Түркістан: Тоғызқұмалақтан желілік спартакиада өтуде

Барлық NIS мектептерінде тоғызқұмалақтан желілік спартакиада басталды

Назарбаев Зияткерлік мектептерінде тоғызқұмалақтан V желілік спартакиада бастау алды.

Дәстүрлі додаға Түркістандағы NIS атынан 8 В сынып оқушысы Абдиламитова Жасмина, 8 С сынып оқушысы Кертай Жеңіс, 10 А сынып оқушысы Тобаханова Нұрзада және 10 В сынып оқушысы Алимбай Мейіржан қатысып бақтарын сынауда. Айта кетейік онлайн спартакиада Түркістандағы NIS желісінде алғаш рет өткізіліп отыр.

Биылғы жылы дәстүрлі спартакиада Халықаралық бакалавриат мектебінің базасында өтіп жатыр, сайыстың салтанатты ашылу рәсімінде NIS IB оқушылары Нұрсая Үмбетәлі мен Ерасыл Жағалбаев жүргізіп, бірегей ойынның тарихы мен ережелеріне тоқталып өтті.

Онлайн спартакиадада төрешілер құрамы Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт төрешісі Нұржан Қоңырбаев пен Орал қаласындағы спорт мектебінің тоғызқұмалақ бөлімі жаттықтырушысы Бауыржан Шурин және тоғызқұмалақтан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Медет Құсайынов төрелік етті.

Биылғы жылы спартакиадаға Зияткерлік мектептердің жүзге жуық оқушысы қатысады, байқау аясында #Тоғызқұмалақта тапқырлық бар челленджі де бастау алды.

Тоғызқұмалақтан V онлайн спартакиада PlayOk платформасында 2022 жылдың 10-13 қазан аралығында қашықтан өтеді.

БИЫЛ ШЫМКЕНТТІК СПОРТШЫЛАР 581 АЛТЫН МЕДАЛЬҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ

Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығының брифинг залында Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бауыржан Тұманбаев басқарма тарапынан 9 айда атқарылған жұмыстарды баяндады.

Баспасөз жиынында Бауыржан Қалмұхамедұлы жоғары спорттық жетістіктер бойынша 2022 жылдың 9 айында жеткен нәтижелер туралы айтып өтті.

«2022 жылдың 9 айында біздің спортшыларымыз түрлі спорт түрлері бойынша жалпы 1629 медаль жеңіп алды. Оның ішінде, Қазақстан Республикасының чемпионаттарына қатысып, 491 алтын, 454 күміс, 470 қола медаль алып, Азия чемпионаттарында 59 алтын, 34 күміс және 52 қолаға қол жеткізсе, осы уақыт арасында Әлем чемпионаттарында 31 алтын, 20 күміс және 18 қола медальға ие болды.

Сонымен қатар, 2022 жылғы 1-15 мамыр күндері Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында өткен ХХIV Сурдлимпиада ойындарында еркін күрестен 2 орынды иеленген 70 кг. салмақтағы Рсалы Сабыржанға қала әкімі 2 бөлмелі пәтер кілтін табыстады», - деді спикер.

Бұдан басқа, биылғы жылдың 12-23 мамыр күндері аралығында Францияның Нормандия қаласында өткен Дүниежүзілік гимназияда ойындарына 11 спорт түрінен 23 спортшымыз қатысып, нәтижесінде қаламыздың қоржынына 5 алтын, 3 күміс, 2 қола медаль әкелді.

Ал 13-15 мамыр күндері Испанияның Мальграт-де-Мар қаласында өткен Еуропа чемпионаттарына комбат дзю-дзюцудан 2 спорт түрінен 10 спортшымыз қатысып, нәтижесінде 9 алтын, 6 күміс, 4 қола медаль жеңіп алса, АҚШ-тың Бирмингем қаласында өткен XI Дүниежүзілік ойындарына 3 спортшы қатысып, Берульцева Софья каратэден 1-орынды жеңіп алса, құзға өрмелеуден Улжабаева Тамара мен каратэден Дархан Асадиловтар 7-ші орынды иеленді. Түркияның Конья қаласында өткен V Ислам ынтымақтастық ойындарына қаламыздан 12 спортшы қатысып, нәтижесінде спортшыларымыз 5 алтын, 4 қола медаль жеңіп алды.

Айта кету керек, бүгінгі таңда Шымкент қаласында жалпы 34 спорттық ұйым жұмыс істейді. Оның 29-ы мемлекеттік меншіктегі спорт мекемесі болса, 5-і мемлекеттік жекешелік-әріптестігі аясында. Аталған спорт мекемелерінде 17 944 спортшымен штаттағы 925 жаттықтырушы оқу-жаттығу сабақтарын жүргізуде. Осы мекемелерде спорттың 71 түрі дамытылады. Оның ішінде, 38 олимпиадалық, 24 олимпиадалық емес және 9 ұлттық спорт түрлері бар.

