені түсіндірілді.

Сондай-ақ, ашық диалог түрінде өткен кездесуде кәсіподақ мүшелері өздерінің көкейіндегі сауалдарын қойып, пікір алмасты.

Айта кетейік, аталған мекемені Бахтияр Абдуганиев басқарады және мекемеде 40 еңбеккер жұмыс істейді. Барлығы 100% кәсіподақ мүшелігіне кіреді. Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Екатерина Исаева.

Шымкентте «Менің гүлді аулам» фестивалі өтуде

Мыңдаған шымкенттік «Орталық саябаққа» жиналып, «Менің гүлді аулам» гүлдер фестиваліне қатысты. Қала тұрғындары мен қонақтарына арналған мерекелік шарада эстрада жұлдыздары ән шырқап, көпшілікті көтеріңкі көңіл-күйге бөлеуде. Сонымен қатар, қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі, гүлдер көрмесі, арнайы шеберлік сағаттары өтіп, суретшілер өздерінің ең жақсы деген жұмыстарымен таныстырды.

Саябақ кәдімгі сахнаға айналып, әдемі безендірілген гүлдер композициялары мен түрлі инсталляцияларда қонақтар естелік суреттерге жарыса түсуде. Қызғалдақ гүлі кейпіндегі бишілер мың бұрала билеп, ерекше әсер сыйлады. Оған қоса бүгінгі ауа-райы да ерекше құлпырып, тұрғындардың жүзі бал−бұл жайнап, керемет көңіл- күйде жүр.

Сондай-ақ, мерекеге келген қала тұрғындары қазақтың ұлттық тағамдары мен дәмді кәуаптарынан дәм татты. Арнайы шақырылған аниматорлар балаларды жарқын әсерге бөлеп, ойын түрлерімен жарысса, қонақтар арасында түрлі ұтыс ойындары ойнатылып, түрлі сыйлықтар ұсынылды.

Мерекелік іс-шараның екінші жартысында күннің басты оқиғасы «Менің гүлді аулам» байқауының жеңімпаздарын марапаттау сәті ұйымдастырылды. «Менің гүлді аулам» байқауының жеңімпаздарын қала әкімінің орынбасары Ергешбек Нұрсадық құттықтап, қаржылай сыйлықтарды табыстады.

 

Айта кетейік, қаламызда 1300-ден астам аула бар. «Менің гүлді аулам» байқауына 92 аула өтінім берген екен. Бүгін оның 31-і жүлделі орыннан көрініп отыр. 
«Менің гүлді аулам» байқауы өткен жылдың қазан айында басталып, сәуірде өз мәресіне жетті. Қатысушылардың еңбегін комиссия өкілдері 10 критерий негізінде бағалап шықты. Қазылар алқысаның төрағасы, А.Асқаров атындағы дендрологиялық саябақтың директоры Гүлнара Сапарымбеттің айтуынша, байқауда жүлдегерлердің санын арттыру үшін қаржылай сыйлыққа өзгеріс енгізілді. Бүгінгі салтанатты марапаттау рәсімінде 9 аулаға – 1 миллион теңге, 6 аулаға – 500 мың теңге, 9 аулаға – 250 мың теңге, 8 аулаға – 150 мың теңге, 1 аулаға – 100 мың теңге қаржылай сыйлық табысталды.

 

Шымкент: Полиция моделі өз жемісін берді

Ел Президенті Қ.Тоқаевтың халыққа Жолдауында атап өткендей, полиция қызметінің сервистік модельге көшуі – басым бағыттардың бірі. Үшінші мегаполисте Президент тапсырмасы аясында халыққа сапалы қызмет көрсетуге және қауіпсіздік мәселелерін қоғаммен өзара серіктестікте шешуге баса көңіл бөлініп отыр.

Шымкент қаласында сервистік полиция моделі кезеңімен жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, бірінші кезеңде қала әкімінің өкімімен ведомствоаралық топ құрылды. Топ құрамына полиция өкілдері, білім, денсаулық басқармалары, әлеуметтік қорғау, әкімдік, прокуратура өкілдері енгізілді. Пилоттық жоба ретінде криминогендік ахуалы күрделі аумақ ретінде Әл-Фараби ауданы таңдалды. Жаңа жобамен жұмыс істеуде.

ҚР Ішкі істер министрлігінің тарапынан және ОБЭСЕ өкілдері арнайы сабақ өткізді.

