Облыстық шақыру комиссиясының төрағасы Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өткен мәжіліске Жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасы, Түркістан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті, облыстық денсаулық сақтау басқармасы, білім басқармасы, Түркістан облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің орынбасарлары мен ТЖД, Ұлттық ұлан, Шекара қызметінің өкілдері және бейне-селекторлық байланыс арқылы аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Жиында қарулы күштер мен басқа да әскери құралымдардың өкілдері өз бөлімдеріне әскерге шақырылушыларды іріктеу тәртібі мен оларды жасақтау жайында баяндады. Облыс әкімінің орынбасары жұмысты нашар ұйымдастырған аудан, қалалардағы жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар жүктеді.- Аталған жұмыстарға жауапты сала мамандары әскери қызметке шақыру барысын қадағалауды күшейту керек. Азаматтардың шақырту комиссиясының отырыстарына келуін қамтамасыз ету үшін барлық шаралар көріліп, бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарылсын. Сондай-ақ Түркістан облысы бойынша 2024 жылғы күзгі әскерге шақыру науқанына азаматтарды іріктеу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп, әскери борышын өтеуден жалтарып жүрген жастар мәселесіне қатысты тиісті шаралар қолға алынуы қажет, - деді Бейсенбай Тәжібаев.
Өңірде жұмыссыз жүрген жастарды мүмкіндігінше әскерге баулу мақсатында жұмыстар қолға алынған. Жастарды әскери оқуға жіберу бойынша жұмыстар жүргізіледі деп жоспарлануда. Оған қоса жастарды отаншылдыққа, әскери бағытта тәрбиелеу, мемлекеттік органдардың азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру және өткізу жұмыстарына қатысты мәселелер қозғалды. Жиын барысында Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшысы, полковник Нұрмаханбет Дюсебаев әскерге шақыру бойынша өз ұсыныстарын жеткізіп, бұл жұмыстардың үздіксіз жүргізілетінін айтты. Цифрландыру бағдарламасы аясында қазіргі уақытта әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды әскери есепке қою және шығару тұрғылықты жері өзгерген кезде автоматты режимде жүзеге асырылады.
Әскер – өмір мектебі. Әскер - азаматтың өмірге деген көзқарасын өзгертіп, тәртіпке салатын, Отанына, отбасы мен туған-туысқандарына деген сүйіспеншілігін арттыратын өмір мектебі. Осы мектеп майданында шыңдалып, жауапкершілікті сезініп жүрген азаматтар бүгінде қоғамның түрлі саласында еңбек етіп, отбасы мен мемлекеттің жанашырларына айналуда. Тіпті өмірін осы әскери саламен байланыстырған ер-азаматтар қаншама?! «Армия – мемлекет қуаты» десек, сол сапта жүріп, өз өмірін оң өзгерістермен ұштастырып, жетістікке жетіп жатқандары да жетерлік. Әскери өмірдің алғашқы баспалдағы жер-жерде әскери бөлімшелерден басталады десек қателеспеспіз.
Әлем әзірге әскерден бас тартып, қару-жарақты сылдырлатпай, ұрыс-керіссіз, соғыссыз өмір сүруге жеткен жоқ. Жер шарында өзіне де қатер төндірмейтін сенімділік те әлі пісіп-жетілмеді. Ол мүмкін емес те шығар. Әркімнің тиесілі жерін қорғаудың коды адам атанғалы генетикасына жазылып қойған болуы керек. Қанда бар ғадетті алып тастауға күшті дамыған медицинаның да шамасы келмейді. Әскер әуел баста қауіпсіздіктің қалқаны, тұрақтылықтың тірегі ретінде санаға берік орнаған. Оның ақиқаттығын уақыт та дәлелдеді. Сол себепті, бүгінде әлем елін мұздай құрсанған әскерсіз елестету мүлдем қиын. Бес қаруы сай әскері жоқ елді қазір мына әлем «әлеуеті жоқ» деп, кем көреді. Есігін теуіп кіріп, төріне озуды да ойына алмайды деп айта алмайды ешкім. Сол кезде әскер – сес, әскер – айбын, әскер – мәңгі қарауыл.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат