ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА РУХАНИ КЕЛІСІМ КҮНІНЕ ОРАЙ СПОРТТЫҢ ТӨРТ ТҮРІНЕН САЙЫС ӨТТІ

Бүгін Түркістан облысы дін істері басқармасының ұйымдастыруымен облыс орталығындағы «Яссы» спорт кешенінде «18 қазан – Рухани келісім күні» мерекесіне орай спорттық сайыстар ұйымдастырылды.

Сайысқа қатысушылар спорттың төрт түрінен бақ сынады. Атап айтсақ, 2 кезеңнен тұратын шағын футболдан турнир мен командалық арқан тартыс, сондай-ақ, кір тасын (гир) көтеру мен қол күрес (армрестлинг). Оған облыс көлеміндегі діни тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында жұмыс атқаратын мемлекеттік мекеме қызметкерлері және діни бірлестік өкілдері қатысты.

Бұл іс-шараға ҚМДБ Түркістан облысы бойынша өкілдігі мен «Шымкент епархиясының Түркістан қаласындағы Свято-Никольский приходы» жергілікті православиелік діни бірлестігі, «Сарыағаш медресе колледжі» мен «Балаби қарилар дайындау орталығы», Қазақстан Халқы ассамблеясы, Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ, ҚР ҰҚК Түркістан облысы бойынша департаменті, ТО Полиция департаменті мен Дін істері басқармасының спорттық командалары қатысты.

Турнир жеңімпаздарын марапаттау рәсімі салтанатты жағдайда өткізілді. Марапаттау шарасында сөз алған Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев және Түркістан облысы дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы Рухани келісім күнінің маңыздылығына тоқталып, жарысқа қатысушыларға алғысын жеткізді.

Сайыс қорытындысында шағын футболдан Түркістан облыстық Полиция департаментінің командасы (100 мың теңге) жеңімпаз атанды. Екінші орынды ҰҚК Түркістан облысы бойынша департаменті (70 мың теңге), үшінші орынды Сарыағаш медресесі (50 мың теңге) иеленді. Бұл спорт түрінде «Үздік қақпашы» болып Сарыағаш медресесінен Әбдіразақ Мұхаммедәли танылса, «Үздік қорғаушы» номинациясы Аташев Ғалымжанға (ҚМДБ), «Үздік шабуылшы» атағы (ТО ҰҚК) Жандос Ысқақовқа, «Үздік ойыншы» номинациясы Байдулла Ерікке (Полиция департаменті) бұйырды. Үздік номинация иегерлерінің әрқайсысына 15 мың теңгеден қаржылай сыйлық табыс етілді.

Ал, командалық арқан тартыс сайысында Полиция департаменті қызметкерлері топ жарып, олар 40 мың теңге көлемінде сыйақы алды. Екінші орынды Дін мәселелерін зерттеу орталығы (30 мың теңге), үшінші орынды Сарыағаш медресесі (20 мың теңге) иемденді. Кір тасын (гир) көтеруде Сарыағаш медресесі командасы (30 мың теңге) чемпион атанса, екінші орынды Полиция департаменті командасы (20 мың теңге), үшінші орынды ТО ҰҚК командасы (10 мың теңге) жеңіп алды.

Қол күресте (армрестлинг) Полиция департаменті командасы қарсылас шыдатпады, олар 30 мың теңге көлемінде жүлдені иеленді. Ал, Балаби Қари құран жаттау орталығы командасы (20 мың теңге) екінші орыннан көрінсе, үшінші орынды ҚМДБ командасы (10 мың теңге) түйіндеді. Жеңімпаздар дипломдармен, қаржылай сыйлықтармен және естелік кубокпен марапатталды.

Айта кетейік, бүгінгі іс-шара аясында Түркістан облысы дін істері басқармасының басшысы Р.Сабыржанұлы облыстағы діни конфессия жетекшілерін қабылдады. Қабылдау соңында діни конфессиялар жетекшілеріне мерекеге орай алғыс хаттар мен сыйлықтар тапсырылды.