Екінші кезеңде, ведомствоаралық топ Әл-Фараби ауданы бойынша анализ жасап, мәліметтер жинақтады, халық арасында сауалнама жүргізіп, проблемаларды талдау, азаматтар мен полиция және басқа да мемлекеттік органдар арасындағы қарым-қатынастың жағдайын зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Үшінші кезеңде, қауіпсіздік мәселелерін жою бойынша ұсыныстар әзірленіп, мемлекеттік органдар мен басқа да мүдделі тараптар арасында жоспар түзіліп, қоғамдық қауіпсіздік бойынша бірлескен іс-шаралар атқарылды. Қорытындысында жобаның шарттары дайындалып, қаланың барлық аймақтарына таратылады. Әл-Фараби ауданында жаңа жүйедегі жұмыс нәтижесінде 2022 жылы тіркелген қылмыстар саны 48,4%-ға (225-тен 116-ға) төмендеді. Оның ішінде ұрлық (188-бап) 47,8%-ға (97-ден 52-ге), есірткіге қатысты қылмыстар (296-бап) 45,8%-ға (24-тен 13-ке) азайды.

Алдағы уақытта, сервистік полиция моделін қала бойынша енгізіледі. Осының аясында «Халық – әкімдік – полиция», «Жұртқа жақын полиция» қағидаттары бойынша бірлескен жұмыстар атқарылатын болады.

 

Шымкент: Еңбек қауіпсіздігі басты назарда

Шымкент қаласындағы 2023 жылға арналған Жол картасы негізінде қаладағы қоғамдық көліктердегі тасымалдау сапасын арттыру, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құрылған жұмыс тобының мүшелері «Ман Оңтүстік»ЖШС, «МиР и Со»ЖШС, «Санжар Моторс»ЖШС көлік компанияларының еңбек ұжымында болды. Кездесуде «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға міндетін атқарушы Жарқынбек Құрманбек ҚР Кәсіподақтар федерациясының 2023 жыл - «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жариялауына орай, еңбек қауіпсіздігі, еңбекті қорғау, техника қауіпсіздігі, еңбек заңнамасын қолдану тәжірибесі және оған енгізілген өзгерістер мен оның маңыздылығы туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Одан өзге, көлік компаниялары арасында жол жүрісі, жолаушылар тасымалдау қағидаларының талаптары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Жұмыс тобының құрамына «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы, қалалық Мәслихатының депутаты, Шымкент қаласы полиция Департаментінің әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы, Еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы, Кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау сарапшысы, «Диспетчерлік қызмет орталығы» КММ-ң басшысы, «Южавтотранс» қауымдастығының өкілдері кіреді.

Кездесу барысында жұмыс тобы мүшелері автобус паркінің жүргізушілері мен жұмысшыларының еңбек жағдайымен танысып, жолаушы тасымалдаушылардың қауіпсіздік құралдары мен қорғаныш құрылғыларына баса назар аударды. Мұнда автобустардың күн сайын техникалық қауіпсіздігі тексеріліп, жүргізушілер талапқа сай бағытқа шығарды медициналық тексерістен өтіп тұрады.

Еңбек ұжымы кәсіби пайдалы еңбек жағдайында орын алатын мағлұматтар мен ақпараттарға қанық болды.

Шымкенттіктер 35 заңсыз сақталған қаруды полицияға өткізді

Қала аумағында заңсыз сақталған қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды сатып алу акциясы басталды. Акция барысында полицияға 35 бірлік отты атыс қару ерікті түрде тапсырылды. Оның ішінде 1 санаттағы 1 қару, 2 санаттағы 22 қару, 3 санаттағы 12 қару.

Айта кетейік, заңсыз сақталған қару-жарақты өз еркімен тапсырған азаматтар, егер олардың іс-әрекеттерінде өзге қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық және әкімшілік жауаптылықтан босатылады. Заңсыз сақталған атыс қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды ақшалай сыйақы үшін тапсыруға ниет білдірген азамат аумақтық полиция басқармасына жүгінуі тиіс. Азаматтар телефон арқылы хабар берген жағдайда, қару-жарақ сақталған мекенжайға полиция қызметкері барып, барлық қажетті іс-шараларды жүргізеді.

Қаруды ерікті тапсырғаны үшін төлем сомасы қару түріне және техникалық жағдайына байланысты. Сыйақы мөлшерін комиссия белгілейді (10-нан 100 АЕК-ке дейін). Автоматты ойық қарудың бірлігі үшін 100 АЕК-ке дейін төленеді. Бұл соманың жартысы мылтық пен карбиналарға төленеді. Тапаншалар мен револьверлер үшін – 122 мың теңгеге дейін төленеді. Тегіс ұңғылы мылтықтардың әрбір бірлігі 92 мың теңгеге дейін бағаланады.

Төлем мөлшерін айқындау кезінде комиссия қарудың техникалық жай-күйін ескереді және оған тиісті санат береді. Бірінші санатқа жатқызылған қару үшін төлем ұсынылатын құнының 100 пайызы, екінші санаттағы қару үшін – 70%, үшінші санатқа – 30% төленеді.

1-санаттағы қаруға пайдалануда болмаған немесе жарамды, тауар түрін жоғалтпаған қару жатады. 2-санаттағы қаруға одан әрі пайдалануға кедергі келтірмейтін техникалық ақаулары бар қару жатады. 3-санаттағы қаруға техникалық себептер бойынша жөндеу және қалпына келтіру орынсыз болып саналатын техникалық ақаулықтардың болуы салдарынан одан әрі пайдалануға жарамсыз немесе пайдалануға қауіпті қару жатады. Сыйақыны төлеу бір ай мерзімде жүзеге асырылады.

Шымкентте балалар қабілетін дамытуға арналған 4 орталық бой көтереді

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қолжетімді және сапалы біліммен қамтамасыз ету мәселесін әрдайым басты назарда ұстап келеді. ҚР Президентінің 2022 жылғы қарашада бекітілген «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында да білім саласына басымдық берген.

Іс-қимыл жоспарында Мемлекет басшысы балаларға арналған 50 сауықтыру лагерін ашу, балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту үшін кемінде 100 жаңа ірі объекті салу жөнінде жергілікті басқару органдарына тапсырма берді. Оның ішінде оқушылар сарайы, жас техниктер станциясы, балалар технопаркі, музыка және көркемсурет мектептері сынды нысандарды салу мәселесі көтерілген.

Президент тапсырмасына қатысты Шымкентте бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Соның бірі 2023 жылы оқушылар сарайы мен шығармашылық орталықтың, ал 2025 жылы тағы бір оқушылар сарайының құрылысын жүргізу жоспарланған болатын. Бүгінде Шымкентте 2 оқушылар сарайының құрылысы қарқын алды. Нұрсат шағын ауданындағы жалпы құны 8,3 млрд. теңгені құрайтын оқушылар сарайының құрылысы биылғы жылдың бірінші жартысына дейін аяқталып, пайдалануға берілмек. Ал, Тұран шағын ауданындағы оқушылар сарайының жалпы құны 9,4 млрд. теңгені құрайды. Нысанның құрылысына 2023 жылы жергілікті бюджеттен 936,6 млн. теңге қарастырылған. Құрылыс жұмысы 2024 жылға өтпелі.

Мұнан бөлек, Шымкентте 2021 жылы жалпы құны 1,2 млрд. теңгені құрайтын №4 балалар шығармашылық орталығының құрылысы басталған-ды. Бұл нысанның құрылысын да 2 жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Шымкентте 2 лагерь құрылысына бос жер анықталып, республикалық бюджеттен қаражат қаралған. Бүгінде құрылыс жүргізу бойынша құжаттары дайындалып отыр.

2025 жылға дейін 23 мыңнан астам шымкенттік жас маман жұмыспен қамтылады

Қазақстандықтарды тұрақты жұмыспен қамту — күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2022 жылы бекітілген «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында 2023-2025 жылдар аралығында 3,3 милионнан астам азаматты, оның ішінде 2,3 млн жас маманды жұмысқа орналастыру көзделген.

Президент тапсырмасына сәйкес, Шымкент қаласы бойынша 2023 жылы – 7 628, 2024 жылы – 8 000, 2025 жылы 8 200 азаматты жұмыспен қамту жоспарланған.

2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы шеңберінде былтыр 33 500 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланған. Іс жүзінде 39 058 адам қатысып, жоспар 116,3 пайызға орындалған. Жастардың үлесі 43,5 пайызға жетіп, 16 980 адам қамтылды.