 

ТҮРКІСТАН: МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ АРАСЫНДА ВОЛЕЙБОЛДАН АШЫҚ БІРІНШІЛІК ӨТТІ

Облыс орталығының медицина саласы дамуына еңбек сіңірген дәрігер - Жаримбетова Зираш Қазыбекқызын еске алуға арналған волейболдан Түркістан қалалық ашық біріншілігі өтті.

Түркістан қалалық №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің "Балуан Шолақ" атындағы спорт кешенінде өткен бәйгеде 12 медицина мекемесі бақ сынасты.

Жарыс нәтижесінде командалық есеп бойынша:

Түркістан облыстық "Жедел жәрдем" қызметі бірінші орын,

Халықаралық Хожа Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-Түрік университетінің емханасы екінші орын,

Түркістан қалалық емханасы үшінші орынды иеленді.

Жаримбетов Зираш Қазыбекқызы - 1965 жылы туылған, терапевт дәрігер.

Үш перзенттің анасы. Жиырма жылдан аса уақыт қаланың медицина саласында басшылық қызметте жұмыс істеген.

 

 

ШЫМКЕНТ: ҚЫЗДАР АРАСЫНДАҒЫ ВОЛЕЙБОЛДАН №108 МЕКТЕП КОМАНДАСЫ ЖЕҢІС ТҰҒЫРЫНА ШЫҚТЫ

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы аясында бұқаралық спортты дамыту мақсатында Шымкент қаласы әкімдігінің бастамасымен «Шымкент жастар лигасы» жобасының үшінші кезеңі басталды.

Бүгінгі сайыс №135 жалпы орта білім беретін мектебінде өтті. Қыздар арасындағы волейболдан № 108, 68, 114, 80 мектеп оқушылары өзара бақ сынасты. Тартысты өткен жарыста №108 мектептің қыздары жеңімпаз атанып, келесі ойынға жолдама алды.

— Волейбол жарысына осымен 12 мәрте қатысып отырмыз. Барлық ойында үздік нәтижеге жетіп отырғанымыз жаттықтырушымыздың үздіксіз еңбегінің арқасында деп санаймыз. Бүгін де қарсылас команданы жеңеміз деп ойдағыдай дайындықпен келдік,-деді жеңімпаз команданың мүшесі Сарвиноз Мирпайизиева.

Айта кетейік, ауқымды жобаға 2021-2022 жылғы оқу жылында 151 мектептен футбол, волейбол, баскетбол, шахмат ойындарынан 514 команда, жалпы алты мыңға жуық мектеп оқушылары қатысқан болатын. Ал үшінші рет өткелі отырған «Шымкент жастар лигасы» жобасы жалпы орта білім беру мекемелерінің оқушылары арасында 2022-2023 оқу жылы аясында өтеді. Сайысқа футбол, баскетбол, волейбол, шахматтан 138 мектептен 514 команда, 5926 оқушы қатысады. Лига командаларды қолдау бойынша қатысушы әрбір мектептен фанклубтар жасақталды.

Бүгінгі жарыста волейболдан алғашқы екі команданың ойыны тартысты өтті. Ахмет Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясы командасы және Жүсіпбек Аймауытов атындағы №64 мектеп-гимназиясы командасы жарысқа түсті. Нәтижесінде №50 мектеп-гимназиясы 2-0 есебімен жеңіске жетті.

ІІІ маусымның салтанатты ашылуында ІІ маусымның жүлдегер мектептері марапатталды. Жеңімпаз 4 командаға су жаңа автокөліктің кілттері табысталды.

Естеріңізге сала кетейік, былтырғы додада Шахмат бойынша 4 ауданнан 130 команда, 520 оқушы қатысып, Өмірбек Жолдасбеков атындағы №9 IT мектеп-лицейі;

Баскедболдан 122 команда, жалпы 1464 оқушы бақ сынасып, М.Х.Дулати атындағы №8 мектеп – гимназиясы;

Ал волейболдан 129 команда арасында Әл-Фараби атындағы №113 жалпы орта білім беретін мектебі;

Футболдан 133 құрама команда ішінде Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясы І-орындарды иеленген болатын.