Еске салсақ, 1992 жылғы 18 қазан күні Алматы қаласында Бүкіләлемдік Рухани келісім конгресінің 1-ші сессиясы өтті. Конгреске қатысушылар қазанның 18-ін рухани келісім күні – қақтығыстар мен жанжалдарға шектеу қою, татулыққа талпыну, жақын адамдарға қайырымдылық пен жәрдем жасау күні деп жариялауға шақырған манифест қабылдады. Биыл бұл жалпыұлттық мерекені Қазақстан 30-ші рет өткізіп отыр.

ТҮРКІСТАН: ЕКІ МЫҢҒА ЖУЫҚ АЗАМАТ 21 ШАҚЫРЫМДЫ БАҒЫНДЫРДЫ

Түркістан қаласында «Turkistan Marathon-2022» шарасы өтті. Эстафеталық сайысқа еліміздің түкпір-түкпірі мен алыс-жақын шетелден келген 2 мыңға жуық спорт жанкүйерлері қатысып, бақтарын сынады. Спортсүйгіш жандардың басын қосатын бұл ауқымды жоба шаһарымызда осымен 2-ші рет өткізілуде.

Еліміздің өзге аймақтары мен Өзбекстан, Тәжікстан және Турция сынды шет мемлекеттерден келген қатысушылар бақтарын сынап, жеңіс тұғырынан көрінуге ынталы.

Марафоншылар 3, 10, 21 шақырым қашықтықтарда жүгірді. Керуен Сарай кешені алдынан бастау алып Б.Саттарханов даңғылының бойымен Шымкент бағытына қарай Ж.Майкотов көшесіне дейінгі аралықты қамтыды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, эстафета қатысушылары бірнеше санат бойынша іріктелген. Атап айтқанда, 10 мен 15 жас аралығы, 16 мен 39, 40 пен 49 жас аралығы сонымен қатар 60 пен одан жоғары жастағылар болып бөлінген.

Сайыс қорытындысында мәреге бірінші жеткендерге қаржылай сыйлық табыс етілді. 22 шақырымды бағындырған 1 орынғы 300 мың, 2-орынға — 200 мың, сондай-ақ 3-ші орын иесіне 100 мың теңге көлемінде сый-сияпат берілді. Және дәл осылай өзге де санат жеңімпаздарына құрмет көрсетіліп, түрлі көлемде марапат табысталды.

ШАХМАТТАН ӘЛЕМНІҢ ТӨРТ ДҮРКІН ЧЕМПИОНЫ ТҮРКІСТАНДА ШЕБЕРЛІК САҒАТЫН ӨТКІЗДІ

Түркістан қаласында “Фараб” әмбебап-ғылыми кітапханасында халық­аралық гроссмейстер, шахматтан әлемнің төрт дүркін чемпионы Динара Сәдуақасова шеберлік сабақ ойынын өткізді.

Шараға облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов және қала әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев қатысып, әлем чемпионына алғысын білдіріп, сәттілік тіледі.

– Шахмат ежелгі спорт түрі. Бұл жай ғана сайыс емес. Біздің жас та талапты шахматшы балаларымыз гроссмейтердің шеберлік сабағынан өтіп, әлем чемпионымен шахмат ойнады. Бұл тәжірибенің берері мол. Қазақ елінің де бұл ойын түріне қосқан үлесі зор. Спортшыларымыз түрлі чемпионаттарға қатысып, әлемдік додаларда еліміздің намысын қорғап жүр,– деді облыс әкімінің орынбасары.

Шарада 20-ға жуық әуесқой шахматшы даңқты спортшымен ойын өткізу мүмкіндігіне ие болды.

Бүгінде Динара балалар мен жасөспірімдер арасындағы шахмат ойынын танымал ету мақсатында республиканың көптеген қалаларында және облыс орталықтарында бір мезеттік ойындар, мастер-кластар және турнирлер өткізді.

Әлемдегі ең мықты 10 әйелдің қатарына енген Динара Сәдуақасова қоғамдық жұмыстарын жалғастыра беретінін жеткізді.

Айта кетейік, шахмат ханшайымы Астанада және Атырау қаласында өзінің шахмат академиясын ашқан болатын. Ол мектепте аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар, ерекше қажеттіліктері бар жеткіншектер мен жетім балалар үшін тегін сабақ беріледі.

ТҮРКІСТАНДЫҚ БАҚ КІШІ ФУТБОЛДАН ЖАРЫСҚА ТҮСТІ

Түркістанда Қазақстан журналисттер одағының мүшесінің, Түркістан қаласының "Құрметті азаматы" Тұрабай Мырзахметовтің 100 жылдығына орай БАҚ өкілдері арасында кіші футболдан жарыс өтті.

Төрт командадан құралған журналисттер өзара үш орынды бәйгеге салып, үздіктер арнайы номинациялармен марапатталды.

Қалалық "Қайрат" Спорт кешенінде өткен шара барысы Тұрабай Мырзахметовтің мемориалдық тақтасының ашылуымен жалғасты.

Шарада ескерткішке гүл шоқтары қойылып, келушілер ардагер тілші туралы естеліктерімен бөлісті.

Сонымен қатар, журналисттің құрметіне арналған ас беріліп, шығармашылық жиыны ұйымдастырылды.

Жарыс нәтижесі бойынша:

"Түркістан ТВ" - "Түркістан" медиа холдингі ұжымы бірінші орын.

"Тұран БАҚ" командасы - Түркістан газетінің ұжымы екінші орын.

Түркістан облысының журналисттерінен құралған –

"Өзіміздің жігіттер" құрамасы үшінші орын иеленді.

ШЫМКЕНТТЕ РЕСПУБЛИКА КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА ЕЛ ЧЕМПИОНДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Шымкент қаласының «БИІК-Шымкент» командасы  әйелдер арасындағы футболдан осымен 11-ші рет Қазақстан чемпионы атанды.  

25 қазан — Республика күні мерекесіне орай Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы орталық стадионда ел чемпиондарын марапаттау рәсімі өтті.  Оған Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов пен Қазақстан футбол федерациясының президенті Ә.Барменкұлов қатысып,  спортшыларды жеңістерімен құттықтады. Футбол – халықтың дене тәрбиесі мен денсаулығын нығайтудың ең қолжетімді, танымал және бұқаралық сипаттағы спорт түрлерінің бірі. Дене тәрбиесінің қалпытасуында ойын жетекші орын алады.

Футбол — достық, жолдастық, өзара көмек сезімін қалыптастырады; жауапкершілікті сезіну, серіктестер мен бәсекелестерге құрмет, тәртіп, белсенділік сияқты құнды адамгершілік қасиеттерді дамытады. Әрбір футболшы өзінің жеке қасиеттерін көрсете алады. Мәселен, дербестік, бастамашылық, шығармашылық. Сонымен бірге ойын жеке ұмтылыстарды ұжым мүддесіне бағындыруды талап етеді. «Шымкент» әйелдер футбол клубы Республикада ғана емес, әлемдік көшбасшылардың біріне айналып үлгерді, -деді әкім.

 Мұрат Дүйсенбекұлы Шымкент қаласының атын республика көлемінде ғана емес, халықаралық аренада танытып жүрген футболшы аруларға алғысын білдіріп, Қазақстан чемпионатының кубогін салтанатты жағдайда табыс етті.  Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен өнер көрсетіп жүрген бұл команда Қазақстан кубогін 12 рет жеңіп алған. Сондай-ақ,  УЕФА Чемпиондар Лигасының 1/8 финалында үш рет өнер көрсетіп, Еуропаның үздік 20 командасының қатарына кіріп отыр.Айта кетейік, марапаттау рәсімі футболдан Қазақстан премьер-лигасындағы «Ордабасы» мен «Шахтер» командаларының кездесуі кезінде өтті.  Чемпионат қорытындысы бойынша үздік ойыншылар анықталды: Үздік қақпашы – Оксана Железняк («БИІК-Шымкент»); Үздік қорғаушы – Анастасия Власова («Оқжетпес»);  Үздік жартылай қорғаушы – Бибігүл Нұрышева («Томирис-Тұран»); Үздік ойыншы – Гүлнара Габелия («БИІК-Шымкент»); Үздік сұрмерген – Мари Жизель Нга Манга – 42 гол («Оқжетпес»).