Былтыр қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы кәсіби білім беру бойынша 1 287 жасты оқуға жолдаған. Олардың 470-і жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес жұмыс орындарында, 262-сі жұмыс берушілердің жұмыс орнында оқыса, 555 адам еnbek.kz порталында онлайн дәріс алған. Ал 15 376 азаматқа кәсіпкерлік қолдау көрсетілген. Оның ішінде 7 084 -і жастар. Мұндағы 6 629 азамат «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерге оқытуға жолданса, 455 жасқа өтеусіз негізде мемлекеттік грант берілген.

Сонымен қатар, субсидияланатын жұмыс орындары бойынша 5314 адамға жұмыспен қамту шаралары көрсетілді. Оның ішінде - 3 855 жас маман. 37 жас әлеуметтік жұмыс орындарына жолданса, 2378-і жастар практикасы бойынша, 1115-і қоғамдық жұмысқа, 304-і «Алғашқы жұмыс орындары» және 21-і «Ұрпақтар келісім шарты» жобасы арқылы жолдама алған.

Айта кетейік, 13 847 азамат тұрақты жұмысқа орналастырылған болса, оның ішінде жастар саны — 4 752.

 

«Шымкент жастар лигасы» жобасы аясында футболдан жарыс басталды

Шымкент қаласы әкімдігінің бастамасымен «Шымкент жастар лигасы» жобасының үшінші кезеңі өтуде. Абай ауданына қарасты «Буревестник» спорттық алаңында бүгін Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен футболдан жарыс өтіп жатыр. Оған №42, №55, №3, №78 жалпы орта білім беретін мектептерден 37 команда жасақталып, 773 оқушы қатысты. Бас төрешінің бекіткен кестесіне сәйкес спорттық кешенде Б тобының спортшылары кездесті.

–Биыл үшінші жыл «Шымкент жастар лигасы» жобасы жүзеге асып жатыр. Аталған жобаға Шымкент қаласының төрт ауданынына қарасты 151 мектептен қатысуға өтініш білдірді. Мектепаралық сайыста баскетбол, волейбол, шахмат, футболдан сайыс өтеді. Жаз мезгілінің бірінші айында «Шымкент жастар лигасы» жобасының үшінші туры қорытындыланады. Осы орайда, жеңімпаз командаларға демеушілер есебінен 80 млн. теңге берілетін болады. Яғни, әр спортқа 20 млн. теңге бөлінген, – деді Жастар ресурстық орталығының басшысы Мағжан Исахов.

Қазіргі таңда Абай ауданының мектепаралық футбол сайысына іріктеу кезеңі өтуде. Әр ауданнан төрт мектеп жеңімпаздары 1/16 финалына жолдама алады. 16 команда арасындағы ойында финалға өткендер шілде айында анықталады. 

Естеріңізге сала кетейік, былтыр футбол бойынша — Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гиманзияның командалары лиганың чемпионы атанды. Былтыр жарысқа Шымкенттегі 151 орта мектептен 6 мыңға жуық оқушы қатысқан болатын. Жарыстың жалпы жүлде қоры 80 миллион теңгені құрады. Бұл дегеніміз әр спорт түрі бойынша жеңімпаз атанған командаларға 20 миллион теңгедей сыйлық табыс етілді. Ойын түрі - төртеу. Футбол, баскетбол, волейбол және шахмат.

 Жобаның ерекшелігі мемлекет қазынасынан бір тиын да бөлінбеген. Тек мегаполис кәсіпкерлерінің демеушілігімен ұйымдастырылған. Нәтижесінде, алты мыңға жуық мектеп оқушысы бос уақытын тиімді ұйымдастырып, спортпен айналысты. 

 

 

 

 

Шымкент: Газбен қамту көрсеткіші 65 пайызға жетеді

Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Ердембеков Мақсат Кабделович БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында қаламыздың инфрақұрылым жүйелерімен қаншалықты қамтамасыз етілгендігі жайында мәлімет берді.

Атап айтқанда, қазіргі таңда 81 елді-мекеннің 78-і (1084,9 мың адам) ауыз сумен қамтамасыз етілсе, Құрсай, Сайрам, Қайнарбұлақ елді-мекендеріне ауыз су кестемен берілуде. Қазіргі таңда Құрсай 1,2-кезек, Қайнарбұлақ, Сайрам 1,2 және 3-кезек, Еңбекші жаңа құрылыс аудандарында ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс жұмыстары жүргізілуде, 2023 жылдың қорытындысымен 6 нысан пайдалануға берілмек. Нәтижесінде 72 мыңға жуық адам сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіліп, Шымкент қаласы бойынша көрсеткіші 98,5% - дан 100% - ға дейін өседі.