 

 

ТҮРКІСТАН:КОМИТЕТ ТӨРАҒАСЫ ТҮРКІСТАНДАҒЫ СПОРТ НЫСАНДАРЫНА ОҢ БАҒАСЫН БЕРДІ

Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне спорт министрлігінің Спорт комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев Түркістан қаласына іссапармен келді. Спорт комитетінің төрағасы халықаралық талаптарға сай салынған «Түркістан арена» стадионына арнайы барып, ондағы жаттығу залдарымен танысты. Сонымен қатар Самат Ерғалиев өңірдегі бірқатар спорт нысандарын да аралады.

Еліміздің рухани астанасына айналған Түркістан қаласында бүгінде спорт кешендері мен стадиондар, əлемдік деңгейдегі жаттығу орталықтары мен Орта Азия елдері бойынша ең ірі ескек есу кешені бар. ҚР Мəдениет жəне спорт министрлігінің Спорт комитетінің төрағасы С.Ерғалиев облысы спорт саласы мамандары мен жаттықтырушылармен және спортшылармен кездесті. Басқосу барысында ол халықаралық талаптарға сай бой түзеген спорт нысандары мен түркістандықтардың спорттағы жеткен жетістіктеріне жоғары бағасын берді.

Айта өтерлігі, Түркістан облысының əкімі Дархан Сатыбалды өңірдің дене шынықтыру мен спорт саласын жаңаша бағытта реформалауды жалғастыруда. Қазақстан спортының дамуы жолында мол үлесі бар Түркістан облысы жаңаша келбетте жаңарған рухани-мəдени орталық қана емес, дүниежүзілік деңгейде спорты дамыған іргелі аймақ болады деп жоспарланып отыр.

ТҮРКІСТАНДА «ҰЛЫ ДАЛА ЖОРЫҒЫ» БӘЙГЕ-МАРАФОНЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ 24 МЛН. ТЕҢГЕ АЛДЫ

«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі мәреге жетті. 1200 шақырымды 11 күнде бағындырған батырларды Түркістан төрінде ел құрметпен қарсы алды. Бәйгенің жеңімпазы атанған Маңғыстаудың «Көкмойнақ» командасына 24 млн. теңгенің сертификаты тапсырылды. Екінші орын атанған Жетісу өңірінің «Жетісу» командасына 12 млн. теңге жүлде тарту етілді. Мәреге үшінші болып жеткен Түркістан облысының «Теріскей» командасының шабандоздары 9 млн. теңге сыйақыны қанжығаларына байлады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жасаған жұмыс сапарында және марафон-бәйгенің ашылу рәсімінде жолдаған құттықтау хатында бұл шараның маңыздылығын атап өтіп, ұлттық спортты жаңғырту арқылы рухани серпіліс әкелу басты мақсат екенін айтқан болатын.

«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі – еліміздің 6 аймағын (Астана, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда, Түркістан облыстары) қамтыған тұңғыш жалпыреспубликалық ат аламаны. Бәйгеге қатысқан шабандоздар Қазақстанның киелі мекендерін аралап, күллі түркі жұртының астанасы болған Түркістан қаласында ат басын тіреді. Мәреге жеткен қатысушыларды Түркістан жұртшылығы үлкен қошеметпен қарсы алды.

Жеңімпаздарды ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Болат Маханалин, Sportqory директоры Асхат Сейсембеков, «The Great Steppe tour» қоғамдық қорының төрағасы Әлібек Әлденей қарсы алып, сертификат пен кубокты тарту етті.

«Түркістан арена» стадионында өткен жабылу салтанатында ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев жобаның өміршең боларына сенім білдіріп, шабандоздардың ерлігін жоғары бағалады.

Салтанатты шарада сөз алған «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов дала дәстүрі мен Ұлы көшпенділер мәдениеті қайта жаңғыруымен құттықтады.

– «Ұлы дала жорығы» атты тұңғыш республикалық марафон-бәйге додасы 18 қыркүйекте Елордамыздан басталды. 11 күн бойы Ұлы Даланы көктей өтіп, бүгін Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістан қаласына ат басын тіреді. Марафонға қатысушылар күллі қазақ тайпаларының басын қосып, таңбасын бөліскен Ұлытау жерінен өтті. Жошы хан мен Алаша хан кесенелеріне тағзым етті. Қазақ хандығының алғашқы астанасы Созақ қаласы мен қарт Қаратауды бойлай отырып, күллі түркі руханиятының бесігі Түркістан қаласына жетті. Киелі Даланың рухын сезінді. Жобаны ұйымдастырушылар мен додаға қатысушыларға алғысымыз шексіз. Ұлы даладағы жорығымыз жалғаса берсін! – деді Асхат Раздықұлы.

Жеңімпаздарды қарсы алған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды да ұлттық спорт жанашырларын құттықтады.