Айтпақшы аталмыш матчта шымкенттік команда 1:0 есебімен жеңіске жеткен болатын.

ТҮРКІСТАНДА БЕКЗАТ САТТАРХАНОВ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАРЫС БАСТАЛДЫ

Түркістан қаласындағы «Olympic Center» спорт кешенінде Сидней Олимпиадасының жеңімпазы, «Барыс» орденінің ең бірінші иегері Бекзат Саттархановты еске алуға арналған жастар арасындағы бокстан XХ халықаралық турнир басталды. Дүбірлі сынға Қытай, Қырғыз республикасы, Өзбекстан, Тәжікстан және Йемен мемлекеттері мен еліміздің барлық өңірінен 160-қа жуық спортшы келді. Турнирдің ашылу салтанатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысушылар мен спорт жанкүйерлерін құттықтады.

– Түркістан төріндегі халықаралық турнирге қош келдіңіздер! Бокстан жастар арасындағы бұл жарыс өңірімізде 20-шы рет өткелі жатыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев спорт саласын үнемі қолдап келеді. Түркістан облысында да спорт саласына үлкен мән беріліп, спорт нысандары салынды. Қазіргі уақытта Түркістан қаласында Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені салынып жатыр. Жаңа қаланың әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында «Теннис орталығы» бой көтерді. «Мұз сарайы» мен ескек есу каналы салынуда. Түркістан өңірі талай спорт саңлағын баптап шығарды. Оның ішінде бокс мектебіміз өте мықты. Солардың бірегейі Бекзат Саттархановты Қазақ елі ешқашан ұмытпайды. Бүгінгі дода өңірдегі жас спортшыларға жаңа серпін береді деп сенемін, – деді Д.Сатыбалды.

Бекзаттың анасы Сырлыкүл Саттарханова, Олимпиада чемпиондары – Ермахан Ибраимов пен Серік Сәпиев те құттықтау сөз сөйлеп, жас спортшыларға сәттілік тіледі. Жарысқа Бекзаттың спорт саласындағы әріптестері мен достарымен қатар еліміздегі бокс спортының майталмандары, кейінгі буын чемпиондары арнайы келіп, жастардың деңгейін саралауда.

Жарыста 2004-2005 жылдары туған жастар 13 салмақ дәрежесінде жүлделерді сарапқа салып жатыр. Жарыс жеңімпазы атанған спортшыға «Қазақстан Республикасының спорт шебері» спорттық атағы беріледі. Турнир 16 қазанға дейін жалғасады.

Түркістан облысында 8 облыстық, 18 қалалық және 7 аудандық спорт мектептерінде бокс бөлімдері жұмыс істейді. Онда 252 жаттықтырушы 6277 спортшыны сайыстарға дайындап келеді.

Естеріңізге сала кетейік, Бекзат Саттарханов 20 жасында Олимп тұғырын бағындырған батыр. Бекзат Саттарханов 1980 жылдың 4 сәуірінде Түркістан қаласында дүниеге келген. Үйдің кенжесі кішкентайынан әлжуаз болып өскен соң, ата-анасы Бекзатты спорт үйірмесіне беруді жөн санайды. Алғашында күрес үйірмесіне қатысқан ол балуандар сайысын құп көрмей, 1995 жылдан бастап былғары қолғапқа құмартты.  Бекзаттың бокстағы ғұмыры бар-жоғы бес жылға созылған. Кейбіреулер үшін жылдар бойы бағынбай кеткен Олимпиада биігі Бекзатқа бес жылдың ішінде бұйырғаны да таң қаларлық жайт.