Ал табиғи газбен қамту бойынша 2023 жылы қалған 6 нысан Тассай, Тұран 3 кезек, Асар-2, Сауле ш.а, Солтүстік саяжай, Бозарық 74 га. ш/а құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарда. Сондай-ақ, кәріз жүйесі бойынша жыл қорытындысымен 6 нысанның Мирас-Шапағат-2, Тассай, Тұран ішкі жүйе, Қайтпас-2, 112 орам, Бозарық 74 га құрылыс жұмыстары аяқталып, 60 мыңға жуық адам кәріз жүйесіне қосылуға мүмкіндік алады. Нәтижесінде қамту көрсеткіші 60 % - дан 65 % - ға өседі.

Айта кетейік, биыл қала аумағындағы барлық елдімекенге сапалы электр энергиясы жеткізіледі. Атап айтатын болсақ, жыл соңына дейін 8 шағынауданда құрылыс жұмыстары аяқталып, қаланы үздіксіз электр жүйесімен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетеді. Нәтижесінде абоненттер жарыққа екі есе арзан төлем жасайды. Тұрғын үйлерді электр желісіне қосу жұмыстары тегін жүргізіледі. Мемлекеттен тартылған электр энергиясының тариф бағасы жеке тұлғаларға әр Кв үшін – 17 теңге, заңды тұлғаларға - 35 теңге, бюджеттік ұйымдарға - 39 теңге болып белгіленген. Қазіргі таңда Нұрсат, Қайнарбұлақ, Түркістан, Тұран, Ақжар, Ынтымақ (ПС 110 кв) Бозарық, Асар елдімекендерінде электр желілерін тарту жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ, наурыз айында Бозарық, Асар шағынаудандарында 600 тұрғын үйге жарық берілді.


Шымкент: 5 млн-ға дейінгі қайтарымсыз грант талай кәсіпкердің кәсібін дөңгелетуге септігін тигізіп отыр

Елімізде «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында мемлекеттен берілетін қайтарымсыз 5 млн-ға дейінгі грант талай кәсіпкердің кәсібін дөңгелетуге себеп болып отыр. Ұлттық жоба шеңберінде жаңа инновациялық жобаларды іске асыруға арналған грантты ұтып алған шымкенттік кәсіпкерлер көп. Шымкент қалалық кәсіпкерік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы журналистерге арнайы пресс- тур ұйымдастырды.

Мемлекеттік грант алып, кәсібін бастаған азаматтың бірі – Әлібай Жұмабаев. Ол басшылық жасайтын «Business Plas» ЖШС пенопласт шығарады. Былтыр грант аясында ұтып алған 5 млн. теңгеге цех басшысы полестерол түйіршігін қайнататын қазандық алған. Бұл күнде серіктестік қала тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр.

– Мемлекеттен алған қаржы ісімізді алға жылжытты. Осы кәсіптің арқасында 5 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Жұмыстың бәрі автоматтандырылған. Жұмысшыларды арнайы оқытып, дайындадық. Қазір қалада 4-5 пенопласт шығаратын осындай кішігірім цех бар. Ол қаланың сұранысын толық қамти алмайды. Болашақта цехты кеңейтіп, өнімнің саны мен сапасын арттырсақ деген жоспарымыз бар, – дейді Әлібай Жұмабаев.

Қазіргі таңда Шымкентте қайтарымсыз грантқа құжат қабылдау жүріп жатыр.

– Қайтарымсыз қаражат мамыр айынан беріле бастайды. Грантқа құжаттар қабылдау әлі де жүріп жатыр. Қаржылай қолдау алған соң жоспарға сай пайдалану қажет. Басты талап – осы. Мемлекет тарапынан қайтарымсыз көмек алғандар қатарында заң бұзушылықтар да анықталып жатыр. Мемлекеттік қолдауды мақсатсыз пайдаланғандардың қаржысын сот арқылы қайтарамыз, – дейді Шымкент қаласының кәсіпкерік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының жеке кәсіпкерлікті қолдау және дамыту бөлімінің басшысы Үсен Исаев.

Айта кетейік, мегаполисте 2019 жылдан бері жаңа бизнес-идеясын қорғаған 170 адам қайтарымсыз қаржыға ие болған. Бұл мақсатқа 700 млн теңге қаржы қарастырылған.