– Бүгін біз қазақ руханияты мен спорты үшін аса маңызды жиында бас қосып отырмыз. Қазақстанда тұңғыш рет ұйымдастырылған «Ұлы дала жорығы» бәйге-марафоны қасиетті қаламызда мәресіне жетті. Бұл – Түркістан өңірі үшін үлкен құрмет әрі мәртебе. Жалпы соңғы уақытта Түркістан қаласы жаңа қарқынмен дамып, жаңа спорттық нысандар көптеп бой көтеруде. Осы арқылы өңірде спортшы жастар, чемпиондар көбейеді деген сенім мол. Екі аптадай үздіксіз жортып, қиындықтарға мойымаған шабандоздарға айрықша алғыс айтамын. Өйткені біздің атбегілеріміз бен шабандоздарымыз 1200 шақырымды басып өтіп, ерлік жасап отыр. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, қазақты ат спортына жетелейтін осындай жобалар жалғасын таба берсін. Азаматтарымыз аттан түспесін! Халқымыздың мәртебесі биіктей берсін! – деді Д.Сатыбалды.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және «The Great Steppe tour» қоғамдық қорының бастамасымен, «AMANAT» партиясының қолдауымен 18 қыркүйек күні Астана қаласында «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі басталған болатын. Алғаш рет ұйымдастырылған аламанға елміздің 19 аймағынан келген 19 команда қатысуға ниет білдірген. Шабандоздар 11 күн ішінде 1200 шақырымды артқа тастап, бүгін Түркістан қаласында жарысты аяқтады.

 

 

ШЫМКЕНТ: МЕТАЛЛУРГТЕР СТАДИОНЫ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРУДА

Шымкенттегі металлургтер стадионы қайта жаңаруда. Өткен ғасырдың 50-ші жылдары салынған спорттық нысан осы кезге дейін жөндеу көрмеген, қазір қайта жаңғыруда.

Құрылыс барысын шаһар басшысы М.Әйтенов арнайы барып, жұмыстардың орындалу барысын тексерді.

Жоба бойынша мұнда әкімшілік-тұрмыстық корпус (АБК), спорт залдар, асхана, командалық ойындарға арналған спортзалдар, 62 орынға арналған спортшылар үйі, 1504 орынға арналған трибуна, командалық киім ауыстыру бөлмесі, спорттық тренажерлер алаңшасы, ойындар алаңшасы, кешенде қолданылатын спорттық табло, сумен жабдықтау сорғысы, кәріз сорғы бекеті салынуда. 112 орындық автотұрақ қарастырылған. Нысанда 72 жаңа жұмыс орны құрылады. Мұнда күн сайын 330 спортшы спортпен шұғылданады деп күтілуде.

Аумағы 3 га аса жерді қамтитын нысанның құрылысы 2020 жылдың наурызында басталған, бүгінге дейін біршама жұмыстар атқарылды. Стадион құрылысы келесі жылға өтпелі.

«Бұл жерде бір кездері керемет стадион болған. Сол кезде трибуналар 15 мың адамға арналған. Мұнда барлық дерлік ансамбльдер өнер көрсетті: Рондо, Фристайл және Алла, Тамаша, концерттер, автородео және футбол өтті. Футбол өте жақсы болды және Мәскеуден "Торпедо" командасы келді. Фирма бізге жақсы стадион салады деп үміттенемін», — дейді Металлург стадионының бұрынғы директоры Борис Кравцов.

 

Айта кетейік, құрылыс басқармасы сондай-ақ, Оқушылар сарайын салады. Ол Нұрсат шағынауданында орналасады. Мұнда оқушылардың шығармашылық және спорттық дамуы үшін, сондай-ақ педагогтардың, ата-аналар мен балалардың өзара іс-қимылы үшін барлық жағдайлар жасалатын болады.

 

Болашақ оқушылар сарайы үш қабаттан тұратын үш блоктан тұрады. Ол жетіден 18 жасқа дейінгі оқушыларға арналған. Мұнда бір уақытта 500 оқушы бола алады. Мердігерлердің айтуынша, нысан келесі жылы дайын болады.

 

Сонымен қатар, құрылыс басқармасы тарапынан жаңа оқу маусымына дейін төрт білім беру нысанын тапсыру жоспарлануда. Бұл № 38, 80, 46 және 47 мектептердің қосымшалары.

 

Отырар: қос жеңімпаз қошеметке бөленді

Қазақ спорты үшін қуанышты жаңалық! Өзбекстанның Наманган қаласында белбеу күресін өткен әлем чемпионатында отырарлық қос өрен жеңіспен оралды! Бірі – қарсылас шақ келтірмей, чемпион атанса, ен бірі қола жүлдені еншіледі.