Айналдырған екі жылдың ішінде ересектер құрамасына өтіп, 1998 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатының күмісін иеленген Саттархановтан Сидней жүлдесін күткендер аз еді. Тіпті, ұлттық құрамадағы тісқаққан спортшылар болмаса, Бекзатты жақын танитын жанкүйерлердің саны да көп емес-тін. Десе де, бала күнінен чемпиондық атақты армандап, тоқсаныншы жылдардың қиындығына қарамай жаттыққан Бекзат өз жеңісіне сенімді болып шықты.  Сидней Олимпиадасында ол әлемнің ең үздік боксшыларын жүлдеден қақты. Атап айтар болсақ, алғашқы айналымда румыниялық Овидиу Бобирнатты 14:5 есебімен жеңді.  Екінші кездесуде Оңтүстік Африка Республикасының өкілін 16:5 есебімен сүріндірді. Саттархановтың Сиднейдегі ең басты жекпе-жегі деп Рамазан Палианимен өткен кездесуді айтуға болады. Бүкіл түрік жұртының үміті, Еуропа чемпионы Палианиді 12:11 есебімен ұтқан соң, Бекзаттың мықтылығын мойындайтындар қатары көбейді.  Жартылай финала марокколық Тамсаманиді 12 ұпай басымдығымен жеңген қазақ батырын финалда басқа емес, 1999 жылғы әлем чемпионы, америкалық Рикардо Хуарес күтіп тұрды.Әйтсе де, азулы америкалық та Бекзатқа тісін батыра алған жоқ. Сидней Олимпиадасының финалында Саттарханов Хуаресті 22:14 есебімен таза жеңіп, Қазақстанға тарихи алтын жүлдені сыйлады. Бекзат Саттарханов Олимпиада чемпионы атанған соң бар болғаны үш ай ғана өмір сүрді. Сол үш айда еліміздің бар өңірін аралап, өзі үшін тақым қысқан қарапайым халықпен жүздесті. Ең соңғы рет туған қаласындағы мерекелік жиында  «Жылдың үздік спортшысы» атағын алды да, анасымен қоштасып, мәңгілік сапарға кете барды. 

ТҮРКІСТАНДА ТҰҢҒЫШ РЕТ ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН «ТҰРАН БАРЫСЫ» АЗИЯ КУБОГЫ ӨТЕДІ

29 қазанда Түркістан қаласында тұңғыш рет қазақ күресінен «Тұран Барысы» Азия Кубогы өтеді. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ұлттық спортты дамыту мақсатында өтетін дәстүрлі турнирге Түркі мемлекеттері ұйымының мүшелері – Түркия, Түрікменстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Мажарстан және Қазақстан балуандары қатысады.

Кубок «командалық бетпе-бет» олимпиадалық жүйесі бойынша өтеді.

Балуандар 55, 60, 66, 74, 82, 90 келіге дейін және 90 келіден ауыр салмақ арасында белдесетін болады.

Айта кетейік, аталған жарыс тікелей эфирде Qazsport пен TRT Avaz телеарналарынан көрсетіледі.

САМБО КҮРЕСІ ЖӘНЕ ЖАУЫНГЕРЛІК САМБОДАН АШЫҚ АЗИЯ КУБОГЫНДА ТҮРКІСТАНДЫҚТАР ТОП ЖАРДЫ

2022 жылдың қазан айының 7-9 шы күндер аралығында Ақтау қаласында ерлер мен әйелдер арасында спорттық және жауынгерлік самбодан Ашық Азия Кубогынан жеңіспен оралган спортшыларды Түркістан орталық вогзалынан Түркістан қаласының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бақытжанұлы және "Amanat" партиясы Түркістан қалалық филиалының атқарушы хатшысы, Түркістан қаласының мәслихат депутаты Ғаппар Амантайұлы, Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының Түркістан қалалық №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ануар Амантайұлы арнайы барып жеңістерімен құттықтады, Түркістан облысының мақтаныштары.

Самбо күресінен

Жылқыбаева Айжан 1-орын

Пайыз Жадыра 2-орын

Құрдасбек Гүлзира 2-орын

Есімбек Назгүл 2-орын

Ақжігітова Айнұр 2-орын

Жауынгерлік самбодан

Құрдасбек Гүлзира 1-орын

Есімбек Назгүл 3-орын

Түркістан қалалық №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директор Сарсенбаев Ануар Амантайұлы жеңмпадары мен жүлдегерлерді құттықтайды.